Төлен Әбдіктің шығармалары тұлғасы бөлек кейіпкерлермен ерекше. Қарапайым тілде жазылғандықтан әңгімелерін оқу оңай, ал өзіндік ой түйіп, түсіну қиын. Жазушының философиялық толғаныстарға толы бес туындысын назарыңызға ұсынамыз.

«Тозақ оттары жымыңдайды»

Араку тайпасы туралы естімеген шығарсыз. Себебі бұл тайпа атауын автордың өзі ойлап тапқан. Повесте араку тайпасының тағдыры мен осы тайпадан шыққан Эдуард Бейкердің өмір жолы өзара ұштаса баяндалады. Өлгенді тірілтіп, медицинада талай феномен жасаған дәрігердің өмірі алғашында оқырманға сүйсінерлектей көрінеді. Кейін ғана оның қайғы-қасірет атаулыны алты жасында басынан өткеріп тастағаны мәлім болады. Бір өкініштісі, зұлымдық қасіретін тек Эдуард қана емес, тұтас бір тайпа шеккен.

Шығармадан үзінді:

«Біз жұмсақ диванда жатып, қосыла алмаған екі жас туралы романдар оқып немесе фильмдер көріп, көзімізге жас аламыз. Біз бір адамның тағдыры үшін жер жүзінің прессаларын шулатып, ұрандар ұстап, көшеге шығамыз, қылмыстының жазалануын талап етеміз. Өлім жазасына бұйырамыз. Ал тұтас бір нәсілдің, бірнеше халықтың құрып кетуін қай тілде суреттеп беруге болады?..»

«Оң қол»

«Оң қол» - Төлен Әбдіктің жиырма бес жасында жазған алғашқы әңгімелерінің бірі. Әңгіме психиатриялық ауруханаға түскен 17 жастағы Алма туралы. Сұлу бойжеткеннің сырқаты - жан түршігерліктей қорқынышты. Қыз қалың ұйқы құшағына кеткен шақта, оң қолы өзін қылқындырып өлтіруге әрекет жасайды. Дәрігерлер аурудан арылудың сан түрлі амалын жасағанмен, Алманың оң қолына бөгет бола алмайды. Ақырында Алманы емдеуші дәрігер қолын алып тастау керек деген шешімге келеді.

Шығармадан үзінді:

«Жер бетінде бүкіл тіршлілік атаулы жойылып, әлемде жалғыз қалған бір сәтіңді елестетіп көрші. Мұндайда өлім қорқынышты емес, керісінше тірлігің қорқынышты болмақ.»

«Парасат майданы»

Бұл шығармасы үшін Төлен Әбдік Франц Кафка атындағы Еуропалық алтын медаль иегері атанды. Повесть күнделік түрінде жазылған. Ауруханада жатқан күнделік иесі өзінің соңғы кездерде біртүрлі жағдайға душар болғанын, күнделікте жазылмаған күндерде не істегенін есіне түсіре алмай жүргенін айтады. Бір күні бейтаныс жаннан келген хат - басты кейіпкердің ішкі әлеміне тың өзгеріс әкеледі. Ойы мен түсінігі өзіңе кереғар беймәлім құрбысымен ол жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық секілді ұғымдар төңірегінде хат арқылы бір ай пікір таластырады. Оның кім екенін білгенше тағат таппайды. Дәрігер бұл сұрағына жауап бергенде, ол қатты шошығаннан есінен танып қалады.

Шығармадан үзінді:

«Рухани әлемде екi бағыт бар: бiрi - пенделiк мүдде, екiншiсi - биiк парасат пен iзгiлiк құдiретi. Пенделiк мүдде, негiзiнен, тобырға жақын, ал биiк парасат - сирек тұлғалардың еншiсi.»

«Ақиқат»

Бәріміздің бір кездері «Эх, шіркін өзгенің ойын оқи алсам ғой» деп қиял жетегіне берілгеніміз анық. Фантастикалық повестің бас кейіпкері Роберт сондай көріпкелдік қасиетке ие. Он жыл бойына полицейлер қылмыскерлерді ұстау үшін Роберттің көмегіне жүгініп, әбден титығын шығарады. Айналасындағылар оны әлемдегі ең бақытты жан санағанмен, өзі бұл қабілетін сорына балайды. Себебі ол өзіңе күліп қараған сырты бүтін адамның шын мәнінде іші түтін екенін бір мезетте біле алады.

Шығармадан үзінді:

«Тіпті қайдағы бір мағынасыз, жаңсақ мақсаттармен салынған әуре пирамидалар тарихта қалады, ал ең маңызды зат - осыны салған адамдардың ауыр азабы, көз жасы қалмайды.»

«Қайырсыз жұма»

Алты жыл бойы министр қызметін атқарып жүрген Әбен Ілиясович үшін әдеттегі қайырлы жұма енді қайырсыз болды. Жұмыста қателікке бой алдырмағанына қарамастан, жұма күні оны қызметінен түсіріп тастайды. Бұл тосын хабар жұмысқа жан-тәнімен берілген Әбенді әбден есеңгіретеді. «Қызметімнен басқа өмірде қандай қызық бар еді?» деп ойланғанда, сұрағына жауап таба алмайды.

Шығармадан үзінді:

«Біреуге күжірейіп, біреуге кішірейген заманда билік туы тігілген жер біздің көзіміз жететін жерде емес.»


Мәтін: Жансая Алиева