QazaqshaМен НУ-да оқыдым
«Нашар баға алып қалып, университеттен шығып кетпеу үшін бізде аман қалудың стратегиясы болды»
Назарбаев университеті 2010 жылы ашылды. Ол басқа жоғарғы оқу орындарынан толықтай халықаралық білім беру стандарттарына сай келуімен, студенттердің сапалы білім алуына барлық қажетті жағдайды жасауымен өзгешеленеді. Осы уақытқа дейін НУ-ды 3604 студент бітірді. Біз Назарбаев университетінің түлектерімен сөйлесіп, оның артықшылықтары мен кемшіліктері, шетелдік оқытушылары мен емтихандары туралы білдік.
Текст
Ғалым Байтимбетов
2015 жылғы түлек
AquaPoint-тің бас директоры
Мектепте жүргенде «Болашақ» бағдарламасы бойынша Америка немесе Англияда оқуды армандадым. Сондықтан 11-сыныпта бірнеше «Халықаралық білім» атты жәрмеңкеге қатысқанмын. Солардың бірінде алуан түрлі шетелдік университеттердің арасында Назарбаев университетіне (ары қарай – НУ) көзім түсті. Міне, сол кезде НУ жайлы алғаш білдім. Кеңесшісімен сөйлесіп, университет жайлы ақпарат жинақталған буклетті біраз қарағаннан кейін, басқа оқу орындарымен қатар, НУ-ға да құжаттарымды тапсырамын деп шештім.
Алматыдан Астанаға келіп, НУ-ды алғаш көргенде қызық әсерде болдым. Бір жағынан, алып та әсем ғимарат таңғалдырса, екінші жағынан, университеттің іргесін қаладан аулақ салып, тым шетте орналасуы қынжылтты.
Қазір Назарбаев университетіне түсудің жолдары көп деп естідім. Ал біз оқыған кезде барлық студент алдымен foundation бағдарламасына түсуі тиіс еді. Ол үшін IELTS пен SET (Subject Entrance Test) емтихандарын тапсыру керек болатын. Көптен бері шетелде оқуды мақсат еткендіктен менде IELTS-тың сертификаты бар еді. Сондықтан тек екінші емтиханды 2010 жылы 7 мамырда «Нархоз» университетінің ғимаратында тапсырдым. ҰБТ-ға дайындалып жүргендіктен, мектеп бағдарламасына негізделген емтихан айтарлықтай қиын болмады. Осылайша Foundation-ға қабылданып, кейін математика-физика бағытын таңдадым.
Алматыдан Астанаға келіп, НУ-ды алғаш көргенде қызық әсерде болдым. Бір жағынан, алып та әсем ғимарат таңғалдырса, екінші жағынан, университеттің іргесін қаладан аулақ салып, тым шетте орналасуы қынжылтты. Арасында достарымызбен «қаланың шеті» деп күлетінбіз. Жалпы қазіргі НУ мен сол кездегі НУ-дың айырмашылығы көп.
Маған бескүндік оқу кестесі ұнайтын. Оның үстіне сабаққа барып-бармайтыныңды ешкім қадағаламайды. Әркім өзі үшін жауап береді. Емтихан тапсырғанда сабақты жиі қалдырған студенттердің қиналатыны белгілі.
Емтихандарды бір аптаның ішінде тапсырған кездері де қиналатынбыз. Бір күнде 2-3 сағаттық екі емтиханды қатар тапсыруға тура келетін
Мен химиялық инженерия мамандығында оқыдым. Инженерияның 1-ші және 2-курсы қиынға соқты. Оқу бағдарламамыз соңына дейін жасақталып бітпегендіктен, сабақ кестеміз тұрақсыз еді: біресе сабақ аз, біресе тым көп. Дегенмен, алғашқы кездері сабақ кестеміз тығыз болды. 1-курстың алғашқы семестрінде 6-7 өте қиын сабақтың бір мезгілде қабаттасып өткені есімде. Емтихандарды бір аптаның ішінде тапсырған кездері де қиналатынбыз. Бір күнде 2-3 сағаттық екі емтиханды қатар тапсыруға тура келетін. Басында сәл ауыр болды, бірақ уақыт өте келе үйреніп кеттік. Кейін ойланып қарасам, емтихандарды 1 айға созғанша, қайта бір аптаның ішінде тапсырып, үйге кете беру әлдеқайда жақсы екен. Осыған байланысты Қазақстандағы университеттермен салыстырғанда біздің демалыс уақытымыз басқаша болды.
