Дүниежүзілік банктің жыл сайынғы Doing Business 2018 баяндамасында Қазақстан 36-шы орында болса, ал 2019 жылы 28-орынға жайғасты. Халықаралық қаржы ұйымы әлемнің 190 елінде бизнестің қаншалықты реттелгенін және кәсіп бастау қаншалықты оңай екенін бағалайды.

Шын мәнінде, Қазақстанда кәсіпті жарты сағатта да, бір ай ішінде де тіркеуге болады. Бірақ бизнес бастау үшін идея бар, ал оған қаражат болмаса, не істеу керек? The Village Қазақстан сарапшылардың көмегімен қаржыландыру көзін таңдауда қандай факторларды ескеру керек екенін, елімізде краудфандинг дамыған ба және неге рэкеттен қорықпау керегін анықтады.


АИДА МЕЙІРМАН

Басқарушы директор, «SDBS» ЖШС-ның серіктесі

Біздің елде мемлекеттік қолдаудың түрлі бағдарламасы бар. Оның көбін біз редакциялауға болатын қаржыландыру бағдарламасының базасына енгіздік.

Бизнесті қаржыландырудың 10 дәстүрлі тәсілі бар:

 Жеке жинақ

 3F (Family, Friends, Fools) – отбасы, достар және ақымақтар

 Краудфандинг

 Бизнес-періштелер

 Мемлекеттік қолдау

 Несие (кепіл мүлкі болған кезде қолданылады)

 Лизинг (жабдық талап етілетін компаниялар үшін)

 Ипотека (кеңсені қажет ететін компаниялар үшін)

  Венчур қорлары

 IPO

Мемлекеттік бағдарламалар қолдамайтын екінші деңгейлі банктерден несие алатын кәсіпкерлерге қатаң талаптар қойылады. Ол үшін кәсіпкерлер жобасына жеке қаражатын құйып, кепіл болатын мүлкін ұсынуы тиіс. Менің ойымша, банктерден (мемлекеттік бағдарламаларды қосқанда) кредиттік ресурстарды беру туралы шешім мұқият әзірленген бизнес-жоспар, қаржы ағындарын басқару процестері және міндеттемелерді орындау мониторинг жүйесі болған жағдайда ғана қабылдануы тиіс.

Қазақстанда бизнес-періштелер мен инвесторлар сегменті дамып жатыр. Алайда қаржыландырудың бұл түрін жеңіл немесе тегін ақша ретінде қабылдау орынсыз. Инвесторларды қаржымен қызықтыру керек, өйткені олар үшін бұл — «депозиттердің баламасы», сондықтан кәсіпкерлерге олардың салымдарын көбейту міндеттеледі.

Кәсіпкерлер көбіне бизнес-періштелер және инвесторлармен жұмыс істеу барысында бұл саланың қыр-сырын үйренеді. Себебі кейде сенімсіз инвестор үлескер болып бекітіліп, артынша дәл сондай кәсіп бастау үшін қосымшалардың кодтарын ұялмай пайдаланатын жағдайлар болады.


Инвесторларды қаржымен қызықтыру керек, өйткені олар үшін бұл — «депозиттердің баламасы»

Сонымен қатар ЖАҢА БАСТАҒАН КӘСІПКЕРЛЕР БИЗНЕСІНІҢ ҚАНША ТҰРАТЫНЫН БІЛМЕГЕНДІКТЕН, ҮЛЕСТІ БОЛМАШЫ АҚШАҒА сататын сәттер кездеседі. Сондықтан келісімшарт жасамас бұрын бизнесіңізді мұқият талдап, оның құнын есептеп, кәсіпкерлермен жұмыс істейтін инвесторлардың беделін тексеру маңызды.

Қазақстан мен Ресейде краудфандинг мәдениеті енді пайда болып жатыр. Бұл кәсіпкерлердің арасында қаржыландырудың «сүйікті», алайда өте күрделі тәсілдерінің бірі. Жаңа бизнесті қолдайтын, үнемі бақылап отыратын адам аз. Олар үшін wow-эффект жасау, адамдарды тарту және әлеуметтік желілерді белсенді түрде пайдалану қажет.

