QazaqshaҚазақстанда етсіз өмір сүру мүмкін бе? Дәстүрлі отбасыдан шыққан веганның әңгімесі
Етсіз өмір, қоғамдағы таптаурындар мен жаңа дағдылар
Дисклеймер: Автордың пікірі редакцияның пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін
Сулейман Демирел университетінің оқытушысы әрі Нархоздың докторанты Айгерім Құсайынқызының вегандық өмір салтына көшкеніне бес жыл болды. Бүгінгі сұхбатта ол қазақ қоғамында веган болудың ерекшеліктері мен өзінің жинаған тәжірибесі туралы айтып берді.
Текст
Вегандыққа қалай келгені жайында
2014 жылы 31 қаңтарда соңғы оливьемді жеп, 2015 жылы вегатериандыққа көштім. Ал 2018 жылдан бастап таза веган болдым. Міне, бұл өмір салтын ұстанып жүргеніме биыл бес жыл. Енді 2020-дан бастап роу-вегандыққа ауыссам ба деймін. Бұл мен үшін жаңа белес болмақ.
Леонардо да Винчи, Махатма Ганди, Стив Джобс, Тесла — бәрі ет жемеген. Олардың бұл өмір салтын таңдау себебі де әртүрлі еді. Бірі жануарларға жанашырлықтан, бірі денсаулығын ойлағаннан, бірі қоршаған ортаның ластануына қарсы болғандықтан вегандыққа көшсе, менің бұл өмір салтын таңдауыма жоғарыдағы себептің бәрі әсер етті. Өйткені мен вегандыққа ғылым арқылы келдім.
«Біз қасқырдан кейін етженді жаратылыспыз» деген қазақтың тапқан мысалына құр сеніп, соны қайталап жүргенмін. Бар қызық 2014 жылы Канадаға оқуға түсіп, вегандардың ортасына тап болған кезде басталды. Мен колумбиялық және француз қызбен бір бөлмеде тұрдым. Тоңазытқышта үшеуіміздің тамағымыз үштүрлі болатын. Франциядан келген Софидің сөресінде банан, брокколи сияқты көкөністер мен жеміс-жидектер болса, ал менің сөремде күріш, картоп, шұжық сияқты ауыр тағамдарды ғана табасың.
Меніңше, бұл өмір салтын олай бастаған дұрыс емес. Оны тереңінен зерттеп, алыстан қарастыру керек. Пазлдың бір ғана бөлігін емес, үлкен картинаны көру керек
Бір күні Софи маған келіп, әкелі-балалы Кэмпбеллдің «Қытайлық зерттеу» кітабын берді. Басында аса назар аудармай, қызықпай қойғанмын. Аптаның әр жұмасында бөлмедегі қыздармен пиццаға тапсырыс беріп, бірге тамақтанатынбыз. Сол кезде Софи менен кітап жайлы сұрап, оқымағанымды білгенде бұл кітаптың менің өмірімді өзгертетінін айтты. Қызықтырды.
Расымен, Кэмпбеллдің кітабын оқыған соң өмірге деген көзқарасым түбегейлі жаңарды. Бұл өте танымал зерттеу екен. Ал мен зерттелген, ғылыми дәлелденген теорияларды жақсы көремін.
Кітаптың жазылуына 70-жылдары Қытай премьер-министрінің асқазанның қатерлі ісігіне шалдығуы себеп болған. Меніңше, ауруға шалдыққан әр адамда «Неге мен?» деген сұрақ туады. Бұл сауалдың жауабын білу үшін осы зерттеу жасалған. Сол кездері Қытайдың халық саны 800 миллион болды. Отыз жылға созылған зерттеуге 800 миллион адамның 600 миллионы тағамтану институтының талдауынан өтеді.
Біз жылқының, қойдың етін жейміз. Демек, біздің мінез де бұл жануарлардың болмысына ұқсайды
Зерттеудің нәтижесінде кез келген адамның өмір сүру ұзақтығы оның тамақтануына тікелей байланысты екені анықталған. Соның ішінде, етке байланысты корреляция бар. Естептеулерім бойынша бір адам бір жыл ет жемесе, 42 жануардың өмірін сақтайды екен.
