Не говори мамеАбайдағы бала: Үш жыл бұрын зорлықтан зардап шеккендер қазір қалай өмір сүріп жатыр?
Кінәлілер жауапқа тартылды ма
Көптеген қазақстандық үш жыл бұрын Абай аулында не болғанынан хабардар: бұл оқиға туралы барлық БАҚ жазды, президент те пікір білдірді, тіпті кейін бала құқығы жөніндегі омбудсмен Зағипа Балиева жұмыстан қуылып, орнына Сәуле Айтпаева келді. Бірақ бұл жұрт үш жыл өткеннен кейін оқиға кейіпкерлері қалай өмір сүріп жатқанын, мысалы, үнемі қоқан-лоқы көретінін, тұрмысы қандай екенін біле бермейді.
Заңгер Құрманғазы Мүсір мен қылмыстық жауапқа тартылам-ау демей жағдайды жариялаған журналист Амангелді Батырбековтің хикаясын да білмейді.
Үш жылдан кейін біз Абай аулына барып, жапа шеккендер қалай тұрып жатқанын, кімнен не үшін қоқан-лоқы көріп жүргенін біліп қайттық.
2018 жылғы қаңтардың басында түнгі сағат 11-де біреу заңгер Құрманғазының есігін қақты. Оның түнде ескертпей келетін қонақтарға еті әбден үйренген — бірнеше жыл бұрын әкесі сал болып қалғасын Астанадан Сарыағашқа оралған Құрманғазының көмегіне жергілікті жұрт жиі жүгінетін. Заңгер тіпті заң жағынан көмек беретін ЖК ашып алды. Ауыл тұрғындары оған ақысы ретінде қолда барын: тауық, ұн не өзге де қызметін ұсынады. Бірақ сол түні есік соққан адам мүлкім ұрланды деп келмеді.
Келген егде әйелдің айтқаны жаға ұстатады: оның немересін жарты жыл бойы төрт оқушы зорлап, ұрып-соғып келген, ал полиция мен прокуратура бұған қатысты іс қозғамаған.
Мәтін Әсем Жәпішева
Фото мен видео Офелия Жакаева
Аман қалғысы келген бала
2017 жылғы тамызда елге Абайдағы бала деп танылатын баланың жасы жетіде еді, ол мектеп табалдырығын енді аттағалы тұр. Сол кезде мұндай ауылдың барын екінің бірі біле бермейтін. 2018 жылғы көктемге дейін интернетте Абай аулы деп іздеудің қажеті болмайтын, себебі бұл — Қазақстанда кең таралған топонимдердің бірі.
Қазақстанда ұлы ақынның аты 25 ауылға берілген. Оның бесеуі Түркістан облысында (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында) орналасқан. Ауылға Оңтүстік Қазақстанның атақты суы да келмейтін, түрлі санаториясы бар Сарыағаш 20 шақырым қашықта орналасқан.
Абайдағы жеті жасар баланың әкесі жоқ, анасы Алматыға табыс табам деп кетіп қалған. Аспаз болып істеп жүрген ол баласын қасына ала алмаған. Оларға туған әжесі мен оның сіңліcі бас-көз болған. Төртеуі бір үйдің қоршалған бөлігін жалдап тұрды. Ол баспана мектептің артында орналасқан. Бала сол мектепке барып жүрді. Жалпы, ауылда екі мектеп бар.
1 қыркүйекке екі апта қалғанда бала суға түседі. Сонда үлкен бала келіп, оны зорлайды. Оқу басталғаннан кейін бұл оқушыға оның үш досы қосылады. Сөйтіп, 7-8-сынып оқушылары жеті жасар баланы аңдып, ұрып-соғып, зорлай бастайды. Мұның бәрі мектептің артындағы әжетханада болған.
— Жарты жылға созылды бұл, — дейді жәбір көрген баланың әжесі. — Сол баланың анасы, директор мен мұғалімдерге талай барып, зорлық тоқтатылсын дедім. Кейін полиция, әкімдік пен прокуратураға бардым, бірақ ешкім құлақ аспады. Немеремді соққыға жығып, зорлағанды тоқтатпады.
Кішкентай, бойы бір жарым метр, бетін әжім басқан әже бізге сұхбат бергенде теріс қарап отырды. Камераға түрін көрткісі келмейді.
