Аударма 2017 жылдың 14 қарашасында жарияланған материал бойынша жасалды

Грин-карта — ықтиярхат барын растайтын, жеке бизнес ашуға, заңды түрде жұмыс істеуге және Америкада білім алуға мүмкіндік беретін жеке куәлік. 2017 жылы 50 000 иммиграциялық виза таратылған. Лотерея шарттары қолжетімдірек болған. Енді қатысушыға ағылшын тілін білу міндет емес. Жеңімпаздар компьютерлік арнайы бағдарлама арқылы кездейсоқ жолмен таңдалады. Лотереяға қатысу тек 22 қарашаға дейін мүмкін. Өтінішті сайтта беруге болады.

Сейфуллина Айнаш,

32 жас


Мен көптен бері Қазақстаннан көшкім келіп жүрген, бірақ шетелде оқу қымбат, ал жұмыс істеу қауіпті болды. 2015 жылы Америкада үшапталық саяхатта болдым: Нью-Йорк, Вашингтон, Канкун, Нью-Мехико, Сан-Диего, Сан-Франциско, Лос-Анджелес. Келген бойда девальвация болды. Мен шығындарды есептеп, келесі саяхатыма ақшаны өмір бақи жинау керек екенін түсіндім.

«Экономика әлсіз. Ертең не боларын кім біледі?» деп жігітім грин-картаға өтініш беруді ұсынды. Оны толтырдым. Кейін лоторея жайлы ұмытып та кетіппін, ақыры Астанада табан тіреймін деп шешіп, пәтер сатып алу үшін несиелік бағдарламаларды іздей бастадым. Сол күйбең тірлік кезінде өтінішімді тексере салайын деп қарасам, «You have been randomly selected...» деген жазуды көрдім. Мен тек бірінші кезеңнен өттім, тағы да бірдеңе керек шығар деп ойладым, ал расында грин-картаны ұтып алған екенмін.

Мен бұл жайлы 2016 жылдың мамыр айында білдім. Қазақстанда жылжымайтын мүлік немесе көлігім, күйеуім мен бала-шағам да болған жоқ. Сол себепті АҚШ-қа жиналуымда еш қиындық болмады. Бүкіл құжатты бір айда жинап қойдым. Сосын оның барлығын елдегі тіркеуден алыну үшін миграциялық полицияға апару керек болды. 40 күн күту керек, күнде барып тексеріс мәртебесін қарайсың. Құжаттарды астанада жинадым, ал сұхбат үшін Алматыға баруға керек болды. Ол уақытта жұмыс істеп жүрген соң лотерея ұтып алғанымды ешкім білген жоқ. Сондықтан Алматыға бару үшін босанған әпкемді сылтау еттім.

Мемлекеттегі тіркеуден шығуға ата-ананың жазбаша рұқсаты керек. Күлкілі жағдай. Жасым 32-де, ата-анамнан бөлек тұрсам да олардан рұқсат алуым қажет. Әке-шешеме айтқанда әкем қуанды, ал анам уайымдап: «Ал мен қол қоймасам не болады?» деп әзілдеп отырды. Бірақ олар мені қолдап, шешімімді қабылдады.

Күтіп отыру мезі қылды. Көз алдыңда Америка тұр, ал сені сұхбатқа әлі шақырған жоқ. Бірақ 2016-ның қарашасында ақыры шақыруымды алдым. Америка елшілігінде күй-жай еркін, сол себепті сұхбат жеңіл өтті. Америкалық ер адам асықпай отырып өмірім, жұмысым мен қаржылық мүмкіндіктерімді орысша сұрады. Алғаш уақытта өзіңді қамтамасыз ету үшін шотыңда кемінде бес мың доллар болуы керек. Лотереяға қатысу тегін, бірақ визаға 330 доллар төлеу қажет. Әңгімден кейін қосымша сұрақ туындаған жоқ, визамды қолдады. Далаға шыға сала жыладым, келесі күні дайын визасы бар паспортымды алып кеттім.

Заттарымды Астанадан Алматыға тасып, барлық досым мен таныстарыма тараттым. Евразиялық топта жұмыс істесем де жоғалтатын ештеңем болмаған. Мен алты жыл бойы ішкі аға аудитор болдым, содан ішім пысып кетті. Өмірде де, жұмыста да өзгеріс болғанын қаладым. Оның үстіне, өмірімнің тамаша кезеңі ғой. 32 жастамын, ата-анам сау, отбасым жоқ. Өмірімді ақ парақтан бастайын деп Америкаға 2017 жылдың бірінші наурызында көшіп кеттім.

