Қазақта «Қайтып келген қыз жаман», «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөз бар. Бірақ қыздарды көп нәрседен, тіпті өз бақыты үшін күресуден тыю қаншалықты дұрыс? Қоғам пікірі қыздардың өміріне қалай әсер етеді? Ажырасу неге ұят? Мұндай проблемаға тап болған қыздармен сұхбаттасып, психоаналитик пен заңгердің пікірін білдік.

Жанаргүл

29 жаста, Қызылорда

Туған жерім - Қызылорда. 9-сыныпты бітіріп, Алматы облысы Қаскелеңдегі «Аяжан» медициналық колледжіне оқуға түстім. 3 жыл 10 ай оқуым керек болатын. 2 курс бітіргенде, 19 жасымда мені сырттай танитын жігіт алып қашты. Ол жігітпен сөйлеспедім, жүрмедім, тек сәлеміміз түзу болатын. Оны жақсы көрмесем де, сол үйде қалдым. Өйткені анам мені жалғыз өсірді, оны жерге қаратқым келмеді. Ел-жұрттың «әкесіз өскесін, бетімен кеткен, байдан қайтып келген» деген сарындағы сөздері әуелі менің емес, анамның миын жейтіні айдан анық.

Тұрмысқа шыққаннан соң, оқуымды аяқтай алмадым. 2 жыл оқығаным зая кетті. Күйеуім жұмыс істеуіме қарсы болды. Мінезіміз жараспады. Үйде күнде айқай, береке жоқ. Кейде ол маған қол жұмсайтын. Мақсатсыз, көңілсіз, бақытсыз күндерім өтіп жатты. Бірінші баламды түсіріп алдым. Құрбыларым, туыстарым «дүниеге бала келсе, бәрі ұмтылады, күйеуіңе махаббатың оянады, бала бәрін өзгертеді», деп мені жұбататын. Сөйтіп екінші баламды көтеріп, аман-есен дүниеге әкелдім. Бірақ бәрі бекер екен, ештеңе өзгермеді. Бұрыннан жек көретін адамға махаббат сезімі оянбайды. Тек баламның әкесі ғой, баламен қайда барамын деген ойлар бақытсыз кешіп жатқан өміріме төзе беруге, бәріне «бала үшін» деп шыдай беруге көмектесті.


Мені алып қашқан жігітті жақсы көрмесем де, онымен қосылдым. Бір баланы дүниеге әкелдім. Бірақ некенің соңы ажырасумен аяқталды.


Менің де сүйікті жар, бақытты ана болғым келеді. Бұрынғы күйеуім біз ажырасқаннан бір жылдан соң қайта үйленді. Кейін мен де өз бақытымды таптым, екінші ұлымды дүниеге әкелдім

Менің бұл күндерім тек «тірі жүргеніме шүкір» дегізді. Бір күні бұл қашанға дейін созылады деп ойландым. Мен неге қиналып жүрмін? Неге мен өзім үшін өмір сүрмеймін? Менің бақытты болуға құқығым бар шығар деген ойлар маза бермеді. Мұның шешімі тек ажырасу екенін түсіндім. Бұл ойымды анам мен әпкеме айтып едім. Олар «Бір баламен қайда барасың? Сені кім алады? Қайтіп күн көресің?» деп келісімін бермеді. Кейін олар менің бақытымның маңызды екенін түсінді. Күйеуім қарсы болып, кешірім сұрады. Мен бәрібір ойымнан айнымадым. Ажырасқаным үшін неге ұялуым керек? Менің де сүйікті жар, бақытты ана болғым келеді. Бұрынғы күйеуім біз ажырасқаннан бір жылдан соң қайта үйленді. Кейін мен де өз бақытымды таптым, екінші ұлымды дүниеге әкелдім. Қазір нағыз бақыттың қандай болатынын түсініп жатырмын. Сондықтан әркім өз жүрегін тыңдауы керек деп ойлаймын.

Раушан

20 жаста, Алматы

Менің туған әпкеме үйленбекші болған жігіт өзімді алып қашты. Ол жігіттің қарындасы менің жақын құрбым болатын. Сол құрбым тұрмысқа шығып, Нарынқолға тойына бардым. Көліктен түскен бетте басыма орамал тағып, «Сені алып қаштық» деп, зорлықпен алып қалмақшы болды. Мен бәрібір қалмайтынымды айттым. Себебі біріншіден, мен ол жігітті жақсы көрмеймін. Ал екіншіден, анамның қайтыс болғанына небәрі 50 күн өткен. Ондай кезде бауырларымды тастап, алаңсыз тұрмыс құрғым келмеді, әрі мен ол кезде 19 жаста болдым.


