Әлемнің ірі үш қаласы — Мәскеу, Дубай және Ыстамбұлға жалғыз саяхаттаған студент Диана Сейтханмен сұхбаттастық. Ол бізбен шетелде жүргенде қажет болатын лайфхактарын бөлісті.

Саяхаттауды 5-6 ай бұрын жоспарладым. Әуелі визасыз баруға болатын елдердің тізімін қарадым. Алғашында Үндістанға, Еуропа елдеріне барғым келді. Ол үшін виза керек. Сондықтан визасыз кіруге болатын, туристер жиі баратын, арзан әуе билетін табу мүмкіндігі бар, ең ірі мегаполистерді таңдадым. Бағытым Санкт-ПетербургМәскеуДубайЫстамбұлАлматы. Мен қазір Санкт-Петербургте магистратурада оқимын. Сондықтан саяхатым сол жақтан басталды. Студент болғасын қаржымды үнемдеп жұмсадым.

Мәтін

Мейірім Бақытжанова

Арзан билетті қалай алуға болады?

Санкт-Петербургтен жергілікті бюджеттік әуе компаниясымен Мәскеуге жеттім. Ал қазақстандықтар онда астанадан отандық лоукостермен 25 мың теңгеге бара алады. Қазақстандағы FlyArystan сияқты Еуропа елдеріне ұшатын Wizz Air, Түркияда Pegasus лоукостері, Ресейде «Победа» бюджеттік әуе компаниясы бар. 2-3 ай бұрын әрқайсысының ресми сайтына кіріп, билет іздедім. Ондағы бағаларды авиабилеттер сататын порталдағы бағамен салыстарғанда әжептәуір айырмашылық байқалды. Мысалы, әуе компаниясының ресми сайтындағы 30 мың теңгенің билеті Aviasales, Aviata сияқты сайттарда 40 мыңнан астам теңгеге тұрды. Билетті сәрсенбі, дүйсенбі күндері түнгі уақытта іздесең, арзан бағаға табуға болады. Сенбі, жексенбі күндері бағалар қымбаттайды.

Мәскеу-Дубай 34 мың теңге, Дубай-Рас-эль-Хайма эмираты 2 мың теңге (автобус), Рас-эль-Хайма-Ыстамбұл 32 мың теңге, Ыстамбұл-Алматы 42 мың теңге (ертерек алғанымда 30 мың теңгеге алуға болатын). Дубайдан Ыстамбұлға тіке рейс болды. Бірақ аз шығын кететін тағы бір эмиратты көргім келді, әрі Ыстамбұлға Рас-эль-Хаймадан арзандау билет табылды. Онда Дубайдан сағат 8.00-21.00 арасында автобустар жүріп жатыр. Сол жақтан Ыстамбұлға ұштым.

Мәскеу туралы

Дубайға Мәскеу арқылы ұштым. Сондықтан үш күн Ресейде болдым. Мәскеу жаңа жыл қарсаңында ерекше, ертегі әлеміндей безендіріледі. Онда барған әр адам Қызыл алаңды, Мәскеудің ең әдемі әрі ескі көшелерінің бірі — Никольск көшесін, Третьяков галереясын көруі керек. Онда төрт халықаралық әуежай бар. Сол себепті әлемнің кез келген жеріне арзан әуе билетін оңай табуға болады.

Екі ғасырдан астам тарихы бар М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне бардым. Онда әкем оқыған. Университет алдында суретке түсіп, оған жібердім. Әкем студент кезін есіне түсіріп, менің сол жерде жүргеніме қуанды. Оқу орнының сәулеті де ерекше екен.

Маған Санкт-Петербургке қарағанда Мәскеу қатты ұнады. Мүмкін, жаңа жыл кезіндегі атмосферасы ерекше әсер қалдырған шығар. Халқы да өте мәдениетті әрі қонақжай.

Мен тұрақтаған қонақүй Қызыл алаңның артында орналасқан. Тәулігіне 4 мың теңге төледім. Қонақүй өте таза, әрі қызметкерлері де қонақжай болып шықты. Турист екенімді біліп, көп көмектесті.

Дубайға барғанда нені ескеру керек?

Дубай — әлемдегі ең қауіпсіз қалалардың бірі. Сондықтан болар онда бірінші рет барсам да, «біреу мүлкімді ұрлап кетеді-ау, ақшамнан айырылып қаламын-ау», деген қорқыныш болмады.

