QazaqshaМен ҚТЛ-да оқыдым
«ҚТЛ түлектеріне лицейден тыс жерде әрқашан көп үміт артады, сол себепті өзімізді супермен сезінетінбіз»
Аударма 2019 жылдың 15 ақпанында жарияланған материал бойынша жасалды
Қазақстанда қазақ-түрік лицейлері 1992 жылдан бері жұмыс істейді. Лицей басқа мектептерден ағылшын тілі мен нақты ғылымдарды тереңдетіп оқытумен ерекшеленеді. Оқу жылы барысында оқушылар жатақханада өмір сүреді, мектеп-интернаттар ұлдарға және қыздарға бөлек қарастырылған. Бүгінде Қазақстанда 29 лицей бар. 2016 жылы мемлекет шешімімен қазақ-түрік лицейлері «Білім-инновациялық лицей» болып өзгертілді.
Біз лицей түлектерімен оқуға түсу кезіндегі қиындықтар, жатақханада тұру, ағаларындай болып кеткен тәрбиешілер мен оқу жайлы сөйлестік.
Текст
Әмірхан Омаров
BelnTech инвестициялар және бизнесті дамыту жөніндегі директор
Мен лицейге 1998 жылы түстім, оған дейін қарапайым мектепте білім алдым. Ата-анам сапалы білімнің маңызын түсінді, сондықтан әртүрлі мектептерді қарастыра бастады. Олар лицей туралы газеттегі жарнамадан білді. Алғаш емтиханда логика және математика пәнінен тест болды. Оқуға түсушілердің бәрі бір апта жатақханада тұрды («интибак» деп аталады). Осы уақыт ішінде оқушының жаңа білімді игеру қабілеті бағаланады. Алғашқы емтиханның нәтижесі шыққаннан соң логика, математика, ағылшын, түрік тілі, тағы бірнеше пәндерден кешенді экзамен болды. Менімен бірге бүкіл ОҚО-дан 6,5 мың адам емтихан тапсырды. Оның ішінде тек 80 оқушы лицейге қабылданды.
90-шы жылдар өте қиын кезең еді. Сондықтан қазақстандық мектептерде мұғалімдер күнкөрістің қамын ойлап, оқушыларға жеткілікті көңіл бөлмейтін. Ал лицейде мұғалімдер, ең алдымен, сабаққа мән береді. Біз мектептен тыс аға рөліндегі мұғаліммен бірге жатақханада тұрдық. ҚТЛ білім мен тәрбиені қатар алып жүреді. Мұғалімдермен қарым-қатынасымыз өте жақсы еді, бір-бірімізге бауырмал болдық. Олармен әр түрлі тақырыпқа әңгімелесіп, футбол ойнап, ара-тұра бірге шай ішетін едік.
Бұл әскерде бірге қызмет етумен бірдей
Бір оқу-тәрбие жүйесіндегі бес жыл уақыт өміріңде өз ізін қалдырады. Мысалы, әр екі-үш жылда лицейде сабақ беретін мұғалімдердің құрамы өзгеріп отырады (биолог Ақтөбедегі лицейге, математик астанаға, физик Ақтөбеге, химик Таразға ауысып кетті). Тиісінше, басқа қаладағы лицейдің түлегін кездестіргеніңде көп жағдайда оқытушыларымыз бір болып шығады.
Түлектердің ортақ тұстары көп. ҚТЛ-да оқушылардың барлығы дерлік шұлықтан доп жасап ойнады. Бәріміз саусағымызбен қаламды айналдырып, түрлі трюктар жасаймыз. Түнде тығылып футбол көрдік. «Галатасарай», «Фенербахче», «Бешикташ» (түрік футбол клубтары) командаларын жақсы білеміз, өйткені мұғалімдер мен тәрбиешілер олардың жанкүйері еді. Бәріміз облыстық, республикалық олимпиадаларға қатысып, сол жерде кездесіп, таныс болмасақ та бір-бірімізді қолдадық. Лицей ішіндегі рейтингтік емтихандарда жарыстық. Әртүрлі қалаларға барып, бір-бірімізді қонақ еттік, қаламызда экскурсия өткіздік, футбол ойнадық. Бір ыдыстан маклюбе жедік, көрісерде екі рет құшақтасып амандастық, бір-бірімізге лақап ат қойдық.