«3F» қаржыландыру тәсілі оңай, бірақ қауіпті. Қаржыландырудың бұл әдісі жақын адамдармен жеке қарым-қатынасқа әсер етеді. КӘСІПКЕРЛЕР «АҚЫМАҚТАРДЫ» ІЗДЕП ТАПСА ДА бизнес-жобасы сәтсіздікке ұшыраған жағдайда, БЕДЕЛІНЕН АЙРЫЛУЫ мүмкін.

Мемлекеттік қолдау бағдарламаларында және несие алған кезде жоғары пайыздарға немесе тиімсіз талаптарға тап болу екіталай, бірақ кәсіпкерлер қаржы алу шарттарын мұқият зерделеу қажет. Көбіне бизнесмен банктің кәсіпті үнемі бақылауда ұстайтынын немесе жиі есеп беретінін ескермейді. Олар жобасының ұзақ бекітілуіне, түрлі құжат жинауға және олардың бизнес-моделінің тұрақтылығын мұқият бағалау процедураларына дайын болуы керек.

Жаңа бастаған кәсіпкерлерге кәсіби көмек және бағдарламаларға өтінім беру үшін дайындық қажет. Мен жаңа бизнестен не күтетініңізді анықтап алуға кеңес берер едім. Кәсіпкерлердің жоспары қаншалықты өршіл? Егер оларға ай сайынғы қажеттіліктерін өтеу жеткілікті болса, онда отбасына және достарынан қаржылай көмек сұрауға кеңес беремін. Ал егер идеяңыз бірден «көтерілетіндей» инновациялық болса, инвесторлардың көмегіне жүгінген жөн.


СЕРІК ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ

Бизнесмен

«Жартас-АТ» ЖШС-ның бас директоры

Екінші деңгейлі банктер кейде тәжірибелі кәсіпкерлерге де несие бермейді. Оларға жылжымайтын мүлік, жер телімі сияқты өтімді кепіл қажет. Бұл ретте несиені кейде заңды тұлғаға қарағанда жеке тұлғаға алу оңай.

Бәлкім бұл көптеген кәсіпкердің несиені алып, оны қайтармауының салдары шығар. Көбіне жаңа бастаған кәсіпкерлер «қазір мен бай боламын» деп ойлайды, содан кейін несиені қайтара алмай, банктен қашады, пәтерінен де айрылады. БИЗНЕС - ТӘУЕКЕЛ. Әдетте 100 жаңа бизнестің 90-95-і табыс әкелмейді. Басын жақсы бастап, әрі қарай дөңгелетіп әкете алмайтындар бар. Мұндай жағдай көп кездеседі.

Банк өте қатаң жүйені ұстанады. ӘЛІ ТАЗА ТАБЫСҚА ШЫҚПАСАҢ ДА, НЕСИЕНІ ҚАЙТАРУДЫ ТАЛАП ЕТЕ БАСТАЙДЫ. Кестеден қалып қойсаң, бірден айыппұл санкциясы қойылады. Банктер, «Даму» сынды қорлар — бизнеске енді келген кәсіпкерге арналмаған қаржыландыру көзі. Ондайларға бастапқы капитал қажет. «Даму» қорымен жұмыс істеуге мүлдем тырыспадым, бірақ ол жерде несие алу үшін кепіл керек деп естідім. Меніңше, банк пен қорларға үміт артудың қажеті жоқ.

Краудфандинг тәсіліне сену қиын, өйткені идея үнемі ұрланады. Менен кетіп, бизнесімді қайталаған біршама адам бар. Инвестор да идеяңды ұрлауы мүмкін: алдымен сені тыңдайды, қаржыландырудан бас тарып, кейін өзі жобаны іске асырады.

