Интервью«Отарлаудың ең күшті тәсілі – халықты өз тілінен айыру»
Зерттеуші және деколониал жазушы Мадина Тлостановамен сұхбат
«Целинный» ЗМО Мадина Тлостанованың «Болмыс, білім және түйсік отарсыздығы» атты кітабының аудармасын көпшілікке таныстырды, аудармашылар Тілек Ырысбек және Сафина Актай. Тлостанова кітабында деколониал ойдың басты идеяларының шығу төркінін, қалай қалыптасқанын және соңғы отыз жылда қалай өзгергенін қарастырады. Автор бұл концептілерге бір орында тұрмайтын әлем, бүгінгі күн тарапынан қайта оралады.
Жинақтың қазақ тіліндегі көптен күткен презентациясы 15-маусым «Целинный» заманауи мәдениет орталығында өтті. The Village Қазақстан редакциясы журналист Жанар Бекмурзинаның кітап авторымен және аудармашылармен жүргізген сұхбатын жариялайды.
Автор
Жанар Бекмурзина
Мен алдымен кітапты аудару туралы идеяға қалай келдіңіздер, кім бастамашы болды деген жалпы сұрақ қоймақпын. Арғы күні тұсауы кесілейін деп жатқан жинақты аударуға қатысты идея хақында, осы жол туралы әңгімелеп берсеңіздер.
Тілек: Өздеріңіз білесіздер, Целинный заманауи мәдениет орталығы 2020 жылы кітаптың орысша нұсқасын шығарған, одан кейін былтыр бізге қазақ тіліне аударуға ұсыныс айтты. Біз Әнуар Дүйсенбин, Әйгерім Қапармен бірге жоба жасаған болатынбыз. Әнуар – Целинныйдың баспа менеджері, менің досым. Бәріміз басымыз қосыла қалса, үнемі отарлық тақырыбы, деколонизация туралы сөз қозғайтынбыз. Ал Сафина Friedrich Schegirtke (She_girtke) жобасының негізін қалаған, бұл жобада біз осы дискурстар туралы, философия бағытында түрлі мақалалар жазып жариялаймыз. Кейін бізге Целинныйдың көркемдік жетекшісі Алима хабарласты. Біз жобамыз туралы біраз талқы жасап, артынша Целинныйдың кітапханасын аралап жүргенде Мадина Тлостанованың кітабын көрсетті. Осылайша, әңгіме барысында кітапты аудару туралы идеяға келдік. Бұл Қаңтар оқиғасынан кейін болды.
Аталған тақырып қазақ қоғамы үшін өте маңызды, себебі 2022 жылдың қаңтарында тек қана қазақ тілді адамдардың алаңға шығуы, ұзақ уақыт ой түбінде тұнып жатқан талап-арыздың бой көрсетуі бұл отарлық жаралармен тікелей байланысты деп білемін. Кейін Алима, Әнуардың ұйымдастыруымен Мадина ханыммен таныстық. Әңгіме барысында бұл тақырыптың біздің қоғам үшін қаншалықты өзекті екенін түйсініп, біздің өмір салтымыздың да ажырамас бір бөлігі болғандықтан, әрі бұл дискурсты сезінгендіктен, кітап аудармасына бел шеше кірістік.
Сафина: Жалпы кітаптың аударма жұмысы бір жыл жүрді, Редакторы Жұлдыз Әбділдамен бірге шамамен алты ай уақыт редакторлық жұмысын жасадық. Кейін Целинныйдың ұсынысымен алғысөзін жазып, кітап дизайнері Камила Захидованың дизайн жұмысына қатысты талқылауына да қатыстық.
Мадина, сіз осы жаңалықты білген кезде қандай сезімде, ойда болдыңыз? Таң қалдыңыз ба, әлде мұның болуы заңды деп ойладыңыз ба?
