Кешірім сұрап, алғыс айту 

Кейде күнделікті өмірдің қарбаласынан айналаңыздағы адамдарды біліп-білмей ренжітіп алуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан жыл аяқталмай жатып, тез арада сол адамдардан кешіріп сұрап, көмегі тиген жандарға алғыс білдіріп, жаңа жылды тек жақсы қарым-қатынаспен бастаған жөн.

 Тазалық және тазалық 

Бұл кеңесті елеусіз қалдырмаңыз. Сіздің үйіңіз таза болса да, қайтадан толыққанды тазалық жүргізудің зияны жоқ. Құжаттарыңызды бір жерге реттеп, дүниелеріңізді орындарына қойыңыз, көптен қолыңыз жетпей жүрген үй шаруасын тындырыңыз. Барлық істі бітірген соң моншаға түсіп, рахаттанып алыңыз.

 Қажетсіз нәрседен құтылу 

Қажетсіз зат деген тек ескі киім-кешек емес. Әдетте өзімізге пайдалы әрі маңызды дүниелерге ізденіс барысында, өмірімізде керек емес заттардың көбейіп кеткенін байқамай жатамыз. Керексіз кітаптарды оқу, әлеуметтік желідегі бейтаныс адамдардың өмірін қадағалау, пайдасыз жерлерге бару – миыңызды тек ашытады. Уайым мен мұң әкелетін істер мен заттың бәрінен құтылыңыз. Әлеуметтік желіде әдеттегіден азырақ отыруға тырысыңыз. Көптен бері кимей жүрген киім-кешек, заттарыңызды біреуге сыйлаңыз немесе интернет арқылы сатып жіберіңіз. Сізге керексіз дүниеге басқа адам мұқтаж болуы мүмкін.

 Тоңазытқышыңызда бар нәрсені қанағат тұту 

Жылдың соңғы айында дүкен аралап уақыт жоғалтқанша, тоңазытқышыңыздағы азық-түлікті сұрыптаңыз. Үйіңізде бар азық-түлікке қарай, күнделікті таңғы, түскі және кешкі асқа не ішетініңізді жоспарлаңыз. Бір жағынан ақшаңызды үнемдейсіз, екінші жағынан жаңа жылда тоңазытқышыңызда мерзімі өткен азық-түліктер болмайды.

 Ұялы телефонның тарифін тексеру 

Егер сіз соңғы рет бірнеше жыл бұрын мобильді тарифті өзгерткен немесе тексерген болсаңыз, операторыңызға қоңырау шалып, сіздегі тарифтің қаншалықты маңызды екенін біліңіз. Өзіңізге қол жетімді, ыңғайлы және арзан тарифке ауысыңыз. Ал қажетсіз барлық қызмет пен жазылымды өшіріп тастаңыз. Нәтижесінде, жылдың аяғында біраз қаражатыңызды үнемдегеніңізді байқайсыз.

 Электрон поштаңыз бен ұялы телефоныңызды тазарту 

Тазалық үйде ғана емес, компьютерде немесе смартфонда да жүргізілуі керек. Смартфоныңыздағы суреттерді, құжаттарды сұраптағаныңыз жөн. Сондай-ақ жаңа жылдан кейін жұмысқа оралғанда өзіңізге жеңіл болуы үшін электрон поштаңыздағы жауапсыз хаттарға жауап беріп, мерзімі өткен хабарларды өшіріп тастаңыз.

 Түйіндемеңізді жаңарту

Жаңа жылды жаңа парақтан бастағымыз келетіні өтірік емес. Бәлкім, демалыстан кейін тың идеялардың жетегімен жаңа жұмыс немесе бастамаларға қадам басасыз. Осындай жағдайларға дайын болу үшін бұрыңғы түйіндемеңізді қайта жаңартып қойыңыз. Себебі бір жыл ішінде өзіңіздің жұмыс орныңызда тәжірибе жинақтағандықтан, түйіндемеңізге қосарыңыз бар болар.

 Дәрігерге қаралу

Егер көптен бері жұмыстан қолыңыз босамай, дәрігерге бармаған болсаңыз, міндетті түрде жыл бітпей жатып денсаулығыңызды тексертіңіз. Себебі жан дүниеңізден бөлек, тәніңіздің жағдайынан хабардар болғаныңыз абзал.

 Өзіңізге демалыс жариялау 

Сіз бір жыл тынбай еңбек еттіңіз, сондықтан бірнеше күн демалуға әбден лайықсыз. Бұл сіздің көңіл-күйіңізге де, денсаулығыңызға да оң әсер етеді. Отбасыңыз, туған-туыстарыңызбен бірге көңілді уақыт өткізіңіз. Ал егер тыныштықты сүйетін адам болсаңыз, сізді ешкім танымайтын, тіпті, есіміңізді де ешкім білмейтін көрші мекенге барып сергіп қайтыңыз. Жаңа жылды демалып қарсы алыңыз.

 Өзгенің затын қайтару 

Досыңыз сіздің үйіңізде өзінің сағатын немесе қолшатырын ұмытып кетуі мүмкін, не болмаса, біреуден қарызға ақша, уақытша бір зат алған шығарсыз. Әлде осы жылда орындауыңыз қажет тапсырмаларыңыз бен уәделеріңіз бар ма? Солардың барлығын қайтарып, орындаған жөн. Өзіңізді ұстап тұрған барлық нәрседен босатыңыз. Келесі жылға кірген кезде бұл жүктеме иығыңызға ілінбеуі керек.

