Күні кеше ғана «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық акциясы бітті. Біздің редакция осы уақыт аралығында өзектілігі артқан тақырыпты тек акциямен шектемеу мақсатында өмірінде харассментті көрген әйелдерден сұхбат алды.

Харассмент деген — жыныстық алымсақтық. Бұл — тек сексуалдық әрекет емес, психологиялық қыспақ пен көргенсіз ұсыныстарды қамтитын кең түсінік. Қазіргі қоғамның шынайы көрінісі харассменттің белең алғанын дәлелдейді.

Иллюстрации

АЙГЕРИМ САТТАР

Текст

Дастан Аққожа

Біздің кейіпкерлер — күнделікті өмірде қоғам игілігі мен өз бақыты үшін еңбек етіп жатқан жандар. Бірі жасөспірімдерді дамыту бағытында, бірі энергетика саласында, бірі журналистикада жұмыс істейді. Мамандығының, ортасының әртүрлі болғанына қарамастан өмірінде кезіккен харассмент олардың басын біріктіреді.

Дисклеймер: Кейбір кейіпкерлердің есімі өзгертілді

Алуа, 23 жас, журналист

Мен бала кезімнен қатарластарыма қарағанда ересек көрінетінмін. Физикалық тұрғыда бойым ұзын еді, дене бітімім ерте қалыптасты. Осының салдары ма, білмеймін, бірақ 5-сыныптан кейін жазғы демалыста Астанаға барамын деп дайындалып жүргенімде харассментке тап болдым. Жездем басқа қалада жұмыс істейтін және біздің үйге келіп-кетіп тұратын. Ол кезде екі бөлмелі пәтерде тұрамыз, барар жерге таңдауың да жоқ.

Бір күні жездем аптаның ортасында үйге келді. Үйдегілердің барлығы жұмыста, тек нағашым болды. Бірақ ол да шаруаларымен шығып кетті. Сол уақытта үйде жездеммен жалғыз қалдық.

Диванда отырған кезінде қасынан өтіп бара жаттым, «мұнда келші, қазір бірдеңе айтамын», — деп өзіне қарай тартты. Не болғанын түсінбедім, «Сен ертең Астанаға кетесің ғой, сені сағынамын», — деп алдына отырғызып алды. Сосын санымнан сипап, бетімнен шөлп-шөлп сүйе бастады. Мен біртүрлі екіойлы сезімде болдым: бір жағынан туысым ғой деген ой маза бермейді, екінші жағынан жиіркеніш сезімі кернеп жатты. Санымды қайта-қайта сипап, киімімді көтере бастағанда бұл нәрсенің дұрыс емес екенін түсініп, орнымнан атып тұрып, жұлқынып шығып, жүгіріп кеттім.

Сөйтіп келесі бөлмедегі балконға кіріп, жақында келетін нағашым мен әкемді күтуден басқа еш амалым қалмады. Сол кезде «әкем де, нағашым да — еркек, сонда олардың бәрі де сондай ма?» деген ой келді.


Не істерімді білмей абдырап қалдым. Денемнің бәрі дірілдеп, балконда тұрдым. Қалай айта аламын? Кімге айтамын? Ешкімге айтпауым керек деген сан мыңдаған ой мазалай берді


Жасым ол кезде он үшке де келмеген. Не істерімді білмей абдырап қалдым. Денемнің бәрі дірілдеп, балконда тұрдым. Қалай айта аламын? Кімге айтамын? Ешкімге айтпауым керек деген сан мыңдаған ой мазалай берді. Кейін нағашым мен әкем келді. Олар өздері жездем қалған бөлмеде отырды, ал мен болсам санамды өзгерткен ойлармен балконда телміріп қалдым… Анам келген соң бәрі бұрынғыдай бола бастады. Бірақ бұл жайт санамда қалып қойды.

Уақыт өте келе мұның харассмент екенін, жездемнің маған әдейі тиіскенін тек жоғарғы сыныпта ғана түсіне бастадым. Сонда да оны біреуге айтуға батпадым. Болған нәрсені масқара, ұят деп ойлайтынмын. Оның бәрі есімде, бұл менің ерте есеюіме әкелген сияқты. Бұл оқиғаның өзі мені ер адамдардан қорқатын деңгейге жеткізді. Еркектің бәрі сондай деп пайымдадым.

2-курстың соңында болса керек, бір әлеуметтік видеоны көрдім. Онда бірнеше әйел бетін қара орамалмен жауып, өзінің харассментке тап болған оқиғасын айтып береді. Кейін орамалын шешкен соң барлық әйелдің атақты адам екенін көрдім. Содан өз басымнан өткізген жайт есіме түсті. Мен не себепті оны жасырыуым керек деп ойладым. Не үшін мен құрбан бола тұра, оны өзімнен көруім керек? Менің үнсіздігімнен жездемнің кесірі сіңлілеріме не басқа біреуге тиюі мүмкін. Сондықтан енді бұл жайында достарыма, таныстарыма, құрбыларыма, жақындарыма айтуды жөн көрдім.

