«Үлкен төрттік» — тәуелсіз аудит және консалтинг қызметін ұсынатын төрт ірі компания. 2017 жылы әлем бойынша Big Four-да 945 000 адам жұмыс істеген. EY, Deloitte, KPMG немесе PwC компанияларында жұмыс істеу абырой саналады.

Басқа отандық компанияларға қарағанда «Үлкен төрттік» тәжірибесіз студенттерді жұмысқа шақырып, төленетін және төленбейтін тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді. Алайда бұл мүмкіндіктің екінші жағы да бар: артық жұмыс істеу, ұйқының қанбауы, стресс және төмен жалақы.

Біз «Үлкен төрттіктің» қызметкерлерімен сұхбаттасып, ұжымдық құлдық, серіктес болудың жолдары және олардың не үшін бір жылда жұмыстан жүйкелеп шаршағанын білдік.

* Кейіпкерлердің өтініші бойынша есімі өзгертілді

Иллюстрации

АЙГЕРИМ САТТАР

«ҮЛКЕН ТӨРТТІК» — PwC, Deloitte, EY, KPMG аудиторлық ірі төрт компанияның ортақ атауы

ИНТЕРН (INTERN)стажер, жаңа қызметкер

СИНИОР (SENIOR) — үлкен, бас. Мысалы, бас кеңесші

ПАРТНЕР (PARTNER) — «Үлкен төрттіктегі» ең үлкен қызмет. Компанияда үлесі бар және кірісін бөлуге қатысатын компания иелерінің бірі

ОВЕРТАЙМ (OVERTIME) — артық жұмыс сағаты

ОПЕН СПЕЙС (OPEN SPACE) — ағылшыннан аударғанда «ашық кеңістік»

ПАУЭР НЭП (POWER NAP) — 30 минутқа дейін күндізгі қысқа ұйқы күшті қалпына келтіруге көмектеседі, өнімділік пен зейінді арттырады.

Бизи сизон (busy season) — жұмыстың ауыр кезеңі. Әр жылдың төртінші тоқсанының аяғына қарай компания қорытынды есеп жасаған кезде басталады. 

Әлия, Deloitte кеңесшісі, жұмыс өтілі екі жыл

Жұмысы туралы

«Үлкен төрттікте» магистратурадан кейін жұмыс істей бастадым. Әдеттегідей топтық санаға еріп, группаластарыма ілесіп, жұмысқа орналастым. Адамдар көбіне «төрттікте» қалуды емес, жақсы тәжірибе алуды көздейді. Басшылық оны біледі және пайдаланады. Алғашқы үш жыл - ең қиын кезең, бұл корпоратив құлдыққа ұқсайды. Интернді жұмыс күші ретінде қабылдайды, сондықтан құлдық кезеңіндегі еңбекақы жұмыс кестесі мен міндеттердің көлемімен салыстырғанда өте аз. «Тірі» қалғандарға арнайы сыйақы беріледі.«Үлкен төрттікте» қызметкердің көп болуына байланысты жұмыс барысында жиі қате кетеді. Негізгі техникалық жұмысты үш жылдан бері қызмет етіп келе жатқан кеңесшілер атқарады. Ал егер адам төрт ай жұмыс істеп, кетіп қалса, оның орнына жаңасын іздеуге және оны оқытуға тура келеді. Жаңа қызметкердің де жарты жылға жетпей қашып кетуі ғажап емес. Мұндай жағдайдың салдарынан көптеген жоба тоқтап қалады, бірақ ол туралы ешкім айтпайды.Кеңесшілер таңғы сегізде келуге тырысады. Мұндай талап қойылмаса да, олар өз еркімен ерте келеді. Жұмысыңды ерте бастасаң, кешке дейін үлгеру ықтималдылығың жоғары. Кейде үйге ерте кету үшін түскі асымды да ішпейтінмін. Түскі асқа бір сағат беріледі, бірақ бәрі тез-тез тамақтанып, жұмысына қайта оралады.«Үлкен төрттіктегі» барлық компанияның жұмыс істеу тәртібі бір: тұрақты жалақы, мансап. Заңы да бірдей. Ешкім ешқашан жұмыстан кешкі алтыда шықпайды, овертаймдар ешқашан төленбейді. Тіпті, Ұлыбританияда да мұндай ұжымдық мәдениет жоқ, олар да жұмыстан дәл уақытында шықпайды екен. Қазақстанда жұмыс күшіне көңіл бөлінбейді: аз адам жалдап, бірнеше жобамен айналысқысы келеді. Табыс жоғары болғанымен, үш адамның жұмысын бір адам орындайды. Бұл жағдайдың болашақта өзгеруі екіталай.