Мен бәрін басынан бастадым. Бизнесіме инвестиция құйылды деуге болады, себебі неміс фирмасы маған бес мың еуроға тауар несиесін берді. Олар менің бастамамның табысты болып-болмайтынын білмейтін, бөлген қаржыны жоғалтуы мүмкін еді. Оларға астанада серіктес қажет болғандықтан ғана маған сенім артты. Бірақ барлығы сәтті өтті. Әлі күнге дейін серіктеспіз.

Туыстар мен достарыңның жағдайы болса, олардан көмек сұраған жөн. Мысалы, тауардың бірінші партиясын кеденнен өткізу үшін мен жұбайымнан ақшалай көмек сұрадым.

ШАҒЫН НӘРСЕДЕН БАСТАП, ӨЗ КҮШ-ЖІГЕРІҢМЕН АҚША ТАБУ КЕРЕК. Бұл — көп салымды қажет етпейтін ең сенімді стратегия. Ал тапқан табысыңды бизнесті дамытуға жұмсасаң болады.


МИХАИЛ ПАУЛЬС

Бизнесмен

«United Energy Qazaqstan» бас директоры

Қаржыгерлердің арасында мынандай қызық сөз бар: «НЕСИЕНІ, ӘДЕТТЕ, АҚШАДА АСА ҚАЖЕТІ ЖОҚ АДАМ АЛАДЫ». Сіздің өтімділігіңіз бірізді болуы керек. Яғни, бір жағынан несие алып, кепілге мүлкіңізді қоясыз, ал екінші жағынан пайыз төлеу керек. Оны қалай төлейсіз?

Біреуден ақша алып, басыңызды тәуекелге тігесіз. Қарыз аларда оны қайтару керегін ұмытпаған жөн. Сол себепті, менің ойымша, краудфандинг - ең жеңіл, әрі жауапкершілігі аз тәсіл. Ешкімді ренжітпеу маңызды.

Тұтынушылық несиеде қаржы аз беріледі, демек бұл ақшаға жоба бастау тиімсіз. Банктерде бизнес-жоспарларға ешкім қарап отырмайды, олар үшін несиеге алған қаржыны дер кезінде қайтаруыңыз маңызды. Егер сіз «Дамумен» бірге жұмыс істесеңіз, онда бұл басқа мәселе. «Даму» қорымен жұмыс істеу, жобаңыздың тиімді екенін білдіреді. Кәсібіңіздің өңбей қалу ықтималдылығы азаяды. Бірақ сұранысыңызды өңдеуге көп уақыт кетеді әрі олардың бөлетін қаражаты шектеулі. Кәсіп жүргізу барысында бақылау көп, бірақ мұны кемшілік деп атауға болып-болмайтынын білмеймін.

Мемлекеттік қолдау бағдарламаларына жүгінуге болады. Олар көп болғанымен несие желісі бойынша шектеу бар. Ал инвесторларға, яғни ақшасы бар адамға ұтымды идеясы көп кәсіпкерді табу қиынға соқпайды. Барлығы сіздің БИЗНЕС-идеяңыздың қаншалықты қызық болуына, оның қаншалықты тиімді екеніне байланысты.

Сондықтан кәсіп бастау үшін жақсы идея тууы қажет, содан кейін оны біртіндеп дамыту керек. Біреу сіздің жобаңыздың болашағын көріп, қаржылай қолдауы мүмкін. Екі-үш ай қарқынды жұмыстың ішінде ісіңіздің қаншалықты табысты болатынын анықтау қиын емес. Кәсіп табысты болған жағдайда оны дамытуға ақырын кірісу керек. Осы кезеңге жеткенде ғана, банк, кредит және басқа да қаржы мәселелері туралы сөйлесуге болады. Әйтпесе, несиеге белшеңнен батып, жарты жылдың ішінде кәсібің тоқтап қалуы мүмкін.


