Мұхтар Жәкішев - 1998-2001, 2002-2009 жылдар аралығында уран өндіретін «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының басшысы болып қызмет атқарды. Оның басшылығымен компания әлем нарығында орнын нығайтып, уран өндірісін айтарлықтай арттырды. Канада, Ресей, Қытай, Франция, Үндістан және Жапонияның бірнеше корпорациясымен тығыз жұмыс істеді.

2009 жылы Мұхтар Жәкішев «қызметтік өкілетін асыра пайдаланды» және «мемлекеттік қаражатты жымқырды» деп айыпталып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Түрмеде ол 15-тен астам ауруға шалдықты, бостандыққа шыққанша денсаулығы тым нашарлап кетуі мүмкін болған. 2019 жылы Қазақстанның бірнеше қаласында жалғыз адамдық пикеттер өтті. Белсенділер Мұхтар Жәкішевтің босатылуын талап етті. Олар Жәкішевті саяси тұтқын деп санайды.

Айыпталуы

2009 жылдың 1 сәуірінде парламенттің бұрынғы мүшесі Татьяна Квятковская Мұхтар Жәкішевке қатысты қылмыстық іс қозғау керегін мәлімдеді. Оның айтуынша, Жәкішев «Ақдала», «Оңтүстік Іңкәй» және «Қорасан» уран кен орындарын «Бетпақ Дала» компаниясына 64 000 теңгеге сатқан. «Бетпақ Даланың» ол кезде БТА банкінің директорлар кеңесінің төрағасы болған Мұхтар Әблязовпен байланысы болды.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы депутат Квятковскаяның айыптары негізсіз және 2007 жылы тағылған айыптауларға ұқсайтынын айтты. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының 2007 жылғы қызметі тексерілген соң барлық айып алынды. Мәлімдемеде Жәкішевтің басшылығының арқасында банкротқа ұшыраған компания әлемдік атом өнеркәсібінің үздіктерінің біріне айналғаны жазылған.

Реакция

«Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы президентінің ағасы — Ермек Жәкішев Квятковскаяның айыптауына дейін 2007 жылы Мұхтарға ҰҚК төрағасы Шабдарбаевтың қоңырау шалып, «компания өндірген уран кен орындарының бірін беруді» сұрағанын хабарлады. Оның айтуынша, Мұхтар кен орындарының мемлекетке тиесілі екенін айтып, Шабдарбаевқа бұл өтінішін президентке айтуын ұсынды. Ермек Жәкішев бұл істің саяси астары барын, тіпті ҰҚК басшысы Мұхтардан кек алуы мүмкін деп болжады.

2009 жылы Рахат Әлиев өз сайтында «Мұхтар Жәкішев — саяси тұтқын» деген мақала жариялады. Рахат Әлиев — Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, Қазақстанның Австриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарған. Мақалада ол алданған элита туралы және Мұхтар Жәкішев сияқты елдегі ондаған саяси тұтқын жайлы жазады:

«Бәріміздің жолымыз бір. Өз еліңе пайдалы болсам деген таудай патриоттық ниеттен ақиқатқа дейін: елге қызмет ету режимге қызмет етуге айналды. Реформалар ұмытылды, банктер іріктелді не тоналды, реформашылардың бірі түрмеде, бірі қуылды, ал енді бірі жер қойнауында», — деп жазды Рахат Әлиев.

Бизнесмен Болат Әбілов Квятковскаяның айыптауына пікір білдіріп, мұның «тапсырыс» екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, уран кен орындарын Жәкішев емес, премьер-министрдің бұрынғы орынбасары Владимир Школьник сатқан. «Мұхтар Жәкішевті қуып, оның орнына қолшоқпарларының адамын қояды. Сөйтіп компанияны тонап, оны құртады», — деді ол. 2009 жылы Владимир Школьник «Қазатомөнеркәсіп» басқармасының төрағасы болып тағайындалады.

Reuters-тің 2009 жылы шыққан мақаласында бұл оқиғалар елді 1989 жылдан бастап билеп келе жатқаны, алайда мұрагері жоқ бірінші президенттің саяси ортасындағы шиеленісті көрсететіні жазылған. Мақалада Қазақстанның уран кендері бойынша бесінші орында тұрғаны және «Қазатомөнеркәсіп» әлемдегі үшінші уран өндірушісі болу үшін әлемдік компаниялармен тығыз жұмыс істейтіні айтылған.

