5 желтоқсанда астананың қалалық мәслихатының депутаты Қарақат Әбден "Сен қазақтың қызысың. Мақтан ет!” атты кітабының тұсауын кесті. Кітап желі қолданушыларының арасында түрлі реакцияны тудырды. Кейбіреулер авторды ұлтшылдық пен сексизмге толы идеялар таратты деп айыптады.

9 желтоқсанда алматылық белсенді Фариза Оспан фейсбук парақшасында Қарақат Әбденнің қызметі мен кітабын сынға алды. Фариза кітаптан «Қазір сенің пәктігіңнің бар-жоғы болашақ күйеуіңе маңызсыз болатынын бүкіл әлем айтып сендіруде... Оған бәрібір болмайды» деген үзінді келтіреді.

Қоғамдық және әдеби қызметтен басқа Қарақат Әбденова 2014 жылдан бері қыздарға арналған «Қазақ қызы» мәдени-инабаттылық қыздар институтын басқарып келеді. Институтқа мемлекет бюджетінен ішінара қаржы бөлінеді. Қоғамдық белсенді мен желі пайдаланушылары институтқа мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілгеніне наразы.

Фейсбуктағы сыннан кейін жазбаны өшіру талабымен белгісіз адамдар белсендіні қорқыта бастады. Біз Фариза Оспанмен сұхбаттасып, «Қазақ қызы» институты, қорқытып-үркіту жайлы ақпарат жинадық.

Кітап жайында

«Сен қазақтың қызысың. Мақтан ет!» кітабы қазақ және орыс тілінде жарық көрді. Автордың айтуынша, кітап Қазақстан қоғамындағы заманауи қазақ қызының рөлі мен дәстүрлерді сақтаудың маңызына арналған. Фариза Оспан кітаптан бірнеше үзінді келтірді. Онда қазақ үшін әйелдің дос екені айтылса, басқа бөлімдерінде пәктік тақырыбы қозғалған:

«...тоғыз жасында тұрмысқа шыққан әже туралы. Тұрмысқа шыққаннан кейін ол жаңа отбасында тәрбиеленді, басқа балалармен бірге өсті...оны отбасылық өмірге біртіндеп дайындады. Ол физиологиялық тұрғыда дайын болған кезде ғана күйеуіне әйел болды».

«Күйеуің сенің тазалығыңды біле отырып, оны күткенің үшін саған іштей алғыс айтады...ол қызды болашақ әйел ретінде қарастырады...әрине әйелінің пәк болғанын қалайды».

Кітапты инстаграмда таныстырған кезде Қарақат Әбден:

«Қазақ қыздары батыстағыдай емес, олар ешқашан ер адамнан алға шығуға ұмтылмаған және феминизммен әуестенбеген. Бізге бұл қажет емес. Сонымен қатар ердің соңынан ойланбастан ілеспеген. Қазақ даласында әйел әрдайым ер адаммен тең болды: ешқашан бетін тұмшаламаған, атқа қонып, туған жері үшін шайқасты және маңызды мәселелерді талқылаған».

Инстаграм пайдаланушылары депутат бір-бірімен түйіспейтін екі түрлі пікірді ұстанады деген ойда. Біріншісі, қазақ қыздары батыстағыдай ешқашан ер адамнан алға шығуға ұмтылмаған және феминизммен әуестенбеген. Екіншісі, ерлермен бірдей шайқасқан. Кейбіреулер «феминизм болмаса, Қарақат Әбденова да бұл кітапты жазу үшін білім алып, депутат бола алмайтын еді» деген пікір білдірді.

Кітап «Меломан» дүкендер желісінде«танымал психология» бөлімінде сатылады.

Институт жайлы

«Қазақ қызы» мәдени-инабаттылық қыздар институты 2014 жылы астанада ашылды. Депутаттың айтуынша, жоба қазақ қыздарына дәстүрлі құндылықтарды үйрету және гендерлік кемсітушілікке қарсы тұру үшін құрылған. «Біз бірде арабтарға ұқсағымыз келеді, түріктерге ұқсап хиджаб, паранджа киеміз. Кейбіреулері шектен тыс эмансипацияланады (эмансипация-гендерлік құқықтардың теңдесуі). Батыстан көргенімізді істейміз. Менің ойымша, мұның бәрі дұрыс емес», - дейді ол.

