42 Silicon Valley Сан-Францискода орналасқан бағдарламалау бойынша əлемнің ең инновациялық мектептерінің бірі. Университетке бармай-ақ мықты ІТ-маман болғыңыз келсе, 42 Silicon Valley мектебі таптырмас жер. Тіпті, код жазуды білмесеңіз де Силикон алқабында тұрып, тегін білім алуға мүмкіндік бар. Біз бұл мектепте оқып жүрген Лəззат Жаншаевадан 42 Silicon Valley-ге түсу жолдарын, визаның қай түрін алу керегін әрі қандай қиындықтарға дайын болған жөн екенін білдік.

Бүгінде 42 Silicon Valleу сияқты білім орталықтары əлемнің көптеген елінде ашылған: Франция (Ecolе 42), Оңтүстік Африка (Йоханнесбург), Румыния, Молдова, Украина (Unit Factory), Ресей (Школа 21). Мұндай оқу орны Қазақстанда да бар. Астанада орналасқан инновациялық мектеп аlem school деп аталады.

Мәтін

Қания Табыс

42 Silicon Valley-ге қалай түскені жайында

Мен Атыраудың тумасымын. Алматыдағы физика-математика мектебін бітірген соң Назарбаев университетінде «механикалық инженерия» мамандығы бойынша білім алдым. Университетте оқып жүрген кезден бастап əрдайым бағдарламалауға қызығатынмын. Бірақ ден қойып, арнайы үйренуге уақытым болмады. Ал мамандығым бойынша механикалық дизайн инженері болып жұмыс істеген кезде бұл саланың өзіме онша ұнамайтынын байқадым.

Мен робототехникаға қатты қызықтым. Ол үшін механикалық инженерия мен бағдарламалауды жақсы білуің керек. Өзіме ұнайтын салада жұмыс істеу үшін код жазуды үйренемін деген нақты шешім қабылдадым. Бұл бағыттағы курстарды іздестіріп, 42 Silicon Valley мектебін таптым. Сайтына кіріп, ақпаратымен таныстым, емтихандарынан өттім. Осылайша былтыр наурызда Америкаға келіп, оқуды бастадым. Қазір мұнда білім алып жүргеніме 10 айдай уақыт болды.


Мектеп құрушыларының ойынша, студент өзіне қажет ақпараттың барлығын интернеттен немесе өзге студенттерден сұрап біле алады


Силикон алқабындағы мектептің ерекшелігі

42 school-дың басты артықшылығы – сабақ түсіндіретін ешқандай профессор я мұғалім жоқ. Сондықтан студенттерді оқытушылар қадағаламайды. Орындаған тапсырманы бірінші кезекте басқа студенттер тексереді, содан кейін ол компьютерлік бағдарламамен талданады. Мұнда арнайы оқулық та жоқ. Оның орнына қысқа-қысқа видео-дəрістер бар.

Мектеп құрушыларының ойынша, студент өзіне қажет ақпараттың барлығын интернеттен немесе өзге студенттерден сұрап біле алады. Мұнда əр адамға жеке компьютер беріледі. Бағдарламалаудың салалары өте көп қой. Студент ұнаған саланы өзі таңдайды. Оқу тегін. Себебі мектептің негізін қалаушы Ксавье Ньель адамдардың материалдық жағдайының əртүрлілігіне қарамастан жұрттың бəріне қолжетімді əрі бір деңгейде оқытатын мектеп болғанын қалаған.

42 school қалай оқытады?

Студенттер peer-to-peer əдісімен білім алады. Бұл методика бойынша олар жиған-тергенін бір-біріне үйретеді. Егер сіз бір бағдарламаны өзіңіз меңгерсеңіз, оны басқаларға түсіндіресіз əрі өзгелерден білмейтін нəрсені үйренесіз. Түсінбей жүрген мәселе болса, достарыңнан немесе басқа студенттерден сұрай аласың. Тіпті, қасыңда отырған бейтаныс адамнан кеңес алуға болады. Ешкім ешқашан «жоқ» деп айтпайды. Қолынан келгенінше түсіндіріп, көмектесіп жібереді. Үй тапсырмасы жоқ, ешкім конспект жазбайды. Ал ең үздік студенттерді іріктеп алу үшін мектеп төрт апталық Piscine өткізеді.

Оқытудың алғашқы бір айы Bootcamp немесе Piscine деп аталады, бұл – нағыз сынақ мерзімі. Студенттерге күн сайын əртүрлі тапсырма беріледі, ал сен оны келесі күнге дейін, яғни кешке орындап өткізу керексің. Тапсырмалардың күрделілігі келесі кезеңге өткен сайын артып отырады. Бұл кезде демалысты ұмытасың, өйткені сенбі жəне жексенбіде командалық жобалармен жұмыс жасауың керек, ал оқу күні 8:42-ден 23:42-ге дейін созылады.

Əр аптаның соңында емтихан болады. Егер ол емтихандардан жақсы өтсең, Bootcamp-тан кейін негізгі оқу жүйесіне қабылданасың. Мектеп тəулік бойы жұмыс істейді, сондықтан түнгі 4-те сабақ оқып отыратындар көп. Шын мəнінде, бұл қиын көрінгенімен аса күрделі емес.

