QazaqshaПеризат Мырзахмет пен Айна Досмахамбетқызы елдегі гендер мәселесі туралы
Қазақ әйелдерінің бүгінгі жағдайы, виктимблейминг, бала тәрбиесі
БҰҰ-ның деректері бойынша Қазақстанда жылына 400-ге жуық әйел тұрмыстық зорлықтан қаза табады. Біз қоғамдағы гендерлік проблемаларды көтеріп жүрген блогерлер — Перизат Мырзахмет пен Айна Досмахамбетқызынан сұхбат алдық. Олардан зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің неге бірден полиция көмегіне жүгінбейтінін сұрап, зорлықтың не үшін қалыпты саналатынын білдік.
Мәтін
Жансая Алиева
Перизат Мырзахмет
продюсер
Өткен ғасырдағы қазақ әйелдерінің хал-ахуалы
Қазақ әйелдерінде өткен ғасырда мүлде құқық болмады деу – Кеңес үкіметі қалыптастырған қате түсінік. Қыздың қалауы ескерілмей, ұнатпаған жанға еріксіз қосақталған бірен-саран оқиға болған шығар. Дегенмен, бұл жағдай елімізде жаппай көрініс тапты деп айту орынсыз.
Әйел сорлы деген тақырыптағы әңгімелер неге Кеңес үкіметі кезінде кеңінен таралды? Бөлінген ұлтты билеу оңай екенін білген режим сондай шығармаларды насихаттай отырып, отбасында араздық отын тұтатуға тырысты. Әйелдерге «ерлерге қарсы тұрыңдар», еркектерге «әйелдеріңді басыңдар» деп, бір-біріне қарсы қойды. Осы орайда Мұхтар Мағауин «Кеңес үкіметі адамдарды таптарға бөліп қана қойған жоқ, отбасыларды да ішінен бөліп тастады» дейді. Ал жалпы тарихта өзінің қалауымен тұрмыс құрған көп әйел туралы дерек жетерлік, әдеби шығарма да аз емес. Біздің қыз-келіншектердің сөзі де, билігі де, құқығы да болды.
Өкінішке қарай, билік ондай туындыларды жарыққа шығармай, көлегейлеуге тырысты. Қазақ әйелінің міндетін отбасы, ошақ қасынан асырмай тастаған кеңестік идеологиядан арылып, тәуелсіздік алғанымызға қарамастан қазір қазақ қоғамы сол салып берген шеңберден әлі шыға алмай жатыр.
Қазақ әйелдерінің бүгінгі жағдайы
Шамамен қазіргі қазақ әйелдерінің ширегі ғана өз құқығының барын біледі деп ойлаймын. Оның өзі — қалалық қыз-келіншектер. Ауылдық жердегі әйелдерге осы әңгімені айтсам, мені түсінбейді. «Қайтесің оны?», «Бізге неге теңдік керек? Еркектер біз үшін шеше берсін» деп бейжай қарайды да, кейін біреуден қорлық көрсе, «мені ешкім қорғамайды» деп жылайды. Ал кезінде өздерінің құқықтарын қорғауға ат салысқысы келген жоқ. Өйткені құқығын қорғау деген – жауапкершілікті өзіңе алу, «мен адаммын» деп өзіндік позицияны қою.
Біз қыздарды кішкентайынан бастап «Сен қонақсың, кетесің» дегенді құлағына құюмен тәрбиелейміз. Демек, қыздың өз үйінде де, келін болып баратын үйінде де құқығы жоқ. Себебі ол жақтың өзінің иелері бар. Осылайша өзі үшін өзгелердің шешім қабылдауына бойы үйреніп қалған қыз бала жауапкершілік салмағын сезінбей өседі. Ал кейін қыздың аяғы ауыр болып қалса немесе аборт жасаса, отырып қалса, барлық жауапкершілікті қоғам қызға ысырып тастайды. Қыздың аталған жағдайларға душар болғанына ең басынан жауапкершілікті бермеген қоғамның өзі кінәлі.