НУ-дың басты артықшылығы – қазақстандык университеттердің басым көпшілігі сақтап қалған кеңестік білім беру жүйесіне бағынбауы. Кейде басқа универде оқитын достарымнан «сабаққа міндетті түрде баруымыз керек, әйтпесе куратор ұрсады» деген әңгімені естіп, біртүрлі болатынмын. Менің ойымша, университетте студент жауапкершілікке үйренуі керек, ал ондай кеңестік заманнан қалған жүйенің адамды жауапсыз қылатыны анық.
Екінші артықшылығы – еліміздің түкпір-түкпірінен келген білімді де дарынды студенттердің өздері. Сабақта студенттердің арасында бәсекелестік болғанымен, ол шектен аспайтын. Аяқтан шалу деген мүлде кездеспейтін. Қайта біріміз тақырыпты дұрыс түсінбей қалсақ, екіншіміз оны түсіндіріп, көмектесуге әзір тұратынбыз. Тіпті осыған орай университет қабырғасында бір-бірімізге материалды түсіндіретін арнайы клуб болды.
Универде сабақтан тыс әртүрлі үйірмеге, қоғамдық істерге араласуымызға мүмкіндік болды. НУ-дың ең бірінші студенттері біз болғандықтан, көп жағдайда студенттік өміріміздің қызық өтуі өзімізге байланысты еді. Осы орайда біз клубтар ашып, сауық-кештер ұйымдастырдық. Мен университеттегі студенттік үкіметтің құрамына кіріп, ерекше мүмкіндіктерге ие болдым. Америка, Мәскеу, Қытайға барып, тіпті, өзге президенттермен кездескен сәттер де болды.
Менің ойымша, студенттің ойын-сауыққа артық уақыт таба білуі тайм менеджментті дұрыс игере алғанын білдереді. Иә, кейбіреулер үлгермегендіктен демалыста да сабақ оқыды. Жалпы, біз достарымызбен бәріне уақыт табатын едік. Мүмкіндігінше сенбі-жексенбі университетке жақын орналасқан «Керуенге» баратынбыз. Айналамызда ештеңе болмағандықтан, өзімізді ауылда тұратындай сезініп, «қалаға барамыз ба?» деп әзілдесетін едік.
Алғашқыда оқуға 500 студент қабылдансақ, соныңда университетті 360 шақты студент тәмамдадық. Яғни 4-5 жылда 140 студент шығып кетті. Олардың қатарында үлгерімі төмен болып шығарылғандар және өз еркімен кеткендер бар. Мәселен, бір танысым НУ-дан өз қалауымен кетті де, кәсіп ашып алды. Қазір ол – табысты кәсіпкер.
Мен университетті бітіре салып, Англияға магистратураға кетіп қалдым. НУ-да алған білімнің мықты болғаны соншалық, шетелде қиналмадым. Байқағанымдай, ондағы студенттердің білімі біздің студенттердің білімінен кем болмаса, асып түспейді.
НУ түлектерінің жартысы мен сияқты магистратура, доктарантурада оқуға дүние жүзін шарлап кетті. Магистратураны бір жыл оқып, аяқтағаннан кейін елге оралып, AquaPoint-ті аштым. Қазір бұл жоба бойынша жұмыс істеп жатырмын. Шыны керек, біреудің оқуды бітіргеннен кейін жұмыс таба алмай саңдалып жүргенін естімедім.
Нақ осы НУ-ды таңдағаныма өкінген бірде-бір сәтім болмады. Soft skills-ті, яғни шынайы өмірге керек қабілеттерді бойымызға дарытқаны үшін НУ-ға алғысым шексіз. Консерваторлық тәрбиеде өскен біздерді кішкене либерализмге жақындатқан сияқты болды.
Камилла Роллан
2016 жылғы түлек
School for all инклюзив білім беру орталығының негізін қалаушысы
2010 жылы «Болашақ» бойынша бакалаврды шетелде оқу мүмкіндігінің жабылуы басқа елде оқимын деген ойымды өзгертуге негізгі себеп болды. Сол кезде отбасым Астанада жаңадан ашылған НУ туралы оқыды. Жаңа университетте үздік шетелдік мұғалімдердің халықаралық оқу бағдарламасы бойынша сабақ беретінін білгеннен кейін, «мен бұл универге түсуім керек» деп, алдыма айқын мақсат қойдым.
Алғаш рет НУ-дың ғимаратын қабылдау емтиханын тапсыруға келгенде көрдім. Сол кезде ғимараттың үлкендігі, жарықтығы, пальмалар сүйсіндірді. Бір жағынан «түспей қалсам ше?» деген қорқыныш сезімі болды. Бойымды билеген үрейдің кесірінен әдемі ғимаратқа көп сүйсіне алмадым. Емтиханды тапсырып, тезірек кеткім келді.