Мен Bootcamp-тан аса қиналмадым. Төрт апта бойы таңертеңнен кешке дейін аудиторияда отырып, берілген тапсырмаларды жасасаң, одан өту жеңіл деп ойлаймын. Менің айналамда гуманитарлық мамандықты игергендер көп. Біреу жай ғана ағылшын тілін оқыған, ал кейбіреуі – əдебиетші. Олар осы мектепке келіп, бір ай бойы тырысып, еңбектенуінің арқасында бәрі дерлік Bootcamp-тан сәтті өтті. Мектепке түсу үшін талпынды. Сондықтан табандылық танытқан адам оқуға түсе алады деп есептеймін.


Төрт апта бойы таңертеңнен кешке дейін аудиторияда отырып, берілген тапсырмаларды жасасаң, одан өту жеңіл деп ойлаймын

42 Silicon Valley-ге қалай түсуге болады?

Мектепке түсу үшін, ең алдымен, сайтын қарау керек. Бізде жылына 4-5 рет студенттер қабылданады, сондықтан қай айда, нешесі күні іріктеу болатынын алдын-ала біліп алған жөн. Одан кейін іріктеу болатын күнге тіркелу қажет. Бұрын тіркелгегеннен кейін тапсырма беріліп, тапсырманы шешкен адамдарды ғана Bootcamp–қа алатын. Қазір тапсырманы алып тастады. Тіркелгеннен кейін бірден Bootcamp басталатын кезде келіп, оқуға болады. Мектеп ақысыз жатақханамен қамтамасыз етеді. Дегенмен, оның студенттік виза бермейтінін атап өткен жөн. Бірақ оқуға қабылдар кезде виза талап етпейді, жай ғана тек сіздің елде заңды орналасқаныңызды ғана сұрайды.

Виза туралы

Силикон алқабындағы 42 school виза бермейді. Ал Париждегі Ecole 42 студенттік визамен қамтамасыз етеді. Негізі виза алудың түрлі жолы бар. 42 school-да бірнеше қазақстандық студент оқиды. Олардың бірі грин карта ұтып алған, ал кейбірі студенттік визамен келген. Мысалы мен сондай студенттік визамен оқып жүрмін. Америкада ағылшын тілі курсына жазылып, əрі тіл мектебінде, əрі осы бағдарламалауда қатар оқитын студенттер бар. Одан басқа мектеп жанында community collegе деген бағасы қолжетімді колледждер орналасқан. Оларға тіркелсеңіз, студент визасы беріледі. Бұл виза арқылы колледж бен 42 school-да қатар оқуға болады.


Егер студент алдына мақсат қойып, соған жету үшін өзін тəртіпке бағындырса, ол басқа біреудің көмегінсіз-ақ діттеген жеріне жете алады


Қайсы тиімді: 42 school vs университет

Оны бірден айта алмайсың. Менің ойымша, түрлі факторларды ескеру керек. Алдымен адамның тəртібі үлкен роль атқарады. Егер студент алдына мақсат қойып, соған жету үшін өзін тəртіпке бағындырса, ол басқа біреудің көмегінсіз-ақ діттеген жеріне жете алады. Ондай адамдар үшін Силикон алқабындағы мектепте оқу – өте жақсы шешім.

Ал үнемі қолдау көрсетіп, бағыт беретін професорлардың қадағалауымен білім алғанды жөн көретін адамдарға 42 Silicon Valley-да оқу қиынға соғады. Қатаң ережелерсіз тəртіпті ұстау ауыр болса, университетте білім алған жөн болар. Ал маған 42 school өте қолайлы. Дипломым бар, сондықтан қайтадан университетке түсудің қажеттілігін көрмедім.


Бұл мектепті бітіргеннен кейін қай ІТ-саланы таңдасаң, сол саладан инженер болып шығасың


Силикон алқабындағы мектеп диплом бере ме?

Мұнда диплом емес, сертификат беріледі. Жалпы 21 деңгей бар. 42 school-да соңғы деңгейге жеткен тек бір ғана адам бар. Ал басқалары жұмысқа орналаса алатындай деңгейге келгенде оқуды тоқтатып, сертификатын алып, жұмыс істеп кетеді. Бұл мектепті бітіргеннен кейін қай ІТ-саланы таңдасаң, сол саладан инженер болып шығасың.

Мен әлі жарты жылдай оқу керекпін деп ойлаймын. Бакалаврда инженерия бойынша білім алғандықтан басқа студенттерге қарағанда аса қиналмаймын. Сондықтан маған осында 1,5 жылдық оқу жеткілікті.

Жоспарлары жайында

42 school-ды бітіргеннен кейін робототехника саласында жұмыс істегім келеді. Қазақстанға қайту ойымда бар. Дегенмен, алдымен Силикон алқабындағы бір компанияда тəжірибемді арттырсам ба деймін. Қазақстанға жай қызметкер ретінде емес, елге жаңа нәрсе ұсына алатын робототехника саласындағы тəжірибелі маман болып оралғым келеді. Әзірге ол үшін мұнда біліктілігім мен білімімді арттырып, бағдарламалауды жақсылап меңгеруім қажет.


Фото кейіпкердің жеке архивінен