Өз құқығын бес саусағындай жетік білетін адам — қазіргі нарыққа, мемлекетке ыңғайсыз. Ал білімсіз адамға нан мен суы, алдында теледидары тұрса болғаны, ол басқа ешнәрсеге бас қатырмайды.
Қоғамды басқарудың бірнеше тәсілі бар. Соның ең бір сорақы тәсілін қазіргі ТМД елдері жиі қолданады. Халыққа білім бермей, оларды өздерінің құқықтарынан бейхабар қылғысы келеді. Өз құқығын бес саусағындай жетік білетін адам — қазіргі нарыққа, мемлекетке ыңғайсыз. Ал білімсіз адамға нан мен суы, алдында теледидары тұрса болғаны, ол басқа ешнәрсеге бас қатырмайды. «Бізді ешкім сауаттандырып жатқан жоқ» деп сол қалпы отыра береді. Негізінен, құқықтық сауаттылықты білмеу салдарынан қазір зорлық-зомбылық өршіп тұр.
Мәдениет таратушы телеарналар әйелдердің құқығы жермен-жексен болып жатырған сериалдарды көрсеткеннен кейін әйелдер зорлықты, құқығының шектелуін қалыпты санайды.
Біздің халық түріктің, үндінің сериалдарын көреді. Мәдениет таратушы телеарналар әйелдердің құқығы жермен-жексен болып жатырған сериалдарды көрсеткеннен кейін әйелдер зорлықты, құқығының шектелуін қалыпты санайды. Өкінішке қарай, қазіргі кезде пікір иелері — бұрынғыдай жазушылар, ақындар, ғалымдар емес, медиа өкілдері, вайнерлер, актерлар. Халық солардың киген киімі, жүрген жүрісі, қимыл қозғалысың модельдерін қабылдайды. Соны естен шығармау керек.
Мәдени салаға өзгеріс қажет
Мәдени салаға күрделі өзгертулер енгізуді ұсынамын. Мәселен, ең алдымен телеарналардағы бағдарламаларда сексизм, феминизм тақырыптары дұрыс көтерілуі қажет. Егер үкіметтің дұрыс нұсқауы болса, ұлттық арнаның тікелей эфирінде Омар Жәлел «қыз — тауар» деп отырар ма еді?! Сондай-ақ қазір телеарна басшылары бүкіл жауапкершілікті өзінен алып тастап, тәрбиелік құндылығы жоқ сериалдарды, фильмдерді халыққа көрсетіп жатыр. Егер біздің телеарнада сауатты ашатын «Скандал», «Как избежать наказание за убийство», «Утреннее шоу» және т.б. сериалдарды көрсетсе, қоғамның түсінігі мүлде басқаша болар еді.
Қазақ қызына өзге ұлт азаматы тиіскенде қазақ қызының құқығын қорғаймын деп жүретін шала патриоттар қазақ жігіттері қиянат көрсеткенде үнсіз жатады
Виктимблейминг туралы
Қоғам отырып қалған, оң жақта отырып бала туған, бала туа алмайтын әйелді бір мүгедек санайды. Неге әйел ғана кінәлі болуы керек? Секске екі адамның да қатысы бар. Қыз өз-өзінен қыздығынан айырылып, өз-өзінен бала туып, өз-өзінен аборт жасап жатқан жоқ. Оған еркек те кінәлі. Зорлықта да сондай: зорлайтын — жігіт, жұрттың наразылығына ұшырайтын — зорлық көрген қыздың өзі. Қыз тіпті мойнына өзі барып асылса да, еркектің өзін ұстай алатын күші жоқ па? Ашық-шашық жүргендіктен зорлап кетеді сынды пікірлер бар. Бірақ мен еркектердің жабық киінетін қыз-келіншектерге де қырындап, қолын жүгірткен әрекетіне бірнеше мәрте куәгер болдым.