Мадина: Әрине, қуандым әрі таң қалдым, өйткені бұл сирек кездесетін жағдай. Расында, менің кітаптарым әр түрлі тілдерге аударылған, бірақ әдетте бұл баспа құқығын сатып алумен байланысты өте ұзақ процесс, кейде тіпті жылдарға жалғасады. Мысалы, менің бір кітабым ағылшын тілінен поляк тіліне аударылып жатыр, ал мен бұдан хабарсызбын, баспагерлер бірнеше жыл бұрын авторлық құқығын сатып алыпты. Ал маған бір жылдан кейін кітаптың шығатанын хабарлады, бұл әрине қуаныш сыйлайды, бірақ өте ұзақ жүретінін атап өткім келеді. Ал сіздер кітапты бір жылда әрі өте тез аударып шықтыңыздар, қала берді кітаптың махаббатпен, ынтамен жасалғаны көрініп тұр. Өйткені, көбіне кітаптар еуропалық тілдер арасында аударылады, десе де менің бірнеше мақалам түрік тіліне аударылды. Себебі Түркиядағы черкеш қауымы үшін де оның маңызы зор. Бірақ Орталық Азияның түркі тілдерінің біріне аударылуы меніңше, алғаш рет жүзеге асты. Шынымды айтсам, жинақтың орыс тілінен қазақ тіліне аударылғанына қуандым.
Себебі кітаптың бірінші нұсқасы Қазақстанда орыс тілінде жарық көргенде өзімді жайсыз сезінген едім. Ойымда: орыс тіліне оралғым келе ме, оның үстінде Қазақстанда бұл тілде әлдене жариялап, шығарғым келе ме деген сан сауал болды. Сондықтан бұл қадамның жасалғанына өте ризамын.
Жинақ жарық көрген үш жылдан кейін қандай әсер, құбылыс байқалады? Қайсысы негатив, тіпті мүмкін қауіпті сипатқа ие (немесе керісінше) деп айта аласыздар? Және қазақ тілінде жарық көретін жинақтан қандай нәтиже, талқы күтесіздер?
Сафина: «Болмыс, білім және түйсік отарсыздығы» мақалалар жинағы Қазақстанда отарсыздық дискурсын терең қозғайтын білім мазмұнының бірі. 30 жыл тәуелсіздік ішінде отарсыздық білім мазмұны қалыптасып келеді. Көп тарихи жайттар қысқартуға ұшырады, анық-қанығы толық ашылмады. Бір шетінен Ресеймен шекаралас болуымыз, ұзақ уақыт орыс билігінің пәрменіне мойын бұрып келгеніміз де бұған түрткі болды. Осы орайда Мадина ханымның жинағында білімді, білім институцияларын отарсыздандыру деген тақырып бар. Бұл – теория, яғни қазақ тілінде деколонизация теориясы қалыптасып келеді, ал теория болғаннан кейін сәйкесінше, практика да жүруі керек. Автор жинақта отарлық жараларынан айығу хақында, оларды еске алу, және айту туралы жиі еске салады.
Мәселен, біздің жағдайда ашаршылық ел болып қалыптасуымызда өшпес жара қалдырғаны анық, десе де ұзақ жылдар, тіпті қазір де ашаршылықты қазақ қана көрген жоқ, «кіші» халықтардың бәрінің басынан өтті, сондықтан бұл бәріне ортақ қайғы деп оны жамап-жасқау бар, бірақ оның сана түкпіріндегі салдары әр ұлтқа, тіпті адамға, әулетке әрқалай теріс әсер ететіні туралы айтылмайды. Сондай-ақ, екінші дүниежүзілік соғысты алып қарасаңыз, әр отбасынан кем дегенде 2-3 ер азаматтан соғысқа аттанды, бұл қазақ генеалогиясына тағы бір соққы болды. Қала берді 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, одан кейін тәуелсіз Қазақстан тарихында болған Жаңаөзен, Қаңтар оқиғалары. Сайып келгенде, Қаңтар әлі де толық зерттелмей, түйіні шешілмей, тұтас ұлттың бойына тағы бір жара үстеді. Сөздік қорда отарсыздыққа қатысты «Басқа ұрсаң төздім, артқа ұрсаң көндім» деген мақал бар. Ал мұндай отарсыздық теориясының ақырындап қалыптасуы емдік тәжірибелер жасауға жол ашады.
