QazaqshaОралда өмір сүру қанша тұрады?
Алтын шіркеу, City Center, Киров паркі
Орал – Батыс Қазақстан облысының орталығы. 1613 жылы шағын әскери бекініс ретінде негізі қаланып, 1775 жылы II Екатеринаның жарлығымен «Орал қаласы» деген атқа ие болады. Оралдың қала ретінде бой түзеуіне игі әсер еткен жағдай – 1968 жылғы әкімшілік-аумақтық реформалар.
2019 жылдың 1 қазанындағы статистикалық деректер бойынша қала халқының саны 313 мыңнан астам болған. Ресейдің бес облысымен шектесетіндіктен басқа қала тұрғындарында «Оралда орыстар көп» деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Алайда статистика комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, қала халқының 28%-ы ғана орыстар екен.
Табыс мөлшері
Ең төмен: 30-40 мың
Орташа: 90-130 мың
Ең жоғары: 200 мыңнан жоғары
Тұрғындардың орташа кірісі
Статистикалық мәліметтер бойынша, 2019 жылдың қазанында Батыс Қазақстанда экономикалық қызмет түрлері бойынша бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 191 348 теңге болды. Себебі онда кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу жұмыстарымен айналысатын қызметкерлердің орташа жалақысы – 1 299 807 теңге.
Бірақ қаланың қарапайым тұрғындарының басым көпшілігі мемлекеттік қызметкер болуға ұмтылады немесе жеке кәсіппен айналысады. Техникалық білім алған жастар шет тілін меңгеріп, мұнай өндірісімен айналысатын компанияларда вахтамен жұмыс істеуді мақсат етеді.
Қалалық орта
Орал Жайық пен Шаған өзендерінің жағасында орналасқан. Климаттық жағдайы тұрақты. 2013 жылы Қазақстандағы ауасы ең таза қала деп анықталған Оралдың бүгінде жағдайы бәз-баяғыдай емес. Стационарлық бақылау желісінің 2019 жылдың желтоқсан айындағы деректері бойынша атмосфералық ауаның жалпы ластану деңгейі көтеріңкі.
Қалада біраз ірі кәсіпорын бар. Солардың ішінде XX ғасырдың 2-ширегінен бері қызметін үзбей атқарып келе жатқан Орал механикалық зауыты мен кеме шығарумен айналысатын «Зенит» зауытының экономикалық маңызы ерекше.
Сонымен қатар, Оралда консервілер өндірісімен айналысатын «Кублей» кәсіпорны бар. 1992 жылы құрылған кәсіпорын бүгінгі таңда 100-ден астам консерві түрін өндіреді: ет, балық, жеңсік ас, жеміс-көкөніс консервілері.
Көшеде келе жатып, құнды тарихи ескерткіш саналатын үйлерді жиі кездестіресіз. Себебі Орал – тарихи шаһар. Оның сәулет өнерінде батыстық леп байқалады. Мысалы, Оралдың ең танымал әрі көне мекемелерінің бірі – 1897-1907 жылдары салынған Құтқарушы Христос храмы. Ел арасында «Алтын шіркеу» деп аталатын бұл ғимарат Достық-Дружба даңғылының бойында тұр.
Соңғы жылдары Оралда тұрғын үй құрылысына ерекше көңіл бөлініп отыр. Әсіресе қаланың Зашаған кентінде және солтүстік-шығыс бөлігінде көппәтерлі тұрғын үйлер салынып жатыр.
Көлік
Автокөліктер санының айтарлықтай көп болмауына байланысты кептеліс болмайды. Жергілікті халықтың басым көпшілігі автобуспен қатынайды. Бірақ олардың аздығы байқалады. Әсіресе, таңертең әрі кешкісін көшеде қарбалас басталған кездерде автобусқа сыймай қалып, келесі көлікті тағы 15-20 минут күтіп тұру тұрақты жағдайға айналған. Бір қуантарлық жайт – автобустың келу уақытын анықтауға мүмкіндік беретін InfoBus Mobile мобильдік қосымшасы бар. Бүгінгі таңда аталған қосымшаны қалада 73 мың адам пайдаланады.
Жол ақысы ересектер үшін – 80 теңге, ал балаларға – 40 теңге. Таксидің қала бойынша бағасы – 500-1000 теңге шамасында. Мұнда Алматы, Шымкенттегідей таксиді жолай тоқтатпайды. Ең жиі пайдаланатын қолданбалары – InDriver, «Яндекс.Такси». Аэропортқа дейін такси құны – 1500-2000 теңге.
