Аударма 2017 жылы 12 желтоқсанда шыққан материал бойынша жасалды.

Біз экологпен, ведомствомен және қалалық энтузиастармен Алматының ауасының қандай жағдайда екенін, зиянды заттардың рұқсат етілген концентрациясы қанша есеге өскенін анықтадық. Сонымен қатар қарапайым қала тұрғындарын лас ауадан қалай қорғау керегін білдік.

Күн суыта бастағаннан Алматының үстіне үйірілген қара бұлт қорқынышты бола бастайды. Таза ауаны ұшақ бортында, жел көлеңкесі сызығының үстінен көтерілген кезде ғана түтін мен ластанбаған әуе кеңістігінің арасындағы шекарадан көруге болады. Ақпанда Алматының үстіндегі қара түндіктің суреті The Guardian-ның "Тұншыққан планетаның бір күні" мақаласында жарияланды. Материалда журналист Крис Майкл әлемдегі ең лас қалалардың фотосуреттерін іріктеп алды.

Түтін қаланың сыртқы кейпін бұзып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды улайды. ДДҰ мәліметтеріне сәйкес, 2012 жылы қала ауасының ластануына байланысты уақытынан бұрын өлім-жітім жағдайларының 72%-ға жуығы жүректің ишемиялық ауруы мен инсульт салдарынан, 14%-ы өкпенің созылмалы обструктив ауруы немесе төменгі тыныс жолдарының асқынған инфекциялары және 14%-ы өкпе қатерлі ісігінің нәтижесінде болды.

2013 жылы ДДҰ халықаралық агенттігінің қатерлі ісік ауруын зерттеу жұмысы барысында ауаның ластануы адамдар үшін канцерогенді болып табылатыны, ауаның қатты бөлшектермен ластануы адамда қатерлі ісік, әсіресе өкпе ісігінің пайда болуына әкеп соғатыны айтылған. Сондай-ақ, мегаполис тұрғындарының арасында ауаның жоғары деңгейде ластануы мен несеп шығару жолдарының қатерлі ісігі және қуық ауруларының арасындағы байланыс анықталды.


Насиба Байматова

Физика-химиялық зерттеу және талдау әдістері орталығындағы "БиоСфера экологиясы" зертханасының ғылыми аға қызметкері

Лас ауа - адам денсаулығы үшін әлемдегі ең ірі экологиялық қауіп. Өңірде ірі өнеркәсіптік объектілері болмаса да, тыныс алу, эндокриндік жүйе аурулары, қан аурулары, қатерлі ісік және бронх демікпесі бойынша Алматы елімізде бірінші орында тұр.

Біз қаламыздағы ауаны талдау барысында, VOCs (volatile organic compounds) ретінде белгілі жүзден астам ұшпа органикалық қосылыстарды анықтадық. Олардың көпшілігі - канцерогендер. VOCs жер бетіне жақын озон қабатын құруда негізгі рөл атқарады, ол қала өсімдіктері мен тіршілік иелерінің өкпесін улайды.


Билік ластану деңгейін өлшейтін тәуелсіз ұйымдар мен қалалық белсенділердің сөзіне құлақ асуы тиіс. Бізге әуе бассейнінің жағдайы туралы көбірек ақпарат қажет


Ауадағы VOCS-ты бақылау нәтижелері (2015 жылдан бастап жыл сайын) Алматы ауа сапасы бойынша Нью-Дели (Үндістан), Хошимин (Вьетнам), Каир (Египет) сияқты әлемдегі ең ластанған қалалардың қатарында екенін көрсетті. Проблеманың ауқымын халық саны бойынша бағалаңыз: Нью-Делиде — 22 миллион адам, Хошиминде — 8,5 миллион, Каирде — 9,5 миллион, Алматыда — екі миллионнан аз адам тұрады.

Қалада ауа сапасын жақсарту үшін үкімет тарапынан да, тұрғындар тарапынан да кешенді шара қолдану қажет. Ауаның ластануының негізгі қайнар көзі — ЖЭС, автомобиль көлігі мен жеке сектордың шығарындылары.