 Жеңілдіктер мен купондарды пайдалану 

Ұмытылып кеткен әрі тиімді жеңілдігі бар купонның кем дегенде біреуі сізде жатқан шығар. Әттең-ай, қолданайың десеңіз, уақыттың немесе жағдайдың ыңғайы келмеді, солай ма? Алайда, ондай жеңілдігі бар купондардың басым көпшілігін жылдың соңына дейін пайдаланып үлгермесеңіз, жарамдылық мерзімі өтіп кетуі мүмкін екенін ұмытпаңыз. Сондықтан, асығыңыз!

 Тосын сый жасау 

Әрине, Жаңа жыл мерекесіне орай отбасыңызға, жақындарыңызға сыйлық әзірлеп, оларды қуантқан жақсы ғой. Бірақ егер сыйлық беру арқылы ерекше ләззат сезімге бөленгіңіз келсе, сізге ешқандай жақындағы жоқ немесе танымайтын адамды қуантып көріңіз. Мәселен, әрдайым үйіңіздің кілтін тастап кететін дүкенші апайға немесе күнделікті жұмысқа қатынауға көмектесетін автобус жүргізушісіне сыйлық жасаңыз. Мұның өзі сізге өтіп бара жатқан жыл туралы жадыңызда тек жақсы естеліктер қалдыруына үлкен септігін тигізеді.

 Шағын жоспарларыңызды орындау 

Үлкен арман-мақсаттарды орындау барысында кейде кішкентай жұмыстарды шетке ысырып қойып жатамыз. Осындай жұмыстарды істейтін уақыт келді. Мысалы, үйіңіздегі жанбай қалған шамды ауыстыру, солып қалған гүлдің орнына жаңасын егу, шаң басқан терезеңізді сүртіп қою, әжеңіздің қал-жағдайын сұрау, оқып бастаған кітапты бітіру т.б. Осылайша, көптен бері кейінге қалған ұсақ-түйек жұмыстардан құтыласыз.

 Телефонға жаңа жылдық рингтон қою 

Жаңа жылға дейін әртүрлі мерекеге арналған әуендердің бірін телефоныңыздың рингтоны ретінде қосып қойыңыз. Мәселен, Jingle Bells әні. Сол кезде сіздің ұялы телефоныңызға кім хабарласса да, қуанып, мерекенің жақындағанын сезесіз.

 Өзгерістерге ашық болу

Көптен бері келбетіңізді, стиліңізді өзгерткіңіз келса, қазір сәті түсіп тұр. Шашыңызды кесіп немесе бояп, сән үйіне барып, әрленіп, жаңа стильдегі киімдер сатып алып, өз-өзіңізге эксперимент жасаудан қорықпаңыз. Себебі бұл істің позитив сыйлайтыны анық.

 Жаңа нәрсемен айналысып көру 

Өмір бір-ақ рет беріледі. Сондықтан бұл жылды текке кетіріп алмаңыз. Өміріңізде ешқашан істеп көрмеген іспен айналысыңыз. Парашюттен секіріп көріңіз, психологпен тілдесіңіз, психология саласын оқып көріңіз т.б.

 Мерекеге дайындалу 

Сіз де Жаңа жыл мерекесін асыға күтетін шығарсыз, иә? Ендеше, ғажап мерекені кіммен және қалай өткізетіндігіңізді алдын-ала жоспарлаңыз. Отбасыңызбен үйде дастархан басында қарсы аласыз ба, әлде достарыңызбен көңілді кеш өткізесіз бе? Тіпті, қандай дәмді бәліштер мен салат жасайтындығыңызды да ойластырып қойыңыз. Мүмкін, мерекелік дастарханға ерекше тағам түрін жасап көріңіз.

 Жаңа жылдық атмосфераны жасау 

Жаңа жылдық атмосфераны сезіну үшін міндетті түрде қыруар қаржыға ойыншықтарды, түрлі безендіргіштерді сатып алудың қажеті жоқ. Үйіңізге бір шырша сатып алсаңыз жеткілікті. Ал қалған безендіруді іні-қарындастарыңыз, балаларыңызға тапсырыңыз. Олар мектептегі еңбек сабағында үйренген түрлі өнерін көрсетері анық. Бір жағынан кішкентайлар да, сіз де қуанып қаласыз, бір жағынан өздеріңізге жаңа жылдық атмосфера сыйлайсыздар.

 2019 жылды қорытындылау

2019 жылға қорытынды жасаңыз, бірақ өз-өзіңізді алдаудан аулақ болыңыз. Осы жыл ішінде қандай жетістікке қол жеткіздіңіз немесе қай жоспарыңыз сәтсіздікке ұшырады? Мүмкін қателескен шығарсыз, не болмаса өкінішіңіз болар? Бір жылды ой елегінен өткізіп, өзіңізге адал болып, талдау жасаңыз. Бұл болашақтағы жоспарларыңыздың жүзеге асуына үлкен көмек болады.

 365 күнге жоспар құру 

Алда келе жатқан 365 күнге, яғни жаңа жылға жаңа жоспар құрыңыз. Кішкентай жоспардан бастап, үлкен арманыңызға дейін тізбектеп жазып шығыңыз. Кейін уақыт өтіп, ол мақсат-армандарыңыз орындала бастағанда белгілеп отырыңыз. Себебі кішкентай жоспардың жүзеге асқанын көру және сезіне білу - үлкен белесті асуға мотивация болары анық. Ең бастысы, тізбектеп жазған арманға қол жеткізуге болатындығына шын жүрекпен сеніңіз. Себебі, бәрі өзіңіздің қолыңызда.


Мәтін: Наргиза Аршидин
ОбложкаJude Beck