Такси қызметі өте қымбат. Бірақ такси жүргізушілері бағасына лайық қызмет көрсетеді, бар жағдайыңды жасайды. Мен бір-ақ рет таксиге отырдым. 15 минуттық жерге 20 доллар сұрады. Бірақ мен жағдайымды айтып 10 долларға түсіртіп алдым. Қымбатқа ұрынып қалмау үшін ұшақтан түсе салып, әуежайда транспорт картасын іздеңіз. Метро эмираттың 80-90 %-інде жүріп жатыр. Транспорт картасының 3 түрі болады. Қызыл карта туристерге арналған, 90 күннен кейін жұмыс істемей қалады, бағасы 300 теңге көлемінде. Күміс карта 5 жылға дейін жарайды, бағасы 2500 теңге көлемінде. Оның 1900 теңгесі картаның ішінде қалады. Сондықтан бағасы 600 теңге деуге де болады. Ал алтын картаның бағасы мен мерзімі күміспен бірдей, басқалардан айырмашылығы - жол ақысында. Жол ақысы қанша жүргеніңмен өлшенеді. Қалада 2Gis қолданбасы бар.

Әуежайда барлық туриске сөмке, Дубайдың картасы және sim-карта таратылды. Sim-картаны тіркегеннен кейін, қаланың барлық жерінде тегін Wi-Fi ұстайды.

Бала кезімнен мәңгі жаз болатын елді көруді армандадым. Онда әлемдегі ең биік ғимарат Бурдж Халифаны көргім келді. Бізде қыс мезгілі болғанда, олардың ауа райы қандай болатыны қызықтырды. Мен барғанда Дубайдың ауа температурасы 25-30 градус жылы болды. Ал жазда 50 градусқа дейін ысиды екен. Сондықтан онда қыста барған жөн.

Халқы өте қонақжай, мейірімді. Мен жалғыз жүргендіктен болар, станциядан шатасып немесе іздеп жүрген мекенжайды таппай қалғанда жергілікті тұрғындар көмектерін аямады. Сосын кез келген жерде әйелдерді кезекте тұрғызбай, бірінші қабылдайды. Соған қатысты бір оқиға болды. Рас-эль-Хаймаға билет алмақшы болып, кассаға кезекке тұрдым. Алдымдағылардың көбі ер адамдар екен. Бәрі мені көре сала, жолдарын берді. Билет тек БАӘ валютасы дирхаммен сатылады екен. Ал менің қалтамда банк картасы мен доллар болды. «Жарайды», деп кейін бұрыла бергенімде, менен кейін тұрған араб жігіт билетімнің ақысын төлеп берді. Мен ризашылығымды білдіріп, валютаны ауыстырғасын, қайтаратынымды айттым. Бірақ ол «Біз мұсылманбыз. Қажет емес. Қарның аш па? Су ішесің бе?», деп сұрады. Маған деген құрметін сыйлап, суын алғаным бар. Сондықтан БАӘ-ге келетін туристерге аз дегенде 10 мың теңгедей ақшасын қолма-қол дирхамға ауыстырып алуға кеңес беремін. Қолма-қол дирхам көбіне транспортқа қажет болады. Бірақ мүмкін болса, не нәрсенің де ақысын банк картасымен төлеген тиімді, әсіресе оның mastercard болғаны жөн. Картаның артықшылығы: 1 дирхам 103 теңгеге тең болса, дәл солай есептейді. Ал валюта айырбастау пунктінде дирхамды одан да қымбатқа сатуы мүмкін.

Booking.com сайтынан бағасы арзан, қауіпсіз хостел таптым. Күніне 6 мың теңге болды. Дубайға бармастан 2-3 ай бұрын бронь жасап, ақысын төлеп қойдым. Ақысын төлемес бұрын, Booking-дегі сол хостел туралы жазылған пікірлерді мұқият оқып шықтым. Онда хостел иесінің байланыс нөмірі жазылған. Whatsapp арқылы да сөйлесуге болады. Ол хостелде тек әйел адамдар тұра алады.

Хостелде тамақ пісіруге мүмкіндік болды. Онда өсімдік майы, тұз бен шай тегін беріледі. Бірақ менің уақытым тығыз болғандықтан сырттан тамақтандым. Сауда орталықтарындағы баға өте қымбат. Бірақ бағасы ыңғайлы кафелерді тауып алуға болады. Кәдесый, базарлықтарды ескі Дубайдағы базардан алған тиімді.

Халқының 99%-і ағылшынша біледі. Тіл бойынша мәселе болмайды.