Бір жыл өте анама да айтуға баттым. Ол үнемі жездемді жақсы көретін, керемет адам деп мақтайтын. Кейін мен анама оның шын мәнінде қандай екенін айттым. Естігенде сасып қалды. Есейген, тұлға болып қалыптасқан адам ретінде айтқанның өзінде анам маған «Сен шатастырып алмағаныңа, қате түсінбегеніңе сенімдісің бе?» деді. Мамам мұны күткен жоқ, жақсы адам деп ойлап жүрген соң, қабылдау ауыр болды.

Айдана, 23 жас, менеджер

Бұл жағдай мектепте оқып жүрген кезімде болды. 5-сынып екені нақты есімде. Музыкадан беретін ағайым маған үнемі «Айдана, домбыраға жазыл, музыкамен айналыс» деп жүретін. Мен оны өте жақсы ағай деп ойлайтынмын. Күндердің бір күнінде кабинетте оңаша қалып қойдық. Сол кезде ол кенеттен мені иіскеп, сүйе бастады. Жолым болып, қоңырау соқты. «Қоңырау» дедім де, сөмкемді алып, қашып кеттім. Одан кейін бұл оқытушының сабағына бармайтын болдым. Тіпті, оны кездестіргенде амандасудан да қалдым. Онымен кездеспеудің барлық амалын істейтінмін.

Басында өзімді өте нашар сезіндім. Жүрегім айнып, өзімнен жиіркендім. Мұны айтудың өзі маған қиын. Кейін өзімді жеккөре бастадым, қорқынышым көбейді. Бәріне күмәнмен қарайтын болдым.

Ең қызығы, бұл біздің мектебіміздегі бірінші жағдай емес еді. Астананың қақ ортасында орналасқан мектепте харассмент болады деп кім ойлаған? Мұндай жағдайда әркімнің әрекеті әртүрлі болады. Кейбірі жасқануы немесе тұйықталуы мүмкін. Ал менде керісінше, өзімді қорғай алуым тиіс деген ой тудырды. Мықтырақ болғанымды сезіндім. Көзім ашылды.

Ол кезде он бір жастағы баласың ғой. Саған ешкім сенбейді деп ойлайсың… Сол себепті ата-анама айтпадым. Қорқыныш пен үрей билеген болса керек, бірақ сенімнің жоқтығы ол жайтты жасырып қоюыма алып келді.

Айнұр, 37 жас, фасилитатор

1-курсымның соңғы семестрінде болған жағдай. Дене шынықтыру пәнінде шахмат сессиясын таңдағанмын. Шахматтан беретін ағай — сол кездің өзінде қарт жастағы адам еді. Нешеде екенін білмеймін де. Ал мен 17 жаста болдым. Университетте шахматтан жарыс өткелі жатқан.

Өз факультетімде 1-курстар арасынан сол жарысқа өтініш берген едім. Қыздар құрамасында сайысқа шығатын жалғыз адам болған соң жауапкершілікті сезіндім. Турнир барысында бірнеше ойыннан өтіп үлгерген едік. Бастапқы ойындарды жақсы ойнадым, келесі кездесуде мехмат факультетінің қызына қарсы ойнауым керек болды. Олармен жарысудың ауыр болатынын түсіндім.

Көмек керек болғандықтан, сабақ біткен соң ағайдан менімен дайындалуын өтіндім. Балалардың көбі шығып кетті. Шынымды айтсам, қалай болғаны есімде жоқ. Оның есікті жауып алып, партияларды көрсете бастағанын білемін. Кейін біреу шыққанда жалғыз қалдық. Ағай оның артынан есікті жабуға кетті. Ойын жайлы ойланып отырғанда артымнан келді де «Ойлан» деді. Сол сәтте оның қолы иығымды сипап, кейін омырауыма жетті. «Ойлан, ойлансаңшы» дегені есімде, мен тырысып қалдым.

Өте қатты қорықтым, бұлай болмауы керек екенін, мұның дұрыс емес екенін ойлап ыңғайсыз жағдайда болдым. Қазір шыңғырсам да ешкімнің естімейтінін білдім. Сабақтан соң университте кім қалар дейсіз? Орнаған тыныштықтан қорқынышым өрши түсті. Осы сәтте «А, мен бітіріп қойдым, сабақ екенін ұмытып кеттім» дедім де, заттарымды жинап алып, түк болмағандай «Сау болыңыз» деп қаштым.


