27 желтоқсан сағат 07:22-де Алматыдан астанаға бағытталған Bek Air ұшағы жоғарылай берген кезінде биіктікті жоғалтып, бетон қоршауды тесіп өтіп, екіқабатты ғимаратқа соқтығысты. Бортта 93 жолаушы мен үш экипаж мүшесі болған.

Оқиға орнында құтқарушылар бригадасы жұмыс істей бастаған, зардап шеккендерді ауруханаларға алып кеткен. ҚР премьер-министрі орынбасары Роман Склярдың айтуынша, құтқару операциясына 1 000-ға жуық адам тартылған. Ұшақтың құлауының нақты себебі әлі анықталмады. Әзірге 12 адамның қаза тапқаны, 66 жолаушының зардап шеккені белгілі. Олардың арасында балалар да бар.

ІІМ қайтыс болған адамдар тізімін жариялады, оның ішінде әзірге 12 есім ғана бар. Қайтыс болғандардың туған-туыстары, достары және сыныптастарымен сөйлестік.


Бауыржан Қалиев , 41 жаста

Айтып жатқан жақын туысы Алина

Менің ағам, Қалиев Бауыржан, әрқашан өте ақылды болған. Мектепті алтын белгімен, университетті қызыл дипломмен бітірді. ІІМ-де тергеуші, артынан капитан болып қызмет етті. Кейін бизнеске кетті. Үйленген, үш баласы бар.

Оның болашағы зор еді. Балаларына жарқын өмір сыйлағысы келді. Осылай боларын кім білген. Әлі күнге дейін ешкім сене алар емес. Бауыржан Нұр-Сұлтанға жұмыстарымен баруы керек болатын, кешке Алматыға қайтып келуін күткенбіз. Қазір оның ата-анасына өте ауыр. Өз балаңнан айырылу үлкен қасірет қой.


Арман Исина, шамамен 50 жаста

Айтып жатқан құрбысы және әріптесі Аида Альжанова

Фото Арманның инстаграмынан алынды, Арман сол жақта

Біз екеуіміз 2007-2008 жылдары репродуктивті денсаулық бағдарламасына қатысты БҰҰ Қорының жобасында жұмыс істеп жүріп танысқанбыз. Ана өлімі мәселесін зерттеген едік. Оның әділеттілік сезімі ерекше болған. Бірбеткейлігі ұнаған соң екеуміз достасып кеттік.

Ол білімі бойынша акушер-гинеколог болған, ел аралап денсаулық сақтау мәселесі бойынша ұйымдарға кеңес беретін. Медицина саласының үздік бапкері. Іссапарларда жиі болатыны соншалық, күйеуі : «Басқа отбасыларда іссапарға үнемі күйеулері ұшса, ал бізде әйелім жиі шығады» деп әзілдейтін. Арманкеше Алматыдағы тренингін аяқтап, Нұр-Сұлтанға ұшып бара жатқан.

Олардың қызы бар, үш жыл бұрын ұлды болған. Күйеуі бүгін ұшып келуі керек, апат жайлы енді естіген шығар.


Сания Аманжол, 21 жас

Сания ҚазҰУ-дың соңғы курсында оқып жүрген. Ол Павлодар облысының тумасы еді.

Айтып жатқан мектеп құрбысы

Сания өмірге құштар адам болды. Достарын жақсы көретін, өзін қабылдауды білетін. Оны бала кезімнен бері білемін, үнемі көңілді болып көрінетін. Санияны ойласам, ең біріншіден күлкісі есіме оралады. Жарқын әрі шынайы болатын.

Соңғы уақытта құрбылаымен жиі саяхаттайтын, жоспарлары көп болған. Дүниеден озғаны өте ауыр.


Николай Асташов, 49 жаста

Николай Асташовтың жұмысы мен бизнесі жайлы ақпарат аз. Оның компаниясының IT-қызмет көрсететінін ғана біле алдық. Бәрі оны хоббиі арқылы біледі: Николай танымал балықшы және балық аулау спортының шебері болған. Әлеуметтік желілерде ол көбіне табиғат аясында достары және ұстаған балығымен түскен суреттерін жариялайтын. Оны жылы шырайлы және жақсы адам ретінде сиппатайды.