Тілек: Бізде, қазақ тілді ортада, колониалдық дискурс салмақты мәнге ие бола бастады, көп талқыланады. Өйткені бұған дейін әдеби ортада көбі модерн тақырыбы төңірегінде әңгіме өрбітетін, яғни өнер, әдебиет, шығармашылық модернити сипатқа ие болды. Бұл дискурс пайда болғалы, орталарда жиі талқыға салынғанда автор ретінде Мадина ханымның есімі аталса, ол кісіні көпшілік қазақ деп ойлайтын. Енді, бір қызығы, қазір жастардың көзқарасы өзгерді. Адамдар басқа кітаптар оқи бастаған сыңайлы. Бұл дискурсты бөлісіп жүргендер арасында Эдуард Саид, Франц Фанон, Дипеш Чакрабарти жиі талқылана бастады. Адамдар арасында қызық тәжірибе пайда болды, енді біз аударған мақалалар жинағы да деколониал бағытта жаңа ойлардың айтылып, еңбектердің жазылуына түрткі болады деп ойлаймын. Мені осы үрдістің біздің қоғамда тез жүріп жатқаны қуантады. Әрине, бұл да қалыпты дүние. Өзімнің қазақ тілді ортамда бұл дискурсты іліп алып, бұл тақырыпқа жол ашқанымыз да мені қуантады. Ақтығын айтқанда, алдыңғы буын бұл тақырыптар туралы бізге айтқан жоқ, содан да болар біз онымен таныс болмадық. Мүмкін Мадинадай ғалымдардың кітабы қазақ тіліне ертерек аударылғанда жағдайымыз мүмкін мүлдем басқаша болар еді.
Мадина, үш жылдан кейін өзіңіз байқаған құбылыстар туралы, соның ішінде отарсыздық ұлтшыл идеяларды жақтаушылар тарапынан меншіктеліп жатқан жағымсыз құбылыстар хақында қандай ой түйгеніңізді баяндап берсеңіз.
Мадина: Жалпы айтқанда, жағымсыз тұсы көбірек, және ең жағымсыз дискурс ұлтшылдық дискурсы ғана емес. Менің ойымша, әлемде, Батыста және Ресей сияқты неоимпериялық құрылымдарда орын алатын ең қорқынышты дүние – отарсыздық дискурсты меншіктеу. Мәселен, Путиннің сөйлеген сөздерінде көп нәрсе контекстен алынып тасталып, тек Батыс империяларын сөгу дейтін біржақты сыннан ғана тұрады, бірақ бұл ретте Ресейге де, Кеңес Одағына да бірауыз сын айтылмайды немесе қазіргі квази империялық Ресей туралы жақ ашпайды.
Ал Батыста отарсыздықтың сәнге айналғаны анық, сондықтан бұған еш қатысы жоқ, ешқашан отарлық қамытын кимеген табысты ақ адамдар табан астынан отарсыздықты иемдене бастайды. Көбіне олар бұл дискурсты түсінбейді, себебі ондай тәжірибені бастан кешірген жоқ. Бірақ интеллектуалдық сән кенет іске қосылып, бәрі деколонизация туралы айта бастайды, сондықтан бұл сөздің шарламаған жері қалмады.
Ұлтшылдыққа қатысты айтар болсақ, мен басқа мәдениеттерді жоққа шығаратын өрескел ұлтшылдықтың жақтасы емеспін әлбетте, бірақ меніңше бұл Орталық Азияға анау айтқандай қауіпті емес, себебі ол іштей бір-бірімен өте байланысты. Түркістан түсінігі барлық кемшілігіне қарамастан, мысалы, басқа мәдениеттің адамдарын түсінуге мүмкіндік беретін түркілік тілдік қауымдастық бар, Түркістанның мәдени бірлігінің өзі транскультурацияға, крөлизацияға негізделген. Әлбетте, шартты мемлекеттер, шекаралар құрылып, адамдар өздерін басқа сезініп, көршілерінен ерекшеленеміз деп ойлаған кеңес ықпалы тиген заманда бұл көпғасырлық логика бұрмаланды, бірақ жалпы Орталық Азия – бұл мәдениеттер тоғысқан жер, мұнда күрделі мәдени өзара әрекеттестік, мәдени өзара әсерлер үнемі болған және әлі бар. Мұнда конд пуристік ұлтшылдық жоқ, бұған дамуға мүмкіндік бермейтін тежеуші факторлар бар.
Қалай болғанда да, мен шынымен солай деп үміттенемін. Себебі, әрине, басқалардың бәрін жоққа шығаратын биологиялық ұлтшылдық қан тазалығын жақтап шығады, ал бұл сұмдық нәрсе. Ал 21 ғасырда бұлай болмауы керек. Білесіз бе, отарсыздықты түсінбейтін және қабылдамайтын адамдар оны осылай ұлтшылдық тұрғысынан қабылдайды әрі олардың бірінші айтатын сөздері де осыған орайлас келеді. Мені Ресейде үнемі осы ұлтшылдық үшін айыптайтын, бұл әрине оғаш көрінетін, себебі менің бойымда әртүрлі ұлттың қаны бар әрі бұл мәдениеттердің бәрі маған жақын болса да, мен олардың біріне де тиесілі емеспін. Бұл ретте бір қызығы, Ресей мен КСРО-да ұлтшылдық үшін орыс емес ұлттар айыпталатын, ал шовинизм жазасыз қалады.