Алғашқы үш жыл - ең қиын кезең, бұл корпоратив құлдыққа ұқсайды



Кеңесшілер жайлы

«Үлкен төрттікте» қызық адамдар аз. Көп жағдайда кеңесші — үздік студент, оқымысты, КИМЭП түлегі. Оларды бірінші курстан бастап «төрттікте» жұмыс істеуге үгіттейді. Сыни ойлау қабілеті қалыптаспаған қызметкерлер өздеріне берілген тапсырманы ғана орындайды, одан артық ештеңе істемейді. Бұл жерде процесті өзгертуді ойлайтын және қалайтындар аз. «Төрттік» ақылды адамдарды ынталандырса да, олардың бастамаларына қолдау білдірмейді. Корпорацияның жұмысында бірізділік жоқ. Егер қандай да бір кемшіліктерді өзгерткің келсе, процесс өте ұзаққа созылады. Кеңесшілердің көбі жұмыстан бос уақытында сериал көреді. Парашютпен секіріп, демалысын барынша қызық өткізетіндер санаулы. Кейбірі демалыста тауға шығуы мүмкін. Қалғандары әдеттегідей барларға барып, алкоголь ішіп демалады. Көбі эмоциялық тұрғыда шаршағандықтан темекі шегуге, алкогольге әуестене бастайды. Бұл олар үшін жалғыз амал. Кеңесшілерде жеке өмір жоқ десем де болады. Әрине, кейбірі жеке өмірінде қарым-қатынас құруға тырысады, бірақ басқа компаниядағы қызметкерлердің өмірімен салыстыруға тұрмайды.

Күйзеліс жайлы

Компанияда жұмыс істеу қиын бола ма, жоқ па, адамның өзіне байланысты. Мен үшін техникалық жағынан жұмыс ауыр болған жоқ, ал эмоционал тұрғыда қатты қиналдым. Опен спейсте жұмыс істегендіктен басқа қызметкерлерден қысым сезіне бастадым. Онда басшылармен бірге отырасың (жеке кабинет тек директорлар мен серіктестерде ғана бар), босаңсуға, жұмыстан 20 минут демалуға, басқа нәрсеге көңіл аударуға болмайды. Әрине, тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін қызметкерлерді ешкім қадағаламайды. Бірақ әлеуметтік желілер қолдансаң, үнемі біреудің бақылауында отырғандай күй кешесің. Бірде жұмыс орнында ұйықтап қалған бір қызметкерді басшылар көріп қойды. Кейін оны жұмыстан шығарды. Әрине, ұйықтап қалғаны үшін емес, бірақ бұл да әсер етті.


Бірде жұмыс орнында ұйықтап қалған бір қызметкерді басшылар көріп қойды. Кейін оны жұмыстан шығарды


Көптеген адам телефонды қолдану үшін дәретханаға кетіп қалады. Өйткені кеңседе телефонды еркін пайдалана алмайды. Айтпақшы, әжетханада ұйықтайтындар бар. 15-20 минутқа созылатын пауэр нэп демалуға және жұмысқа қайта кірісуге көмектеседі. Түнде үш-төрт сағат ұйықтап, ертесіне он сағат компьютердің алдында отырғанда пауэр нэптің көмегі зор.