Уақыт болса, Абу-Даби эмиратына баруға кеңес беремін. Онда әлемдегі ең үлкен үшінші мешіт Шейх Зайд мешіті бар. Бұл эмират Дубайдан 1,5-2 сағаттай жерде орналасқан. Онда өзім барсам да болатын еді. Бірақ бұл эмиратқа «анаммен келемін» деген мақсат қойдым. Тағы да келуіме себеп болды.

Рас-эль-Хайма эмираты тыныштықта демалғысы келетіндер үшін таптырмайтын жер екен. Жағажайлары көп, таза, ең маңыздысы тыныш. Ал Дубай өте шулы. Рас-эль-Хаймадан түнгі төртте Ыстамбұлға ұштым.

Түркияға барғанда нені білген жөн?

Ыстамбұл — туристер жиі баратын, ескі, тарихи мегаполис.

Мұнда да транспорт картасын әуежайдан сатып алған тиімді. Такси қызметі қымбат. Ыстамбұлда қолма-қол ақша шығарып алу керек. Бірақ мен банк картасындағы ақшаны аз-аздан шығарып, лираға ауыстырып отырдым. Байқағаным, базарға жақын айырбастау пункттерінде комиссия арзан, тіпті мүлде комиссия ұстамайтын жерлер де бар.

Ыстамбұл көшелерінде Wi-Fi жоқ, тіпті әуежайдан да табылмады. Сондықтан Ыстамбұлға бармас бұрын City mapper және Maps me қолданбаларын телефоныңызға жүктеп алыңыз. City mapper керек жерге қалай жетуге болатынын, қандай көлік баратынын шығарса, Maps me қай жерде жүргеніңді көрсетеді. Бұл қолданбалар оффлайн да жұмыс істей береді. Ыстамбұлда 2Gis жоқ.

Booking-тен Сұлтан Ахмет мешітінің жанында орналасқан арзан қонақүй тауып алдым. Сайтта оның бағасы күніне 4500 теңгеден болды. Ал негізгі бағасы 2400 теңге екен. Сондықтан хостелден орынды сайт арқылы 1-2 күнге ғана брондағаныңыз жөн. Қалғанын хостелге жеткенде шешесіз.

Бұл қалада «бару керек» дейтін жер өте көп. Галата мұнарасына, музейлерге кіру билетін бір апта бұрын онлайн сатып алған тиімді. Әйтпесе, ғимарат алдында ұзақ кезек күтуге тура келеді.

Тамақ арзан болды. Tripadvisor сайтынан мейрамхана, кафелерімен танысып, басқа адамдардың қалдырған пікірін оқыдым. Маған кездескен кафелердің 80%-інде бірінші тамақ, шай мен пахлава тегін берілді. Екінші тамақты сатып алса, жеткілікті.

Туристердің көбі Гранд-базарға барады. Бұл базар өте қымбат. Сондықтан керек затыңызды Египет базарынан алуға кеңес беремін. Онда саудаласуға да болады.

Ыстамбұлға барған әр турист Сұлтан Ахмет мешітін, Топкапы музейін, Таксим көшесін және Долмабахче сарайын көруі керек.

Қонақүйде мен сияқты жалғыз саяхаттап жүрген, ресейлік қызбен таныстым. Екеуміз Ыстамбұлға 20 шақырым жердегі Ханзада аралына бардық. Теңіз арқылы пароммен 1,5 сағатта жетуге болады. Ол жер өте әдемі, тыныш әрі таза.

Халқының көп бөлігі тек түрікше сөйлейді, тіпті әуежайдағы кафе қызметшілері де ағылшынша түсінбеуі мүмкін. Сондықтан телефоныңызға оффлайн жұмыс істейтін аудармашы көшіріп алыңыз.

Түркия маған ерекше әсер қалдырды. Мен онда қайта барғым келеді.


Әлемнің үш ірі қаласына саяхаттап, 350 мың теңгедей қаражат жұмсадым. Ендігі жоспар — Үндістан мен Малайзияға бару.

Саяхаттағыңыз келсе, қазірден қаржы жинаңыз. Басқа елді көріп, мәдениетімен, халқымен танысу адамның ой-өресін кеңейтіп, дамытады.

Жалғыз саяхаттаудың жақсы жағы: өзіңнің әлсіз тұсыңды байқайсың, кімнен, неден қорқатыныңды біліп, кіммен қайлай сөйлесу керек екенін де түсінесің. Ал кемшілігі: жаңа нәрселерді көргесін, эмоцияңды, таңданысыңды бөлісетін адам болмайды. Мысалы, Бурдж халифаны көргенде алған әсерімді кімге бөлісерімді білмей, бірден Instagram-ның тікелей эфиріне кіргенім бар.