Әсерге қатысты сіздің бірінші сұрағыңызға тоқталсам, меніңше отарсыздану үшін уақыт керек деген Тілектің пікірі дұрыс. Білесіз бе, мен бұл туралы осыдан 20 жыл бұрын жазғанда оны ешкім түсінген емес, оның ешкімге керегі болған жоқ. Ресейде бәрі бұдан басын алып қашатын әрі бұл кітаптарды басып шығаруға ешкімнің құлқы болған жоқ, оларды аударуды, насихаттауды ешкім ұсынған жоқ. Бұл тақырыпта алғашқы кітаптар пайда болуы үшін өз ақшамды жинап, өз қалтамнан басып шығаруыма тура келді. Ол кезде де өз оқырмандарым болған, бірақ аз ғана адам еді. Ол кезде жастарға бұл дискурс қызық болған жоқ, ал аға буын: «біз көмектестік, ешқандай отарлық болған жоқ, халықтар достығы болды» деген өздерінің сүйікті желеулерін айтудан еш таймады.
Сафина: Иә, бұл мәселе төңірегінде жеке тәжірибеге қатысты айтар болсақ, мен посткеңестік Қазақстанда өстім, Қарағанды облысында. Бұл жақта да тіл мәселесі өзекті болды, себебі өзге ұлт өкілдері, соның ішінде орыстар көп қоныстанған аймақ. Ал Тілек Шыңжаң қазағы, кітапты аудару барысында екеуміздің өмір сүру салтымыз бір-бірінен ерекшеленгенімен, ортақ кімдігіміз бар екенін анықтадық. Ол кімдік – біздің әжелеріміз және дәстүрлі ән мектебі екен.
Екіншіден, Мадина ханым жоғарыда айтып өткендей деколонизация дискурсы сәнге айналып кеткені рас, мәселен, орыс тілді қазақтар арасында меніңше кімдік мәселесі көп экзотикаланды. Бұл мәселені тарихы, болмысы тұрғысынан терең зерделемей меншіктеу басталды. Мәселен, құрақ көрпенің әр қазақ отбасында өз функциясы бар, яғни ол төселеді. Бірақ оны өз қызметінен ажыратып, мұражайға ілу арқылы эстетикаға айналдыру бұл да ұлтқа тән қолөнерді иемдену болып шығады. Ал мен өз басым отарсызданудың ең басты жолы ана тілді меңгеру деп білемін. Ана тілінде сол ұлт кімдігіне ғана тән түйсік бар, соны түйсіну арқылы ұлтқа қатысты дүниенің бәрін түйсінуге болады.
Енді, Тілек, Сафина, сіздерге қояр бір сауалым бар. «She_girtke» жобасы негізінде еуропалық/батыс философиясын аударады. Жинақпен жұмысты бастамас бұрын сіздердің отарсыздық туралы ойларыңыз қандай болды және жұмыс аяқталған соң ол қалай өзгерді, және сіздердің жобаларыңыздың бағытына әсер етті ме?
Тілек: Жалпы Батыс-Шығыс деген түсініктің өзі ориенталистік түсінік. Шығыс деген түсінікі бізге батыс енгізген. Енді біз сөйлеу құқығына иеміз. Біз субъектпіз. Менің танымымда Батыс және Шығыс түсінігі жоқ. Тек әлем және адам. Сол жердегі адамдар жасаған барлық игілік менікі. Бір ғалымның бір ғажайып сөзі бар екен: «Егер мені кім іздесе – мен соныкімін». Жаңағы айтып отырған «she_girtke» жобасының дүниетанымы – ол да бәрі менікі деген ойдан туады, бұл бүкіл әлеммен теңдей құрдастық орнату ниетінен туған игілік.