Ал студент ретінде келгенде басқаша күй кештім. Менің ойымша, университеттің инфраструктурасының өзі студенттердің, оқытушылардың, қызметкерлердің көңіл-күйіне игі әсерін тигізетіндей етіп салынған: өте кең, жарық, әдемі, жасыл. Ең бірінші рет университет табалдырығын аттағаннан әлі күнге дейін НУ-ға кіргенде мен студенттердің қарқынды оқуына әсер ететін қамқорлықты, жақсы да жағымды эмоцияларды сезінемін.
НУ-дағы студенттік өмір жарқын, артықшылықтары көп. Біріншіден, НУ деген - жоғары стандарттарға негізделген және сабақ үлгерімі бойынша қатаң талаптар қоятын өте интенсивті оқу. Екіншіден, студенттік тәуелсіздік пен көшбасшылыққа айрықша көңіл бөлетін орта. Үшіншіден, адамдары үнемі бір-біріне көмек қолын созуға даяр тұратын жер. Негізінен университет үлкен болмағандықтан, НУ-да оқып жүріп, көп адамдарды танисың. Мәселен, мен универдегі студенттердің, қызмет атқаратындардың шамамен 90 пайызын білдім деп айта аламын. Сондықтан менің студенттік өмірім сабақ жағынан қарқынды, қоғамдық шараларға қатысудан белсенді өтті.
Екінші айырмашылық – адалдық пен ашықтық. Өкінішке қарай, тек Қазақстандағы ғана емес, Орта Азиядағы, посткеңестік елдердегі университеттердің қаншалықты жемқорлыққа бой ұрғаны баршаға мәлім. Дипломдар жай ғана басылып шығатын, экзамендер титтей де тер төгілмей, қалай болса солай тапсырылатын жағдайлар көп. Студент емтихан тапсыруға шоколадпен келіп, оқытушысымен сыпайы түрде әңгімелесіп өзінің фаворитизмі арқылы жоғары баға алып жатады. Ал біздің университет академиялық адалдық талаптарын өте қатты ұстанады. Кез келген плагиат үшін студентті бірден оқудан шығарып жібереді. Менің ойымша, осы адалдық – жемқорлықты болдырмаудың кепілі. Себебі жемқорлық ойлау тәсілінен бастау алады. Ал бізді кей кезде қатал әдістермен болса да адал болуға тәрбиеледі. Универде плагиаттың алдын алудың жолдарын үйретіп, өзіндік бірегей жұмысты жазуға бағыт беретін көптеген қызмет көрсету орталықтары бар.
Үшінші ерекшелік – ынтықмақтастық сезімі. Университеттің бір жерде орналасуы, студенттердің басым көпшілігінің кампуста тұруы олардың арасында жылы қарым-қатынастың орнауына жағдай жасайды. Бізде бірлесіп емтиханға дайындалу, нашар баға алып қалып, университеттен шығарып жібермес үшін аман қалу стратегиясы болды. «Өзім жақсы баға алсам болғаны» деген өзімшіл ойдан ада болып, дайындық кезінде бір-бірімізге тақырыптарды егжей-тегжейлі түсіндіріп, конспекттермен бөлісетінбіз
Бәлкім, бітірген түлек ретінде университеттің кемшіліктерін тізу дұрыс емес те шығар. Меніңше, НУ-дың кемшілігі – қаржыландырудағы қиындықтар. НУ-дың мемлекет тарапынан тұрақты түрде қаржыландырылатыны көпке аян. Қазақстандағы ешбір университетке дәл НУ-ға бөлінгендей ақша бөлінбейді. Біреулердің ойынша, қомақты қаражат толықтай ақталмаған да болуы мүмкін. Бірақ оқудың сапасына мән бере отырып мен қарама-қарсы нәрсе айта аламын: жұмсалған қаражат өзін ақтаған секілді. Қазіргі кезде қаржының жетіспеуі – университеттің осал тұсы. Осындай алып машинаның тоқтаусыз табысты жұмыс істеуі үшін үнемі ақша керек.