Институтта 8-18 жас аралығындағы қыздар ұлттық этикет принциптерін, дәстүрді, үй шаруашылығын, тігу өнерін, психология және ақсүйектерге тән дағдыларды үйренеді. Алайда депутат институттың қыздарға әйел емес, жеке тұлға болуды үйрететінін айтты. Оның айтуынша, қыздар өзін қорғауды білмегендіктен зорлық-зомбылыққа ұшырайды. «Ол (қыз) бөлек жабық кеңістікте өмір сүрмейді. Айналасында ересектер, әлеуметтік қызметкерлер, қоғам, әкімдіктер, жергілікті полиция бар», — дейді Қарақат Әбден.

Оның жобасын ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мен «Нұр Отан» партиясы қолдады. Ай сайынғы оқу ақысы — 50 000 теңге. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарындағы қыздарды оқытуға мемлекет арнайы гранттар бөледі. Сонымен, 2016 жылдан бастап 2019 жылға дейін Нұр-Cұлтан қаласының білім басқармасы 272 миллион 605 мың теңгеге шарттар мен қосымша келісімдерге қол қойды.

Биыл мемлекет 17 миллион 400 мың теңге көлемінде қаржы бөлді. Бұл сомаға 12 айдың ішінде 29 студент білім алады. Бюджеттен бөлінетін қаражатқа коммуналдық оқу орындарына оқу журналдары сатып алынады.

Қарақат Әбденнің реакциясы

Депутат инстаграм парақшасында жауап берді:

«“Қазақ қызы” мәдени-инабаттылық қыздар институтының қызметі туралы”. Мұнда бәрі анық, ашық және түсінікті айтылған. Мектеп 2014 жылы ашылды. Оқыту бағдарламасы 8-18 жас аралығындағы қыздарға арналған. Ғимарат, жөндеу жұмыстары, жабдықтау — барлығы жеке инвестордың есебінен жүргізіледі.

Ақылы бөлімнен басқа, біздің бастамамыз бойынша аз қамтылған отбасынан шыққан қыздар әрдайым тегін білім алады. Бұл дегеніміз жылына 100-ге жуық бала. Жобаның нәтижесін ескере отырып, қала әкімдігі мемлекеттік тапсырыс ретінде аз қамтылған отбасыларынан және жетім қыздарды оқытуды ұсынды. Мемлекеттік бюджет есебінен оқу үшін нарықтағыдан төмен баға қойылды (оқу сағаты 823 теңге). 2016 жылдың жарты жылында 250 оқушы, 2017 жылы — 550, 2018 жылы қаржыландыру жүргізілген жоқ, 2019 жылы 200 бала оқытылды.

Қаланың білім басқармасы оқу процесіне тұрақты түрде бақылау жүргізеді.

Кітап менің жеке қаражатыма шығарылды және «Қазақ қызы» оқу орнының қызметіне оның қатысы жоқ. Сондай-ақ, қалалық мәслихат депутатының жұмысына ақы төленбейді, себебі бұл қоғамдық жүктеме болып саналады. Қоғамдық ұйым ретінде кәсіпкерлікпен айналысуға және өз жобаларымызды жүзеге асыруға біздің құқығымыз бар. Мен әрқашан сындарлы диалог пен ынтымақтастыққа ашықпын».


Фариза Оспан

белсенді

Институт, кітап және Қарақат жайлы

Мұның бәрі маған кітап жайлы ақпаратты жібергеннен басталды. Кітаптың кейбір үзінділері мені таңғалдырды, сондықтан авторы жайлы ақпарат іздей бастадым. Кітаптың авторы депутат екенін әрі оның инабатты қыздарды тәрбиелейтін институтының барын білдім.

Кейін мен журналист досыма қоңырау шалып, институтты кім қаржыландыратынын анықтай бастадым. Биыл институтқа 17 миллион теңге бөлінгені туралы ақпарат келіп түсті. Ал біздегі ақашаға зәру дағдарыс орталықтары, қайырымдылық ұйымдары және аз қамтылған отбасылар қаншама.

Мемлекеттік сатып алулар сайтында мен 2016 жылдан бастап бөлінген барлық қаржыны санай бастадым. Қарақат Әбденмен телефон арқылы сөйлесіп, оның институтты сатып алғанын білдім. Бірақ техникалық ерекшелік бойынша институттың құнына ғимараттың жалға алу құны қосылған. Менің фейсбуктегі жазбамнан кейін адамдар институтта оқудың ақылы және ақшаның қайда кететіні белгісіз екенін жаза бастады. Институт ғимаратының жанында тұратынындардың айтуынша, «Қазақ қызы»-ның айналасында балаларды көрмеген, тек ашылу салтанатында музыканың ойналғаны естерінде.