Лицейдегі оқу сапалы білім, ашық және прогрессив дүниетаныммен қоса, бойымызға өз мәдениетіңе, дәстүріңе деген құрметті сіңірді. Лицейден кейін Сүлеймен Демирел университетіне грантқа түстім, көп жағдайда студенттердің 50%-ы лицей түлектері. Жатақханада бірге тұрғандықтан лицей түлектері бір-біріне бауырмал болады. Бұл әскерде бірге қызмет етумен бірдей. Біз шығыс дәстүрлерін идеализациялауға көбірек бейім шығармыз, бірақ бұл прогрессивті болуға, жаңашылдыққа, әсіресе заманауи технологияларға ашық болуға кедергі келтірмейді.
Әмір Шайкежанов
менеджер, ЛГБТ-белсенді
Бір күні біздің мектепке лицей өкілдері келіп, оқушыларды 7-сыныпқа қабылдау жүргізіліп жатқанын айтты. Мен қызықтым және емтихан тапсырдым. Біз түрік оқулықтары бойынша оқыдық, сондықтан білім беру бағдарламасы өзгешелеу болды. 7-сыныптың бірінші жартыжылдығы тіл үйренуге, ал екіншісі — нақты ғылымда кездесетін терминдерге арналған. 8-сыныптан бастап біз жалпы орта мектептердің бағдарламасымен оқыдық, сөйтіп жыл соңына қарай қатарластарымыздан оздық. Оқытушылар — негізінен Түркия азаматтары, олардың оқыту стилі дәстүрлі емес: авторитаризм азырақ, оқушыларға өздерін көрсетуге көбірек мүмкіндік береді. Белгілі бір пәндерге бейімділігі бар оқушыларды олимпиадаға дайындайды.
Бізде дінтану деген пән болды, ислам дініндегі дәстүрлерді зерттедік. Сабақ барысында дінді ұстануға шақыру немесе үгіттеу болған жоқ, бірақ кешкісін жатақханада тәрбиешілер оқушыларға адамгершілік жайлы айтып, кейбіріне намаз оқуды үйретті. Мен аздап араб тілін білетін едім, алғашында дінді зерттедім, бірақ уақыт өте келе сенім жайлы әңгімелер қызықсыз бола бастады.
Оқытушылар бізді ынталандыра білді, табандылықты, шыдамдылықты үйретті. ҚТЛ түлектеріне лицейден тыс жерде әрқашан көп үміт артады, сол себепті өзімізді бірнеше тіл білетін, олимпиадаларда жеңетін, үздік университеттерге оқуға түсетін супермен сезінетінбіз. Бірақ, лицейден көп шықпайтындықтан, қоғамнан оқшауланып қалғандаймыз.
Алғашқы екі жыл мен лицейде оқу аптасында қалатын едім, ал 9-сыныпта экологиялық себептер бойынша вегетариан болдым. Сондықтан кешкі асты үйде жегенді жөн көрдім. Оқу кезінде (мен лицейге 1998 жылы түстім) ҚТЛ-да әлімжеттік болды: үлкендер кішілерден ақша жинау сынды жағдайлар көбейіп кетті. Кішілер өз орнын білуі үшін үлкендер оларды спорт залына кіргізіп, ұрып-соғатын еді. Дегенмен, егер басқа мектептердің оқушылары төбелес бастаса, үлкендер кішілерді қорғайтын еді. Мен бітіретін жылы бұл жүйе аяқталды. Себебі біреулер бастауыш сынып оқушысын галстугын бергісі келмегендіктен ұрып-соққан, нәтижесінде ол реанимациядан бірақ шықты.
Мен лицейді 2004 жылы бітірдім, сыныптастарыммен мүлдем араласпаймын. Бір жағынан, өзімді дамытуға көп көңіл бөлдім. Қазір мен түрлі жобалармен айналысатын ұйымда қызмет етемін, АИТВ-ны алдын алу мәселелерімен айналысамын және ЛГБТ-белсендімін.
Кішілер өз орнын білуі үшін үлкендер оларды спорт залына кіргізіп, ұрып-соғатын еді
Мағжан Сағымбаев
Қазақ Географиялық Қоғамы жобаларының жетекшісі
ҚТЛ-ға түсу туралы шешімді ата-анам қабылдады, ол кезде жасым 12-де еді. Халық арасында лицей танымал болды, олардың оқушылары олимпиада да үнемі жүлделі орындарды иемденетін. Ағылшын тілін жақсы білмегендіктен, қабылдау емтиханында біраз қиналдым. Жалпы мектепте орташа оқыдым. Қарапайым мектеп пен лицейдің арасында айырмашылық көп болды. Оқу ағылшын тілінде жүргізілді, оған қоса біз түрік және қазақ тілдерін терең оқыдық.
