Qazaqsha«Мен қазақ тілін АҚШ-та үйренген америкалықпын»
Онымен қоса орыс, испан, ұйғыр, әзірбайжан, араб, поляк тілдерін білемін
Стю Маклафлин — Алматыдан 10 мың шақырым жерде орналасқан Питтсбург қаласының тумасы. Бірақ бұл арақашықтық оған қазақ тілін жергілікті мемдерді түсінетіндей деңгейде үйренуге кедергі болмады. Біз Стюмен қазақ тілінің ерекшеліктері, Қазақстан және кез келген тілді үйренуге қажет ережелер жайлы тілдестік.
Балалық шақ пен тілдерге құштарлық жайлы
Кішкентай кезімнен әлемнің әр бұрышындағы адами эмоцияларының қандай екенін түсінгім келетін. «Неғұрлым көп тіл білсең, соғұрлым адами қасиетің артады» деген мақал бар. Менің ағылшыннан кейінгі үйренген алғашқы тілім балабақшадағы испан тілі болды. Біз қайда болсақ та туыстарым мені үнемі өзімен бірге қолымнан ертіп жүретін, ал мен бәріне сөздер аударып беретінмін.
Есейе келе әскери аудармашы немесе барлаушы мамандығында оқығым келді. Сондықтан келешекте АҚШ қарулы күштерінде офицер болып қызмет еткісі келетіндерге арналған ROTC бағдарламасына тапсырдым. Мені алды. Ол жақта екі жыл болдым, әрі қарай әскер немесе флотқа барғым келді, бірақ болмай қалды. Ондай бағдарламамен әскери барлаушыларға грант аз бөлінетін. Ал мен өзімнің ең мықты тұстарымды дамытуды қаладым. Әртүрлі елде өмір сүру үшін әрі қарай тілдерді үйренгім келді. Академияда оқып жүргенімде араб тілін үйреніп үлгердім.
16 жасымда мен Қазақстанның Кеңес Одағындағы рөлі тақырыбындағы зерттеу жұмысымен айналысқанмын. Қызығушылық ішімді өртей бастады, мен бұл ел туралы түк білмедім
Орыс тілін оқи бастадым — училищедегі досым орыс әліпбиін берді, мен оны жазғы демалыс кезінде жаттап алдым. Демалыстан соң орыс тілін үйрететін курсқа жазылып, Елена Зотова деген алғаш ұстазымнан сабақ алдым.
Студенттік ауысу бағдарламаларына өтініш жібердім, бірақ өтпедім. Сол кезде мен Еленадан көмек сұрадым, ол басқа мұғалімдермен кеңесіп, шәкіртақысы бар оқу бағдарламасын тапты. Осылайша мен Питерге кетіп қалдым. Ол уақытта мен орыс тілі бойынша тек екі семестрді аяқтағанмын. Білімім ең қарапайым, тұрмыстық деңгейде еді. Орыс тілімен қарапайым таныстығым осылай басталды. Қуанышыма орай келген бойда Санкт-Петербургтің таңғажайып жерлерін көрсеткен балалармен достасып алдым. Білімімнің кеңейгені соншалық, Америкаға қайта оралғанда өз универімдегі орыс тілі клубының президенті атандым.
Қазақстанның бар екенін мектеп кезімде білдім. 16 жасымда мен Қазақстанның Кеңес Одағындағы рөлі тақырыбындағы зерттеу жұмысымен айналысқанмын. Қызығушылық ішімді өртей бастады, мен бұл ел туралы түк білмедім. Тапсырманы өткізген соң мемлекет жайлы көбірек ақпарат білуге деген ниет күшейе түсті. Ресейден Америкаға оралғаннан кейін «Қай бағытта дамуым керек, не істеймін?» деген сұрақтар мазалай бастады. Қазақстанға баратынымды түсіндім. Халық менталитеті мен оның даму жолдарын түсінгім келді.
Қазақстандағы қазақ тілі туралы
2015 жылы профессор Ирина Микаэлян мені «Назарбаев Университетінің» қазақ тілі пәні мұғалімімен таныстырды. Бұл мұғалімнің поштасына хат жазып, Қазақстанға бара алатынымды хабарлады. Қазақ тілі жайлы ештеңе білген жоқпын, тіпті оның түркі тілі екенінен де хабарсыз едім. Әйтсе де хатты жібергеніме гумнитарлық ғылымдар мектебінің директоры қуанып, бірден оқуға шақырды. Мен Америка билігінен шәкіртақы алып, кетіп қалдым.