«Ол да мен секілді балық аулауды жақсы көретін, - дейді оның досы Мади, - ал балықшылар бір-бірін жиі көреді, форумдар мен чаттарда сөйлеседі. Мен оны жеке танитынмын, балық аулау клубында бірге болдық. Білуімше Николай - балық аулаудан спорт шебері. Ірі ресми республикалық жарыстарға әртүрлі дисциплина бойынша қатысып, жүлдері орындар ұтқан.

Адам ретінде көңілді, көпшіл, достары көп болатын. Олардың арасында шетелдік балық аулаушы-спортшылар да бар. Табиғатты қатты жақсы көретін, бүкіл бос уақытын тауда, өзен-көлде өткізетін. Өте дұрыс жігіт болған».


Дана Круглова, тілші, жасы 35-те болған

Қайтыс болғандар тізімінде біздің әріптесіміз,«Информбюро» басылымының редакторы Дана Круглова бар. Ол ұзақ күмәнданып жүріп, Жаңа жылды ата-анасымен Астанада қарсы алуды шешкен.

Informburo.kz сайтының бас редакторы Михаил Дорофеев Дана жайлы

«Дана Круглова нағыз журналист еді. Оның мақалалары талқы тудырып, редакцияның барлық қызметкеріне үлгі болатын. Қаңтарда Дана шығарушы редактор болды, ал желтоқсанда тергеу бөлімінің басшысы атанды. Ол әділ, қайсар әрі объективті болған. Бұл — бәріміз үшін үлкен қаза», — дейді Михаил.

Өзінің инстаграм-парақшасында Дана оның ісіне деген адалдығына тамсанатын достарымен түскен суреттерін жариялайтын.

Дананың құрбысы Вероника Фонова

Екі апта бұрын біз «Феминита» митингісінде кездестік. Онымен акциялар, перфоманстар, лекциялар мен марштар секілді құқық пен еркіндікке бағытталған іс-шараларда жиі кездесетінбіз. Дана үнемі әділеттілік пен шындыққа жақ болатын.

Митинг біткен соң біз бар іздеп кеттік. Жексенбілік таңда бәрі жабық болды. Сондықтан бургерге тойып алдық. Бұл отырыс есімнен кетпейді. Күліп, жаңалық алмасып, тұрмыстық заттарды талқылап отырғанбыз.

Дана маған тергеу бөлімінің басшысы болғанын айтты. Жалпы жұмыс жайлы көп сөйлестік. Ол өз жұмысын мақтан тұтып, ісін жақсы көретін. Ештеңеден қорықпайтын. Өзекті, маңызды және қажетті тақырыптарды қозғайтын.

Сонымен қатар ол үнемі көңілді боп жүретін, көңіл көтеуді білетін. Оның сарқылмайтын энергиясына таңғалатынмын. Құшақтағанда да жылулық пен рухтандыратын леп сезінетін едім. Дана өте мейірімді әрі шынайы болған.

Ол біз үшін көп нәрсе істеді, сондықтан болар өте құнды жан болатын. Адам ретінде. Дана өз өмірін ауыр іспен байланыстырып, жақсы өмірге жол салды.


Рустем Қайдаров, 79 жаста

Рустем Есімханович Шығыс Қазақстандағы Сосновка ауылындағы орманшылардың отбасында дүниеге келген. Отбасына көмектесу үшін жас кезінен жұмыс істеуге тура келген. Анасы қайтыс болған соң әкесінің отбасын асырау жүгі арта түскен. Рустем жүк тасушы, тракторшы, комбайнер болып жұмыс істеген. Әскердегі қызметінен кейін ҚазҰУ-дың заң факультетіне оқуға түскен. Университетте ол өзінің болашақ жары — Айменмен танысып, онымен көз жұмғанша өмір сүрген.

Өзінің кәсіби қызмет жолында Рустем Қайдаров тергеуші қызметінен республиканың ішкі істер орынбасарына дейін көтерілген. Одан бөлек Рустем Есимханович ұстаздық қызметін жүргізген.

Баяндап жатқан Талғат Қанали, шамамен, Рустем Қайдаровтың шәкірттерінің бірі

«Бүгін қайғылы апатта менің ұстазым, тәлімгерім, нағыз офицер, «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Президиум төрағасы, әділет генерал-майоры Қайдаров Рустем Есімханович қайтыс болды.