ПАВЕЛ КОКТЫШЕВ

MOST бизнес-инкубаторының негізін қалаушыларының бірі

ИНВЕСТОРЛАР МЕН БИЗНЕС-ПЕРІШТЕЛЕР БІР-БІРІНЕ ҰҚСАС. Бизнес-періштелер деп әдетте сізге сенетін, кәсібіңізге қаржы салатын, ақшасы мен беделін тәуекелге тігетін адамды атайды. Олардың стратегиясы «жеңілісті» барынша азайту. Сондықтан олар тек сіздің жобаңызға ғана емес, басқаларына да қаржы салады және бір-бірден емес, топ болып жұмыс істейді. Мысалы, егер бизнес-періштенің 100 000 доллары болса, онда оларды 10 мыңнан бөліп, 10 түрлі жобаға беру әлдеқайда дұрыс деп табады. Себебі 10 жобаның тым болмаса біреуі табысты болатынына сенеді.

Біздің нарық шағын болғанымен, бизнес-періштелердің қауымдастығы, ірі венчур қорлары, мемлекеттік бағдарлама, қызметін жарияламайтын көптеген инвестор бар. Бұл адамдар өз қаржысын салғандықтан, оларға қосымша табыс табу маңызды. Қазір бизнес-періштелер, негізінен қаржы, білім беру технологияларына, ритейлге, жылжымайтын мүлікті басқаруға, процестерді оңтайландыруға қызығушылық танытып жатыр.

АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢДЕ БІР ЖОБАҒА ОРТАША ИНВЕСТИЦИЯ 20-ДАН 50 МЫҢ ДОЛЛАРҒА ДЕЙІН БОЛУЫ МҮМКІН. IT-саласына бұл жеткілікті болса, басқа сектордағы (мысалы, ауыл шаруашылығы) жобалар үшін бұл ақша аз.

Қаржы бизнес-модельді сынауға жұмсалады. Егер идея үшін ғана ақша аламын деп күтсеңіз, қателесесіз. Бүгінде тіпті мемлекеттік гранттарды қандай да бір прототипсіз немесе рәсімделген өнімсіз алу мүмкін емес. Яғни, сіз ақша аударуға мүмкіндік беретін мобильді қосымша жасауды ойға алдыңыз. Қосымша жайлы ойлап немесе оны жасау жеткіліксіз. Алдымен жобаны техникалық жағынан жүзеге асыру мүмкіндігі бар екенін және адамдардың оны пайдаланатынын дәлелдеуіңіз керек. Бұл сіз өз гипотезаңызды ішінара растайсыз, әрі қарай қосымшаны кеңінен танытасыз деген сөз.

Мұндай қаржыландырудың артықшылығы — жобаңыз көпжылдық тәжірибесі бар адамдардың сараптауынан өтеді. Тіпті егер сізге аз ақша берілсе де, олардан алған ақыл-кеңестің өзі баға жетпес байлықпен тең.

Бұл тәсілдің тағы бір артықшылығы жылдамдық. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржы алу бірнеше жылға созылуы мүмкін, ал бизнес-періштелермен келісімге келу тез.

Екінші жағынан бізде жаңа салаларда, оның ішінде IT саласында тәжірибесі бар ауқатты адам аз. Көбіне мұндай адамдардың мұнай өнеркәсібі, теміржол логистикасы сияқты басқа салаларда тәжірибесі жоқ. Бұл стартаптар үшін қолайсыз. Сондықтан match, яғни бір саладағы адамдар бір-бірін таба алатындай орта маңызды.


Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржы алу бірнеше жылға созылуы мүмкін, ал бизнес-періштелермен келісімге келу тез.

Ал РЭКЕТ деген — аңыз. Бізде бизнесті құруға көмектесетін бай адам жеткілікті. Олар болашағы бар жобаларды іздейді, себебі көбі ақшасының еселенгенін қалайды. Ескі тәсілдер жарамайды, мысалы пәтерді жалға беріп, көп қаражат таппайсыз.