Адам не жесе, сол болады. Қазақтарды не үшін қоймінезді дейді? Не үшін халқымызды жақындап кетсең, тебінетін, алыстап кетсең, кісінейтін жылқыға теңейді? Біз жылқының, қойдың етін жейміз. Демек, біздің мінез де бұл жануарлардың болмысына ұқсайды. Мен осыны зерттей бастадым, корреляцияны іздеуге кірістім. Адамның жейтін тағамы өміріне қалай әсер ететінін анықтағым келді. Соған байланысты бірнеше диссертацияны оқыдым.
Көп адам сойып жатқан малды, не жапа шеккен жануарды көріп, аяушылық сезімінің әсерінен вегандыққа келеді. Меніңше, бұл өмір салтын олай бастаған дұрыс емес. Оны тереңінен зерттеп, алыстан қарастыру керек. Пазлдың бір ғана бөлігін емес, үлкен картинаны көру керек.
Бірақ біздің елде бұл көрсеткіш үш жылдан аспайды. Австралиядағы меринос қойы мен Қазақстандағы қарақұйрықтың тағдыры екітүрлі ғой
Жиған-тергенімді зерттей келе, вегандықтың тағы бір үлкен артықшылығына көзім жетті. Еттен бас тарту — климаттың жақсаруына әсер етеді. Бүкіл адамзат вегатериандыққа көшсе, жаһандық жылынудан сақтанып, орташа температураның көтерілуін алдын алуға болады. Көбі климаттың өзгеруі мен еттен бас тартудың арасындағы байланысты бірден көре бермейді.
Жаһандық жылынуға әсер ететін себептердің бірі — мал шаруашылығы. Себебі мал шаруашылығынан атмосфераға бөлетін зиян газдар машина шығындысынан да ауыр. «...Қоралардың қабырғалары тек әйнектен жасалса, бүкіл адамзат вегатериан болар еді» деген Пол Маккартни. Сөзінің жаны бар сияқты.
Вегандыққа келуіме, екіншіден, мамандығым әсер етті. Яғни мен планетаның азаматы ретінде «Жаһандық жылынуды қалай азайтамын?» емес, заңгер ретінде «Жануарлардың құқыға бар ма?», «Құстың құқығы бар ма?, «Қойда құқық бар ма?» деген сұрақтарға жауап іздеймін. Ешбір заңгер жоқ деп жауап бермейді. Жануарларда да құқық бар. Бірақ Қазақстанда емес.
Ермек Тұрсынның мақаласынан қойдың орташа өмір сүру ұзақтығы 12 жыл дегенді оқыдым. Бірақ біздің елде бұл көрсеткіш үш жылдан аспайды. Австралиядағы меринос қойы мен Қазақстандағы қарақұйрықтың тағдыры екітүрлі ғой.
Жануарларды бала кезімнен жақсы көремін. Оның үстіне, бес жасымдағы оқиға әлі есімде. Ауылға барған кезімде менің көзімше қоршаудан секірмекші болған құлынның қарнына темір кіріп, қайтыс болған. Сол кезде құлынның көзінен жас аққанын көрдім. Бұл менің қазіргі көзқарасыма әсер етті.
Бұрын туыстарым қонаққа келген сайын зообаққа баратын едім. Бірақ Канадада көзқарасым өзгерген соң мен жануарларды торға қамауға қарсы жиналыстар мен митингілерге қатыстым. Зообақтағы, цирктегі аңдардың құқығын қорғап, оларды қорлауға қарсылық білдіріп жүрдім. Себебі далада өмір сүруі керек аң адамның ойын-сауығы үшін жаратылмаған. Мысалы, зообақтағы қасқырдың орташа өмір сүру ұзақтығы 8 жыл болса, орман қасқыры 15 жыл өмір сүреді екен. Тіпті, торда қамалған аңдардың қайғыдан өлетіні ғылыми дәлелденген. Демек, олардың сезімі бар ғой. Ал мен сезімі, құқығы бар жаратылысты жеуден бас тартамын.