Үкімет мынадай шаралар қабылдай алады:

ЖЭС-ны газбен жабдықтауға ауыстыру қажет. Күлділігі 39%-дан төмен көмірді пайдалану керек. Құбырға жақсырақ сүзгі орнатуға болады;

Қалада сатылатын отынның сапасын жақсарту;

Жеке секторды газбен жылытуға ауыстыру. Бұл ауаға бөлінетін шығарындылар көрсеткішін едәуір азайтады;

Тұрғындар экологиялық таза көлік құралдарын пайдаланып, қоқыс пен жапырақтарды өртемеуі керек.

Үнемі мониторинг жүргізу қажет. Ол рұқсат етілген концентрациялардың ұлғаюын болжауға, қабылданған шаралардың тиімділігін бағалауға, жаңа зиянды заттарды анықтауға, ластанудың ең қауіпті және заңсыз ошақтарын табуға мүмкіндік береді.

Қазақстандағы мониторинг жүйесін жаңарту қажет. Егер біз әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруді мақсат етсек, халықаралық сапа стандарттарына көшетін кез келді.



РГП «Казгидромет»

Бақылау қорытындысы бойынша, соңғы онжылдықта Алматы ауасының сапасы "өте жоғары" ластану деңгейінен "жоғары" деңгейіне ауысты. 2015 жылдан бастап Алматыда атмосфераның ластану индексі 10,0-дан 7,0-ге дейін төмендеп келеді. Бұл формальдегид бойынша шекті рұқсат етілген концентрация нормативтерінің (ШРК) өзгеруіне байланысты. Себебі 2015 жылдан бастап Қазақстан Республикасында ауа бойынша № 168 жаңа ережелер мен нормалар қолданылады.


Алматыда атмосфераның ластану индексі 10,0-дан 7,0-ге дейін төмендеп жатыр. Үкіметтің қабылдаған жаңа ережелеріне сай ШРК 3, 3 есе төмендетілді


Енді формальдегидтің орташа тәуліктік концентрациясының ШРК-сы 0,01 МГ/М3 тең, ал 2015 жылға дейін формальдегид бойынша орташа тәуліктік ШРК 0,003 МГ/М3 тең еді. ШРК нормаларын 3,3 есеге жұмсарту қала атмосферасындағы ластану индексінің төмендеуіне алып келді.

Біз Алматыда ауадағы қалқымалы бөлшектердің (шаңның) құрамы бойынша бес автоматты және бес қолмен сынама алу посттарында мониторинг жүргіземіз. Медеу бекетінде (ең таза нүкте) орнатылған бекет - біз сүйенетін басты көрсеткіш.

Біздің ведомствоның Алматы қаласының ауа ластануын бақылайтын желісі 16 стационарлық бекеттен тұрады, оның ішінде:

 ауа сынамалары аспираторлардың көмегімен алынатын және зертханаға жеткізілетін сынамаларды қолмен іріктейтін бес бекет. Онда ластаушы заттардың концентрациясын анықтау бойынша талдау жүргізіледі. Сынамаларды қолмен іріктеу бекеттерінде 11 көрсеткіш анықталады: қалқыма бөлшектер (шаң), күкірт диоксиді, азот диоксиді, көміртегі оксиді, фенол, формальдегид, кадмий, мыс, күшән, қорғасын, хром (6+).

 үздіксіз режимде жұмыс істейтін 11 автомат бекет. Әр 20 минут сайын ластағыштардың шоғырлануын тіркеу жүргізіледі. Автоматты станцияларда төрт көрсеткіштен алты көрсеткішке дейін анықталады: күкірт диоксиді, көміртегі оксиді, азот диоксиді, азот оксиді, РМ-2,5 қалқыма бөлшектері, РМ-10 қалқыма бөлшектері. Мына сілтеме арқылы қандай аудандарда бақылау жүргізіліп жатқанын көруге болады.

Қазгидромет экологиялық мониторингті жүзеге асыру ережелері жазылған экологиялық кодекспен жұмыс істейді. Мысалы, барлық құралдардың сәйкестік сертификаты болуы тиіс, бұдан басқа барлық құралдар дұрыс жұмыс істеуін растау немесе баптау үшін тұрақты тексеруден өтеді.

Қазгидромет жалғыз жұмыс істемейді. Егер мониторингтен кейін біз "ластанудың жоғары жағдайы" деп аталатын шекті рұқсат етілген шоғырланудың он есе артқанын көрсек, онда деректерді бірден ластанудың көзін анықтау және шаралар қабылдау үшін аумақтық экология департаментіне жібереміз.