Баспана
Бір тәулікке пәтер жалдау құны 3 мың теңгеден басталып, пәтердің жағдайына байланысты арта береді. 2019 жылы krisha.kz аймақтардағы пәтерді ұзақ мерзімге жалға алу бағасын зерттей келе, Оралды жалға алу бағасы арзан топ-3 қаланың қатарына жатқызды. Бір бөлмелі баспананы ұзақ мерзімге жалдау айына орта есеппен – 60-80 мың теңге, екі бөлмелі - 80-100 мың теңге, ал үш бөлмелі 90 мың теңгеден басталады.
Басқа ірі шаһарлармен салыстырғанда, Оралда пәтерлердің бағасы аспандап тұрған жоқ. Кем дегенде 3 миллион теңгеге бір бөлмелі пәтерді сатып ала аласыз. Ал қаланың орталығындағы үш бөлмелі пәтердің құны 12 миллион теңгеден басталады.
Қала қонақтарының жиі таңдайтын қонақүйлерінің бірі – шахар архитектурасымен өзара үйлесімділікте салынған «Пушкин» қонақүйі. Онда бір күн қонақтау шамамен 28-40 мың теңге. Сонымен қатар бағасы әлдеқайда қолжетімді Tropicana Inn, «Виктория» қонақүйлері де бар.
Азық-түлік пен денсаулық
Қалада «Алтындар», «Лидер», «Анвар», «Вега» сияқты бірнеше супермаркет желісі бар. Гипермаркет екеу: «Алтындар» және «Дина». Қарапайым халықтың көпшілігі азық-түлікті арзан бағамен сатып алу үшін «Мирлан», «Алтын Алма» базарларына барады.
Үш адамнан тұратын отбасы азық-түлікке аптасына 15-20 мың теңге жұмсайды. Тек керекті заттар алса, бұл сома 10 мыңға дейін азаяды. Бір келі картоп – 100 теңге, бір келі пияз – 80 теңге, нан –100 теңге.
«На Высоте» және «Перчини Grill&Wine», «Паприколли», Navat мейрамханалары мен B.for KAFE дәмханасы – қала тұрғындары мен қонақтарының арасында кеңінен танымал. Аталған орындардағы орташа чек – 3000-5000 теңге. Қалада аз да болса, кофеханалар бар. Солардың бірі – дәмді кофесімен қоса айрықша атмосферасы бар Burbon. Мұндағы орташа чек – 800 теңге.
Жеке клиникада бір дәрігерге қаралу шамамен 5 мың теңге тұрады. Қосымша анализдерді есептегенде сомма 10-15 мыңға көтеріледі. Ал жергілікті поликлиникада дәрігерге алдын ала жазылу керек. Себебі үнемі кезекте адам көп болады. Кейбір мамандардың жетіспеушілігінен тегін емді күтуге бір-екі аптаңыз кетеді.
Ойын-сауық және мәдениет
Қала шағын болғандықтан сауда орталыктары саусақпен санарлықтай. Олар: City Center, Asia Mall, Oral, Alem plaza, «Атриум». Халықтың сауда жасауға ең жиі баратын жері – City Center. Себебі бұл ойын-сауық кешенінде кинотеатр, әртүрлі тамақтану орындары, балаларды ойнату залдары – бәрі бар. Cinema park-та билет құны ересектер үшін – 800 теңге, балаларға – 600 теңге. Кино билетінің бағасы жағынан Галактика кинотеатры арзанырақ және студенттерге жеңілдік қарастырылған.
Қалада тамырлы тарихымыздан сыр шертетін музей аз емес. Әсіресе, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі, Александр Пушкин музей-үйі, Емельян Пугачев музей-үйі, Мәншүк Мәметованың мемориалдық музейі көруге тұрарлық. Билет бағасы – 300-500 теңге.
Тұрғындардың мәдени тынығуына арналған Хадиша Бөкееваның атындағы қазақ драма театры, Александр Островский атындағы орыс драма театры бар. Билет бағасы 700 теңгеден басталады.
Оралдықтардың ерекше мақтанатын жері – Киров атындағы қалалық мәдениет және демалыс саябағы. Тұрғындар бұл жерді қаланың визит картасындай көреді. Жалпы көлемі 24 гектар жерді алып жатқан саябақта таң-тамаша қалдыратын аттракциондар жоқ. Бірақ бастысы жанға тыныштық сыйлайтын сұлулық, сансыз жасыл желек тудыратын таза ауа бар. Саябаққа қай мезгілде келсеңіз де, оның ғажайып күйінің куәсі боласыз. Әсіресе жазда келген жақсы. Аттракциондарға мініп, қайықта не катерде серуендеу үшін қалта қаражаты кем дегенде 3-4 мың болуы керек.
Мәтін: Жансая Алиева
МҰҚАБА: kk.wikipedia
Комментарии
Подписаться