Былтыр отандық кітап дүкендерінің сөрелерінде қазақ қызының түпкі бейнесі мен оның тәрбиесі жайлы сөз қозғаған «Сен қазақтың қызысың. Мақтан ет!» атты кітап шықты. Бұл туындының авторы — сенат депутаты Қарақат Әбденнің пайымдауынша, қазақ халқы үшін феминизм қажет емес. Осы орайда біздің редакция қазақ әдебиетінде әйел теңдігі мен олардың қоғамда алатын орны жайлы жазылған кітаптар топтамасын жасады. Топтамадағы туындыларда көтерілген мәселелердің осы уақыттағы өзектілік деңгейі жайлы бағаны өздеріңіз бере жатарсыздар.

«Бақытсыз Жамал»

Міржақып Дулатов

Қазақ әдебиетінің тарихындағы тұңғыш романда XX ғасырдың басындағы қоғамның негізгі проблемаларының біріне айналған әйел еркіндігі мен сауаттылығы мәселесі көтерілген. Сәрсенбай көптен күткен жалғыз қызын Жамалды ұл-қыз деп бөлмей, оған әуелі молдадан, кейін мұғалімнен сауат ашқызуы — сол уақыттағы қазақ халқы үшін тың дүние. Ескі салттың шырмауына түскенде көзі ашық Жамалдың атастырылған күйеуінің өзіне тең еместігін алыстан тануында, құлай сүйген ғашығымен қашуға бел байлауында, надан Жұманның айтқанына көнбеуінде ерекше бір өжеттілік бар. Сірә, әдебиетімізде гендерлік теңдікке ұмтылу нышандары нақ осы Жамалдан басталса керек.

Кездейсоқ үзінді:

Бұл тойда отырғандар енді Жамалдың мына сөзіне жігіт не айтар екен деп тегіс тыңдап отырып, «қане, сөйле, мырза!» деген әр жерден дауыс шыға бастады. Әлгі жігіт өзінің бар жатқа үйренген үш ауыз өлеңін бітіріп алып, Жамалдың мына сөзіне муафиқ жауап қайтара алмай ұялғаннан қызарып, манағы өлең үйреткен жігіттерге жалтақ-жалтақ қарай берді.

«Қамар сұлу»

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Образы жағынан Қамар Сұлу Жамалға ұқсайды. Қос кейіпкердің де ата-анасы олардың қыз екеніне қарамастан, хат танытады. Бір ерекшелігі Жамалды ата-атанасы күйеуге беруге мұратты болса, Қамардың жағдайы басқаша. Болмысынан сауатты әкесі Омар қызының сөзін сөйлеп, қызын Жорға Нұрымға бергісі келмейді. Феминизм әйелдің өз құқығы үшін күресі десек, Қамардың феминистік әрекеттері бір-екі тұста жарқын көрініс береді. Көптің көзінше «Мал емес төрт аяқты әйел халқы» деп сарказммен батыл жар салуы — барлық қазақ қызының ішіндегі шер-шерменінің, наразылығының түйініндей көрінеді.

Кездейсоқ үзінді:

Қамардың үстіне төніп, дырау қамшысыменен басқа, көзге бет алды төпелей бастады, Қамар сорлының құлындағы даусы құраққа шықса да: "Бейшара-ау, дертіне шипа берсін, саған кім болса да қастық қылып отырған жоқ қой" деуден басқа бақсыға қой деуші кісі жоқ еді.

«Ұлпан»

Ғабит Мүсірепов

Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығында әйелдің орны өзгеше. «Ұлпан» повесі осы шығармашылықтың шыңы. «Сегіз қызым бір төбе, Кенжетайым бір төбе» демекші, басқа әйел образдарынан бүтіндей бір Керей-Уақты билеген Ұлпан биік тұр. Сол кездегі басқа да бойжеткен қыздар секілді басты кейіпкер де 18 жасында өзі қаламаған жанмен бас қосады. Иә, Ұлпан қазақтың қызға қояр қарғыс атқыр қатал талабына амалсыз мойынсұнады. Алайда бір айымашылығы ол әлсіздік танытып, тағдырына кейімейді, көз жасын көл қылмайды. Есенейдің мұз жүрегін ерітіп, халық алдында оның абыройын арттырады. Қыз баласының міндетін отбасы ошақ қасынан асырмайтын қоғамда өмір сүре отырып, оның ел жүгін арқалауы, халықтың әл-ауқатын жақсартуы қазақ әдебиетінде әйелдің жаңа образын қалыптастырды. Ал оның арқа сүйеген жары дүние салғанда қайғының ырқына берілмей қайта күшін жиып, күйеуінен қалған мал-мүлікті алуға жанталасқан туыстарының бетін бірден қайтаруы — Ұлпанның тұлғалық кейпінің айқын белгілері. Оның тағдырының тәлкегін осы туындыда оқи аласыз.

