QazaqshaАлматыдағы қар күреу жүйесі кімге тиімсіз?
Қаладағы қар күреу жүйесі, гендерлік теңдік және әлеуметтік әділдік
Сулейман Демирел Университетінің ассистент-оқытушысы әрі about media in kazakh телеграм-каналының авторы Оразай Қыдырбаев Алматыдағы қар күреу жүйесі кімге ыңғайлы екенін, Швеция қар ашуда несімен ерекшеленетінін жазды.
Алматылық достарым қала әкімдігінің көбіне автокөлік жолдарына назар аударып, қоғамдық көлік дамуына аз қаржы бөлетінін, жаяу жүргіншілердің мүддесі екінші кезекке ысырылатынын жиі айтады. Әкімдіктің неліктен жаяулар мүддесіне жеткілікті назар аудармайтынын гендерлік теңдік, әлеуметтік әділдік пен сайламалы билік тұрғысынан қарастырып көрдім.
Бірнеше апта бұрын алматылықтар жексенбінің таңын қалың аппақ қармен, тап-таза ауамен қарсы алды. Бір түнде ондаған сантиметр қар жауып, ауадағы зиян қалдықтың бәрін сүзіп алған болатын. Атмосфераны әдеттегідей ЖЭС-2 ластап тастамай тұрғанда тезірек демалып үлгерейін деп, сол күні президент саябағына барған-дым. Әрине, қарапайым алматылық ретінде межелі орынға автобуспен жеттім. Аялдамадан түскенімде аяқ астымда қалың қар үйіндісі жатты, түс ауғанына қарамастан тротуар мүлде тазаланбаған еді. Дәл сол сәтте Саин мен әл-Фараби даңғылдарында тап-таза жолмен автокөліктер еш кедергісіз ағылып жатты...
Осы көріністі көргенімде Швециядағы гендерлік теңестірілген қар күреу (gender balanced snow removal) туралы бұрынырақта оқыған мақала есіме түсті. Швецияның кейбір қалаларында ең алдымен тротуарлардың (оның ішінде, мектепке, балабақшаға, ауруханаға апаратын тротуарлар), содан кейін велосипед пен автобус жолақтарының, ең соңында автокөлік жолдарының қары күреледі екен. Ал бізде бірінші кезекте автомобиль жолына назар аударылады. Ең қызығы, Швецияның көше тазалау жүйесі «гендерлік теңестірілген қар күреу» деп аталады.
2012 жылға дейін Швецияның Карлскуга қаласында қар күреу үрдісі дәл біздегідей болған. Алдымен автокөлік жолдары, содан кейін жаяулар жолы тазаланатын. Бірақ кейінірек бәрі өзгерді
2012 жылға дейін Швецияның Карлскуга қаласында қар күреу үрдісі дәл біздегідей болған. Алдымен автокөлік жолдары, содан кейін жаяулар жолы тазаланатын. Бірақ кейінірек бәрі өзгерді. Мұның гендерлік теңдік мәселесімен қандай байланысы бар? Швецияда әдетте көлікті көбіне ерлер қолданады да, әйелдер жаяу жүріп, қоғамдық көлік қызметін тұтынады. Яғни қала әкімдігінің қардан тазалау жүйесі ерлер мен әйелдерге екі түрлі әсер етеді екен. Сонымен қатар, қары күрелмеген тротуарда жүрген жаяу жүргіншілер қардан ашылмаған жолмен жүрген авто иелеріне қарағанда 3 есе көбірек зардап шегетін болған, ал олардың көбі — әйелдер. Жапа шеккендердің емделуі мен еңбек өнімділігінің төмендеуінен келген шығын қар күреуге кететін шығыннан әлдеқайда көп болыпты.
Әкімдік қар күреу процесіне гендерлік перспективадан анализ жасай отырып, әдетте тазалау кезінде ер адамдардың «кеңістігіне» басымдық берілетінін байқайды. Алдымен айналма жолдар, маңызды автокөлік жолдары (оның ішінде көбіне ер жұмысшылардың жұмыс орындарына апаратын жолдар), ең соңында автобус жолдары мен аялдамалар, тротуарлар мен велосипедшілер жолағы тазаланатын.
Зерттей келе, Швеция әкімдігі жолды мынадай реттілікпен тазалауды ұйғарды:
Балабақша мен бастауыш мектепке апаратын жолдар. Себебі көп ата-ана жұмысқа бармас бұрын әуелі осы мекемелерге соғып өтеді.
Ірі жұмыс орындарына апаратын жолдар (бұлардың тізіміне әйел жұмысшылар басымдыққа ие ауруханалар мен коммуналдық нысандар енгізілген).
Мектепке баратын жаяулар жолы мен велосипед жолақтары.
Көлік жолдары.