Кеңседен таңғы сағат бес–алты шамасында шығып, үйге қайтар жолда таңды қарсы алатын кездер болды. Көбіне busy season (қаңтар айының ортасынан мамыр айына дейін) кезінде таңды көшеде аттырамыз. Бұл кезеңде орта есеппен демалыссыз 12 сағаттан жұмыс істедік. Таңғы беске дейін жұмыс істегеніңмен келесі күні демалуыңа болады деген сөз емес. Жұмысқа таңертен тоғызда емес, он бірде келуіңе болады.

Әрине, осының салдарынан жұмысқа деген ынта болмайды. Бұл менің басымнан өтті, сол себепті кетіп қалдым. Жұмыстан шаршағаным сонша, компанияда бір сәтке де қала алмадым. Ең алдымен, жұмыс жалықтырып жібереді. Кеңесшілер әр ай сайын қайталана беретін, өзгермейтін, біркелкі жұмыс істейді. Оның үстіне жұмыстан шығып кету қорқынышы қосылады. Менеджерлер қызметкерді «сығып» алады. Сонымен қатар «қажет деңгейге жете алмадым» деген ой маза бермейді. Егер жұмыстан кешкі алтыда кетсең, бәрі ала көзімен қарайды. Кеңесшілер бұл сезімнің бәрін бастапқы үш жылында басынан өткереді. Басқару қызметіне ауысқаннан кейін жағдайың, жұмыс кестең және жалақың өзгеруі мүмкін.

Шынымды айтсам, біздегі жалақы орындалатын жұмыстың көлеміне сай емес. Оның үстіне «Үлкен төрттіктің» басқа компанияларында жалақы әлдеқайда жоғары.


Жұмыстан шығып кету қорқынышы қосылады. Менеджерлер қызметкерді «сығып» алады


Сұлтан, 24 жаста, кеңесші, жұмыс өтілі бір жарым жыл

Жұмыс жайлы

Аудиттен бөлек «Үлкен төрттік» компаниясы кеңес берудің әртүрлі түрлерімен айналысады. Менеджмент-консалтинг, бағалау, қаржы дью дилидженс, мәмілелерді сүйемелдеу, біріктіру, ұзақ мерзімді стратегия, тәуекел-менеджмент сияқты бағыттар бар.

Жұмыс көлемі бойынша консультанттар аудиторлардан ерекшеленбейді. Көп жағдайда екі департаменттің де қызметкерлері кеңседе түнге дейін қалып, тәулік бойы жұмыс істейді. Цикл тұрғысынан, Advisory-де бұл аудиттегідей қатты білінбейді. Бізде жылына бір рет болатын busy season жоқ. Біз ауқымды жоба келгенше бірқалыпты жұмыс істей аламыз. Үлкен көлемді жоба келген сәтте бір жарым-екі апта бойы таңертеңнен кешке дейін демалыссыз жұмыс істеп, тіпті кеңседе өмір сүреміз. Кейбіреулердің кеңседе түнеген кездері болды, бірақ мұнда ұйықтауға тыйым салынған. Егер ұйқың келсе, жұмыс орныңда, орындықта ұйықтауға тура келеді.

Жұмыс күні шай ішу мен жаңалықтарды талқылаудан басталады, содан кейін әркім өз міндеттеріне кіріседі. Шынымды айтсам, менде жұмыс күнін бастайтын белгілі бір дәстүр жоқ. Күнім жобаның қай сатысында отырғанымнан басталады: Excel немесе презентациялармен жұмыс болуы мүмкін, googling, ақпаратты іздеу. Маған жұмысымның іш пыстыртпайтыны, ерекшелігі және әр айда әртүрлі жобалармен жұмыс істейтінім ұнайды. Кейде біз мемлекеттік маңызы бар жобалармен жұмыстанамыз. Осындайда көп нәрсені білуге, өз үлесіңді қосуға болады.