Кездейсоқ үзінді:

Сенің, ақылыңның бір түйірін құдай маған неге бермеді екен! — деп Ұлпанның мойнынан еркелей құшақтап, бетін кеудесіне басты. Көзінен жасы ағытылып кетті.

«Ақбілек»

Жүсіпбек Аймауытов

Тарихи оқиғалармен біте қайнасып жатқан бұл романда қазақ қызының тағдыры, әйел теңсіздігі тақырыбы қозғалады. Орысты иттің етінен жек көретін уақытта Ақбілектің ақ әскерден жүкті болып қалуынан асқан қорқынышты жағдай жоқ сияқты. Ел түгілі аялы алақанында әлпештеп өсірген әкесінің өзі туған қызынан сырт айналады. Ақбілектің зорлықтың құрбанына айналғаны ешкімді алаңдатпай, барлық күнәні оның басына үйіп төгуі — сол кездегі қыздардың қоғамдағы мардымсыз рөлінен хабар береді. Ал бүгін ше? Осындай жағдай болса, әлі де Ақбілектей бейкүнә бойжеткендер сынның астына қала ма?

Кездейсоқ үзінді:

Енді ажалым жетті ғой деп Ақбілекте зәре жоқ. Бәрі жиылып, атып, қалай өлгенімді тамаша қылғалы жүр ме? Әлде бұлардың басқа заңы бар ма? Басқа бірдеңе істегелі жүр ме? Уа пірім-ай, мынаның бәрі жабылып... нетсе, не жаным қалады?.. Көп орыс талға таянған соң қатар тұра қалды. Үш орыс шығып, анадай жазаңқайға барысып тұрған кезде, жирен орыс Ақбілекті бауырына қысып алып, аузынан құшырлана үш сүйіп, қасына екі орысты ертіп, анау үш орысқа таман барды.

«Махаббат, қызық мол жылдар»

Әзілхан Нұршайықов

Ербол мен Меңтайдың махаббатын баяндайтын шығарма сюжеті жағынан ерекше. Ербол соғыстан келіп, оқуға түседі. Ал оның курстасы аңғал Меңтай арамзаның алдауына түсіп, қапыда пәктігін жоғалтады. Бірақ жән-тәнімен жақсы көре білген Ербол зорланған сүйіктісінің сенімсіздігіне қарамастан оған деген іңкәр сезімін өшірмейді. Шығарма дәстүрдің құрбаны болған жастардың емес, таңдау еркіне ие, өз тағдырын өздері жасаған жандардың өмірін баяндайды.

Кездейсоқ үзінді:

...Әйелге, әсіресе жүрегінде біреуге арналған маздаған махаббаты бар әйелге, өзі сүймейтін еркекке еріксіз қосақталудан қиямет қорлық жоқ.

«Ботагөз»

Сәбит Мұқанов

Романда болып жатқан революциялық кезең мен сол уақыттағы арманына ұмтылған басты кейіпкер тағдыры — көптеген әлеуметтік мәселелер көрінісі. Бостандық, теңдік пен білім қолжетімділігі — Ботагөз романының талқыға шығаратын басты ойлары. Романдағы кейіпкердің дамуымен қатар ХХ ғасырдағы қазақ қызының түсінігінің өзгеруін де байқауға болады. Оқиға желісіндегі Ботагөздің өсуі сол кездегі қыз бейнесінің жаңғыруы іспеттес.

Кездейсоқ үзінді:

«Семинарияда қазақ қызы қайдан болсын, – деп ойлайтын онда Асқар, – ауылда не орысша, не қазақша мектеп жоқ, семинарияға я сол сияқты орта, я жоғары мектептерге түсу үшін қазақ қызы оқитын бастауыш мектеп керек»

«Шұғаның белгісі»

Бейімбет Майлин

«Шұғанын белгісі» повесінде де мал екеш малды қыздан жоғары бағалауының нәтижесінде жүрегі үйлеспеген біреуге атастырылған Шұғаның зар илеген мүшкіл халінің куәгері боласыз. Мұң-мұқтажына, арман тілегіне отбасының құлақ аспай, сүйгені Әбдірахманның тірідей айыруы — қыздың айықпас дертке шалдығып, құсадан қаза болуына әкеледі. Туындының тигізер әсері расымен мол, себебі махаббатқа кедергі болған мәселелер тұсында сол дәуірде қалыпты болып табылған дәстүрлер ерсілігі көзге оттай басылады. Бейімбет Майлиннің бұл шығармасын оқудан алар әсеріңіздің мол болар анық.

Кездейсоқ үзінді:

- Мына хатты Шұғаға жазып отырмын. Менің ойым, Шұғамен көңіл қоссам, алып қашып кету еді. Болмаса, мың жылда Есімбек маған қызын бермейді де, және оған беретін менде малда жоқ. Не жауап қайтаратынын кайдан білейін, - деп күрсінді. Ажарында бір түрлі кейістік бар еді. Хатты ашып оқыды. Құдай берген өлеңді аясын ба, ұзыннан-ұзақ жазған.


Текст: Дастан Аққожа, Жансая Алиева