Университеттің бір жерде орналасуы, студенттердің басым көпшілігінің кампуста тұруы олардың арасында жылы қарым-қатынастың орнауына жағдай жасайды
Екінші кемшілігі – күнделікті шынайы өмірден тысқары қалушылық. Біз НУ-да ғылыми прогресттің, рационалды ойлаудың, либералдық идеялардың, плюрализмнің ошағы болған оазисте өмір сүргендейміз. Университет демократия, академиялық адалдық, жемқорлықпен күрес ұстанымының негізінде құрылған. Ал бұл өмірдегі шын жағдайды көрсетпей, қоғамнан алыстауыңа әкеледі. Менің ойымша, НУ-ды тәмәмдап, қарапайым тірлікке қайта оралғанда адам «мәдени шокты» басынан өткеретін секілді. Мысалы, керемет университеттен кейін мен сол жағалауға келіп, адамдардың неге өздерін соншалықты тәрбиесіз ұстайтындығын түсіне алмадым.
Оазистің болуы, бір жағынан артықшылығына да жатады. Жоғары моральдық құндылықтар үстемдік ететін ортада студенттер өздерінің әрекеттерін мінсіз шарттарға орайластыра алады. Менің пікірімше, егер сен жемқорлық, фаворитизм, неопатизмге (өз туысқандары мен таныстары арқылы табысқа қол жеткізу) сүйенген білім ордасында оқысаң, бір нәрсеге құлшынысыңның оянуы және әлемді жақсартуға ықыласынның болуы қиын. Себебі сенің бұған үмітің болмайды. Ал НУ-да бізде үлкен үміт, өзіміздің жобаларымызды іске асыруға қажет батылдық болды. НУ студенттерінің қоғам өмірін жақсартуға бағытталған жобалары – соның дәлелі.
НУ-да мен барлығын таптым. Ең бастысы өзімді, өзімнің кәсіби қызығушылықтарымды анықтай алдым. Соның нәтижесінде Астанада инклюзивті білім беретін қоғамдық бірлестік аштым. Одан бөлек UNICEF-та да қызмет атқарып та үлгердім. Қазір Кэмбридж университетінде инклюзивті білім бағдарламасы бойынша доктарантурада оқып, бұл тақырып төңірегінде зерттеу жұмысымен айналысып жатырмын. Өзімді жеке салада да таптым. Бұл орайда оқу мен кәсібімде ғана емес, барлық өмір саласында дұрыс жолға бағыттап отырған университеттегі тәлімгерлерімнің, менторларымның рөлі айрықша. Қазір қол жеткізген табыстарымның барлығы – НУ-дың арқасы. Әрине, бұған отбасымның да, өзімнің жеке қасиеттерімнің септігі бар. Бірақ мұның бәрі НУ-дағы ортасыз мүмкін болмайтын еді.
Университет демократия, академиялық адалдық, жемқорлықпен күрес ұстанымының негізінде құрылған. Ал бұл өмірдегі шын жағдайды көрсетпей, қоғамнан алыстауыңа әкеледі
Жеңісбек Тағай
2018 жылғы түлек
Джонс Хопкинс университетінің PhD-студенті
Университетке студенттің емтихандарды жақсы тапсыруы маңызды. Студенттің емтиханға қалай дайындалғаны оларды алаңдатпайды. Дәптердегі лекцияларға емес, әр студенттің ойына салған білімге көңіл бөледі
Мен Көкшетаудағы «Білім-инновация» лицейінде оқыдым. НУ жайлы бірінші рет 7-сыныпта оқып жүргенде 11-сынып түлектерінен естіп-білдім. Сол кезде «егер Қазақстанда оқитын болсам, НУ-ға тапсырамын» деп шештім. 2014 жылы мақсатым орындалып, аталған университеттің физика мамандығына оқуға түстім. Қабылдау емтихандарынан жоғары балл жинап, келесі кезең сұхбаттасудан сәтті өтуім бірден бакалавриатка қабылдануыма әсер етті.
Университеттің оқу үрдісі америкалық стандарттарға негізделген, сондықтан еліміздегі жоғары білім ордаларының оқу үрдісімен салыстырғанда мүлдем басқа. НУ-дың философиясы: білім саған керек болғандықтан, сабаққа өзің үшін барасың. Ешкім саған лекцияға қатысуды міндеттемейді. Ешкім сенен «алдыңғы аптада не өттік?» деп сабақ сұрамайды. Университетке студенттің емтихандарды жақсы тапсыруы маңызды. Студенттің емтиханға қалай дайындалғаны оларды алаңдатпайды. Дәптердегі лекцияларға емес, әр студенттің ойына салған білімге көңіл бөледі.
НУ-дағы студенттер сабақ кестесін өздеріне қолайлы етіп қоя алады. Бірақ менің мамандығымда небәрі 10 студент болғандықтан, бізде таңдау болмады. Себебі саусақпен санарлықтай студент үшін таңдамалы бірнеше сабақ жасау тиімсіз еді. Дегенмен, сабаққа он студенттің екі-үшеуі келгеніне қарамастан, профессор әрқашан сабағын түсіндіретін.
