Ақтау — Қазақстанның оңтүстік-батысындағы Маңғыстау облысының әкімшілік орталығы. 2019 жылдың 1 қазанындағы статистикалық деректер бойынша, қалада 186 мыңнан астам адам тұрады.

1959 жылы Ақтаудың негізі қаланды. Ал 1963 жылы оған «қала» мәртебесі беріліп, 1964-1991 жылдары украин ақыны Тарас Шевченко есімімен аталды. 1990 жылы Ақтау Маңғыстау облысының әкімшілік орталығы болып бекітілді.

Табыс мөлшері

Ең төмен: 70–100 мың

Орташа: 150–200 мың

Ең жоғары: 200 мыңнан басталады

Қалалық орта


Қала Каспийдің жағасында орналасқан. Ақтаулықтардың көбі осы фактімен мақтанады. Жазы ыстық, жаңбыр аз жауады, шаңды жел болатын кездер сирек емес. Желдің кесірінен қысы қатал.

Ақтауда кейбір көшелердің ғана атауы бар, бірақ ешкім оларды атымен атамайды. Қала шағын аудандарға бөлінген. Қазір олардың саны 45-ке жетті. Таксистке 11-39 деп айтсаңыз болды, 11-шағын аудандағы 39-үйге жеткізіп тастайды.

Ақтауда тұрғын үй құрылысы қарқынды түрде өсіп жатыр. Алты жыл бұрын 31 «а» ықшам ауданында Маңғыстау облысының кедендік тексеріс департаментінің ғимараты ғана орналасса, қазір ол жерде басқа да үйлер мен мекемелер бой көтерген. Қаланың инфақұрылымы енді дамып жатыр. Барлық ірі сауда нүктесі, ауруханасы, банктердің көбі «ескі» Ақтауда орналасқан.

Көлік және жол саласы


Бұрын Ақтауда көлік кептелісі болмайтын, қазір бар. Себебі қаладағы халық саны өсіп жатыр әрі көлік жолдары тым тар. Қоғамдық көліктерге арналған арнайы жолақтар жоқ. Жеңіл көліктер автобустарға жол бермей аялдамада тұрып алады.

Қоғамдық көліктерден тек автобустар бар. Жол ақысы — 50 теңге. Автобустардың сапасына ақтаулықтардың көңілі толмайды. Себебі көліктердің көбі — ескі ПАЗ-дар. 2, 3 және 105-автобустар ғана ұзын әрі кең.

Таксидің қала бойынша құны — 300-400 теңге шамасында. Қазір Indriver, ЯндексТакси арқылы көлік шақыру кең тараған. ЯндексТакси-дің бір жақсысы, қалаішілік тасымалдау бағасы тұрақты — 350 теңге.

Аэропортқа дейін такси 1 000–1 500 теңге. Сондай-ақ ондай жерге автобустар да қатынайды.

Ақтау тұрғындары алматылықтар секілді велосипедке үйір емес. Мұнда велосипедтерді жалға беретін бекеттер мен жол бойында арнайы жолақ жоқ.

Баспана


Мұнда басқа қалаларға қарағанда пәтер алу оңай. Қазір шетте қалған тұрғындардың дені өз баспанасын сатып, жаңа ықшам аудандардағы пәтерлерге көшіп жатыр. Ал баспананың бағасы қай шағын ауданда орналасқанына байланысты. Жалпы, бір бөлмелі пәтердің құны төрт миллион теңгеден басталады. Элиталық тұрғын үйлерде бұл баға 20-30 миллион теңгеге дейін жетеді. Дәл осы сомаға үш бөлмелі бірақ жөндеуді қажет ететін пәтер сатып алуға болады.

Бір тәулікке пәтер жалдау 3-10 мың теңге. Бір бөлмелі баспананы ұзақ мерзімге жалдау айына шамамен 70-80 мың теңге тұрса, екі бөлмелі 100 мыңнан, орталықтан үш бөлмелі 150 мың теңгеден басталады.

Ақтауға келетін қонақтардың арасында Holiday Inn Aktau, Caspian Rivera Grand Palace, Nur Plaza, Renaissaince қонақ үйлері танымал. Онда бір күн қонақтау шамамен 20-30 мың теңге. Арзан мейманханалардан Ақтау және Silk way бар. Бір түнге 7-10 мың теңгеге қонып шыға аласыз. Хостелде 2-3 мың теңгеге бір түн қонып шығуға болады.