Супермен керек
Қазір ерлерді материалдық тұрғыдан емес, рухани тұрғыдан байытатын «супермен» керек. Ерлердің өзегі дұрыс болмағаннан кейін, отбасын дұрыс асырай алмай жатыр. Жігіттердің тәрбиесімен айналысатын бір-екі азаматты ғана білемін. Бірақ олар бұл мәселені жариялап айтуға тырыспайды. Ерлерді артынан ерте алатын лидер болуға ешкім құлықты емес. Қазақ қызына өзге ұлт азаматы тиіскенде қазақ қызының құқығын қорғаймын деп жүретін шала патриоттар қазақ жігіттері қиянат көрсеткенде үнсіз жатады. Осы тұста айтқым келеді: Омар Жәлелде алты аласым, бес бересім жоқ. Бірақ Омар Жәлел еркек және пікір иесі ретінде әуелі айналасына жиналған еркектердің санасын оятуы керек еді.
Айна Досмахамбетқызы
SMM-маманы
Қазіргі кездегі қазақ әйелдерінің жағдайы
Тұрмыстық зорлық тұрғысынан әйелдердің жағдайы мәз емес. Оның себеп-салдары ретінде біраз нәрсе айтуға болады. Мысалы, менің ойымша, отбасылық зорлықтың кеңінен етек жаюынна елдегі нашар экономикалық жағдай да себепкер.
Соңғы жылдары Қазақстанның экономикалық ахуалы өте тұрақсыз. Ертең не болатынын білмейміз. Жөнді ақша таба алмай, отбасын асырау мәселелерімен басы қатқан ер адам көп жағдайда мұндай қиындыққа шыдамайды да, күйзеліске ұшырайды. Осы кезде «Таз ашуын тырнадан алады» демекші бар ашуын әйелінен алып, оған қолын көтере бастайды.
Оның үстіне біздің қазақи тәрбиенің де ықпалы бар: кішкентайынан хан сияқты өскен ұл бала қара жұмыс істегісі келмейді. Жұмыс жоқ болса, шопыр болу, күзетші болу, тіпті көше сыпырып ақша табуды өз мәртебесінен төмен санайды. «Ставка» қойып ақша тапқан әлдеқайда абыройлы болып көрінеді. Кейін ставкадан ақшасын жоғалтса, тағы да өшін әйелінен алады. Шопыр болған ұят емес, күзетші болған ұят емес, аула сыпыру ұят емес. Үйленіп алып, отбасыңды асырай алмау — ұят. Әйелді ұру — ұят. Әйелмен күштеп сөйлесу — нағыз ақымақтың қолынан келер іс. Себебі 21 ғасырда басқалар өз тілін ғана емес, өзге тілдерді меңгеріп жатқанда, мәселені күшпен шешу — сөз болмаған тас дәуірінің әдісі.
Бүгінге дейін жеткен шаблон
Кейбір әйелдің зорлықты қалыпты санауы — ұзақ уақыт бойы қанымызға сіңіп қалған әрекет пен ойдың нәтижесі. Баяғыда әйелдер ұзатылғаннан кейін отбасынан жыраққа ит өлген жерге келін болып баратын еді. Сондықтан оны күйеуі ұрып-соқса да, алыс жолды еңсере алмайтынын біліп, қайтып келмеген. Туысқандарына барам дегенше жолда қаза табатыны анық. Тығырықтан шығар жол — сол үйде қалып, шыдау. Осы шаблон бүгінге дейін жетті. Ата-анасы, тіпті көрші үйде тұрса да, қыз оларға шағымданып бара алмайды. «Тастай батып, судай сің» деген секілді жадына жаттатылған сөздер бөгет болады.