Павел Александров

airkaz.org сайтының негізін қалаушы

Бұл мәселені зерттеген сайын апатты жағдайда екенімізді түсінемін. Бірақ ресми түрде ешқандай проблема жоқ. Біз шешім қабылдауға және біздің денсаулығымыз бен әл-ауқатымызға қамқорлық жасауға жалдаған адамдар тарапынан ешқандай әрекет жасалып жатқан жоқ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген ауаның ластануы бойынша нормалар бар. Мысалы, PM 2,5 бөлшектері бойынша нормалар (2,5 микрондағы шаңның ұсақ дисперсті бөлшектері және одан аз): орташа жылдық — 10 мкг/м3, орташа тәуліктік — 25 мкг/м3, бір жолғы — 160 мкг/м3.

Бір реттік шоғырлану — маңызды көрсеткіш. Көшеде жарты сағат жүрудің өзі денсаулыққа зиян. Бүгінде 200 мкг үшін тәуліктің ШРК сегіз есеге асып кеткен. Біз күн сайын қауіпті ауамен демалып жүрміз.

Көрші Қытайда мегаполистің әрбір тұрғыны ластану деңгейін қадағалайды және көшеге қай кезде шығу қауіпсіз екенін біледі. Ал бізде ауаның ластану деңгейін менің фейсбуктегі жазбаларымды оқитындар немесе сайтты білетіндер ғана бақылап отырады.

Ұсақ дисперсті шаң - радиация емес, бірден өлтірмейді, бірақ ағзада жинала береді. Мұндай шаң жүрек-қан тамыр ауруларының себепкері әрі ол канцероген. Оның ұсақ болғаны сонша дененің табиғи кедергілерінен оңай өтіп кетеді де, бірден клеткаларға енеді. Бұл шаңды денеден шығару өте қиын, алайда ол дененің қалыпты жұмыс істеуін оңай бұзады.

Жыл сайын жылыту кезеңі басталысымен жағдай одан сайын нашарлайды. Сайтта көрсетілген статистикада ЖЭС іске қосылғаннан кейін, тұрғындар пеш жаға бастағаннан ауаның ластану деңгейі нормадан күрт асып, сәуірдің ортасына дейін өсе береді. Жылыту кезеңі аяқталғаннан бірнеше аптадан соң ғана ауа тазарады. Әрине, ауа тап-таза болмайды, бірақ ластану деңгейі үш-төрт есе төмендейді.

Қала тұрғындарына ауаның ластану деңгейін тексеріп тұруға кеңес беремін. Егер деңгей 70 МКГ/М3 белгісінен асып кетсе, көшеде ұзақ уақыт жүруге болмайды. Жүгірушілер мен велосипедшілер де абай болуы керек, өйткені физикалық жаттығу жасау барысында терең тыныс алғаннан, зиянды заттарды “тұтыну” ұлғаяды.

Скриншот с сайта airkaz.org (12.12.17)

Егер мен ауаның ластану деңгейінің 70-80-ге дейін көтерілгенін көрсем, жұбайым екеуміз арнайы маскалар киеміз. Респираторларды еbay-ден тапсырыспен алдыртамын, біреуі бір аптаға жетеді. Балаларға арналған өлшемдерін табу оңай емес. Балаларды қорғау қиын, өйткені мектепте немесе балабақшада ауаны бақылай алмайсың.

Мен Алматыдағы түтіннің неден пайда болатынын болжап, айтысуды қойдым. Бұл діни соғысты еске салады: біреулер көлікті, ал басқалары ЖЭС-ны кінәлайды. Шын мәнінде, оның себебі көп, бірақ бастылары — ЖЭС, жеке сектор және автомобильдер. Ластанудың ең ірі қайнар көзі — жыл сайын екі миллион тоннадан астам көмір жағатын ЖЭС-2. Көмірдің сапасы төмен. Ол — жанғанда көп мөлшерде зиян күл шығаратын екібастұздық көмір. Оның кейбір бөлігі биік құбыр арқылы атмосфераға тасталады.