Америкаға көшіп келгенше қиналатынымды түсіндім. Ағылшыным жаман емес, бірақ сөздік қорым жетпегендіктен сөйлеу ауыр болды, оның үстіне акцент те бар еді. Білім мен жұмыс тәжірибем нөлге теңесті. КИМЭП-тің дипломы АҚШ-та бағаланбады, сертификаттар жарамсыз болып шықты. Мен бұрын Deloitte компаниясында жұмыс істеген соң, сол жаққа түйіндеме жіберіп, алты рет тырыссам да бірінші кезеңнен өткен жоқпын. Өте білікті болғандықтан жұмысберушілер мені тағылымдамаға алмайтын, ал жұмысқа тәжірибем жетпегендіктен алмады. Ақыр соңында Macy’s-ке сатушы-консультант болып жұмысқа кірдім. Мені шақырған жалғыз компания солар еді. Болған оқиғаның бәрі намысыма тиетін. Басында балалар бөлімі мен іш-киім бөліміне бардым, аптасына 300 доллар алатынмын. Кейін ай сайын сатқан киім көлеміне байланысты үстемақы төленетін ерлер костюмдері бөліміне көштім. Осы сауда орталғында сегіз ай шыдадым.

Қараша айының басында өте ірі фирмаға орысша білетін қызметкерлер қажет деген хат алдым. Қай компанияға бара жатқанымды білмедім. Сұхбаттан өттім, сөйтсем ол Google екен. Олар менімен біржылдық келісімшартқа отырды.

Өмірім түзеліп келеді. Көлік сатып алдым, жүргізуді үйрендім, себебі Техаста көліксіз жұмыс істеу мүмкін емес. Кейде бәрін бекер тастадым деп ойлайсың, бірақ шегіну менің еркімде жоқ: ақыры келдің бе, демек ары қарай жылжу керек. Өкінер не өкінбесіңді түсіну үшін уақыт тым аз, бірақ қайта оралу жоспарымда жоқ екені анық. Қызық өмір енді басталды, сондықтан Американы тастағым келмейді. Әрі қарай не боларын көрерміз.

Лелав (Лили) Нассо,

23 жас


Менің құрбым Америкаға кетуді аңсап, бес жыл бойы лоторея ойнаған. 2011 жылы бір күн қалғанда ол маған да бақ сынауды ұсынды. Жасым 17-де еді, сол үшін құжаттарды анамның атынан толтырып, ұмытып кетіппін. Құрбым тексеруді еске салды, кейін осылайша анам екеуміздің грин-картаны ұтып алғанымызды білдім. Үйге келіп, анама: «Америкаға кететін сияқтымыз» дедім. Ол келісе кетті.

Көшуді жоспарламадым, себебі Қазақстанда мінсіз өмір болған: КИМЭП-тегі оқу, достарым мен ивент-менеджер ретіндегі тағылымдама. Анам бірінші кетіп, Нью-Йоркте жайғасты. Үш жыл бойы оған барып тұратынмын. Нью-Йорк маған ұнамайтын әрі мен Алматыда қалатынымды білетінмін. Достарым мен ортам үлкен мүмкіндікті жіберіп жатқанымды қақсап қоймады. Өмір өзі қызық әрі қырсық зат қой. Грин-карта жайлы миллиондаған адам армандаса, ал мен оған қызықпаймын да. Ұзақ ойланып, өзімді сынап көрейін дедім. Университетті, жұмыс пен достарымды тастап, америкалық оқу орнына ауысып кеттім. Мұндай қадамға дайын болмадым, бірақ оны істеуім керек екенін сездім. Қазақстанда біз ештеңені сатпадық, себебі мәңгілікке көшу мақсаты болмады. Қызық болған соң көштік: ұнаса, қаламыз, олай болмаса, кетеміз.

Грин-картаны алу расында да оңай болып шықты, құжаттары да стандарт. Олардың тізімі Америка елшілігінің сайтында бар. Ұтқан жағдайда сұхбатқа келесің. Сұхбат тез өтті, туысқандарым жайлы бірнеше сұраққа жауап бердім.

Грин-картаға өтініш беру тегін, бірақ шешімге қарамастан виза үшін консул жарнасын төлеу керек. Егер визаны мақұлдаса, Американың толққанды азаматы атанасың және заңды түрде жұмыс істей аласың. Бірақ грин-карта жеңілдік, төлемдер, үй сатып алу немесе жалға алу деген сияқты басымдылық бермейді.

Нью-Йоркте өз ортамды таппай, жалғыз қалатындай көріндім, бірақ анамның мені күткені жарамды жеңілдетті. Ағылшын тілін алты жастан бастап оқысам да сөйлеу ауыр болды. Мен City University of New York колледжіне құжат тапсырдым. Өмірімде жаңа адамдар пайда болды, жаңа жүйе мен жаңа транспорт. Жаңа өмірге кішкентай балаша қайта үйренуге тура келді. Достар іздеу ауыр болды, мемлекетті жатырқадым. Алғашқы бір жарым жыл Қазақстанға қайтамын деп ойладым. Нью-Йоркті жек көре бастадым, басқалардың оны неге жақсы көретіні миыма сыймайтын.