Қазақстан жеріне қонғанымда өте қатты қуандым. Бірақ, өкінішке қарай, университеттегі жазғы бағдарламама қазақ тілі пәнін енгізе алмадым. Орыс тілін оқуға кеткен студенттердің алғашқы легінде болдым. Қазақ тілінің тобына қосыла алмаған соң орыс тілі тобына іріктелдім.
Студенттермен достасып алдым. Бірақ кім-кімге де жақындай кетсем ағылшынша сөйлей бастайды. Бұл менің ашуыма тиетін, себебі мен жаңа тілдерді оқуға келдім ғой, бір жағынан балалардың менің ыңғайымды ойлап тырысатыны қуантатын. Уақыт өте келе олар үйреніп, менімен тек орысша сөйлесетін болды. Ең қызығы шетелдіктер посткеңестік елдерге мемлекеттің туған тілін үйрену үшін емес, орыс тілін игеруге келеді.
Назарбаев Университетінде оқыған кезімде менің көптеген қазақ досымның қазақша сөйлей алмайтынынан ұялатынын байқадым. Бірақ оқуды бастау ешқашан кеш емес. Керісінше, егер адам тілді ересек кезінде зерттесе, ерекшеліктері мен тарихын түсінеді. Бұл бір жағынан жаңа түсінік алып келетіндіктен тіл мен сол тілде сөйлеуші адамға пайдалы. Қазір қазақ тілін оқуға деген сұраныстың өсіп жатқанын байқаймын.
«Назарбаев Университетіндегі» бағдарламам біткеннен соң орыс тілі бойынша бакалаврды аяқтап, ағылшын тілін үйретуге қатысты зерттеулермен, жобалармен айналысатын студенттерге арналған Fulbright бағдарламасына тапсырдым. Ол үшін мен Әзірбайжанға кеттім. Идеяларым мен мүмкіндіктерімді одан әрі көбейтіп, басқа елге үлесімді қосқым келді.
Казақ тілінің грамматикасы қызық — ол тұрғын үй кешені секілді көпқабатты және бай
Бакуға бармастан бұрын мен АҚШ-тағы қазақ тілін үйренуге мүмкіндік беретін Висконсин штатындағы жалғыз бағдарламаны таптым. Висконсиндегі жоғарғы оқу орны Назарбаев университетімен серіктес. Бұл — Қазақстанның кәсіби, дарынды лингвистері, әлем азаматтары. Мен олардың біліктілігіне таңғалдым. Екі ай интенсив оқудың арқасында мен қазақ тілінің жоғары деңгейіне жеттім.
Казақ тілінің грамматикасы қызық — ол тұрғын үй кешені секілді көпқабатты және бай. Бір затты бірнеше жолмен айтуға болады. Қазақшада ой қарқынына үлгермей жатсаң, оны түрлендіруге болады, ал орыс тілінде сөзден сүрініп қаласың, сондықтан сөйлем құрылымы жайлы жиі ойлап, бәрін қайта айтуға тура келеді. Қазақ тілінде ой толқындатып кетеді.
Түркі тілдері кішкене ұқсас болған соң сөйлегенде түркі сөздерін байқамай жиі араластырып жіберемін. Жалпы, түркі тілдері өте қызық: оларда өзге топтардың ықпалы зор, мысалы, көне парсы тілі. Бұл маған тілді байлығы үшін бағалауды үйретті.
Тілді қалай үйренуге болады?
Тілдерді үйренуде мен үшін біреумен әңгімелесу маңызды. Сөйлесе отырып қана тілдің қалай жұмыс істейтінін түсінесің. Біреумен дос болу керек, осылайша барлық кедергілер құлайды, себебі сен тілге емес, әңгімеге назар аударасың. Мұндай жағдайда қате жасаудан қорықпайсың. Үйреншікті дүниеден алыстау керек, қате жіберудің ұяты жоқ. Тек осылай ғана жаңа нәрселерді ұғып үйренесің.
Қазір оқытушылармен скайп арқылы сөйлесіп отырамын, Қазақстандағы достарыммен жиі хат-хабар алмасуға тырысамын, кейде шалақазақша сөйлеуге тура келеді. Бұл, әрине, тірі әңгімедей тиімді емес, бірақ амал жоқ.
Тағы да үйренгің келетін тілдегі әндерді тыңдап, жаттау маңызды. Осылайша қажетті екпін, дыбысталу мен түпнұсқалық сөйлеу пайда болады. Егер белгілі бір сөздерді жаттай берсеңіз, тілді жоғары деңгейде игере алмайсыз. Сондықтан музыка, музыка, музыка және адамдармен әңгімелесу керек.