Шахмат ағайының менің артымнан аңдығанын, басқа секцияға кетіп қалғаныма ашуланғанын көрдім


Бүкіл жол бойы дірілдеп, қорқыныштан бой жаза алмадым. Ол жерге ешқашан бара алмайтын шығармын деп ойладым. Бірақ ешкімге бұл жайт жайлы айтуға батпадым. Сол кезде сыныптастарыма, достарыма, қурстастарым мен топтастарыма — ешкімге ештеңе айтпағанымның дұрыс болмағанын қазір түсінемін. Ол әрекетімнің жауабын білмеймін.

Қазір мұндай жағдай үшін қырғын шығарушы едім, бірақ сол уақытта мен қорыққанымнан ес жия алмадым. Біраздан соң турнирдің бар екенін түсініп, әкеме келіп «Пап, турнир кезінде мені қолдау үшін қасыма еріп бара аласың ба?» деп сұрадым. Қалай екенін білмеймін, бірақ ол келісіп, мені жарысқа алып барды. Ойын барысында қолдап, турнир біткенше далада күтіп тұрды.

Одан кейін мен шахматтан аэробикаға ауыстым. Қаншалықты ауыр болса да сол секцияда қалдым. Шахмат ағайының менің артымнан аңдығанын, басқа секцияға кетіп қалғаныма ашуланғанын көрдім.

Ең қызығы, менің алғашқы шахмат бапкерім оны жақсы біледі екен. Көп жыл өте мен оған осы жайтты айтқанда «Неге бірден айтпадың? Оны қуып жіберер еді ғой» деген, бірақ мен ол кезде қорқынышымды жеңе алмадым. Осы жағдайдан кейін қарттарды жеккөретін болдым, мұғалімдерге деген қорқыныш пайда болды. Бұл жайт менің ер азаматтармен деген қарым-қатынасыма әсер етті. Мен олардан қатты қорықтым.


Халида Ажигулова

заңгер

Кейіпкерлермен сұхбаттасқан соң харассмент құрбандарына қорғау болар құқықтық шектеулер жайлы білу үшін бұл саланың сарапшысынан пікір алуды жөн көрдік.

Қазір елімізде харассментке қатысты нәтижелі механизмдердің болмауы — үлкен әрі өзекті мәселе. Бізде ол тек «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 434-бабымен қаралады, яғни бұл — ұсақ бұзақылық қана. Ол бойынша жеке тұлғаларға қорлап, тиісу үшін 5 АЕК мөлшеріндегі айыппұл не 10 тәулікке дейінгі қамау қарастырылған. Одан өзге бұл бап бойынша сексуалды алымсақтық аялдамада темекі тастағанға теңестірілген. Яғни құрбанның үлкен психологиялық соққы алатыны мүлдем ескерілмейді.

Іс-жүзінде бізде алымсақтық болған кезде тергеу жұмыстары да нәтижесіз жүргізіледі. Себебі оған сай келетін бап жоқ, полицияға ондай істерді қалай жүргізіп, айғақты қалай жинау керектігі белгісіз. Тергеу жұмысын өткізіп, оған жауапкершілікке қалай тарту қажеттігі жайлы нұсқамалар, оқыту процесі қарастырылмаған.

Менің ойымша, Қазақстанда харассмент үшін қылмыстық заң енгізу керек. Мұндай сәтті тәжірибе Францияда бар. Былтыр тамызда ол жақта көшедегі не қоғамдық көліктегі харассмент үшін жауапкершілік енгізілген. Харассерлер қомақты айыппұл алып, бірнеше айға қамалады. Қоғамдық орындарда камера көп болғандықтан алымсақтықты дәлелдеу оңай. 


Статистика комитетінің 2016 жылы жарияланған зерттеуінің нәтижесінде жыныстық серіктес болып табылмайтын адамның тарапынан 12 айдың ішінде күш көрсету немесе сексуалдық зорлық-зомбылыққа душар болған 18-75 жас аралығындағы әйелдер үлесі келесідей:

Күш көрсету зорлық-зомбылығы саны — 413;

Серіктес болмаған тұлға жасаған зорлау саны — 105;

Зорлау немесе сексуалды зорлық-зомбылық саны — 170;

Сексуалды зорлық-зомбылықтың саны — 221;

Құрбан болған әйелдердің жалпы саны — 14 340 адам.

2019 жылдың соңғы 11 айында 1044 зорлау, 358 сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер фактісі тіркелген. 

Зорлау жайттарының көбі осы харассментке тікелей байланысты. Егер ерсі ұсыныстар мен әрекеттер легіне қараусыз қарай берсек, онда жазасыз күнәнің арты жоғарыдағы статистиканың артуына ұласатыны белгілі.