Мансап жайлы

Біздің компанияда мансап бойынша көтерілудің қарапайым механизмі бар. Екі жылдан кейін, бес жылдан кейін қай қызметте болатыныңды елестете аласың. Мұнда қызметкердің өсуі тек бір басшыға тәуелді емес. Төрт-алты айлық тағылымдамадан кейін бірінші жылдың кеңесшісі бола аласың. Тағылымдама ұзақтығы интерннің әртүрлі жобаларда өзін қалай көрсеткеніне байланысты. Бір жылдан кейін қызметің екінші жылдың кеңесшісіне дейін көтеріледі. Әдетте 2-3 жыл ішінде аға кеңесші, ал 4-6 жыл ішінде менеджер деңгейіне жетесің. Аға консультант жобаның супервайзері қызметін атқарады. Ол жобаның операциялық қызметін жүргізетін адам. Қызметің өскен сайын жауапкершілік те арта түседі. Серіктес — департаменттің көшбасшысы. Ол клиенттермен қарым-қатынас жасауға, жобаларды жеңіп алуға, оларды жоғары деңгейде басқаруға, ішкі саясат орнатуға, әкімшілік істермен, промоушенмен айналысуға, түрлі іс-шараларда сөз сөйлеуге міндетті.


Біздің компанияда мансап бойынша көтерілудің қарапайым механизмі бар. Екі жылдан кейін, бес жылдан кейін қай қызметте болатыныңды елестете аласың


Егер адам 21-22 жасында компанияда жұмыс істей бастаса, онда 30-дан кейін серіктес бола алады. Бірақ ешкім кепілдік бермейді. Мысалы 20-30 жыл бойы жұмыс істеп, қызметте еш өспеуің мүмкін. Себебі, мансап уақытқа емес, қаншалықты жемісті жұмыс істеп жатқаныңа байланысты. Серіктес болу үшін кем дегенде 12-13 жыл еңбек ету керек.

Күн сайын түнгі 10-ға дейін отырып жұмыс істейтін адамдар бар. Негізінде өмірдің бір қырына ғана көңіл бөлуге болмайды. Өкінішке қарай, кәсіпқойлығы мен еңбекақысы артпайтынына қарамастан жас мамандар компанияға ойланбай бар күшін салады. Жеке өмір мен жұмысты тепе-теңдікте ұстау керек.

Руслан, 23 жаста, бір жыл Ernst&Young компаниясында заңгер қызметін атқарды

Жұмыс жайлы

«Үлкен төрттік» жайлы университетте 3-курста оқып жүргенімде білдім. Сол кезде әпкемнің құрбысы мені бір аудиторлық компанияның маркетингтік зерттеуіне қатысуға шақырды. Негізінен өтініш Назарбаев және КИМЭП университетінің студенттерінен келіп түсті. Бірақ мен әпкемнің құрбысының көмегімен әрі сұхбаттасуға киген костюмімнің арқасында өттім. Компанияның ішкі жұмысымен танысып, еңбек жолымды осы жерде бастасам жақсы болар еді деп ойладым. Алайда жұмысқа орналаса алмадым. Бір жылдан кейін мен бизнес-кейстер байқауына қатысып, жүлделі орынға ие болдым. Командам басқа консалтингтік компанияның серіктестерінің қатысуымен кешкі ас ішу құрметіне ие болды. Тағылымдамадан өтуге өтініш бердім. Маркетингтік жобада қатысу тәжірибесі және бизнес-кейстерді шешу бойынша жарыстағы жеңісім жұмысқа орналасуыма септігін тигізді деп ойлаймын.


Негізінен өтініш Назарбаев және КИМЭП университетінің студенттерінен келіп түсті. Бірақ мен әпкемнің құрбысының көмегімен әрі сұхбаттасуға киген костюмімнің арқасында өттім


Бірінші апта сағат таңғы тоғыздан кешкі алты–жетіге дейін жұмыс істедім. Овертайм екінші аптадан басталды, бірақ бұл қалыпты жағдай. Әріптестерімнің басым бөлігі сағат кешкі тоғыз-онға дейін жұмыс істейтін. Егер өте шұғыл және маңызды жобалар болса немесе дедлайндар жақындаса, түнгі екіге дейін қалатын кездер болды. Жұмыста шаршасам үйіме кетуден ұялмайтынмын, бірақ сағат кешкі тоғыз болмай кетпеймін. Күн сайын кем дегенде 11 сағат жұмыс істедім, бұл барлығы үшін үйреншікті болды.