Ол мүгедектігі бар сіңлі мен тағы бір баламен бірге сол үйде әлі тұрып жатқанын біз кездейсоқ білдік. Оның жапа шеккен немересі шешесімен бірге Алматыда тұрып жатыр. Оларға сол қалада баспана беріледі деп еді, бірақ берілмеген. Әже есігін ашпайды, далаға тек қоғамдық әжетханаға бару үшін шығады екен: қисайған, ескі үйдің өз әжетханасы да жоқ, бағалы заттардан теледидар ғана бар.
— Оның (зорлағандардың бірінің) анасы әлі күнге дейін ішіп алып, бізге келеді. Бірде балта, бірде пышақ ұстап есігімізді қағады, балам сендердің кесірлеріңнен түрмеде отыр деп тиіседі. Алдыңғы күні де келіп кетті, бірақ полиция ештеңе істей алмай отыр, не істейді алады өзі? Немерем сыртқа шықпайды, «Еуразия» телеарнасы оның түрін көрсетіп, шын атын айтқаннан кейін бәрі оған саусағын шұқшитады.
Сол 2018 жылғы күзде ауылдағы жұрт әженің шағым жазардағы көздегені ақша дегенге сенді.
— Ана, әжемін ғой, ешкімге жамандық тілемеймін. Күнде шағымданып жатқан жоқпын. Ана әйел баласымен бірге түрмеге отырсын демеймін. Ол да ана. Мен оған тиіскен жоқпын, ол өзі келді. Діттегенім жанжал емес. Жарты жыл күттім ғой. Мектепке бардым, зорлық тотатылсын деп бәріне жалбарындым, мұғалімнен де, директордан да өтіндім. Прокуратура, әкімдік пен полицияның есігін қақтым. Ешкім тыңдамады. Осы уақыт бойы бала зорлықтан көз ашпады: аяғының буыны шығып кетті, бүйіріндегі сүйегі сынды, мойны қайырылды. Балам көз алдымда өшіп, өліп бара жатты. Жарар деп полицияға бардым. Оған дейін де шағынғанмын, ешкім тыңдамады, өтірік айтасың деп өзіме жала жапты. Ақша алу үшін кез келгенін кінәлайсың деді. Ешкімнен ештеңе алмадым. Бар мақсатым баламды құтқару болған. Жәбір көргенін қойып, жұрт сияқты өмір сүрсін дегенмін. Өлмесін дедім. Ешкімге жамандық тілемедім. Не істесем де, мені тыңдамағаннан істедім. Полиция міндетін атқармайды. Мектеп директоры жұмысын жөнді істемейді. Әкімдік те солай. Ешкім. Прокуратура әрекет етпейді. Жемқорлыққа белшесінен батқан. Ешкім қарапайым азаматты адам ғұрлы көрмейді. Келіп, не болды деп сұрамады.
Осы сұмдық жайттар болған екі мектеп көрші орналасқан. Шарбағы бір. Баланы зорлағандар оны әжетханада тосып жүрген. Бірінші сынып оқушысы тығылмақ болған, қасына адам ерткен, бірақ пайдасы болмаған: зорлаушылар ұстап ала берген. Ақырында бала мектепке баруды да қойды.
Кейін істі әжесі, Амангелді мен Құрманғазы қолға алады.
Жала, бап, анау-мынау, уайымдадым да, бірақ бәріне куә Құдай бар ғой
Әже ауыл тұрғындарының бұл зорлық-зомбылықтан әу бастан хабары болған дейді. Алайда одан басқа ешкім ләм-мим демеген.
— Басында мүмкін емес деп сенбедім. Әже полиция, прокуратураға шағынғанын, бірақ ондағылар іс қозғамай отырғанын айтты. Бұл қалай болған дедім. Кейін зорлықшылар оқитын мектептің директоры жергілікті білім бөлімінің бастығы Селтановтың келіні екенін білдім. Шу шықса, директордың басына проблема үйіледі ғой.
Әжеден келісім алған заңгер Құрманғазы Мүсір істі аяғына дейін жеткізбек болады, алайда нәтиже шықпайды. Айтуынша, «нағыз қысымға» тап болған: оны жала жапты деп бірнеше рет сотқа берген, жәбір көрген баланың үйіне полиция мен мектептің қызметкерлері келіп, қорқытып-үркіткен. Не істерін білмеген заңгер БАҚ-қа жүгінеді. Қолында не арыз-шағым, не сараптама қорытындысы, не қандай да бір ресми дәлел жоқ Құрманғазы өзіне күшті адамдар қарсы тұрғасын мемлекеттік арналарға бара алмады.