Сондай-ақ бізде көмір жағатын жеке секторлар бар. Олардың арасында көліктің қаптамаларын да жағатындардың барын естідім. Газ орнату қымбат болғандықтан, арзан, күлі көп көмір қолданады. Жеке меншік иелері сүзгі қолданбайды, осылайша қалада түтіннің пайда болуына үлесін қосады. Әрине, автокөліктер де ауаның ластануына септігін тигізеді. Біздегі автопарктер ескі, ал бензиннің сапасы жиіркенішті.

Ластанудың басты себебін анықтау үшін ғылыми институттар қарқынды жұмыс істеуі қажет. Жыл бойы мониторингтер өткізіп, талдаулар жүргізіп, ғылыми база құруы керек. Содан кейін ғана ауаны не ластайтынын нақты айтуға болады.


Мен ересек адаммын. Алайда ауасы таза жерге кетіп қала алмаймын. Дегенмен кетіп қалу менің отбасым үшін экологиялық мәселені шешудің ең тиімді тәсілі


Мен ластану жөніндегі ақпаратты әдейі жасырады деп ойламаймын. Меніңше оны айтпаудың себебі мынада: ЕГЕР ҚАЛА БАСШЫСЫ КЕНЕТТЕН ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТ ТУРАЛЫ АЙТА БАСТАСА, БҰЛ МӘСЕЛЕНІ ШЕШУГЕ ТУРА КЕЛЕДІ: ЖЭС-НЫ ГАЗҒА АУЫСТЫРУ, ЖАНАР-ЖАҒАР МАЙ БЕКЕТТЕРІН ТЕКСЕРУ, ЖЕКЕ СЕКТОРДЫ ГАЗБЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ. Бұл — көктемде құрылыс жұмыстарын бастап, күзде аяқтайтын веложол салу емес, кем дегенде жиырма жыл уақытыңды алатын, ешқандай атақ әкелмейтін қиын жол.

Біздің халық әлі мәселенің қаншалықты ауқымды екенін түсінген жоқ, өйткені олардың бұған уақыты да жоқ. Баланы асырап, несие төлеу керек. Ал экология мәселесі қажеттілік пирамидасының мүлдем басқа деңгейінде орналасқан. БАҚ мәселені адамдарға дейін жеткізуі керек, тереңінен зерттеп, тергеу жүргізуі керек деп ойлаймын. Мәселенің қайдан басталатынын, және ауаның ластануына кім жауапты екенін анықтауы қажет.

Қаладағы жағдайды өзгерту жел диірмендерімен күресумен бірдей. Мен қарапайым қала тұрғынымын, белсенді немесе эколог емеспін. Қаладағы экологиялық апат туралы ашық хабарлайтын ресми ақпарат көзі болмағандықтан, мұны өз қолыма алуыма тура келді. Отбасыма уақыт бөлудің орнына өз ақшамды жұмсап, бұл мәселе жайлы айтамын. Адамдар айналасына көз тастап, қаланың проблемаларын шешетін құзырлы органдардан жауап алуға батылдық танытатынына үміттенемін.

Апатты болжайтын Кассандра болғым келмейді. Алайда күнделікті болып жатқан оқиғаларға қарасам, жақын арада ешқандай өзгеріс күтудің қажеті жоқ.



Александр Габченко

велоэнтузиаст

Алматы көп жылдан бері экологиялық апаттың шегінде ойнақшып тұр. Емханаларда көптеген азамат тыныс алу мүшелеріне шағымданып келеді. Мемлекет өз кезегінде оларды емдеуге миллиондаған қаражат жұмсайды, алайда проблеманың басты себептерінің бірімен күресу әлдеқайда арзан болар еді. Ауаның ластануы шегінен асып түсті, ал біздің билік бұл мәселеге тиісті назар аудармай жүр.

Пайдаланған газдың 80%-ы автокөліктен шығады. Демек, алдымен жол кептелісі мәселесін шешу қажет: автомобиль ағынын реттеп, көліктің санын азайтқан жөн. Ол үшін қала билігінің саяси ынтасының жоғары болғаны маңызды.