Аудиторлық департаменттегі жұмыс қарқынына ілесу мүмкін емес. Олар үшін ақпан busy season, себебі компаниялар жылдық есеп дайындап, барлық деректерді тапсырады. Сол кезде аудиторлар сегіз апта бойы демалыссыз, түнгі 12-ге дейін жұмыс істейді

Астана кеңсесіндегі жұмыс көлемі Алматыдағы бас кеңсеге қарағанда аз. Себебі клиенттің көбі Алматыдағы кеңсеге жүгінеді, жұмыстың тек бір бөлігі ғана астанаға жіберіледі. Алматыда тағылымдамадан өтушілер кешкі 11-де құжаттарды мұрағаттау немесе тіркеу сияқты қосымша жұмысты істей бастайды.

«Үлкен төрттіктегі» орта өзіңді дамытуға арналған. Мұнда «Дамы немесе кет» деген жазылмаған ереже бар. Компанияда ақылды, мақсаты айқын, жан-жақты адамдар баршылық, олардан үйренерің көп. Жұмыс тұрғысынан алғанда, бұл өте үлкен тәжірибе, өйткені әр түрлі компаниялармен жұмыс істеп, әртүрлі салада сарапшы боласың.


Мұнда «Дамы немесе кет» деген жазылмаған ереже бар


Көптеген адам: «біз бір жылда екі жылдың» жұмысын істейміз дейді, алайда «Үлкен төрттікте» шыныменде бір жылда екі-үш жылдың жұмыс істейсің. Басқа компанияға кетіп қалсаң, босаңсуың мүмкін. Себебі ол жақта жұмыс істеу — «Үлкен төрттікке» қарағанда әлдеқайда оңай.

Жалпы, қазақстандық «Үлкен төрттікте» ең мықты компания — PwC, содан кейін E&Y, Deloitte дер едім. Ал KPMG, тіпті, әлемде әрдайым соңғы орында. Сондай-ақ, «Үлкен үштік» бар. Ол жерде еңбекақы көбірек, қызмет ету қызық болғанымен, талап қатаң әрі жұмысы ауыр.

Серіктестік жайлы

Алдымен бәрі серіктес болуға ұмтылады, бірақ екінің бірі бұл мақсатқа жете бермейді. Стандарт жол мынадай: адам қарқынды жұмыс істеп, қызметі өседі. Менің білуімше, ол үшін 10 жыл керек. Егер адамның мақсаты айқын әрі ол ақылды, еңбекқор, көшбасшы, басқалармен тез тіл табыса алатын, интеллекті жоғары болса, серіктестікке дейін көтеріле алады. Сонымен қатар ол барлық индустрияны жіті білуі керек. Қажет адамдармен қарым-қатынас құрып, шетелдік және ұлттық компаниялардың клиенттерімен жұмыс істей білуі керек.

Бір қызметкер маңызды жерде байланысы болғандықтан серіктес дәрежесіне жетті. Дағдарыс кезінде, нарық бос болғанда, ол клиенттер тауып, келісім-шарт жасасты. Ал компанияға сіздің қанша ақша әкелгеніңіз маңызды. Сондықтан серіктесті келісім шарттар «асырайды» деуге болады.

Діл (менталитет) жайлы

Бізде жергілікті менталитет ескеріледі. Мысалы, мұнда барлығы атыңды атағанымен, «сіз» дейді. Ал Мәскеуде серіктеске «сен» дей береді. Біз үшін бұл біртүрлі. Ташкентте лауазымы жоғары, бірақ жасы кіші адамға «ака» (аға) дейді.

Жалпы, кеңседе этика сақталады. Кейде басқаларды қыспаққа алатын өте жағымсыз адамдар болады. Стажерларды, тіпті, жігіттерді жылататын қызметкерлер болды. Алайда бұл — барлық жерде болатын үрдіс, себебі жауапкершілігі мол, психологиялық қысым қатты жер.