Ет жемеудің артықшылықтары
Вегандық өмір денсаулығымды жақсартып қана қоймай, энергиямның көбеюіне әсер етті. Мысалы, асқазан етті төрт сағат, ал шөпті қырық минут қорытады. Осылайша артық қалған энергия ұйқымның тез қануына, үнемі сергек жүруіме кетеді.
Ет жемегелі гемоглобинім көбейіп, терім жақсарды. Асқорыту жүйесінде ешқандай ауыртпалық пен проблеманы сезінбеймін. Тіпті, соңғы кездері агрессияның жойылғанын байқадым. Қандай жағдай болмасын, бәрін күліп қабылдап, сабырмен шешетін болдым.
Вегандыққа бірте-бірте көштім. Бірінші қызыл еттен бас тарттым. Кейін ақ етті, сосын балықты, одан кейін жұмыртқаны, балды тұтынбайтын болдым. Сондықтан ағзам ешқандай сыр бермеді, жаңа рационыма тез үйреніп кетті.
Ата-ананың вегандыққа көзқарасы жайында
Ал менің ет жеп жүрген кезімде гемоглобинім 92 болған, қазір ол 145-ке көтерілді
Менің ата-анам — консерваторлық көзқарастағы қазақтың филологтары. Біздің дастарханда аптаның қай күнінде болсын үнемі ет тұратын. Вегандыққа көшкен кезімде ата-анамды алдын ала дайындап, ет жемейтіндігімді айтып, пайдасын еске салып жүрдім.
Мама бастапқы кездері бір-екі рет маған айтпай ет қосып, тамақ жасап беретін. Бірақ мен мұның уақытша еместігін түсіндіріп, нақты шешім қабылдағанымды айтып, таңдауымды құрметтеуін өтінгенмін.
Ол маған «Гемоглобинің төмен ғой, кері әсері тиеді» дейтін. Ал менің ет жеп жүрген кезімде гемоглобинім 92 болған, қазір ол 145-ке көтерілді. Көбі сенбейді. Бірақ дамыған заманда еттің орнын басатын тағам көп. Одан алатын витаминдерді басқа азық-түліктен табуға болады. Сол үшін агрономдарға рахмет. Балама өте көп, адамдар жай ғана іздеуден қашады.
Мамам «Өз өмірің, өзің біл» деп, жаңа өмір салтымды бірден қабылдады. Ал әкем, әрине, қарсы болды. «Жап-жас болып, буддаға кіріп кеткен жоқсың ба?», «Құранның өзінде жазылған ғой. Құрбандық не үшін салынады? Ибраһим пайғамбарға қой түскен ғой» деп айтатын. Бірақ мен қазір еттің орнын басатын нәрсенің көп екенін, денсаулығымда болған жақсы өзгерістер туралы үнемі айтып отыратынмын.
Қазір ата-анам да көзқарасын өзгертіп, бұл тақырыпты зерттеп жүр. Аптасына бір күн етсіз тамақтануды дағдыға айналдырған. Рационның жеңіл әрі құнарлы болғанын қалайды.
Қоғамды жайлаған таптаурындар туралы
Үлкен отырыстар мен тойларда мені су мен фри құтқарады. Ол болмаған жағдайда жемістер мен көкөністерді іздеп отырамын. Себебі бауырсақтың өзінде жұмыртқа бар. Салаттың барлығында майонез бар. Кейбірі маған «Етін алып тастаймыз. Палау ғой, жей берсеңші» дейтін. Бірақ ол еттің сөлі шығып, тамаққа сіңіп кеткесін, оны қалай жейсің?
Кейбір достарым мұны тренд ретінде қабылдады. Рианнаның кезінде каре шашқа тренд болды ғой. Сол сияқты веган болу — сән, кейін тастап кетесің деген де пікірлер көп болды. Тіпті, бір досыммен бәстесіп, жеңгенмін. Құрбы-жолдастарым менімен ойнап, қызықтырғысы келетін. Бірақ бес жылда өмір салтымды бұзған кез болған емес.