Бірақ бір сәтте бәрі түбегейлі өзгерді. Мен колледжге үйреніп кеттім, достар тауып, Нью-Йоркті жақсы көре бастадым. Қазір Алматыға келгенде тарсынып, тұншығамын. Бәрі жайбасар және майда болып көрінеді. Нью-Йорктен кейін басқа қалада тұру өте ауыр, себебі мұнда өмірдің қарқынды болғаны соншалық, басқа қалаға үйрену қиындық турдырады.

Қазір колледжде PR and advertising мамандығында үшінші жыл оқып жатырмын, өйткені КИМЭП-тен аз кредит аударды. Фотожобалар жасап, fashion-PR агенттігінде тәжірибе жинап жүрмін.

Біз Американы емес, ол бізді таңдағандай жағдай болды. Мен өз орнымды тапқанымды сеземін.

Add a description

Опубликовано Lily Nasso 28 июля 2014 г.

Асет Утеулиев,

36 жас


Мен үнемі Америкаға оқуға, жұмыс істеуге және өмір сүруге барғым келетін. Ұтыс алдында үш жыл бойы лоторея ойнадым. Кетерде қорқыныш болмады. Қазақстан менің үйім болған және солай қала береді. Ажырасқынмын, сол үшін туыстарым шешімімді жақсы қабылдады. Тек анам жібергісі келмей шығарып салды.

Барлық құжатты жинадым, өткіздім, маған сұхбат белгіледі. Ол бір минутта өтті. Қайда баратынымды, немен айналысатынымды сұрады, ал кейін визамды растады. Виза алғаннан кейін бір ай өте АҚШ-қа келдім — досымның мекенжайын көрсеттім, грин-картаны сонда алып келді. Оны күтіп жүріп, жұмыс істей алмадым, сол себепті Америкада саяхаттадым. Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Сан-Францискода болдым. Сол кездері жұмыс құжаттары жайлы кішігірім зерттеу жасап, осы жақта жеке-дара өмір сүре алатынымды ойландым. Кейін Қазақстанға келіп, отбасыммен уақыт өткізіп, екі жүгімді алып, ұшып кеттім. АҚШ-қа көшуім өзімді сынап, эмоционалды тұрғыда өсуіме мүмкіндік берді.

Достарым тұрған Вирджиния штатына орналастым. Мұнда өмір бірқалыпты әрі тыныш. Вирджинияда түрлі этностар мен дін өкілдернің мигранттары көп: арабтар, эфиоптар, моңғолдар, ауғандар, өзбектер бар. Бұл жақта адамдар мейірімді, шынайы емес те шығар, бірақ әрқашан көмектесе біледі. Америкаға келгеннен кейін бірнеше ай өткен соң мен жиі күліп, қуанышты сезіндім.

Америкада қиын болатынын білдім, ешнәрсеге үміттенбедім. Жарты жылдан кейін анам көшіп келді, оған бұл жақ ұнады. Қарым-қатынасты ешкіммен үзген жоқпын, туыстарыммен скайп арқылы жиі сөйлесіп тұрамын. Алдағы уақытта отбасым мен достарымды көру үшін үйге барып қайтамын.

Достарым АҚШ-та жұмыс табу ауыр болатынын ескерткен, жақсы орынға бірден ала қоймайды. Қазақстанда мен логистика мен тасымал бизнесінде жұмыс істедім, сол себепті осында өзімді бұл салада сынап көргім келді. Ұзақ іздеуге тура келді, содықтан бірнеше апта Старбакста жұмыс істедім. Кейін транспорт пен экспедиторлік қызмет көрсететін компанияға ауыстым. Олар коммерциялық жүктерді бүкіл әлем бойынша тасиды. Әлі күнге дейін Америка ішіндегі нысандармен сол жақта жұмыс істеймін. Келешекке нақты жоспарлар жоқ. Осы салада жұмыс істеуді жалғастырамын. Жаңа ақпарат көп және маған бұл қызық.

Вера Оспанова,

28 жас


Мен үнемі жақсырақ жер іздейтінмін: 19 жасымда Атыраудан Алматыға ауыстым. Сол себеппен он жылдан кейін Нью-Йоркке көштім.

Бұрын грин-карта жайлы еміс-еміс естігенім болатын, бірақ оған шынайы қызықпаппын. Көшу туралы ой аяқ асты пайда болды: болашақ күйеуім лотореяның соңғы күндерінде өтініш беруімді ұсынды. Біз өтінішті бөлек тапсырдық, сол себепті ұтуға деген мүмкіндік екі еселенді. Неге екені белгісіз, міндетті түрде карта аламыз деген сенімділік пайда болды.

