QazaqshaШугаринг шеберінің күнкөрісі қандай?
«Аптасына алты күн, таңнан кешке дейін талмастан жұмыс істесең, айлықты миллионға жеткізуге мүмкіндік бар»
Аударма 2018 жылдың 14 қыркүйегінде шыққан материал бойынша жасалды
The Village еліміздегі әртүрлі мамандық өкілдерінің жеке бюджетін анықтауды жалғастырады. Ауруханадағы медициналық қызметкердің бір айлық жалақысын бір күнде табатын шугаринг шебері әрі медициналық университеттің түлегімен сөйлестік.
МАМАНДЫҚ
Шугаринг шебері
Ең жоғарғы кіріс
400 000 тенге
Шығындар
60 000 теңге
азық-түлік
50 000 теңге
ойын-сауық
40 000 теңге
жанармай
50 000 теңге
киім
100 000 теңге
материалдар
100 000 теңге
білім
Шугаринг шебері болу үшін не істеу керек?
22 жасымда медициналық университетте оқып жүрдім. Жұмыс істей алмадым. Дипломсыз ешкім жұмысқа қабылдамайтын. Ата-анамның мойнында отырудан ұялдым. Сондықтан университетті бітіргенше өз-өзімді асырау үшін ақша табамын деп шештім. Ол кезде 38 мыңдық стипендиям болатын, оның 30 мыңын депиляция шеберінің курсына төледім. Ол мені екі күнде үйретіп, сертификат берді. Кейін құрбыларым мен әпке-сіңлілеріме шугаринг жасап, басқа адамдармен жұмыс істеуге біліктілігімнің жетіспейтінін түсіндім.
Ағамнан қарызға ақша сұрап, 100 мыңға Астанадағы шугаринг майталманының біркүндік курсына қатыстым. Үйренуге кеткен ақшаның бәрін бір айда қайтарып алдым, себебі депиляция жасауда техникам өзгеріп, көбірек ақша ала бастадым. Жұмыс істеп жүріп, үнемі квалификациямды жақсартып, тәжірибемді арттыруды мақсат еткенмін. Шугарингпен айналысып жүргеніме 2,5 жыл болды. Қазір жүкті әйелдермен жұмыс істеу үшін жеке әдістерімді ойлап таптым.
Мамандықтың ерекшеліктері
Шугаринг — бөтен адамның жалаңаш денесімен жұмыс. Бұл — жиіркеншектерге арналмаған кәсіп. Себебі бөгде адамның интимді жерлерімен жұмыс істеуге тура келеді. Әйелдердің бәрі таза әрі ұқыпты емес. Кейбір клиенттер сырттай жып-жинақы көрінгенімен үстінен жағымсыз иіс шығады. Бірнеше күн шомылмаған сияқты жүретін әйелдер болады. Бірақ олар қандай болса да еш наразылықсыз жұмыс істеуге тура келеді. Қызмет көрсету саласы болғандықтан ондай жағдайлардың болатынына көнесің.
Депиляция шебері, ең біріншіден, психолог болуы керек. Егер клиент алдыңда физикалық түрде шешінсе, іштей де жан-дүниесін ашқандай болады. Бұл кезде сенім деңгейінің өсетіні соншалық, клиент толғандырған ойының бәрін айтып салады. Енесімен, күйеуімен келіспеушіліктері, жұмыстағы сәтсіздіктері, арам достары туралы проблемарын жиі естимін. Әңгімелесіп отырып, жылап жіберетін әйелдер болды. Кетерде мені құшақтап, көңіл бөліп, тыңдағаныма алғыс айтатын. Олар күніне он шақты өздері сияқты клиенттердің келетінін ұмытып кетеді. Ал айтылған негатив әңгіменің бәрі менің ішімде жиналып, кешке қарай ешкіммен сөйлесуге зауқым болмай қалады.
Клиенттер
Маған Түркия, Астана, Жаркент, Қаскелең, Шелек пен Талғардан клиенттер келеді. Бүкіл жұмыс тәжірибемде бірнеше мың әйел алдымнан өтті. Қазір үш жүзден астам тұрақты клиентім бар.
Әрине, олардың арасында біртүрлілері де болды. Бір қызық клиентім есіме түсіп отыр. Бірінші аймақты жұла бастаған кезде ол «енді шугаринг жасамаймын» деп, кушетканың ар жағына еңбектеп кетті. Сөйтсем, ол 40 жылдық өмірінде бірінші рет депиляцияға келген екен. Ал басқа бір күні маған денесі шымыр әрі сіңірлі фитнес жаттықтырушысы келді. Бұлшық еттерінің кернеуінен әрі тұрақты түрде жаттығатындықтан аяқтарын қозғай алмадым. Терлеп, тепшіп жүріп шугаринг жасағанмын.