Азық-түлік


Қалада «Дана», Goodmarket, Altyn food, «Лидер» сияқты бірнеше супермаркет желісі бар. Сонымен қатар «Дина» және «Анвар» деген екі үлкен гипермаркет орналасқан. Тұрғындардың дені «Данаға» барады, себебі ол көп жерде орналасқан. Сондай-ақ жеміс пен көкініс сататын KazFruit және Alma нүктелері бар. Базарлардан «Сары базар», «Восточный», «Әлем» бар. Ол жерде бағаның супермаркеттегі бағадан айтарлықтай айырмасы жоқ. Әр сенбі сайын «Қасиет» медициналық орталықтың алдында азық-түлік жәрмеңкесі өтеді. Бұл жерде тауар бағасы супермаркет пен гипермаркетке қарағанда төмен деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Тұтынушылар «Жәрмеңке болғасын, азық-түлікті арзанға сатып аламын» деп ойлайды, саудагерлер мұны біліп, бағаны жоғарлатып қояды.

Төрт адамнан тұратын отбасы супермаркетте аптасына 20–30 мың теңге жұмсайды. Егер тек қажетті заттар алатын болсаңыз, бұл сома 10-15 мыңға дейін азаюы мүмкін. Бір келі картоптың бағасы — 100 теңге, пияздың бір келісі — 90 теңге. Кесек еттің келісі, кем дегенде, екі мың теңгеге шығады. Нанның құны — 75 теңге.

Ақтауға жақын Сайын Шапағатов ауылында сүт өнімдерін өндіретін бірнеше зауыт бар. Олардың тауары импорттық немесе басқа қалада өндірілетін тауарға қарағанда әлдеқайда арзан, сондықтан ақтаулықтар жергілікті өнімді тұтынады.

Ақтау тұрғындары атыраулықтар секілді балық жегенді ұнатады. Балық етімен жасалған бешбармақты біз «фишбармақ» дейміз. Сазанның бір келісі — 1 500 теңге тұраса, қызыл балықтікі 2 000 теңге. Мұнда қызыл балық Қазақстанның Қызыл кітабына енгеніне қарамастан сатылады. Сатушылар «Менде қызыл балық бар» демейді, «ет бар» дейді.

Ойын-сауық және мәдениет


Жастар «Ақтау» сауда және ойын-сауық кешенінде демалады, киім сатып алады, тамақтанады, кино қарайды. Тұрғындар мен қонақтардың көбі теңіз жағалауына барады. Жазда суға түсіп, қыста аққуларды тамашалайды. 2019 жылы күзде теңіз жағалауында «Жартасты соқпақ» атты серуен жолы ашылды, аз ғана уақытта ол ақтаулықтардың жиі баратын орнына айналды.

Суға түсу маусымдарында (шілде-қыркүйек) тұрғындар мен қала қонақтары Ақтаудан 25 шақырым жерде орналасқан Tree of life демалыс кешеніне барады.

Жылдам тамақтанғыңыз келсе, KFC, Buger King, Бархан Burger Shop, Zheka’s icе-ты табасыз. TripAdvisor-дың дерегіне сүйенсек, Ақтаудағы үздік үш мейрамхана қатарына Beef Eater Bar&Grill, Чечил Паб және «Шашлыки от дяди Гадима» кіреді. Мұнымен келісемін, ақтаулықтар ет жегенді жақсы көреді. Сондықтан стейк-хаустар мен шығыс асханасын жиі кездестіруге болады. Орташа чек — 3-5 мың теңге. Асханаларда 1-2 мың теңгеге тамақтануға болады. Бизнес ланч шамамен — 1 200 теңге, кешенді ас 800 теңге тұрады.

Ақтауда кофе сату бизнесі баяу болса да дамып келе жатыр. Қалада Starbucks, CostaCofee, Angels-in-us секілді үлкен франшизалар жоқ. Есесіне жергілікті кофеханалар жұмыс істейді.

Нұрмұхан Жантөрин атындағы драма театры, Абай атындағы мәдениет сарайы, Облыстық қуыршақ театры, Мұрат Өсінбаев атындағы облыстық филармония бар. Театрдың билет құны 500 теңгеден басталады. Ал қуыршақ театрына бару одан да арзан — 250 теңге.

Жақында Әбіш Кекілбаев атындағы мұражай ашылды. Ашылу салтанатына Қасым-Жомарт Тоқаев келді.

Қалада тек төрт кинотеатр бар. Ең үлкені «Ақтау» мен «Бәйтерек» сауда орталығында орналасқан. Ең ескі кинотеатр — «Юность 3D-ға» билет құны төмен болғанына қарамастан адамдар сирек барады. Өйткені репертуардағы фильм аз.


Мәтін: Арай Жауперова

МҰҚАБА: depositphotos