Лотереяны болашақ күйеуім ұтып алды, сондықтан біз әуелі үйленіп, елшілікке сауалнамаларды содан кейін жібердік. Осылайша визаны мен автоматты түрде алдым. Ұлымыз дүниеге келгеннен кейін, оның сауалнамасын жібердік. Кейбір адамдар грин-карта үшін өтірік неке қиып жатады, оларға оны бермейді. Ал бізге деген күмән болмады. Олар тергеу жүргізбеді және ескі суреттерді көрсетуді сұрамады, себебі біздің ұлымыз болды.

Сауалнамаларды жіберген соң, сұхбат күнін күту керек және ақырындап құжаттарды жинай беру керек: оларды аударма бюросында ағылшын тіліне аудару керек. Құжаттардың толық тізімі басты өтініш берушіге жиналады. Сұхбатқа төрт күн қалғанда біз IMC емханасында тексерістен өттік. Алматыда иммиграциялық виза үшін тексерістен өтетін тек екі емхана бар: IMC мен SOS. Емхана сайтында өзіңмен бірге әкелу керек құжаттар тізімі бар. Бір күннен кейін нәтижелері бар жабық хаттарды алдық, оларды сұхбатқа алып бардық. Бізге сұхбатқа қажет құжаттар тізімі жайлы ақпаратты түрлі форумдардан жинауға тура келді, себебі нақты тізім ешқайда болмады. Ол тізім келесідей: туу туралы куәлік, паспорт, неке қию туралы куәлік, некені бұзу туралы куәлік, сотталу жоқ екенін растайтын анықтама, еңбек кітапшасы, әскери билет, банктен қаражат бар екенін растайтын анықтама, консул жарнасының төлемі жайлы чек. Басқа елде бір жылдан астам уақыт тұрған адамдарда сотталу жайлы қағазды алу қиындық туындауы мүмкін, себебі ол елден де анықтама алу қажет.

Сұхбатқа бар отбасымызбен келдік, тіпті бесайлық баланы да алып келдік. Ол он минутқа созылды — сұрақтарды тек жұбайыма қойды. Олардың өзі де тым аз болды: білімі қандай, жұмыс тәжірибесі қандай, қайда өмір сүруді жоспарлап жатыр. Кейін бірден миграциялық визаның мақұлдануымен құттықтады. Ертесі күні біз виза қойылған паспорттарымызды және жабық конверттерді алып кеттік. Оны ашуға болмайды және шекараны өткен кезде офицерге беру керек.

Грин-карта үшін қосымша құжаттарды жинау қажет емес. Тұрақты өмір сүруге ресми рұқсат рәсімдеу керек. Ол қағазсыз елден иммиграциялық визасы бар адамдарды жібермейді. Форумдарда ешқандай рәсімдеусіз кете бергендерін жазған, басқаларына жауапты шекарашылар түсіп, оларды рейстен түсірген. Біз тәуекел етпейік деп шештік — елге қайта кірген кезде олардың жоқытығы қалай әсер ететіні белгісіз. Бірақ құжатты алдын ала рәсімдеудің де қажеті жоқ, оны толтырған соң Қазақстаннан бір ай ішінде кету керек.

Лотереяға қатысуға өтініш бергеннен бастап, Америкаға кеткенше екі жыл өтті. Біз 2017 жылы қыркүйектің басында көштік. Грин-картаны АҚШ-қа көшкеннен кейін бір ай ішінде поштамен жібереді. Мекенжайды елшіліктен келген конвертті берген офицерден ауыстыра аласыз. Біз картаны бір жарым айдан кейін алдық.

АҚШ-тағы өміріміз енді басталып жатыр, сондықтан оған баға беру әлі ерте. Social security number алдық, медициналық сақтандыруды рәсімдеп, бір жылға пәтер жалдадық. Мигранттарға пәтер жалдау қиын. Жалға берушіге несиелік тәжірибе мен ай сайынғы табыс қызық. Ал иммигранттарда жұмыс та, несие де жоқ. Бірақ шешім табуға болады — бірнеше айға бұрын төлеу, бірнеше айдың жалға берілер құны көлемінлегі security deposit беру немесе сізге кепіл бола алатын жақсы табысы мен несиелік тәжірибесі бар адамды табу.

Біз таныстардан түрлі әңгіме естігендіктен, Америкадағы өмір жайлы арманымыз болмады. Қазір жоспарлар көп, сол себепті ойларымызды жүзеге асыру үшін Нью-Йоркті таңдадық. Қаланың энергетикасы сұмдық, сондықтан өзіңді табуға мүмкіндік көп.


Аударма: Дастан Аққожа

Мұқаба: BICAD MEDIA