Жеңешеммен ақылдастым. Ол кісі «Жақсы жігіт болса, сонда қал. Кетіп қалсаң, кейін бұл жағдай алдыңа келеді. Сенің болмаса да, балаңның басынан өтеді» деді.

Той біткесін үйіме қайтып кеттім. Үйде екі күн қонбағанмын, әрі туыстарыма «Раушанды алып қашты» деген хабар жеткен. Олар дүрлігіп отыр. Баяғы «Қайтып келген қыз жаман. Басқа үйдің босағасын аттап келген» деген ырымдарды алға тартып, мені қабылдамады. Маған ақыл айтатын адам қажет болды. Жеңешеммен ақылдастым. Ол кісі «Жақсы жігіт болса, сонда қал. Кетіп қалсаң, кейін бұл жағдай алдыңа келеді. Сенің болмаса да, балаңның басынан өтеді» деді. Басқа амал болмағасын ол жігітке қайта хабарласып, алып кетуін сұрадым. Ол мені қаладағы үйіне апарды. Менің 1,5 жыл бойы жүрген, үйленеміз деген жігітім болды. Сол қоңырау шалып, «Үйіңе қайт. Саған ешкім ештеңе демейді» деді. Сол үйге туыстарым келді. Олар қалғаным дұрыс екенін айтса, нағашыларым теріс батасын берді. Енді бірі бұл үйде қалмай, сүйген жігітіме қосылсам, өмірбақи бақытсыз болып өтетінімді, бұл оқиғаны бетіме басып өтетінін айтты. Екі оттың ортасында қалдым.

Мен облыстық ауруханада медбике қызметін атқарамын. Ертеңіне жұмысқа барып, сол жақтан өз үйіме қайтып кеттім. Барсам, туған әпкем мен сіңлім маған теріс қарап, алып қашқан үйде қалмасам, араласпай кетеміз немесе үйден кет деген талап қойды. Өз туған бауырларым кеудемнен итергенде, қатты күйзеліске түстім. Ол үйде қалмасам, бауырларымнан айырыламын, қалсам, өзім бақытсыз боламын. Ертеңіне ауылда жүрген жігітім келіп, ақылдастым. Ол мені шын жақсы көретініне, ертеңгі күні бұл оқиға туралы сөз қозғамайтынына уәде берді. Бәрінен алшақ өмір сүргім келді. Бір түнде құжаттарымды, жұмыс киімімді алып үйден кетіп қалдым.

Түні бойы жұмыс істейтін асханада таңға дейін отырып, таңертең жұмысқа бардым. Кейін пәтер жалдап, өзім жеке өмір сүре бастадым. Қазір туыстарыммен жақын емеспіз. Сүйген жігітіммен де, оның туыстарымен де жақсы араласамыз. Кез келген жағдайда жүректі тыңдау керек екенін түсіндім.


Қарлыға Бүйенбай

психоаналитик

Маған келетін клиенттердің тағдыры сан қилы. Бірі «Сол сәтте кетпегенім үшін қатты өкінемін. Енді қырықты алқымдап қалған шақта мен кімге керек боламын? Бірақ тепкіге бұдан артық төзе беруге шамам жоқ» десе, екіншісі, «Алып қашу» дәстүріне алғысын айтып, бүгінде бақытты отбасылардың қатарын толықтырды.

Қоғамда күйеуден қайтып келген қыздың Ақбілектің күйін кешетіні жасырын емес. Кісі өлтіріп келгендей үрки қарайды, мінеп-сынап кемсітеді. Онсыз да шытынап келген өзін бағалау қасиетін одан бетер төмендетеді. Мұндайда, әрине, жаның ашиды. Әсіресе, ата-анасы теріс айналғанда. Кез келген перзент үшін бұл қиын. Шын мәнінде, ата-ана тірек болған жерде перзент ешнәрседен де, ешкімнен де қорықпайды. Суицид аз болуы үшін осындайдың алдын алсақ екен деймін. Мұны менің қабылдауыма келген әр ата-анаға айтамын.

Екіншіден, Еркек неге қызды алып қашты? Алып қашу қайдан шықты? Тарихқа үңілсек, ер азамат кедей болып, қыздың қалың малын беруге шамасы келмегенде; қызды сүймейтін адамға ақшаға бола тұрмысқа шығармақ болғанда; сүйіктісіне қарамай, тоқал етпек болғанда; кәрі шалдарға төсек жаңғырту үшін берілмек болған кездерде қыздың рұқсатымен, қалауымен ғана алып қашқан. Дұрысы – бірге қашқан. Ал қазір жағдай өзгеше. Айдаладағы Серік барып қаладағы Гүлсімді танымаса да алып қаша салады. Әрі қарай не болатыны айтпаса да, түсінікті. Әрине, жарасып кетіп жатса, келісіммен болса, «алып қашу» дәстүрін қолдаймын. Бірақ, қысым мен күш бар жерде ешуақытта бақыт болмайды. Мұндай некеден туған балалар да қиын тағдырды бастан кешіреді. Осылайша ұрпақтан ұрпаққа жалғасып кете береді.