Оқуға түсерде мектепте өмір сүретінімді, үйге тек демалыс күндері баратынымды білмедім. Сондай-ақ тек ұлдармен оқитынымды да білген жоқпын. Алғашқы саптүзеуде: «қыздар қайда?» - деп сұрағаным есімде. Сол кезде бір мұғалім «балам, бұл басқаша мектеп» деп жауап берді. Қыздардан бөлініп оқу пайдалы екенін кейіннен түсіндім. Ұлдар қыздарды ойлап алаңдамайды, көңілін тек оқуға бөледі. Ал қарым-қатынасты 11-сыныптан кейін құрады.
Жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімдері мен лицей мұғалімдерінің арасында айырмашылық көп. Лицейде мұғалімдер саған тек оқушы ретінде қарамайды. Сынып жетекшіден басқа әр сыныптың тәрбиешісі болды. Олар бізбен ашық сөйлесіп, жанына жақын тартып, кейде қиын кезде көмектесетін еді.
ҚТЛ-дар бір-біріне ұқсамайды. Мысалы Есік қаласындағы лицейде сабақ араб тілінде жүргізілді, сәйкесінше олар дінді тереңірек зерттеді және бізден гөрі жақсырақ білетін. Негізінде бізде ислам туралы ешқандай түсінік болған жоқ. Біз бұл туралы лицейде шай-сохбет деп аталатын кешкі шай дастарқанында дінді ұстанатын оқытушыларының әңгімелерінен еститін едік. Олар бізді мазалап жүрген сұрақтарға жауап беріп, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінуге көмектесті.
Мен лицейде дүйсенбіден жұмаға дейін болып, демалыс күндері үйге барып, Алматыда тұрсам да жексенбі күні лицейге қайтып келетін едім. Қалада немесе қала маңында тұратындар лицейден айлап шықпайтын еді. Кейде мен демалыс күндері сыныптастарыммен футбол немесе теннис ойнауға қалатынмын. Егер оқу үлгерімің нашар болса, сенбі-жексенбі күндері лицейде қалып, сыныптастарыңды қуып жеткен жөн. Демалыста үйге барсаң, көңілің бөлінеді.
Күн таңертеңгі жетіден басталады: бір жарым сағат ішінде жуынып, бөлмені тазалап (тазалықты сақтауымыз керек), таңғы ас ішуіміз керек. Оқу сағат 08:30-дан 16: 00-ге дейін, 12-де түскі ас ішеміз. Кешкі ас ішіп болған соң үй тапсырмасын орындаймыз. Ал кешкі тоғыздан кейін өз жұмысыңмен айналысуыңа болады.
Лицей маған білім мен тәрбие жағынан қатты әсер етті. Қазір мен Қазақ Географиялық Қоғамының жобалар менеджері ретінде жұмыс істеймін: біз Қазақстанды шетелде танымал етуге, экспедициялар ұйымдастыруға, туризмді дамытуға, қайырымдылық жұмыстарымен және қоғамдық жұмыстармен айналысуға тырысамыз.
Ерасыл Зейнолла
бағдарламашы
Мен Семейде жалпы білім беретін қарапайым мектепте оқыдым. Менің сыныптастарым лицейге түсуге дайындалып жүрді, маған да айтты. Лицейдің қандай екенін, қабылдау емтихандары мен мектептің тәртібі жайлы ештене білмесем де келістім. Мектепте үздіктердің қатарында болғандықтан, лицейге түсуге қиналмадым. ҚТЛ-ға түскен соң да жақсы оқыдым, қиындықтар болған жоқ.
ҚТЛ мен басқа мектептер арасындағы ең маңызды айырмашылық — бұл ағылшын тілі. 7-сыныпта ағылшын тілін тереңдетіп, аптасына шамамен 13-14 сағат оқисың. Химия, физика, биология, математика сынды пәндер ағылшын тілінде оқытылады. Мұғалімдермен қарым-қатынасымыз жақсы болды. Оларды біздің қамымызды ойлайтын, қамқор болатын аға ретінде қабылдадық. Кейбір мұғалімдермен байланысты үзген жоқпын, жетістіктерімді айтып отырамын. Олар өз кезегінде бізді бақылап, үнемі хал-жағдайымызды сұрап жүреді.