Ауаның ластануы бойынша жағдайды шешу үшін үкімет әзірше бір ғана қадам жасай алады. Ол — газбен қамтамасыз етуге бюджеттен қаржы бөлу. Мен 2019 жылға дейін бұл мәселені шешеді деп естіген едім. Оған қоса, "Самрұқ-Қазына" АҚ ЖЭС-2 газға көшіру жобасын әзірлей бастады, бұл — өте көп еңбекті қажет ететін және шығынды процесс. Олардың қолынан келе ме, жоқ па, білмеймін. Дегенмен, бұл шаралар ластану проблемасының 20%-ын ғана шешеді.

Ал алматылықтар қолжетімді және ыңғайлы қоғамдық көлік пен дамыған велосипед инфрақұрылымын талап ете алады. Сондай-ақ қаланың муниципалдық билік өкілдерінен жаяу жүргіншілер үшін қолайлы орта жасауды сұрау керек.



Тимур Нусимбеков

журналист

Ауаның ластануы — Алматы мен Қазақстанның көптеген қалаларының ең өзекті және маңызды проблемасы шығар. Әрине, Алматыда басқа да маңызды мәселелер бар: сапасыз жол жүйелері мен қоғамдық көлік, балабақшалар мен мектептерде орын жетіспеушілігі, қаланың криминализациясы мен маргинализациясы, ағаштарды жаппай кесу және қаланың оңтүстік шетінде ұлттық парк пен қорықтардың жерлерін заңсыз иемдену, ескерткіштер мен кинотеатрларды бұзып, олардың орнында джанк-фуд(зиян тамақ) мекемелерін салу және т.б. Бірақ ауаның ластанғаны жоғарыда айтылған проблемалардың бәрінен асып түседі.

Мен эколог емеспін, ғалым емеспін. Мен — осы тақырыпты зерттейтін қарапайым журналистпін және кейде экологиялық тақырыптарға деректі фильмдер мен роликтер үшін сценарий жазатын автормын. Бұл қорқынышты мәселені шешетін сиқырлы әрі әмбебап таяғым жоқ. Бірақ, менің ойымша, бұл мәселеде бір шешім болуы мүмкін емес, мұнда заманауи және тиімді шаралар кешені қажет. Ол үшін бірнеше қадам жасау керек:

 асфальттың орнына, шөп пайдалану;

көмірдің орнына, газ пайдалану;

жарамсыз қытайлық автобустардың орнына экологиялық таза көлік пайдалану;

сауда орталықтарының, жанармай бекеттерінің, букмекерлік кеңселерінің, кабактардың орнына, қолжетімді галерея, тәуелсіз, мәдени білім беру орталықтары, балабақшалар мен мектептер салу;

қорқынышты логотипті емес, әдемі, қар барысы, мұздықтар, алма мен гүлдер бейнеленген шынайы және экологиялық елтаңбаны таңдау. Оның үстіне Алматыны бұл символдарға лайық деп есептеймін. Себебі Алматы — әлемге алма мен қызғалдақ сыйлаған қала;

қоғамдық көлікті кеңейту және улы газ бөлетін автомобильдер санын азайту;

экологиялық өнер мен мәдениетті қудалаудың орнына, қолдау. (мысалы, алматылық суретші Паша Каспен болған оқиға);

экологиялық нормаларды енгізу, сондай–ақ Африка емес, Еуропа деңгейінде ауа мен отынды өлшеу;

ағаштарды кесудің варварлық жолын жалғастыру және жасыл аймақтар мен қорықтарды азайтудың орнына, жасыл қала мен ағаштардың құндылығын насихаттау;

көліктің таза түрлерін: трамвайларды, троллейбустарды, велосипед қозғалысын енгізу және кеңейту;

экологиялық таза қоғамдық көліктерді алып тастамау (Алматы трамвай жүйесін жою мысалында);

қорықты құрту және жемқор құрылыстың орнына, Алматының “өкпесі”- Көк-Жайлау ұлттық паркін қайта қалыпқа келтіру;

автомобиль жолдары мен жол айрықтарын емес, жаяу жүргіншілер аллеялары мен парктерді кеңейту;

көлік жүргізуші емес, жаяу жүргінші;

 посткеңестік популизмнің орнына, экологиялық активизм, экологиялық туризмді қолдау;