Псориаз, экзема, варикоз сияқты белгілі бір тері аурулары бар қыздарға ерекше көңіл бөлемін. Клиенттің жеке картасын да жүргіземін. Келгендердің барлық процедураларының уақыты, бағасы, теріге қалай әскер еткенін, емнің болып-болмағанын жазып отырамын.
Шеберге қойылатын талаптар
Кез келген клиенттің сеніміне кіруіміз керек. Алған білімің мен жұмыста қолданатын техникаң да маңызды. Егер ісіңнің нәтижесіне сенімсіз болсаңыз, оны жасамаған артық. Адамның денсаулығымен және денесімен жұмыс істеп жатқаныңды ұмытпауың керек. Инфекция таратып не жұқтырып алмау үшін барлық медициналық талапты орындау маңызды. Жоғарғы сапалы материалдар мен құрал-жабдықтарды аларда ақшаны үнемдемеген жөн. Тері мен оның құрылысы туралы қандай да бір түсінігіңіз болуы керек.
Кемінде 3-6 ай сайын біліктілікті арттыру курстарына не мастер-класстарға қатысып тұру қажет. Себебі күн сайын нарықта жаңа косметологиялық тауар пайда болады. Бұл кезде техника емес, жаңа материалдарды игеру маңызды. Әрқайсысының құрылымы мен пайдаланудың жолдарын білген жөн ғой.
Жұмыстың артықшылықтары мен кемшіліктері
Минустардан бастайын. Үнемі тізе бүкпестен жұмыс істейсің. Бірнеше апта бұрын құрылған күнтізбеге тәуелді боп қаласың. Ұзақ жұмыстан соң арқа, иық, буындарың ауырады. Қанша жерден тамаша шебер болсаң да жұмыс істеген кезде ғана ақша табасың. Ауырсаң, шетелге қыдырып шықсаң, артық қаражатың болмайды. Бұл салада клиентті басқа біреуге жіберіп, пассив табыс көзін жасай алмайсың.
Артықшылықтары. Салонда не өз-өзіңе істей аласың. Бағаны тек материалдар мен жалға алған орынға байланысты емес, өз уақытыңа сай етіп қоясың. Егер шынымен де керемет шебер болсаң, клиенттер бағаға, орналасқан жеріңе қарамастан келеді.
Меніңше, бұл жұмыстың ең басты артықшылығы — жақсы табысқа қол жеткізуге болатындығында. Аптасына алты күн, таңнан кешке дейін талмастан жұмыс істесең, айлықты миллионға жеткізуге мүмкіндік бар. Бонус: өзіңнің де терің үнемі жылтырап жүреді.
Кірістер мен шығыстар
Мен күніне үш сағаттан, аптасына алты күн жұмыс істеймін. Кіріс мерзімге байланысты. Күні бойы жұмыс істеп, аптасына 200 мың алған кездерім де болды. Ал негізі орташа табысым — айына 400 мың.
Өзіме «жоқ» демеймін. Мейрамханада тамақтанғым келсе, міндетті түрде барамын. Бір жейдені ұнатып қалсам, аламын. Тұрмыста емеспін, балаларым жоқ. Сондықтан әзірге бар табысымды өзіме, білім алуыма, ойын-сауыққа жұмсаймын. Резидентурада дерматовенерологқа оқып жүрмін. Жұмысымның арқасында оқуымды төлеуге мүмкіндік бар. Ал бұл дегеніміз жылына миллион теңге ғой.
Болашаққа жоспар
Алдағы уақытта өзімді шугаринг шебері ретінде көрмеймін. Әрине, бұл мамандықты менсінбеуім емес, қолымнан одан да зор істердің келетініне сенемін. Қазір дерматовенеролог әрі косметолог дәрігері мамандығын игеріп жүрмін. Егер осы екі саланы біріктірсем, клиенттерімді жоғалтпайтыныма сенімдімін.
Қазір өзімнің медициналық блогымды жүргіземін. Мен, біріншіден, дәрігермін, ал депиляция — жай ғана табыс көзі. Бірақ бұл жұмысқа деген алғысым шексіз. Себебі жұмыс жолымда біраз жақсы жандармен таныстым. Шугаринг маған дәрігерлерге қарағанда көбірек ақша табуыма мүмкіндік берді. Кейде, тіпті, аурухана қызметкерлерінің бір айлық жалақысын бір күнде табатын кездерім болды. Ондай шақтарда бүкіл медицина қызметкерлеріне жаным ашитын.
Иллюстрациялар: Айгерим Саттар
Текст: Асем Ермухамедова
Комментарии
Подписаться