Маған әкелік қамқорлық пен үлкен жанашырлықпен қарайтын. Мен әкемді жоғалтқаныма көп жылдар өтті, Рустем-аға маған әкемдей болды.

Мен оның қуатына үнемі таңқалатынмын, ол әрдайым барлық іс-шараларға қатысып, көп жыл бойы әртүрлі қалалар мен елдерге ұшатын. Маған бірнеше рет оның жолсерігі болу бұйырды. Көптеген тарихи әрі маңызды шараларда Рустем ағаның жанында болғаным үшін тағдырға алғысым шексіз. Мұндай жағдай болғанын түсіну мүмкін емес.

Иманды болсын».


Абай Нұрбеков, 34 жаста

Абай Нұрбеков электрик болып істеген. Көршісінің сөзіше бүкіл отбасын Арқалықтағы ата-анасына алып бару үшін ұзақ уақыт бойы ақша жинаған. 27 желтоқсанда ол бүкіл отбасымен елордаға жол тартқан. Қасында әйелі Бекжанова Нағима және төрт баласымен: Нурбекова Мариям 12 жаста, Али сегізде, Әділ 10 жаста және үштегі Адина болған. Қазір Абайдың барлық баласы мен жұбайы жан сақтау бөлімінде жатыр.


Марат Мұратбаев, 59 жаста

Капитан Мұратбаев Марат 58 жаста болған. ҚР ТЖ комитеті хабарлауынша, ол оқиға орнында жан тапсырған. Марат Т. Я. Бегельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери инситутын бітірген. Куәлікке сәйкес (ATPL № 000179) 2024 жылдың 26 сәуіріне дейін оның әлі төрт жыл ұшуға мүмкіндігі болған.

Айтып жатқан сыныптасы Виталий Хен:

Ол өте ашық жан еді. Зұлымдық пен екіжүзділікке жоқ болатын. Әділ, адал. Өзінің мамандығын сүйетін. Кішкентайынан ұшуды армандаған… Белсенді болды. Достарымызда не болып жатқанын үнемі біліп жүретін. Ешқашан ешкімге ешқандай өсек-аян айтып, артынан сөйлеген емес. Әрдайым жұмысбасты болып жүретін.

ҚР Вице-премьер-министрі Роман Скляр Марат Мұратбаевты тәжірибелі ұшқыш деді.

«Әуе кемесінің командирі Муратбаев Марат Ганиевич, 1961 ж. Өте тәжірибелі ұшқыш. Екінші ұшқыш ауыр жарақат алған, қазір ауруханада жатыр. Ал ол басқарған әуе кемесі 1996 жылы шыққан. Ұшу жарамдылығы бойынша сертификаты осы жылдың мамырына дейін созылған. Аталмыш әуе кемесі қазақстандық тізілімде 2016 жылдың 26 тамызында тіркелген. Bek Air компаниясында жалпы 10 ұшақ бар, оның тоғызына ұшуға жарамдылығын растайтын сертифат берілген», — деді Роман Скляр Алматыдағы баспасөз-баяндамасының барысында.

№176 орта мектептегі сыныптастары айтып жатыр

Біздің асыл досымыз бен жолдасымыз Марат Мұратбаевтың өліміне сене алар емепіз. Жақындары мен туыстарына көңіл айтамыз. Оның анасы Кермахас Жұмаділдаеваға қадірлі адам тәрбиелегенін айтқымыз келеді. Жұбайы Айтгүлге бекем болып, оның достарының қолдауына сене алатынын еске саламыз, ал балаларына әкесінің рухын құрметтеп, оған лайық ұрпақ болыңдар дейміз! Жатқан жерің жарық, топырағың торқа болсын, қадірлі дос!


Амина Оспанова

Әзірге Оспанова Амина Фатеевнаның №4 қалалық клиникалық аурухана стационарына көптеген зақым алып түскені, елу жеті жасында қайтыс болғаны белгілі.

Әзірге біз қаза болған басқа адамдардың жақындарымен байланыса алмадық. Материал жаңарып тұрады. Шын нитпен көңіл білдіреміз.


Фотографии: 1 предоставлена сестрой, 2 — instagram, 3 — facebook, 4 — facebook, 5 — voxpopuli, 6 — facebook, 7 — vk, 8 — предоставлена другом

Аударған: Дастан Аққожа