Мадина: Иә, әрине, орыс ұлтшылдары арасында Солженицын Қазақстан туралы «Ресейдің қол астында» деп айтып, осынау тәндік зорлық байланыс туралы кездейсоқ сөз етті, сіздердің түсініктеріңізде бұл зорлықпен таңылған құшақ жаю деп аталады. Мен бұл сөздерді оқығанда зығырданым қайнады, бұл әдетте кіші ініге айтылатын әңгіме, ал қазір тағы да жалғасын тауып жатыр. Білесіздер ме, сіздерді тыңдап отырып ойыма келгені, кезінде деколониал ғалымдар бұл туралы алғаш рет Латын Америкасында айтты, олар жергілікті халықпен кездескен, сонда олардың бірі «сендер бізге адамдық қадір-қасиетімізді қайтардыңдар» депті. Маған бұл қатты ұнады, себебі сөз осы туралы болып отыр ғой. Біздің бәріміз өз жерімізде өз тілімізде сөйлей алатындай, өз мәдениетімізді қолдана алатындай адамдық қадір-қасиетіміз бен құқығымыз болуға тиіс. Біздің талап етіп отырғанымыз көп нәрсе емес. Сондықтан, бәрі тең, бәрінің әртүрлі болу құқығы бар. Және біздің бұл айырмашылықты, қарапайым адами қадір-қасиетті сақтауға құқығымыз бар. Бұл мағынада, ұлтшылдық өз қадірін қайтаруға тырысып, мен басқалардан үздікпін деп емес, керісінше, менің басқа болуға құқығым бар дегенді білдіреді.
Мадина, тағы бір сұрақ қоюға рұқсат етсеңіз. Мұнда Орталық Азияда жергілікті адамдардың дауысын есту/тыңдау қажеттілігі туралы айту жиіледі. Мысалы, жергілікті авторларды басып шығару басымдылығы, жергілікті эксперттерді тарту ол да отарсыздану құбылыстарының бір көрінісі ретінде есептеуге болады. Сіз бұған не айтасыз? Осы мәнмәтінмен байланысты сезесіз бе?
Мадина: Әрине, жергілікті эксперттерді тарту керек, тіпті мен эксперттерді деп айтпас едім, өйткені эсперттер әлі де адамды белгілі бір образға қалыптастыратын өте батыстық сөз. Бұл оны зерттеу пәнінен ажыратады, бірақ ол осы пәнмен үнемі бірге болуы әрі қандай да бір үйлесімділік пен өзара қарым-қатынас табуы қажет. Қызметі– оның өмірі, өмірі – оның тағдыры, осымен қандай да бір байланысы бар, яғни бұл адамның айтқан сөзі, ол мұны өз басынан кешіргендей сезінеді. Бұл да өте маңызды. Демек, әңгіме қандай емес, адамның ұлты бойынша кім екенінде емес, оның өзін қалай сезінетіндігінде. Өйткені, Мәскеуде оқып, осы түсінікте қатып қалған жергілікті тұрғындар өте көп. Ондай да бар. Сондықтан адамның жай ғана жергілікті емес, сонымен бірге оның осы жермен тығыз байланысты дүниеге өзіндік көзқарасы болуы маңызды. Мәселен, кітаптың аудармасын сіздер осылай жасадыңыздар. Сіздер кейбір орыс немесе ағылшын сөздерін механикалық түрде алып қана қойған жоқсыз, олардың белгілі бір ұғымдармен келген өз дәстүріңіздегі үндестігін таптыңыздар. Бірақ олар ғылымда өз жолын таппай, күшпен ұмыт болды немесе әдейі өшірілді. Маңыздысы осы.
Бірақ бұл жерде, әрине, үлкен мәселе бар, қазір Орталық Азиямен айналысу сәәнге айналған. Оның ішіне Батысты да қосуға болады. Олар бұл тақырыпты өздері үшін ашты, ол өз толқынымен келеді. Бір уақытта Африка үшін болса, қазір Орталық Азия үшін, бұдан кейін басқа нәрсе үшін сәнге айналады. Бұл экзотикалық мода. Барлығы осы тақырыпта көрмелер жасайды, әйтеуір бірдеңе жариялайды. Ол сондай-ақ өте тез аяқталуы да мүмкін. Дегенмен бұл өте үстірт қызығушылық. Ал шын мәнінде тілді де, мәдениетті де түсінбейтін, ештеңені ұқпайтын, сәнге айналған тақырыпта майдан қыл суыратын көптеген эксперттер пайда болды. Олар қонақтағанды жақсы көреді, әлденені үстірт тыңдайды, ағылшын тілінде асығыс мақала жазғанды, конференцияда сөз сөйлегенді ұнатады. Мұндай меншіктеумен күресу өте қиын, өйткені батыстық эксперттердің легитимділігі мен олардың сөйлеу құқығы бар, және біз оны әрдайым дәлелдеп отыруымыз керек. Бұл негізінде өте сорақылық.