Мұхтар Жәкішевтің видеоүндеуі

Жарияланған видеода Мұхтар Жәкішев компанияның жоспарын айтады. Оның сөзінше, «Қазатомөнеркәсіп» атом отынын өндіруді көздеді. Жәкішев жақын арада атом станцияларының дайын отын сатып алатынын, ал Қазақстан үлкен державалардың шикізат қосалқысына айналатынын, не өзі отын шығара бастайтынын айтады. Сонымен қатар Жәкішев «Қазатомөнеркәсіп» дайын отын өндіру бағытын ұстанған, бірақ оны қамағаннан кейін компания екі өткізу нарығынан айрылды», — деді.

Сот

2010 жылы Мұхтар Жәкішевке «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе шығындау» және «пара алу» баптары бойынша айып тағылды. Сот Жәкішевтің бар мүлкін тәркілеу, қатаң режимдегі колонияда 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сол жылы оған бірқатар бап бойынша, оның ішінде «алаяқтық» бабымен екінші қылмыстық іс қозғалды. Соттың мәлімдемесіне сәйкес, Жәкішев мемлекетке 100 миллиард теңге көлемінде шығын келтірген.

Жәкішевтің қорғаушылары Нұрлан Бейсекеев пен Паллада Тепсаева қылмыстық істі тоқтатуды сұрап, өтініш білдірді. Олар іс жүргізу нормаларының бұзылғанын айтты. Сот жабық режимде өтті, ал іске құпия белгісі берілді. Сотта Мұхтар Жәкішев барлық айыптауды жоққа шығарып, өзінің кінәсіз екенін айтты.

Аппеляциялық сот

2018 жылы оған үшінші топтағы мүгедектік санаты берілді. Адвокаттардың айтуынша, Жәкішевтің денсаулық жағдайы оны мерзімінен бұрын босатуға негіз бола алады. Қорғаушылардың бірі Нұрлан Бейсекеев Жәкішев колонияда 15 түрлі ауру жұқтырғанын, жағдайының нашарлап жатқанын хабарлады. Сондай-ақ шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті Жәкішев отырған мекеменің әкімшілігі де қолдады. Нұрлан Бейсекеев Мұхтар Жәкішев кінәсін мойындамаудың шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартуға негіз болмайтынын, ал қорғалушы денсаулық жағдайына байланысты өтемақы төлей алмайтынын айтты. Сот өтінішті қанағаттандырмады.

Оның ісі бойынша апелляциялық сот 10 қыркүйекте өтті. Жәкішевтің қорғаушысы сот процесінің дұрыс өткізілмегенін бірнеше рет айтып, қарсылық білдірді. Сот Мұхтарға колониядан видео байланыс арқылы өзін қорғауға мүмкіндік берген жоқ, қорғаушылардың қарсылығын қабылдамады. Адвокат Нұрлан Бейсекеевтің айтуынша, Жәкішевтің жағдайы нашар, сондықтан ол медицина бөлімінде емделіп жүр. Сонымен қатар ол азаматтық талап-арыздарды қанағаттандыру үшін өзінің мүгедектігі бойынша берілетін зейнетақысынан 111 000 теңгеден астам ақы төлегенін, Жәкішевте басқа төлем көздерінің жоқ екенін мәлімдеді.

Босатылуы

Биыл 3 наурызда сот Мұхтар Жәкішевтің шартты түрде мерзімінен бұрын қамаудан босату туралы үшінші өтінішін қанағаттандырды. Жәкішев сот отырысына бұл жолы да видеобайланыс арқылы қатысты. Сот залында оның қорғаушысы Нұрлан Бейсекеев, прокуратура өкілдері және Қазақстанның әр аймағынан қоғам белсенділері, журналистер мен блогерлер болды. Үкім заңды күшіне енбейінше ол түрмеден шығарылмайды.


Текст: Дамина Мукитанова

Аударған: Ақерке Ораз

ФОТО: мұқаба — informburo.kz, 1 — azattyq.org, 2 — azattyq.org, 3 — azattyq.org, 4 — azattyq.org