Егер мен тілді үйренудің негізгі ережелерін шығарсам, олар үшеу болатын еді:
ӨЗІҢДІ БАЛА СИЯҚТЫ СЕЗІНУ КЕРЕК, себебі олар тілмен ойнап, одан қорықпайды. Бала бір сөзді білген бойда, оны үнемі айта береді, жаттайды, оның қолдану ретін зерттейді. Питердегі достарыммен орыс киносын көрген кезім есімде. Қызық сөз естігенде киноны артқа айналдырып, дыбысталуын ұғып, жаттығатынмын. Бұл жақсы көмектесетін. Өзіңді бала сияқты сезініп, одан ұялмау керек.
ТІЛДІ БАСҚА БІРЕУДІҢ ЭМОЦИЯЛАРЫН, МӘДЕНИЕТІН ТҮСІНУ АМАЛЫ РЕТІНДЕ ҚАБЫЛДАУ. Баға қоятын пән ретінде қарамау керек. Осылайша іштей қуаныш пайда болып жеңілдейсің. Өзіңе күлуді үйрену қажет. ҚОРҚЫНЫШ — БҰЛ ҮЙРЕНУДІҢ ЖАУЫ. Адам қателестім деп ойлаған кезде, оқудың мәнін жоғалтады. Қорқудың қажеті жоқ. Бұл мектептегі сабақ емес.
ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТҚАН ТАҚЫРЫП БОЙЫНША ӘДЕБИЕТ ОҚУ. Көп студент тек сөздер үйренгісі келгендіктен қателеседі. Одан да адамға қызық саланы оқыған артық. Мысалы, Бакудағы бір балаға американың рэп тарихы қызық болды. Онымен ақпаратты зерттеп, талқылай бастадық. Адам жаңа тіл үйреніп жатқанын ұмытып, жай ғана жаңа ақпарат қабылдайды. Бұл үйрену алдындағы қорқынышты жоюға көмектеседі.
Осылайша мен испан, орыс, қазақ және аздап ұйғыр тілін, әзірбайжан, араб тілдерін үйрендім. Поляк тілін түсінемін, бірақ сөйлеуім кинодағы ашулы орыстікі секілді нашар, сонымен қоса украин тілін түсінемін. Бұрын суахили мен итальян тілін түсінетінмін, бірақ қазір ұмытып қалдым.
Жоспарлар жайлы
Қазір Стэнфорд университетінде оқимын. Бірақ қазақ тілін үйрену үшін сол күйі Қазақстанға жолым түспеді. Сондықтан «Назарбаев университетінде» оқу үшін тағы бір ауысу бағдарламасына өтініш беріп жатырмын. Егер ол болмай қалса, аудармашы болып жұмыс істеп көргім келеді. Биыл жазда Тәжікстанға бара жатырмын, онда ағылшын тілінің жазғы мектебінде директор боламын. Мүмкін сол жерде испан тілінен сабақ беремін.
Маған ұйғыр тілі қызық. Оны да оқи бастағанымда жетекшім бір уақытта үш тілді үйренгім келетінін естіп, шошып кетті
Мен қазақтар мен қазақ халқын маған көп нәрсені үйреткені үшін бағалаймын. Әсіресе, өз елімде болып жатқан жайттарды талдауда көмектесуге деген құлышынысына ризамын. Қазақ достарымды тек тілге емес, нағыз достыққа үйреткені үшін бағалаймын. Мені бұл аймаққа бірдеңе тартып тұрады. Қазақстанға деген көзқарас жай ғана үйреншікті жағдайдан шығуға болатын жер ретіндегі біржақты көзқарас емес. Мен келіп, өзімнің мықты екенімді айтқым келмейді, өзге елдерден көп нәрсе алғым келеді.
Қазақстанға орала салысымен түркі елдері мен ТМД елдеріндегі идентификация түсінігіне көптілділіктің ықпалы бойынша зерттеу жұмысын істегім келеді. Қазақстанда ұлттар көп қой. Мысалы, маған ұйғыр тілі қызық. Оны да оқи бастағанымда жетекшім бір уақытта үш тілді үйренгім келетінін естіп, шошып кетті. Бірақ мен әзілдеп: «Бұл жерде ұйғыр тілінің барын бекер айттыңыз» дедім.
Одан бөлек Қазақстан мен басқа мемлекеттердің университеттерінде ағылшын тілінде академиялық жазуды үйретіп, тілді оқудағы қорқыныштан айыру үшін студенттерге жаңа мүмкіндікітер беріп, тегін уоркшоптар жасағым келеді.
Комментарии
Подписаться