Біз әлі күнге дейін оларға теория тудырушылар ретінде қабылданбаймыз, яғни біз өзіміз туралы немесе отбасымыз туралы жергілікті ақпарат беруші ретінде ғана айтыламыз. Ал егер сіз одан да ауқымды оймен « Біздің мәдениетімізде осындай таным бар, және ол өте маңызы, ал сіздерде ондай ұғым жоқ» десеңіз, бұл ешкімге ұнамайды, өйткені ғылымда шындығында өте қатаң иерархия бар. Сондықтан сол ортаңқол батысқа немесе орыс тілділерге, яки басқа оқырман, эксперттерге қолжетімді болмайтындай сізге өзіндік кеңістігіңізді, басылымдарыңызды қалыптастыру керек. Әсіресе сіздер секілді кітаптарды, аудармаларды басып шығарып, жалпы қазақ тілінде кітаптар жазуды қолға алу, яғни жоқ кеңістікті үйлестіру өте маңызды. Осылайша, сіз бұл иерархияны ішкі жағынан күйретесіз. Меніңше, бұл өте дұрыс шешім және дәл солай болуы заңды.
Мен, әрине, өзімді экспертпін деп есептемеймін, мен мұнда үйрену үшін келемін. Адамдарға құлақ түремін, олармен кездесемін және бұл мен үшін өте маңызды, өйткені әлдекімнің кітабын оқу, тіпті суреттерді немесе бейнелерді көру бір басқа. Ал суретшілермен, ойшылдармен және аудармашылармен осылай сөйлесу мүлдем бөлек дүние. Осы тұрғыдан алғанда, менде мұндай мүмкіндіктің болғанына өте қуанамын. Өйткені, әрине, бұрын мен кейбір өнер адамдарымен, мысалы, Сәуле Сүлейменовамен ғана араласатын едім. Ал қазір мен алуан түрлі көзқарастар мен дүниелерді көру мүмкіндігіне ие болдым. Осының арқасында көп дүниені үйреніп жүрмін. Негізінде, мен бүкіл Орталық Азияны бар жан-тәніммен жақсы көремін. Өйткені мен үшін ол өз мәдениетім, өкінішке орай, менің онымен араласуға мүмкіндігім болмады. Салыстырмалы түрде айтар болсам, бұл символикалық тұрғыдан менің мәдениетім және мен оны тану, ондағы өзімді сезіну және түсінуді жақсы көремін. Сондықтан мұнда өзімді батыстан, басқа кеңістікке келген адам ретінде емес, көптен бері бармаған үйіме оралғандай күй кешемін. Мұнда өзімді өзге жерге қарағанда үйдегідей сезінемін.
Сафина: Мадина ханымның сөзінің жаны бар, себебі біздің қоғамда ұзақ уақыт бойы батыстың заңдастыруы маңызға ие болды. Тілек те жоғарыда әдеби орта мен модернити туралы сөз қозғады. Расында, әлі күнге Қазақстанда әдебиетте Нобель сыйлығын алу мәселесі талқы тудырып келеді. Яғни Қазақстанда Нобель сыйлығын алған бірде-бір жазушы жоқ деген сыңайдағы талқыны айтып отырмын. Бұл Батыс заңдастыруына мұқтаж болу, оның мойындауына илігу дегенді білдіреді. Бұл біздің әдеби ортада да модернити білімнің өзектілігін әрі ішкі отарлықтың әлі де өнерді таңбалап келе жатқанын білдірсе керек. Сондықтан, еңбек осындай марапаттармен бағалануы керек деген түсінік қалыптасқан. Ал жалпы өзінің бейотар түсінігі мен тәжірибесіне ие жергілікті дауыстардың сөйлеу құқығының ауқымын мейлінше кеңейту керек.