Лицейде тек білім бермейді, сонымен қатар оқушыларды тәрбиелейді
Бірде үш оқушы болып Өскемендегі облыстық олимпиадаға жолға көлікпен шықтық. Көлікті ағайымыз жүргізді. Ауа-райы өзгеріп, боран басталып кеткендіктен жолды жауып тастаған екен. Сондықтан басқа жолмен айналып өтуге тура келді. Қатты бораннан жол көрінбейді. Сол кездегі қорыққаным есімде, адасып кеттік деп ойладым. Дегенмен аман-есен діттеген жерімізге жеттік. Мұғаліміміздің қатты уайымдағаны анық. Ол біз үшін жауапты еді. Оның сол кездегі байсалдылығына ризамын.
Лицейде тек білім бермейді, сонымен қатар оқушыларды тәрбиелейді. Бес жыл бойы мектеп қабырғасында өмір сүресің, күнде көретін адамдарыңмен бір нанды бөлісіп жейсің. Олар сенің отбасыңа айналады. Осы уақыт ішінде нағыз шынайы достар табасың. Мұнда табандылықты, жауапкершілікті, қиындықтарды өз бетіммен жеңе білуді үйрендім. Жатақханада тұрғаныңда ешкім сен үшін әуре болмайтынын түсінесің. Тек өз күшіңе сенуің керек. Лицейлерде ислам дініне үгіттейді, намаз оқуды үйретеді деген қауесет көп. Бірақ бұл — тек қауесет: насихаттау, дінді күшпен үйрету деген болған жоқ.
Мен қарапайым отбасынан шыққанмын. Егер лицейде оқымасам, қазіргі жағдайыма жетпес едім. Ағылшын тілін білудің және олимпиадаларға қатысуымның арқасында Оңтүстік Кореядағы Ұлттық ғылым және технологиялар институтына түсу қиынға соқпады. Қазір мен — BTS Digital бағдарламашысымын.
Арман Хамитов
коуч
Лицейге досымның ұсынысы бойынша түстім. Оған дейін физика-математика бағытындағы мектепте оқыдым, сондықтан қабылдау емтиханында қиналмадым. Алғашқы алты айда біз тек тілдерді оқыдық. Бұл — лицей мен басқа мектептер арасындағы басты айырмашылық. Сонымен қатар лицейде олимпиадаға дайындалуға көп уақыт бөледі: оқушыларды әртүрлі пәндік топтарға бөліп, олардың әрқайсысына жеке бөлме береді. Мен ағылшын тілі пәні тобында болдым. Барлық мұғалім негізінен ер адамдар болды. Ата-ананың көбі үлгі тұтар ағайлардың барына риза еді.
Сыныпта намаз оқитын бірнеше жігіт болды, мен де олардың қатарындамын. Мешітке барып, діни кітаптар оқитын едік. Мектеп басшылығынан намаз оқитын орын беруді сұрадық, бірақ оқу ісінің меңгерушісі оқу орындарында мұндай бөлмелер қарастырылмағанын айтып, бас тартты. Нәтижесінде намаз оқуға тыйым салынды, бірақ біз басқалардан жасырып оқыдық. Діндарлар мен атеистер бір-бірінің көзқарасын құрметтейтін еді.
Тек ҚТЛ оқушысы «хазик», жаңа оқушы болудың қандай екенін түсінеді;
Тек ҚТЛ оқушысы түскі асты темір табадан ішудің қандай екенін түсінеді;
Тек ҚТЛ оқушысы түнге дейін оқудың, олимпиадаға дайындалудың не екенін түсінеді;
Тек ҚТЛ оқушысы сыныптастарыңмен басқа қалада қыдырып, сол қаладағы лицейде қонақ болудың не екенін түсінеді;
Тек ҚТЛ оқушысы бір балалармен бес жыл бойы бірге тұрудың не екенін түсінеді;
Тек ҚТЛ оқушысы шай ішу, аңыз-дастандар, өнегелі әңгімелердің не екенін түсінеді;
ҚТЛ өз бетіңше өмір сүруді үйретті. Ата-анаңның қамқорлығынан кетіп, тәуелсіздікке қол жеткізіп, өзіңді дамытуға көп мүмкіндік аласың. Қазір мен консалтинг саласында жұмыс істеймін, бизнес-тренингтер, коучинг, психологиямен айналысамын.
Обложка: Javier Quesada
Аударған: Ақерке Ораз
Комментарии
Подписаться