Өтірік мәселелер мен сұрақтармен күрескенше, маңызды проблемаларды шешу керек. Яғни, салық төлеушілердің ресурстары мен ақшасын қала тұрғындарының денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсау қажет. Ал оның орнына мемлекеттік қаржы көше атауларын Зимбабве-Солтүстік Корея стилінде өзгертуге жұмсалып жатыр. Сонымен қатар экологиялық және азаматтық белсенділерге қысым көрсетіп, қудалаудың орнына, жалпы проблемаларды шешу үшін бәріне біріккен жөн. Балабақшалардан, мектептер мен жоғары оқу орындарынан бастап жеке компанияларға, әкімдіктер мен министрліктерге дейін экологиялық тақырыпта сабақтар енгізу қажет. Біздің қалаларымыздың, аймақтарымыздың, жалпы табиғатымыз бен қорықтарымыздың жағдайына қарағанда, халықтың басым бөлігінің экология тақырыбындағы білімі төмен.

Проблеманың нақты ауқымын көру үшін тауға көтерілу немесе ұшып бара жатқан ұшақтың иллюминаторы арқылы қалаға көз тастау қажет. Айтпақшы, бұл ұшақтарда соңғы уақытта нашарлап бара жатқан экологияның әсерінен елден кетіп жатқан білімді азаматтардың саны артып жатқанын білу маңызды. Сондай-ақ мәселе ауқымын нақты бағалағыңыз келсе, AUA / Almaty Urban Air немесе airkaz.org сайтына кіріп, ауаның ластануының дәл қазіргі деңгейін көре аласыз. Қыста Алматы бойынша ластану деңгейі қызыл белгісінде тұр, яғни зиянды заттардың концентрациясы қалыпты деңгейден екі есе артық. Жұмыс күндері airkaz.org сайтында Алматының басым бөлігінде ауа ластануының күлгін және күрең қауіптілік деңгейін көрсеткен еді. Яғни ластану деңгейі нормадан тиісінше алты және он есе артық болды. Егер мәселенің қаншалықты қауіпті екені қызықтырса, улы ауадан туындайтын аурулар: өкпе, жүрек-қан тамыр және онкологиялық аурулар бойынша Алматы және ҚР бойынша статистиканы іздеп көріңіз.


Досым, өмірді таңда, адал өнерді таңда, сұлу және ақылды адамдарды таңда, экологияны және таза ауаны таңда


Өкінішке қарай, бұл жалғыз Алматыға қатысты мәселе емес. Ауаның ластануы бүкіл республика бойынша өзекті. Мен осы проблема бойынша мамандардың мақалаларын бақылап қана қоймай, Қазақстанның түрлі қалаларында: астанадан бастап, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Теміртау қалаларында түтіннің түрлі реңктерін көрдім. Саяси астана мен мәдени астана ауаның индустриялық және улы аудандардың ластану деңгейімен жарысатыны — таңғаларлық жағдай. Инновациялар, жасыл экономика, болашақ энергиясы және сананы жаңғырту туралы барлық сән-салтанат бұл проблеманың қасында бос сөз болып қалғаны анық. Таза ауасыз сана инновациялылық, рухани жаңғыру және қаланы гүлдендіруге емес, зиянды мутацияларға қарай модернизацияланады. Осы қайғылы фактіні назарға ала отырып, мен проблеманың нақты ауқымын түсінудің, оның шешімін табудың және дұрыс таңдау жасаудың уақыты келді деп есептеймін.

Мен бүкіл Қазақстанды араладым. Экологиялық құндылықтарды елемеу және нашар менеджментпен үйлескен ақымақтық пен ашкөздіктің қалаларды, табиғатты қандай жағдайға жеткізгенін өз көзіммен көрдім. Мұны Орталық Қазақстандағы тастанды қалалардан, Семей ядролық полигонынан, бұрын Арал теңізі орналасқан қазір шөл далада және ауасы ластанған және постапокалиптикалық ландшафты бар басқа да көптеген жерлерден көрдім. Менің қаламның мұндай жағдайға жеткенін қаламаймын. Алматының скандинавиялық экологиялық құндылықтарға, Бруклин джентрификациясына, Стамбул қоғамдық көлігі мен Амстердам велосипед жүйесіне қарай ұмтылғанын қалаймын.



МҰҚАБА: kursiv.kz , 1 -2 -3 - radiotochka.kz , 4 - youtube.com , 5 - wikimedia.org

Аударған: Ақерке Ораз