Сонда оған сол жердің журналист-белсендісі Амангелді Батырбеков қол ұшын береді.
— Аменгелдіге барып: «Аға, газетіңіз («С-Информ» — ред.) бар ғой, жазайық», — дедім. Ол «мәселе емес, жазсақ жазайық» деді. Қорықтым ба? Жоқ. Әрине, жала жабу туралы бап бар, анау-мынау, уайымдадым да, бірақ бәріне куә Құдай бар ғой. Балаға пайдам тисе, одан артық не керек маған? Амангелді көмектесті, мақаланы жариялады. Содан соң Қазақстанның барлық журналисі хабарласа бастады.
19 миллион 200 мың сілтеме
Қазір Google-дан «Мальчик из Абая» деп іздесеңіз, 19 миллион 200 мың сілтеме шығады, ал сол кезде іс туралы бірде-бір мақала не жаңалық болмаған еді. Ауданда ықпалы мол адамдар мен полицияға қарсы мақала жазған адам жала жапты деген желеумен түрмеге оп-оңай түсе алады. Бірақ Амангелді Батырбеков бұдан қорықпады.
Амангелді Батырбеков — Түркістан облысында танымал журналист, қоғам белсендісі, судьялар мен білім саласындағы шенеуніктер туралы зерттеулердің авторы. Оның үстінен бірнеше рет іс қозғалып, журналист түрмеге отырған.
Кейінгі рет түрмеге 2019 жылы қамалған. Оған зерттеуінде жала жапқан деген айып тағылды. Оны «Шекарасыз репортёрлар» халықаралық ұйымы қызметі үшін түрмеге жабылғандар қатарына қосты.
Батырбеков 2015 жылы да түрмеге қамалған еді: Сарыағаш ауданының прокуроры Нұрлан Сапаровтың бұрынғы орынбасарына жала жапты деп айыпталып, бір жарым жылға сотталды. Амангелді апелляциялық шағым түсіріп, бостандыққа түрмеде жарты жыл отырғаннан кейін шықты. Бірақ бір жылдан кейін Сапаров жеке тұлға емес, прокурор ретінде журналисті сотқа тағы берді.
2017 жылғы қаңтарда Батырбековтің бостандығы бір жарым жылға шектелді. Сол жылдың наурызында сот бұл мерзімнің бір айын алып тастады.
Құрманғазы Амангелді керек десе, зорланған баланың хикаясын міндетті түрде жазып шығаратынын білді. «С-Информ-ның» тиражы көп болмаса да, онда небәрі екі-ақ адам істесе де, редакциясы құрылыс дүкенінің артқы бөлмесінде отырса да, газетті көбі оқып, құрметтейтін. Қазір де солай.
— Сіздер кіре беріңіздер, қазір сотым басталайын деп жатыр.
Біз дүкеннің артындағы кеңседе қауын жеп отырмыз. Бөлме кішкентай, әр жерде бума-бума қағаз жатыр. Амангелді телефонына қарай береді: бір-екі минутта оның кезекті соты басталуға тиіс. Жергілікті шенеуніктер журналистің үстінен үйіп-үйіп шағым түсіреді екен, сондықтан Батырбеков соттан шықпайды десек болады.
— Ол кезде газеттің редакторы едім. Құрманғазы жайтты айтып берді, кейін барлық БАҚ білді. Бірақ ешбіреуі жазбады, батылы бармады.
— Неге?
— Себебі жеті жасар бала оқыған мектептің директоры аудан мәслихатының бұрынғы депутаты, марқұм Селтановтың келіні. Аты — Бейбіткүл Селтанова, ал Селтановтың ұлы, Бауыржан, облыстың полиция департаментінің бастығы болған. Ал бұл ықпалды кісілердің іске қатысы болғандықтан, бәрі жасырып қалуға тырысты. Құрманғазы Мүсір маған келіп, ешкім оқиға туралы жазғысы келмейтінін айтты.
Аменгелді іс қалай болғанын айтып берді.