Негізінен, барлық сабақ 4-5-ке дейін бітеді. Бірақ студент таңертеңннен бастап 5-ке дейін университетте жүрмейді. Өзі таңдаған сабақ кестесіне орай күніне үш не екі сабаққа қатысады. Сондықтан НУ-лықтардың сабақтан тыс уақыты көп. Оны әркім қызығушылықтарына қарай әртүрлі өткізеді: дебат, драма және т.б. көптеген клубқа барады немесе оркестрде ойнайды. Мен үйірмеге де, клубқа да қатыспадым. Себебі менің әу бастан мақсатым оқуымды шетелде доктарантурада жалғастыру болғандықтан, сабақтан тыс профессормен зертеу жұмысын жасау керек болды. Сол үшін 2-курстан бастап оқытушыммен кішігірім ғылыми-зерттеулерді бастадық. Бос уақытымды соған арнайтынмын. 3-курс өзім үшін қиын уақыт болды. Себебі доктарантураға тапсыратын емтихандарға дайындалумен қатар күнделікті сабақты да оқуым қажет болды.
Қазақстанда бюрократия белең алғандықтан құрал-жабдықтарға тапсырыс беру үрдісі өте баяу жүреді
Физика бағдарламасында міндетті сабақтарда теория басым болады. Себебі тәжірибеге өтпестен бұрын алдымен теорияны оқу керек. Төрт жылда 15 шақты теориялық, 4-5 эксперименттік сабақ өттік. Теорияны түсіндіруде ешқандай шектеу жоқ. Ал экпериментте пайдаланатын қажетті құрал-жабдықтар қымбат тұрғандықтан тежеліп қалатынбыз. Біздің университетте ғана емес, басқа оқу орындарында да жағдай сондай. Оның үстіне Қазақстанда бюрократия белең алғандықтан құрал-жабдықтарға тапсырыс беру үрдісі өте баяу жүреді. Мысалы, кейбір профессорлар бір құралды тапсырыс беріп, оны 2-3 жыл күтіп, ала алмаған жағдайлар да кездесетін. Бұл дамуды біраз тоқтатып тұр.
Қазір мен физика мамандығында Америкадағы Джонс Хопкинс университетінде доктарантурада оқып жатырмын. НУ-да алған білім доктарантурада қиналмай оқуға жеткілікті. Бірақ тәжірибе жағынан басында оңай болмады. Өйткені НУ-да қажетті құралдардың жоқтығынан жасауға мүмкіндік болмаған эксперименттерді бұл жерде алғаш рет орындау оңайға соқпады. Көп нәрсені жаңадан үйренуге тура келді. Бірақ уақыт өте келе бәрін игеріп алдым.
Оқытушылар студенттерді зерттеу жұмыстармен айналысуға белсенді түрде шақырып, ғылымға ынтасын оятуға тырысады
НУ-дағы мұғалімдердің басты ерекшелішігі – олардың әрқашан көмекке дайын болуында. Өзің талпынып, оқытушылардан бірдеңе сұрайтын болсаң, олар ешқашан «жоқ, менің уақытым тапшы» деп бетіңді қайтармайды. Қандай да бір сауалдарың болса, сабақта немесе office hours деп аталатын уақытында барып сұрауға болады. Оқытушылар студенттерді зерттеу жұмыстармен айналысуға белсенді түрде шақырып, ғылымға ынтасын оятуға тырысады. Себебі НУ-дағы ұстаздардың қызметі тек сабақ берумен шектелмейді, сонымен қатар олар өздерінің ғылыми жұмыстарымен айналысады. Жылына бірнеше рет ғылыми журналдарда мақалалары жарық көруі керек. Осыған байланысты олар ғылымға ерекше құлшынысы бар студенттермен бірлесе зерттеу жүргізуге әзір.
НУ-ға апарар жол ұзақ, адамнан қажырлы еңбекті талап етеді. Универге түсуге дайындықты 6-7 сыныптан бастау керек. Осындай ауыр жолды еңсерген НУ-лықтар мақсатына берік, шымыр болып келеді. Әрине, барлық студентті олай сипаттай алмаймын. Сабағына салғырт қарайтындар жоқ емес.
НУ-да жоғары баға алу өте қиын. Барлық сабақты беске жабу мүмкіндігі аз. Бірақ өзінің саласын жетік білетін өзге студенттерден әрдайым пайдалы ақпарат алып, керек кезде ақыл-кеңес сұрауға болады. Сонысымен университет атмосфрерасы ерекше.
Обложка: wikimedia
Комментарии
Подписаться