Әкімдік автокөлік жолдарын тазалауға басымдық беру арқылы жеке көлікке жағдай жасағандықтан оның саны одан әрі артып отыр
Әкімдіктің бұл шешімі қар күреу шығындарын еш арттырмапты, кемітпепті де. Есесіне қала кеңістігі баршаға ортақ, бәріне, әсіресе, көлікпен жүру мүмкіндігіне ие емес мектеп оқушыларына ыңғайлы болыпты. Бүгінде Карлскуга қаласының қар күреу моделі мемлекет астанасы Стокгольмнан бастап, Швецияның біраз елді мекеніне енгізілген. Қазірде бұған Канада билігі де қызығушылық танытып жатыр.
Енді өз қаламызға келейік. Бірнеше апта бұрын Алматы әкімдігі мен Бақытжан Сағынтаевтың парақшаларын Instagram stories-те белгілеп, осы мәселені көтерген едім. Әкімдік автокөлік жолдарын тазалауға басымдық беру арқылы жеке көлікке жағдай жасағандықтан оның саны одан әрі артып отыр. Ал автомобиль көбейген сайын көше шуы мен ауадағы зиянды қалдық мөлшері, көлік апаттары мен кептелістер көбейе бермек. Осылайша қала экологиясы мен экономикасына залал келген болады. Ең өкініштісі, көлік шуы мен түтінінен автомобиль қолданушылардың өзі емес, ең алдымен, аялдамадағы мектеп оқушылары, тротуардағы жазықсыз жаяу жүргіншілер зардап шегеді. Олар қала экологиясына ең аз залал келтірсе де, көбірек жапа шегуші болып отыр.
Жаяулар жолы мен қоғамдық көліктің негізгі қолданушылары - мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер, еңбек мигранттары, әлеуметтік аз қамтылған тұрғындар. Осылайша әкімдік тротуар тазалығын соңғы кезекке ысыру арқылы әлеуметтік әділетсіздіккке де жол беріп жатыр. Жоғарыдағы мәселелерді айтып, «Бізде Швециядағыдай қар күреу жүйесі қашан пайда болады?» деп сұрағанмын.
Әкімдіктің ресми парақшасы бірден кері байланысқа шықты. Өтінішім қабылданып, жауапты тұлғаларға нұсқау берілгенін айтты. Тіпті, бірнеше күннен соң өтінішім орындалғаны жайлы хат та келді. Саябақ маңындағы тап-таза тротуардың фотосын жіберуді де ұмытпапты. Қала әкімшілігінің баспасөз қызметіне оперативтілігі үшін алғыс білдіремін. Дегенмен, мен «тротуарды тазалаңызшы» деп өтінбеген едім, жай ғана сұрақ қойдым. Әкімдік қызметкерлері сұрағымды түсінбеген сияқты. Инклюзивтілік, адам құқығы, гендерлік теңдік жайлы білік баршамызға керек-ақ.
фото 2,3: Сөмке сүйреген әйел. Бұл фото Алматы әкімдігі өтінішім толық орындалғаны жайлы хат жазған күні кешкі уақытта түсірілді. Шаляпин мен Абай көшелерін байланыстыратын шағын ғана жол. Көлік жолы жақсы тазаланған, ал тротуарға мүлде көңіл бөлінбеген. Әйел сөмкесін автокөлік жолымен сүйретіп келеді. Өйткені тротуармен жүру мүмкін емес. Ал машина жақындағанда ол жол шетіне ығысуға мәжбүр.
Швеция үкіметінде әйел саясаткерлердің үлесі көп, парламентінде әйел репрезентативтілігі жоғары әрі әкімдік қызметкерлері адам құқығы жайлы түсінікке ие болғандықтан осындай оңтайлы жүйе қалыптасқан
Неге Швецияда гендерлік теңестірілген қар күреу жүйесі бар да, бізде әлі күнге осыған ұқсас жүйе жоқ? Мұның жауабын екі мемлекеттің жергілікті басқару жүйесінен және шешім шығарушы тұлғалардың инклюзивтілік түсінігінен табамыз. Швеция үкіметінде әйел саясаткерлердің үлесі көп, парламентінде әйел репрезентативтілігі жоғары әрі әкімдік қызметкерлері адам құқығы жайлы түсінікке ие болғандықтан осындай оңтайлы жүйе қалыптасқан. Карлскуга қаласының ресми сайтынан қалалық атқарушы комитет (kommunstyrelse) мүшелерінің тізімін қарап көрдім. Карлскугада қалалық атқарушы комитет біздегі қала әкімшілігінің қызметіне ұқсас функцияны орындайды. Сайттағы мәліметке сенсек, муниципалитеттің атқарушы комитетіне түрлі партиядан шыққан 9 өкіл мүшелік етеді әрі оның 6-уы әйелдер екен. Яғни қала администрациясында әйел саясаткерлердің саны басымдыққа ие және олар қаланы жобалау үрдісіне ықпал етеді. Атқарушы комитетті Карлскуганың қалалық кеңесі (kommunfullmäktige) тағайындайды екен. Ал 77 өкілден құралған қалалық кеңес тұрғындар тарапынан тікелей сайланады әрі бұл кеңес қала өміріндегі маңызды шешімдерді қабылдайды. Өкінішке қарай, қалалық кеңесі өкілдерінің гендерлік пропорциясын анықтай алмадым.