— Былай болды: тамызда баланы мектепті көрсетеміз алып барады. Кейін ол суға түсуге кетеді. Төрт баланың бірі оны сол кезде зорлайды. Жеті жасар оқушының әжесі оны полицияға апарады, шағым жазады. Полиция оларды ауруханаға апарады, ондағы дәрілерлер зорлық ізін көреді. Бірақ мұндай сұмдықты жұртқа жариялаудың орнына олар жасырып бағады. Неге? Себебі облыстың полиция департаментінің басшысы Бауыржан Селтанов жаңағы мектеп директорының туысы. Менің ойымша, істі жауып, білдірме деген мектептегілер. Кейін әжеге келіп, мұның еш қажеті жоқ екенін, ел біліп қойса, өсек қылытанын айтады. Әже не істерін білмей, үнсіз қалады.
Бірақ зорлық-зомбылық тоқтамайды, баланы басқа бала ұстап алып, тағы зорлайды. Одан кейін топ болып тағы бір зорлайды. Әже заңгер Құрманғазыға жүгінеді. Ол істің жай-жапсарын біледі. Журналистерге барады, бірақ ешкім оқиғаны жаңалық қылып жариялағысы келмейді. Сөйтіп, ол маған келді. Мен жазам дедім. Ешқандай үкім, сот актісі, ресми құжат жоқ. Бірақ нар тәуекел деп істі қолға алдым. Себебі бала сұмдық зорлық көргеніне көзім жетті. Жаным ашыды. Егер біз хабар қылып жазбағанда, золық тоқтамақ түгілі, одан бетер болар еді.
Амангелді жарияланған мақаланы NewTimes.kz, кейін басқа сайт басып шығарады. Ертеңіне бүкіл ел осы хикаяны талқылай бастайды.
— Басылымдардан журналистер қоңырау соға бастады. Сөйтіп, іс Назарбаевтың құлағына шалынды, оны Қауіпсіздік кеңесі талқылады. Бірақ мәселе шешілмеді: жеті жасар баланы зорлау бойынша қылмыстық іс қозғалды да, жабылды. Оған себеп — «зорлық болмаған».
— Неге? Сонда ешкім жауапқа тартылмаған ба?
— Неге екенін білмеймін, ешкім жауапқа тартылмады. Бәрі көз бояу үшін. Президент бұйырды, директор қуылды, кейін қайтадан тағайындалды. Ал Селтановтың баласы қазір Түркістан қаласы полиция департаментінің бастығы. Мен мұны да жазғанмын. Ол кезде оның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Бірақ жауып тастады. Міне, осылай.
— Түсірілім алдында қолыңызда прокурордың ұйғарымы барын айттыңыз. Сонда ешкім жазаланбады ма?
— Айтпағым, баланы зорлағандар жазаланбады. Олар төртеу ғой. Үшеуі кәмелетке толмағандықтан жауапқа тартылмады. Төртіншісі түрмеде.
— Үшеуі жазаға тартылмады ма?
— Олар кәмелет жасына келмегендер, заңға сай, кішкентай балалар жауапқа тартылмайды. Ал төртіншісі зорлық болған жылы 14-те еді, сондықтан жеті жылға түрмеге қамалды.
— Материалды жариялағаннан кейін қысым, қоқан-лоқы көрдіңіз бе?
— Маған қарсы мықты кампания басталды. Ауыл билері бұрын сотталғанымды жұрттың есіне сала бастады. Мен шынымен де сотталғанмын, бірақ ақталдым. Алайда олар жала жапқанға етің үйреніп кеткен, Сарыағашты дүниежүзіне масқара қылдың деп жазғырды. Содан кейін құқық қорғау органдары шақырып алды, «Амангелді, дәлелі жоқ нәрселерді неге жазасың? Мұның үшін жауапқа тартылуың мүмкін екенін білесің бе?» деді. Мен білемін дедім. Бірақ берілмедім, тәуекел еттім. Зорлық болғаны дәлелденбесе, басым бәлеге қалатынын да білдім. Мұның жазасы ауыр. Сонда да жаздым.
Қазақстан Холлиууд емес
Абайға барғанымызда Түркістан облысында зорлық-зомбылыққа қатысты басқа атышулы іс жүріп жатқан еді: ер адам бір жыл бойы әйелі мен оның жасөспірім қызын өлтірем деп қорқытып, үйге қамап, зорлап келген. Әйел мен қыз бала үйден қашып кеткен. Бірақ құқық қорғау органдары зардап шеккен әйелге қылмысты жасырған деп айып тақты.