Мысалы, мен өзім де жазушымын, осыған дейін батыс философиясы мен әдебиеті мені де айналып өтпеді. Бірақ, меніңше олардың ой ауаны мен шығармашылығы менің ішкі кімдігімнің жоқтығынан яки қабырғасы сөгілгенінен емес, олардың басқа болғанынан қызық болған сияқты. Яғни мен олардың маған ұқсамайтын басқалығын қабылдап, соны тануға ұмтылғандаймын. Ал осы мақалалар жинағын аудару барысында өзімнің отарлық жараларымның шығармашылығымда көрініс табуының маңызды екенін түсіндім. Өйткені ол менің отбасымның тарихымен, өскен жерімнің өмір салтымен т.б байланысты. Егер мен де жазушы ретінде жергілікті дауысқа үн қатып, өзім де жергілікті дауысқа айналсам, отарсыздану жолында қадам басуға бір үлес қосады деп сенемін.
Сафина, Тілек, сіздер кітапты аудару жұмысына қалай кірістіңіздер?
Тілек: Біз кітапқа қалай келдік? Біз кітапты жаңа құрлық ашқандай емес, бұған дейін бұл дискурсты түсініп, маңызы мен мағынасын ұққаннан кейін келдік. Бұл тақырыпты сезіне алғандықтан, өмір тәжірибемізде өткергеннен кейін келдік десек болады. Егер де біз тақырыпты игермей тек жаңалық ашқандай келген болсақ онда бұл кітапты аудару мүмкіндігіміз болмас еді.
Сафина: Бұл біздің кімдігіміз болды, кімдігіміз болғандықтан біз кітапты аудара алдық деп ойлаймын.
Тілек: Сафина Алаштың тілдік мұрасын оқып отырып біз деколониалды сөздік қорғаға ие болдық, соған сүйеніп алғысөз жаздық.
Сафина: Мен алғысөзді жазғанда Алаштың тілдік мұрасын қолданып, мәтін перформансын жасадым. Яғни Алаш қайраткерлерінің отарсыздыққа қатысты бір-бір сөзінен алып, олардың дауысы бір мәтінде үн қатқанын қаладым. Мысалы, Алаштың отарсыздық сөздік қорында «бөтен ұлттың қолтығына түсу» деген тіркес бар. Яғни, сен біреудің қолтығының астына түссең, ол сені мойныңнан қысады, сенің тынысың тарылады, саған ауа жетпейді, ауа жетпеген соң не істейсің? Көнесің. Оның бар бұйрығына көніп, айтқанын орындайсың. Әуел баста кітапты аударғанда отарсыздық бағытында ғылыми сөздік қордың әлі толық жасақталмағаны үшін біраз қиналғанымыз рас, Мадина ханыммен сөйлескенде де бұл туралы айтқанмын. Термин сөздер көп жағдайда орыс тілінде қалай бар солай қалған. Яғни кірме сөздердің көбі өз тілімізге икемделмеген. Алаштың тілдік мұрасында «бүтін ұлтқа бірдей құрдастық» деген керемет сөз бар. Яғни бұл отарсызданудың дәлелі, бар ұлтты замандас болуға және басқа бола отырып, тең болуға үндеу деп білемін.
Мадина: Иә, мен келісемін. Отарлаудың ең қуатты әрі тиімді жолы – тілді жою. Тіпті африкалық құлдарды Жаңа әлемге әкелген кезде оларға ең алдымен, өз тілінде сөйлеуге тыйым салған, яғни олар ағылшын, испан, француз тілдерін меңгеруге тиіс еді. Әрі сол тілде нашар сөйлеуге мәжбүр болды, себебі бұл жат тіл. Сондықтан тілді қайтарудың маңызы зор, кеңес заманында, дұрыс айтып отырсыздар, ұлттық республикаларда тілдер дамыған жоқ, сондықтан көптеген ғылыми терминдер бұл тілдерде жоқтың қасы. Оны ойлап таба алатын немесе ойлап тапқан адамдар қуғын-сүргінге ұшырады, айдалды. Сондықтан қазір осындай вакуум қалыптасқан.
Тілек: Жалпы сіз көтерген тақырып біз үшін өте маңызды, бірақ кейбір адамдар оны түсінбеуі мүмкін. Мен сіздің кітабыңызды оқыған кезде пайда болған сезімдерді басқа адамдар да сезінді деген үміттемін.
Мадина: Осындай маңызды шығармашылық жұмысты атқарғандарыңызға алғысым шексіз! Шындығында, біз бірлескен авторларымыз, өйткені сіздерге бәрін қайтадан ойлап табуға тура келді.
Комментарии
Подписаться