Компанияда туысыңның болуынан ешқандай пайда таппайсың. «Үлкен төрттікте» дамудың айқын механизмі бар: жақсы жұмыс істесің, сені жоғарырақ лауазымға тағайындайды. Жұмыс істеуің, компания үшін табыс табуың және пайдалы болуың — бәрі ескеріледі. Бұл жайланып отыратын жылы орын емес.


Бұл жайланып отыратын жылы орын емес


Жалақы мен жұмыстан кету жайлы

Тағылымдама басталған күннен бастап келісім шартқа қол қойдым, сондықтан жалақы алып жүрдім. Студент ретінде мен тегін жұмыс істеуге де дайынмын, бірақ ақысы төленбейтін тағылымдама жоқ. «Төрттікте» еш тәжірибесі жоқ тағылымдамадан өтушінің жалақасы мемлекеттік қызмет саласындағы департаменттің маманының айлығымен бірдей. Ал стаф шамамен 500-600 АҚШ доллар табады. Тағылымдамадан өтуші позициясынан маманға дейін жалақы екі есе өссе, одан кейін өсу қарқыны бәсеңдейді. Менің ойымша, серіктестер шамамен 1,5 миллион теңге табады. Сонымен қатар әр түрлі жобадан алатын жалақысы да бар. Дегенмен олардың еңбекақысы жобаның сәтті шығуына байланысты.

Айтпақшы, кейбір ұлттық компанияларда еңбекақы төлеуді реттеуде жеке ереже бар: «Үлкен төрттік» қызметкерлері үшін жалақы бойынша сыйақы шектелмейді.

Мен компанияда бір жылға жуық уақыт жұмыс істедім. Бір жылдан кейін олар маған: «Сіз бізге сәйкес келмейсіз», - деді. Бұл жаңалыққа қатты таң қалмадым, себебі кететінімді алдын ала білдім. Мәселенің мән-жайын білмеймін, ұжымның шешімі екенін айтты. Жұмыстан босатылуым кәсіби шеберлігіме, ұжымға сіңісе алмауыма немесе басқа да себептерге байланысты шығар. Бастапқыда жоспарым бойынша мен бірнеше ай жұмыс істеуім керек еді, бірақ келісімшартқа байланысты ұзағырақ мерзімге қалдым. Ұсыныс түссе, жұмыста қалушы едім.

Бір жыл ішінде мен екі рет жұмыстан жүйкелеп шаршап, ештеңе қаламайтын жағдайға жеттім. Бірақ мен үшін бұл — алғаш жұмыс. «Үлкен төрттікте» жұмыс істеу — үнемі күйзеліс үстінде жүру, төніп тұратын дедлайндармен өмір сүру дегенді білдіреді. Ал егер отбасың болса, жұмыстан айырылып қалмауды ойлап, одан сайын күйзеліске түсесін. Компанияда әлі жасы 30-ға толмаған, бірақ шашы ағарған қызметкерлер бар.

Компаниядағы жұмысшылардың келіп-кетуі конвейердің жұмысына ұқсайды. Қызметкерлердің жұмыс істеу мерзімінің орташа уақыты - екі жыл. Астанадағы кеңседе жұмыс істеген кезімде шамамен 40-50 адам жұмыстан өз еркімен шығып кетті.

Ешкім «Үлкен төрттіктегі» жұмысын өміріндегі басты жетістік деп санамайды. Көбі бұл жердегі тәжірибені болашақ қызметтегі трамплин ретінде қабылдайды. Қызметкерлердің бәрі нарыққа, өнеркәсіпке шығатын болса, міндетті түрде сұранысқа ие болатынын біледі. Оның үстіне ол жақта жалақы жоғары, ал жұмыс көлемі аз.

Дегенмен «Үлкен төрттікте» адам капиталы бағаланады. Бұл компаниялар ештеңе өндірмейді, ештеңе жасап шығармайды. Олар өз жұмысшыларының қызметін «сатады». Адамдар — ең құнды ресурс.