Достарымның көбі вегандықты дінмен байланыстырады. Олардың тарапынан «Исламға қайшы емес пе?» деген сұрақты жиі естимін. Ал мұсылмандықтың ережелері қандай? Меніңше, бұл - бізге Алла берген денсаулықты, аманат еткен ағзаны ойлау. Вегандықтың да басты мақсаты - денсаулықты сақтау, өмір сапасын жақсарту, планетаға зиян келтірмеу.
Қазір ортам менің ет жемейтініме үйренді. Қонаққа шақырған кезде маған арнап көкөністерден тамақ жасайды. Не болмаса, маған жеуге болатын салатты алдын ала сұрап алады. Осындай кездері қатты қуанамын. Менің таңдаумды сыйлайтын адамдарға алғысым шексіз.
Қазақстанда веган болудың бағасы
Қазақстанда веган болу өте қымбат. Қарапайым сүтті бадам сүтіне алмастырамын. Оның литрі 2 300 теңге тұрады. Авокадо, аспарагос, қияр, қызанақ, баклажанның да бағасы Қазақстанда жоғары. Бірақ ет те арзан емес қой. Вегандық тағам мен етті дәмнің бағасы пара-пар.«Веган болу қымбат» деген өзіне ақтау амалдарын ойлап тапқан жалқау адамдардың аргументі сияқты.
Сократ «Адам тамақ ішу үшін өмір сүрмейді, өмір сүру үшін тамақтанады» деп дөп басып айтқан. Шынымен, тамаққа тым көп көңіл бөлетін сияқтымыз. Тіпті, кейбір адам үшін тамақ өмірідің мәні болып кеткен. Энергия көзі ретінде ғана қызмет ететін тамақтың басты орында тұруы өкінішті.
Канадада веган отбасыны танимын. Олардың үйінде ас үй жоқ. Себебі олар ас үйінен жұмыс бөлмесін жасаған. Оларда 21 ғасырда мен ас үйінде 30 минуттан артық уақыт өткізбеуім керек деген пікір бар.
«Өмір сондай қызық, тез өтіп бара жатыр. Әр күнім өнімді әрі қанық болуы керек. Сондықтан мен асханада екі сағат өмірімді жоғалтқым келмейді», - дейтін олар. Қазір мен де сондай қағиданы ұстанамын. Түскі асқа қияр мен қызанақ, тұз мен соя болса жеткілікті.
Мен уақытымды тамақ дайындауға қимаймын. Болашақта ас үйсіз үйде тұрғым келеді. Келер жылы роу-вегандыққа көшсем газды да қажет етпеймін. Әрі кетсе, тоңазытқыштың болғаны жеткілікті.
Вегандық деген етпен шектелмейді. Бұл жалпы өмір салты болғандықтан зообаққа, циркке бармаймын, былғары, тон кимеймін, тек табиғи косметиканы қолданамын. Ал бізде оны тек тамақпен байланыстырады.
Бұрын дүкенге барғанда тауардың бағасына аса мән берген болсам, қазір құрамына қараймын. Эко-френдли ме, қалай және неден жасалғаны маған маңызды. Былғары мен жүннен жасалған киім қанша жерден ұнап тұрса да бас тартуға тура келеді. Опа-далапты да органикалық дүкендерден аламын. Әрине, кәдімгі косметикадан қымбатырақ, химикаттар болмағандықтан иісі ұнамауы әрі тез бұзылуы мүмкін. Бірақ қаншама жануарды өлімнен құтқарғанымды ескерсем, өмір салтыма, өзіме, табиғатқа келтірілген зиянның азаюына қосқан үлесіме риза боламын.
Қазақ қоғамында, дәстүрлі отбасыда веган болу қиын. Мейрамхана мен кафелердің көбі арнайы мәзірді қарастырмаған, опа-далапқа таңдау аз. Бірақ дамыған заманның мүмкіндіктері көптеген проблеманы шешіп, альтернативаны ұсынады. Сондықтан адамға тек шешім қабылдап, іздену ғана қалды.
Фото кейіпкердің жеке архивінен
Комментарии
Подписаться