Тағы бір себеп — әйелдің өзінің әлсіздігі. Күйеуі соққыға жыққанына қарамастан, оны жақсы көре береді. Иә, бұл — қалыпсыз психологиялық қарым-қатынас. Дегенмен, факт. Сезім деген жұлып, лақтырып тастайтын өсіп тұрған шөп емес. Ерінің жанынан кеткісі келмеген әйел «менен қателік кеткен шығар» деп бар кінәні өзіне артып, күйеуінің әрекетін ақтап алуға тырысады. Шын мәнінде, әйел өзіңе қол көтеретін адамды жақсы көретінін мойындағысы келмейді.
Әйел үшін басқа ер адамға өз күйеуінің ұратынын айту — оның алдына тыр жалаңаш барғанмен тең. Сондықтан бұл іске үлкен батылдық керек.
Қорқыныш: полицияға бару — ұят
«Күйеуім мен ұрды» деп полицияға шағымдану өте ауыр. Себебі әйелдің сондай есерсоққа тұрмысқа шыққанын ақыры мойындауына тура келеді. Алдымен өзіне ұят. Екіншіден, әйел «балаларымның әкесі» деп аяушылық сезімін танытады. Сондай-ақ әдеттегідей «туысқандар не дейді?» деген ой тосқауыл болады. Үшіншіден, бір рет қол көтерген еркек ашуға булығып, өлтіріп тастай ма деп қорқады. Полицияға баруына көп жағдайда бөгет болатын — қорқыныш сезімі.
Құқық қорғау органдарында көбінесе ер адамдардың қызмет атқаруы да әйелдерді алаңдатады. Әйел үшін басқа ер адамға өз күйеуінің ұратынын айту — оның алдына тыр жалаңаш барғанмен тең. Сондықтан бұл іске үлкен батылдық керек. Мен әйелдердің зорлық көрсе, ұятты бір сәтке ысырып қойып, бойдағы батылдығын жиып, полицияға дер кезінде шағымданғанын құптаймын. Бір рет ұяттан өртенердей күй кешесің, бірақ өзіңді қорғайсың.
Халықтың басым көпшілігіне «гендерлік теңдік» ұғымы бейтаныс. Қазір ер адамдар өз территориясына әйелдер басып кіріп, бізбен соғысып жатыр деп ойлайды
Адамды адам ететін тренинг керек
Меніңше, гендерлік теңдік туралы сөйлеу үшін біз алдымен қарапайым нәрселердің мәнін ұғуымыз керек. Біздің осы орайда жасап жатқан әрекеттерімізді жөндеу жасалмаған үйге кілем сатып алумен теңестіруге болады. Халықтың басым көпшілігіне «гендерлік теңдік» ұғымы бейтаныс. Қазір ер адамдар өз территориясына әйелдер басып кіріп, бізбен соғысып жатыр деп ойлайды. Бұл — ер мен әйелдің арасындағы соғыс емес, сананы дендеп алған надандықпен күрес. Сондықтан бізге, ең алдымен, адамның санасын көтеретін бағдарламалар, адамды адам ететін тренингтер керек. Сол кезде ер адамдардың көзі ашылады.
Бала тәрбиесі
Ұлым қазір 10 жаста. Үш жыл жас айырмашылығы бар кіші қызыммен сыйыспайды. Ер бала байқаусызда итеріп қалуы мүмкін. Осындай жағдайда мен ұлыма «Сен Айаруға жасаған нәрсені тура маған жасап жатырмын деп ойла. Қызға қиянат жасасаң, өз анаңа қиянат жасағандай боласың» деп үнемі айтамын. Әзірше, ұлым кішкентай болғандықтан осылай түсіндіремін. «Сен ұлсың, сондықтан сен қыздан жоғырысың» деген қарым-қатынас жоқ. Алайда қыздарыма да қыз болғандықтан ұл баланың басына шығып алуға, ойына келгенін істеуге болады деп үйретпеймін. Өзіне сенімді, тең тұлғалар ретінде тәрбиелегім келеді.
Фотолар кейіпкерлердің жеке архивінен
Комментарии
Подписаться