БИЗНЕС ПЕРІШТЕНІҢ АҚШАСЫ - ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЕМЕС. Бүгінде адамдардың стартап пен бизнеске деген көзқарасы басқаша. Көбі оларды салымдарын кеңейту мүмкіндігі ретінде қарастырады. Бірақ негізсіз армандауға болмайды. Кейбір стартаптар жауапкершілікті инвесторларға артып қояды. Инвесторлар сіздің кәсібіңізге жауап бермеуі тиіс. Иә, олардың ақшасы бар, бірақ олар ақымақ емес.

Алдымен инвестор сізге АЙЫРБАСТАЛАТЫН ҚАРЫЗ деп аталатын, қаржы беруі мүмкін. Барлық ұсақ-түйек мәселелер шартқа қол қою барысында талқыланады. Екі түрлі нұсқа бар: қаржыны бірте-бірте қайтарасыз немесе кәсібіңіз дамып жатса, инвестор салған қаржыны үлеске айырбастайды. Осылайша бірте-бірте толық иеленушісі атанады. Нәтижесінде ол дивидендтерге құқылы болады.

Көп жағдайда тек бізде ғана емес, бүкіл әлемде де стартаптар ешкімге қажеті жоқ өнім жасайды. Көбіне олардың гипотезалары расталмайды, сөйтіп шығынға ұшырайды. Бұдан қашып құтылу мүмкін емес, себебі ақылды адамдар нарықта сұранысқа ие идеяға қаржы береді. Ұжымдық бизнес-модельді жасайтындар үшін алдымен тапсырыс алып, содан кейін шешімін табу оңайырақ. Бұл тұрғыда қарыз немесе инвестицияға қарағанда клиенттердің ақшасын пайдаланған дұрыс.

Қазақстанда сапалы өнім жоқ деген скепсис бар. Иә, бізде инновациялар мен миллиардтаған табысы бар отандық технологиялық компания жоқ. Алайда әлемнің үштен екісінің жағдайы дәл осындай. Шын мәнінде, бізде дарынды жас көп, отандық стартаптың саны жыл сайын өсіп, инвесторлар да артып келеді. Олар қай жерде қате кеткенін көрсетіп, ақпаратты бөлісіп, тәжірибесін айтып, бірлесіп жұмыс істеуге ашық болуы керек.


ӘЛИЯ БОЛТАЕВА

АҚ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» баспасөз хатшысы

Егер кәсіпкер қор бағдарламасын пайдаланғысы келсе, алдымен «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына» немесе кәсіпкерлерді қолдау мобильді орталығына жүгінуі қажет. Бұл жерде оған кеңес береді, бизнес-жоспарды тегін жасауға және құжаттар пакетін рәсімдеуге көмектеседі, сондай-ақ екінші деңгейдегі 2-3 банкке өтініш беруге жәрдемдеседі. Барлық талапқа сай болған жағдайда Қордың бағдарламалары бойынша қаржыландыруды екінші деңгейдегі банктер, лизингтік компаниялар немесе микроқаржы ұйымдары арқылы алуға болады.

Несие беріліп, бірақ кәсіпкердің кепіл қаражаты жеткіліксіз болса, Қор банкке, ЛК немесе МҚҰ-ға несие сомасының 85%-на дейінгі мөлшерде кепілдік береді. Сонымен қатар кәсіпкерлер субсидия түрінде қосымша қолдау ала алады. Бұл пайыздық мөлшерлеме көлемін 7-10%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Грант сомасы үш миллион теңгеден аспайды және ол шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде жас кәсіпкерлерге, әйелдерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға және 50 жастан асқан адамдарға өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. Алайда оның бірнеше міндеттемесі бар. Біріншіден, олар жаңа жұмыс орындарын құруы керек. Сондай-ақ кәсіпкер өз жобасына берілетін грант көлемінің 10%-нан кем түспейтін қаржы салуы тиіс.

Кәсіпкерлер грант қаражатын жылжымайтын мүлікті, жер учаскесін сатып алу немесе жалға алу үшін жұмсай алмайды. Бірақ бөлінген грантқа негізгі құрал мен материалды, технологияны, франшизаға құқықты, материалдық емес активтерді сатып алуға болады.