Тағы бір іс жақында біткен, ол да Абайда болған. Полицей екі жыл бойы жасөспірімді зорлап, бопсалаған.
— Бар мәселе осы қаладағы сыбайлас жемқорлықта деп ойлаймын, — дейді Амангелді. — Қылмыс кез келген жер, қоғамда жасалады. Егер уақытылы әрекет етіп, қылмыстарды ашып отырсақ, қылмыс деңгейі төмендер еді. Бірақ мұның барлығын олар жасырады, білдірмейді. Ондайда қылмыс міндетті түрде қайталана береді. Менің ойым — осы. Педофилияға кез келген жерде ұшырауға болады. Алайда дереу әрекет етіп, тосқауыл болу керек. Бізде мұндай жоқ.
Журналист кедейлік те қылмысқа себеп болуы мүмкін дейді.
— Бәрі кедей, күн көру үшін шырпынып жүргенде бала тәрбиесі шетке ысырылады. Балалар көшеде тәрибе көреді.
Абайдың халқы ақжарқын, кеңпейіл, бірақ, Амангелді айтқандай, кедей. Қала 90 жылдардың шырмауынан шыға алмай қалған сияқты: тозығы жеткен үйлер, далада жатқан мас адамдар, қаңғырып жүрген иттер. Патриотизм ұрандары бар плакаттар ғана қазір 2021 жылы екенін еске салады.
Біздің баланың отбасы Абай халқынан да кедей тұрады. Жазғы демалысқа шыққан бала әжесіне келген, бірақ сыртқа шықпайды. Әжесіне сенсек, оның шешесі Алматыда жалдар пәтер таба алмай жүр. Жұрттың әженің бар көздегені ақша деп ойлауының себебі осы болса керек.
Көпшілік те, біз де оларға Алматыдан баспана берілді деп келдік. БАҚ солай деді ғой. Бірақ отбасы сол қисайған үйде әлі тұрып жатыр. Тек өзгергені — бала енді далаға шыға алмайды, ал қамалған зорлықшының анасы ішіп алып, оларға тиіседі.
— Мен әскери медқызмеркермін. Өмір бойы адал тапқан нанымды жеп келдім. Ешкімге қиянат қылмадым. Кез келгенге сенбеу керек. Азды қанағат тұтам. Ұрыңдар, соғыңдар, бірақ мен өтірік айтпаймын. Ешкімнен қорықпаймын, ары қарай да үндей бермекпін. Мұны өзім үшін емес, Қазақстанның барлық баласы үшін істеймін. Ешбіреуі зардап шекпесе, зорлық-зомбылық көрмесе, әке-шешесі жыламаса екен деймін. Балалар мектепке барсын, ойнасын. Бар тілегенім — осы. Байлықтың не қажеті бар маған? Ақшаны не істеймін? Маған зейнетақым да жетеді. Ешкімнен не моральдық өтемақы, не пәтер алған жоқпын. Ештеңе. Әже ретіндегі парымызды орындадым. Бәрін заңға сай істедім. Халыққа алғыс айтамын, олар мені қолдады. Түсінген әр жанға рахмет айтамыз. Бүкіл әлемге рахмет. Адамдар баланы қорғауға көмектесті. Ол аман-сау-ау, бірақ қажыды, ауырады, бір көзі нашар көреді, бір құлағы нашар естиді.
Телефон құқығы деген ұғым бар. Ол деген — мемлекеттік органдарда ресми шешілуге тиіс мәселенің тамыр-таныстық, бір қоңырау арқылы шешілуі. Қазақстанда да осындай заңсыздық болып жатыр — ешкім шаруасын шу шығармай не ықпалды танысына бармай шеше алмайды. Хикая БАҚ-қа қызық болмай қалды, бірақ зардап шеккен баланың отбасы сол ауылда әлі тұрып жатыр, тіпті далаға шықпайды, ал Селтановтар өз орнын сақтап қалды, төрт зорлықшының біреуі ғана жазасын өтеп жатыр.
Дәл қазір Қазақстанның бір түкпірінде Абайдағы осы хикая қайталанып жатпағанына кім кепіл?
Комментарии
Подписаться