Қала әкімдігінің сайтындағы ақпарат бойынша, қала әкімі, қала әкімінің орынбасары, әкім аппаратының басшысы, аудан әкімдері, әкімдіктің әдеп жөніндегі уәкілі лауазымын атқарушылардың барлығы — ер адамдар
Енді Алматы қаласы басшыларының гендерлік әралуандығына назар аударып көрелік. Ең алдымен, Алматының бізге белгілі тарихында бір де бір әйел әкім кездеспейтінін атап өткім келеді. Қала әкімдігінің сайтындағы ақпарат бойынша, қала әкімі, қала әкімінің орынбасары, әкім аппаратының басшысы, аудан әкімдері, әкімдіктің әдеп жөніндегі уәкілі лауазымын атқарушылардың барлығы — ер адамдар. Қалалық мәслихат хатшысы - ер адам, ал қалған 33 депутаттың тек алтауы әйел екен. Бұл алты әйел депутат қаладағы әйел қауымға шынайы өкілеттік жасап жатыр ма? Қаладағы әйел тұрғындардың мәселесін қаншалықты көтеріп жатыр? Бұл — басқа мәселе. Сондай-ақ қаланың мобилділік басқармасын, қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасын, қалалық жасыл экономика басқармасын, жайлы қалалық орта басқармасын, стратегия және бюджет басқармасын, т.б. маңызды басқармаларды түгелге дерлік еркек жұмысшылар басқарады екен.
Неліктен әкімдіктегі лауазымды тұлғалардың жыныстық құрамына үңіліп отырмын? Себебі тек еркектерден, бір көзқарас өкілдерінен құралған билік қаласа да, қаламаса да, қалаға бір көзбен - тек ер адамдар көзімен қарайды. Ерлердің кеңістігі мен ыңғайына басымдық береді. Мәселенің шешілуі үшін қала әкімшілігі қалаға әйелдердің, ата-аналардың, жастардың, зейнеткерлердің, жаяу жүргіншілердің көзімен қарай алуы керек. Қаланы жобалау кезінде балалардың, зейнеткерлердің, студенттердің, мүгедектердің, әйелдердің мүддесі ескерілуі тиіс. Басшылықта орта жастағы адамдар ғана ғана емес, түрлі топ өкілдері қызмет атқаруы қажет. Сонда ғана әкімшілік қалаға басқаша қарау қабілетіне ие болады. Ал түрлі топ өкілдерін басшылыққа тартудың ең тиімді әдісі - тұрғындардың тікелей сайлауы. Қазіргі саяси жүйемізде қаламыздың әкімі тұрғындар тарапынан сайланбайды, керісінше, мемлекет билігі тарапынан тағайындалады. Сондай-ақ, әкімшілік жұмысына бақылау жүргізуі қажет жергілікті мәслихат та әлсіз институт болып отыр.
Қарапайым қала тұрғындары проблеманы жақсы білетін, шешім ұсына алатын, бастысы, өз арасынан шыққан адамды әкім етіп сайламайынша, бұл үрдіс жалғаса бермек.
Жұмысқа қала сыртындағы қымбат коттеджінен жеке көлік жүргізушісімен келетін, балалары жекеменшік мектепте оқитын, қоғамдық көлікті тек метроның ашылуында немесе электробустың іске қосылуында фотосессия үшін пайдаланатын, көбіне ер адамдардан құралған, тұрғындардың сайлауы нәтижесінде емес, жоғары жақтың тағайындауы арқылы басшылыққа келген әкімдіктегі шешім қабылдаушы тұлғалар жаяу жүргіншілердің мәселесін ешқашан түсінбейді. Түсіне алмайды. Ал қарапайым қала тұрғындары проблеманы жақсы білетін, шешім ұсына алатын, бастысы, өз арасынан шыққан адамды әкім етіп сайламайынша, бұл үрдіс жалғаса бермек.
Швециядағы қар күреу моделін дәл сол қалпында Алматыға әкелу керек деп пікір білдіруден аулақпын. Екі мемлекеттің географиялық ерекшеліктерін, технологиялық әлеуетін есепке алу қажет деп ойлаймын. Бұл үндеуім арқылы қар күреу процесі сияқты күнделікті өміріміздің ең елеусіз сәттерінің өзін әлемге тек еркек көзқарасымен қарайтын патриархал жүйе қалай қалыптастырып жатқанын көрсеткім келеді. Қала — бәріміздің ортақ үйіміз, қала кеңістігінің автокөлік қолданатын орта жастағы әлеуметтік жағдайы жақсы еркектердің ғана кеңістігі емес екенін жеткізгім келеді. Қаланың саяси өміріне тұрғындардың тікелей араласа алуы, басшылықта түрлі топ өкілдерінің болуы қаншалықты маңызды екенін түсіндіргім келеді. Ал саясат дегеніміз — «Иран мен АҚШ соғысқан жағдайда қайсысына жақтасамыз?» деген сұраққа жауап іздеу ғана емес, ең алдымен, көшедегі қарды қалай күрейтінімізді анықтау.
Мұқаба: musorovoz
Комментарии
Подписаться