САЯН БАЙҒАЛИЕВ

«Сәби» қайырымдылық қорындағы «Өз кәсібіңді баста» байқауының ұйымдастыру комитетінің басшысы

Кәсіпкерлерге қандай да бір стандарт жолды көрсету қиын, өйткені әрбір жобаның өз тарихы, мақсаттары мен қажеттілігі бар. Ең бастысы — сапалы өнім жасау, қызмет көрсету және оның сұранысқа ие болуы деп айтар едім. Сол кезде ғана кәсіпкерде қаржыландыру бойынша қиындық тумауы керек. Бизнесмен жобаға қаражат табудың қай тәсілін таңдайтынын өзі шешкені жөн. Өйткені өз бизнесін дамыту және жобаға қаражат табу үшін Қазақстанда барлық мүмкіндік бар.

Бесінші жыл өткізіліп отырған «Өз кәсібіңді баста» байқауы — қаражат табудың бір жолы. Біздің мақсат — жастар арасында кәсіпкерлік рухты дамыту. Сондықтан байқау қатысушыларының жасына байланысты шектеу бар. Байқауға 35-ке толмаған кәсіпкерлер қатыса алады.

Біздің байқаудың ерекшелігі — өтеусіз гранттарында. Ұйымдастырушылардың ешқайсысы сіздің кәсібіңізде үлескер немесе тікелей инвестор бола алмайды. Екі талап орындалса ғана болғаны: қор алдында есеп беру және «Сәби» қорының қамқорлығындағы адамды жұмысқа орналастыру.

Жалпы жүлде қоры әдетте 220-250 мың АҚШ долларына жетеді. Көбіне бір гранттың мөлшері 20-дан 50 мың долларға дейін. Сәйкесінше, орта есеппен байқауда 8-9 жоба жеңуі мүмкін. Гранттар сомасын есептеу бизнес-жоспарларды және конкурстың шорт-листіне түскен жобалардың нақты қажеттілігін талдау негізінде жүргізіледі. Соңғы төрт жылда жалпы жүлде қоры 800 000 доллардан асып, соның арқасында 31 жоба қолдау тапты.

Грантты алғаннан кейін жобалардың 80%-ы белгілі бір жетістікке жетіп, бизнесті дамытады. Бірақ сәтсіз жобалар да бар. Бұл — жеңісі мен жеңілісі қатар жүретін шынайы бизнес. Егер грант ұтқан кәсіпкердің жұмысы тоқтап қалса, біз ештеңе істей алмаймыз. Стартап-жобаларды іске асыру қиынға соғады. Себебі стартаптың көбі даму үшін бар мүмкіндікті дұрыс пайдаланбайды. Сондықтан қазір грантқа үміткерлердің ішінде іске асып жүрген, дамуға қаржы қажет ететін жобалардың орны басым.


АЗИЗА ӨТЕГЕНОВА

StartTim краудфандинг платформасының жобалар директоры

Қазақстанда краудфандингті тренд деп айту қиын. Бірақ сұраныс бар. Қазір бізде қазақстандық стартаптарға көмектесетін екі платформа ғана жұмыс істейді. Салыстырмалы түрде қарасақ, Америкада осындай мыңдаған, ал Ресейде жүздеген платформа бар. Бізде краудфандинг әлі дамымаған, бірақ болашағы зор.

БИЗНЕС БАСТАУ ҮШІН ҚАРАЖАТ ЖИНАУДА БҰЛ ТӘСІЛДІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ КӨП. Біріншіден, ақша алу үшін мүлікті кепілге қою немесе банкке үлкен пайыздарды төлеудің қажеті жоқ. Екіншіден, инвесторлардың назарын аудару үшін мінсіз бизнес-жоспар жазу керек емес. Мұнда бәрі оңай. Сіз адамдарға өз идеяыңызды айтасыз, оларға жоспарыңыз ұнаса, сізге сенім артса, бір мезетте жобаңызға қаржы жинайсыз және потенциал тұтынушыны табасыз. Үшіншіден, жобаңызды краудфандинг платформаларында орналастыра отырып, өніміңізді тегін сынай аласыз. Егер идея қомақты қаржы жинаса, онда нарықта сіздің өніміңіз сұранысқа ие болады. Төртіншіден, қаржы және аудиторияны есептемегенде, краудфандинг алаңында промоушен есебінен жарнама жасайсыз.