Компанияда әлі жасы 30-ға толмаған, бірақ шашы ағарған қызметкерлер бар



Әсел Хайырова

KPMG-дің басқарушы серіктесі

Қазақстан және Орталық Азия

Жұмыс жайлы

Менің KPMG-дегі еңбек жолым 1997 жылы басталды. КИМЭП-ті бітіргеннен кейін аудит бөлімінде бірінші жыл ассистенті қызметінде жұмыс істедім. Мен дұрыс таңдау жасадым деп ойлаймын. Еңбек жолым да басқалармен бірдей. Уақыт тапшылығы, қысым және тәжірибенің жоқтығынан туған мәселелерді шешу қажеттілігі менің де басымнан өтті. Аудитордың жұмысы жағымды да, жағымсыз да оқиғаларға толы болды. Дегенмен, жұмыс тәжірибесін жақсы немесе жаман деп бөлуге болмайтынын енді түсіндім. Барлық нәрсенің бір жақсылығы бар демекші, қиын жағдайлардан сабақ алдым.

«Үлкен төрттіктің» қызметкерлері ұйықтамайды деген пікір — стереотип. Менің мансабымда ұйқысыз түндер көп болған жоқ. Тез әрі сапалы жұмыс істеуге дағдыландым: бос әңгімелер мен жеке телефон қоңырауларына уақыт жұмсамадым, кейде бар зейінімді шұғыл тапсырмаға арнау үшін электрон поштамды өшіріп тастайтынмын. Бүгінде адамдардың жұмыс қарқынына әсер ететін көптеген себептер бар: интернетке қолжетімділік, әлеуметтік желілер мен чаттар.

Жұмыс қарқыны қызметкердің немесе команданың өз уақытын қаншалықты тиімді пайдалануына байланысты. Жас көмекшілер барлық тапсырманы орындағанына қарамастан жетекшіден немесе менеджерден бұрын кетпейтін жағдайлар болады. Бұл мінез-құлықтың стереотипі, себебі жұмыстан кешкі алтыда кетуге тыйым салынбайды. Адамдар командамен дұрыс жұмыс істемегендіктен, клиенттен ақпараттың уақтылы келмеуінің немесе оның жұмыс режиімінің бұзылуынан, сондай-ақ форс-мажор жағдайлардың кесірінен кеңседе түнге дейін жұмыс істеуге мәжбүр. Мұндай жағдайлар аудитордың жұмыс уақытына мультипликативті әсер етеді.


«Үлкен төрттіктің» қызметкерлері ұйықтамайды деген пікір — стереотип.


Біз қызметкерді жұмысқа алу барысында өз тарапымыздан қойылатын талап пен жұмыс уақыты жайлы ашық айтамыз. Осы қарқынға дайын адамдар қызмет бабында өсіп, өзін-өзі дамытады.

Жұмыс істеу барысында біз көп сабақ аламыз: бизнес және қаржылық модельдерді түсіну, кез келген салада маман болу және цифрлар призмасы арқылы бизнесті түсіну, күрделі мәселелерді шешу және клиентті тыңдау, логикалық ойлау мен қиялды дамыту. Компаниядағы жұмыс өткір пышақтың үстінде жұмыс істеумен бірдей, босаңсуыңа болмайды. Осының арқасында біржақты ойлаудан аулақ боласың, жалған түсінікке ермейсің, әрдайым жағдайды жаңаша бағалауды үйренесің. Қызметкерлеріміздің бір жыл ішінде қалай өскенін көруге болады. Компанияда алған тәжірибе — адамның өмір бойына бірге қалатын байлығы.

Серіктестік жайлы

Әр аудитор мен кеңесшінің мансабында, майлстоун ивент, үш маңызды кезең бар (ағылшыннан аударғанда — milestone event — маңызды оқиғалар). Біріншісі — қызметкер үлкен байқаудан өтіп, компанияға келуі. Екіншісі — басқару дағдыларын меңгеріп, менеджер болуы. Үшіншісі — серіктес қызметіне жетуі. Серіктес нарық талабына сай болуы, тіпті одан алда болуы керек. Ішкі процестерді өзгертуі, стратегия құруы және бүгінгі қажеттіліктерге сай қызмет ұсына білуі қажет.