Мұның бәрі күдікті болып көрінді. Телефонмен сөйлесу барысында Қарақатпен Алматыда кездесеміз деп келістік. Бірақ кейіннен Алматыда кездесе алмайтынымызды, менің астанаға келе алатынымды айтты. Нәтижесінде онымен көрісе алмадым.

Институттың техникалық сипаттамасында 47 пән оқытылатыны жазылған. Білім министрлігі бұл пәндерді қалай бекіткені түсініксіз. Олардың арасында ақсүйектер этикеті немесе қыз психологиясы сияқты пәндер бар. Тұлғалық даму, it-технологиялар бойынша тренингтер жүргізіледі. Бұл, әрине, жақсы. Алайда пәндерді бекітуге қатысты нақты жауап жоқ.

Қарақат маған жеке ештеңе түсіндірген жоқ. Тек бизнестің тазалығы мен ашықтығы туралы жазба қалдырды. Сұрақ өте көп. Институттың жетістіктерін қандай көрсеткіштер бойынша анықтайды? Қыздардың инабатты болу деңгейін қалай анықтауға болады?

«Сен қазақтың қызысың. Мақтан ет!» кітабына қатысты сұрақтарым бар. Қазақ болмасам, не істеуім керек? 21-ғасырда шығарылған кітапта қыздардың 9 жасында тұрмыс құруы дәстүрі туралы қалай жазуға болады? Кітап алыс аймақта орналасқан ауыл мектептеріне де жетеді. Ал әйелдер құқығын қорғау жөніндегі ұйымдардың бағалауы бойынша, Қазақстанда бір жылда шамамен 5 000 қызды зорлықпен алып қашады.

Пікіріңді бөлісуге болады. Бірақ бұл елде гендерлік теңсіздікке байланысты, оның ішінде, тұрмыстық зорлық-зомбылық, харассмент, бизнес пен саясатта әйелдердің аздығы, дағдарыс орталықтарының жетіспеуі сынды проблемалардың бар екенін ескеру қажет.

Кітапты екі түрлі адам жазғандай, көптеген қарама-қайшылық бар. Феминизм туралы ақпарат секта тарауынан кейін жүреді. Кітапта «феминизм жақсы, бірақ ерлерді аттап өтпеңіз» деген ой айтылады. Мұны кім айтып жүр? Феминизм — гендерлік теңдік туралы ұғым.

Қорқытып-үркіту жайлы

11 желтоқсанда кешке нөмірі нөлге аяқталатын белгісіз адам қоңырау шала бастады. Бұл маған күдікті болып көрінд. Әріптесім әңгімені жазып алуға кеңес берді. Хабарласқан ескі танысым екен, әлеуметтік желілердегі жазбаларымды өшіруімді сұрады. Неге қоңырау шалғанын, менің нөмірімді кімнен алғанын сұрай бастағанымда, қоғам игілігі үшін жасалған мемлекеттік жобалар туралы айта бастады. Мен қоғамның игілігі үшін кітапты тираждан алып тастау қажеттігін, ал жұмсалған қаражат үшін Қарақаттың есеп беру керегін айттым. ЖАЗБАМДЫ ӨШІРМЕСЕМ НЕ БОЛАТЫНЫН СҰРАҒАНЫМДА, ОЛ ҚҰҚЫҚТЫҚ АЛАҢНАН БАСҚА МҰНДАЙ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУ ҮШІН ЗАҢСЫЗ АЛАҢНЫҢ БАРЫН АЙТА БАСТАДЫ. Біз оның нөмірін GetContact мобайл қосымшасы арқылы тексеріп көрдік. Көптеген телефонда нөмірі «Президенттің күзет қызметі», ал кейбірінде «учаскелік» деп сақталған.

Кейін телефоным өшіп, байланыс қайта-қайта үзіле берді. Басқа адамдармен сөйлесу кезінде түсініксіз шу пайда болды. Ақыр соңында қуаты жеткілікті болса да телефоным мүлдем өшіп қалды.



Обложка: ztb.kz

Мәтінді аударған: Ақерке Ораз