Дегенмен, КРАУДФАНДИНГ бізде әлі танымал емес, оны дамытуға уақыт қажет. Ол үшін адамдар озық ойлы болып, технологияларға талдау жасап, сайтта тіркелу және картамен төлем жасау жолдарын білуі қажет. Бүгінде Қазақстан тұрғындарының басым бөлігі ақшаны қолма-қол бергенді жөн көреді. Оның үстіне, біздің адамдар ақшасын басқа біреуге бере салуға қиналады. Бірақ краудфандинг дамыса, бұл сенімсіздік жоғалады деп ойлаймын.

Жоба авторлары да өзгеруі керек. Олар қорықпай, өзінің жобасына назар аударта алуы тиіс. Промоушен жобаның жетістігінде маңызды рөл атқарады. Мәселен, бір жыл ішінде біз 23 стартап үшін 18 миллион теңге жинадық. Ал кейбір жоба талап етілгеннен де көп қаражат жинады, ештеңесіз кеткен жоба да аз емес.


АННА ТӘЖІМҰРАТОВА

EL-MIRADOR-дің бас директоры

Baribirge.kz-тің негізін қалаушысы

Краудфандинг алаңы өз кәсібін бастап, әлемді жақсартуға үлес қосып, маңызды өзгерістердің басында болғысы келетін адамға үлкен мүмкіндік береді. Олардың Қазақстанда пайда болуы біздің кәсіпкерлердің ел ішінде қолдау табуы үшін маңызды. Краудфандинг шағын бизнесті дамытуға, стартаптарды іске қосуға, түрлі жобаны іске асыруға көмектесіп, халықтың әлеуметтік белсенділігін арттырады деп ойлаймын.

Біздің алаңда бір жыл ішінде 34 жоба жұмысын бастады — олардың ішінде кітап, экология, қоғам және қайырымдылыққа қатысты жобалар ең табысты болды.

Краудфандингтің үлкен артықшылығы кәсіпкер банктен несие, туыстарынан қарыз алмайды. Жоба кезінде аудиторияңызды тауып, жаңа адамдармен танысып, жобаңызды сынап, алғашқы тапсырыстарды қабылдайсыз. Сондай-ақ, краудфандинг жобасы — сіздің өніміңізге назар және сенімді арттыратын тиімді маркетинг құралы.

Әдетте кәсіпкерлерді жобаны ілгерілетуге көп уақыт пен күш жұмсау керегі қорқытады. Нәтижеге жету үшін кәсіпкер маркетологтың, смм-нің, блогердің жұмысын атқарып, болашақта көмектесетін басқа да көптеген дағдыларды меңгеруіне тура келеді. ЖҰМСАЛҒАН КҮШ-ЖІГЕРДЕН БАСҚА ЕШҚАНДАЙ МАТЕРИАЛДЫҚ ҚАУІП ЖОҚ. Тіпті, қосымша комиссия төлемейді.

Бірақ біздің платформа авторының ақша берген пайдаланушылардың алдында жауапкершілігі бар. Себебі біздің жұмыс жүйесі сыйақылы краудфандингке негізделген. Сондықтан егер адам оферта шарттарына сәйкес, краудфандинг үшін сыйақы алмаса, мұны сот тәртібімен реттеуге құқылы. Мысалы, егер оның аты фильмнің титрінде болмаса немесе оған сахна сыртына, концертке билет берілмесе, ол заңды түрде мұны талап ете алады.


Аударған: Ақерке Ораз

мұқаба: rawpixel.com