Мен Қазақстан мен Орта Азиядағы іскери тәжірибенің басқарушы серіктесі болған кезімді төртінші майлстоун ивент деп атар едім. Бұл қызмет үлкен деңгейдегі басқаруды қажет етеді, оның ішінде әртүрлі бизнес бөлімшелерінің жұмысын үйлестіруім керек. Сонымен қатар ТМД елдерінде, одан тыс аймақтарда жұмыс тәжірибелермен өзара әрекеттесу мүмкіндігі бар.

Алғашында KPMG-ге жұмысқа орналасқанымда басқарушы серіктес болуды ойламадым, істеп жатқан жұмысыма көңілім толатын. Меніңше ештенеден үміттенбегеніңде өмір сүру оңай. Компаниядағы әрбір қызметіме іштей дайын болдым. Яғни, адам физикалық және психикалық тұрғыдан жауапкершілік алуға дайын болған кезде қызметі де өсе бастайды.

Күйзеліс пен шаршау жайлы

Адам айналасында не болып жатқанын түсінбегенінде күйзеліске түседі. Егер жағдайды саналы түрде бағалай алмасам, барлық мәселені жұмыс барысында шеше аламын. Мен үшін көпшіліктің түсінігіндегі классикалық күйзеліс жоқ. Өйткені қиындықтың даму үшін қажет екенін түсінемін.

Жұмыстан жүйкелеп шаршау — қызметкер жұмыстан ләззат алмай, артық күш жұмсайтын кездегі жағымсыз жағдай. Басқарманың міндеті — адамдарға қалпына келуге көмектесу. Біз тренингтер өткіземіз, кеңселерде теннис үстелін орнатамыз, уақытша оқшаулануына мүмкіндік береміз, ұжымдық кештер мен мәдени шаралар ұйымдастырамыз. Рождестволық гүл шоқтарын жасау бойынша шеберлік сабақтарын немесе мұражайға бару сынды шаралар ұйымдастырамыз. Жобаны аяқтағаннан кейін командалар бірге түскі ас ішеді немесе караокеге барып, музыкалық терапия ұйымдастырады. Сонымен қатар біздің қызметкерлер әлеуметтік жобаларға ерікті түрде қатысады. Мәселен, жақында олар «Сиқырлы ағаш» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға сыйлықтар дайындады. Кейбір еріктілер аяз ата болып киініп, концерттер ұйымдастырады. Бұл моральдық тұрғыда қанағаттануға әкеледі. Осының арқасында қызметкерлер күш-қуатын қайта қалпына келтіреді.


Адам айналасында не болып жатқанын түсінбегенінде күйзеліске түседі


KPMG корпоратив мәдениеті «тірі қалуға» емес, отбасылық құндылықтарға және бір-біріміздің жеке өмірімізге араласпауға негізделген. Сондықтан мен «Үлкен төрттіктің» басқа компанияларының қызметкерлерінің мәлімдемелеріне қатысты пікір айта алмаймын. Менің ойымша, мақала кейіпкерлерінің жағымсыз пікірлері, олардың өздеріне жақпайтын кәсіп таңдағанына немесе сай емес компанияға келгеніне байланысты. Сайып келгенде, әркімнің таңдау еркіндігі бар және салдарына әркім өзі жауап береді.

Өмірде түрлі қате бар, мен оларға философиялық тұрғыдан қараймын. Адам, ең алдымен, өз бақытын табуы керек. Марк Твен тәрізді, мен қызметкерлерге олардың өмірінде екі маңызды күн бар екенін айтамын: біріншісі KPMG-ге келген күн, екіншісі не үшін келгенін түсінген күн. Әрқайсысы өз орнын табуға тырысады, оны орындауға барлық мүмкіндік бар. Өмірде көптеген есіктің барын, бірақ адам оларды тек өз күшімен аша алатынын түсіну маңызды.


Аударған: Ақерке Ораз