Алып қашатын жігіттерді де психологиялық жағынан түсінуге болады. Себебі, мұндай азаматтар әдетте махаббат, өзін бағалау, адамның жеке шекарасы, рухани еркіндік, тәуелсіздік деген сезімдерді бастан кешпеген, яғни отбасында мұның ешқайсысын көрмеген. Мұндай азаматтарды түсіну керек дегенім – оларды ақтағаным емес. Бар болғаны олар сана-сезімнің төмен болғанынан өзінің қандай мүшкіл жағдайда тәрбиеленгенін түсінбейді.

Сәби дүниеге келген кезде анасымен симбиотикалық байланыста болады. Біріншісі үшін өзінен басқа адам жоқ. Тіпті, анасы мен оның әрекеттерін өзіне тиесілі деп ойлайды. Бұл бастапқыда дұрыс. Өйткені бір әлемнен екіншісіне өту оңай дүние емес. Өмірге бейімделуі тиіс.

Алайда араға бірнеше ай салып бала өзінің бөлек, анасының бөлек адам екенін түсіне бастайды. Бұдан кейін ана мен бала қарым-қатынасына әке қосылады – екінші объект. Дәл осы алғашқы айларда ата-анамызбен қарым-қатынасымыз қандай болса, ересек өмірде де сол нәрсе қайталанады. Егер бала әке-шешесінің бөлек «мемлекет» екенін, өзінің де дәл солай жеке «мемлекет» құруы керек екенін түсінбей өссе, кейін үй болған кезде келіспеушіліктер пайда болады. Тіпті, жары алақанына салып, аялап отырса да, бір себеп табады. Өйткені барлығы бейсаналы түрде жүзеге асады. Мұның алдын алу үшін 2,5-5 жас аралығында анасы қызына «Бұл – менің күйеуім. Кейін өскенде сенің өз күйеуің, өз балаларың болады» деп түсіндіруі қажет. Ал ұл балаларға әкесі түсіндіргені жөн. Бұдан бөлек ерлі-зайыпты бірінші орынға бір-бірін қоятынын байқата білсе, нұр үстіне нұр. Анасымен психологиялық кіндігі кесілмеген ұл бала да үйленген соң, әйелін өзін тастап кететіндей жағдайға жеткізеді. Ақыр соңында жас жұбайлар ата-анасының үйіне барады. Менің осы айтқан сөздерімді қабылдап, жауапкершілікті мойынға алу өте қиын екенін түсінемін. Ең бастысы – өзіңізді бақытсыз ететін қоштасудан қорықпаңыз. Бәрі өз қолыңызда.


Әділет Шуақбаев

заңгер

Өкінішке қарай, ҚР заңнамасында нақты қыз алып қашу бойынша жауапкершілік көзделмеген. Бірақ ҚР Қылмыстық Кодексінің 125-бабына сәйкес, адам ұрлау 3-4 жылдан 7 жылға дейін, ал адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған дәл сол әрекет үшін мүлік тәркіленеді және 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. 

Дегенмен, елімізде қыз алып қашу фактілері көбеймесе, азаймай отыр. Түркістан облысы прокуратурасының баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, 2019 жылы Қазақстанда қыз алып қашудың 210 фактісі тіркелген. Оның тең жартысы Түркістан облысында болған. Бұл ресми деректер, алайда іс жүзінде фактілер әлдеқайда көп.

Іс жүзінде қыздарды ұрлап алып келген жігіт үйінде үлкен психологиялық және физикалық қысым көрсетіледі.

Бірақ ең әуелі қыз бала – тұлға. ҚР Конституциясымен және заңнамасымен олардың құқықтары еркектермен тең дәрежеде қорғалады.

Қызды зорлықпен алып қашу арқылы құрылған шаңырақтардың басым көпшілігі шайқалып жатады. Одан зорлық-зомбылық өрбиді, бала-шаға болғасын әйел адамдар оған көнеді. Олар қоғам пікірінен қорқады. Сол себепті психологиялық қысымға шыдамай, өз-өзіне қол жұмсау фактілері жиі кездеседі.

Алып қашу фактісін жасырмай, айту керек. Қыз баланы кішкентай кезінен өзін сыйлауды, құқығын білуді үйрету керек. Ұл баланы да сол секілді қызды сыйлауға, оның пікірін тыңдауға, құрметтеуге тәрбиелеген жөн.



Мәтін: Мейірім Бақытжанова

мұқаба: depositphotos