Балғын Махамбетова — Қазақстандағы Google Developer алаңын ұйымдастырушыларының бірі әрі Technovation және Women Techmakers-тің өкілі. Бүгінгі сұхбатта ол ағылшынды өздігінен қалай меңгергені, Tech Women бағдарламасы, қазақ қоғамындағы әйелдің рөлі және олардың мүмкіндіктері мен таңдауы жайлы әңгімелеп берді.

Мамандығы мен алғашқы жұмысы жайында

Қазақ ұлттық университетіннің 4-курсында оқып жүрген кезімде Prime Source компаниясында іс-тәжірибеден өтіп, сонда тестілеуші болып жұмыс істедім. Бұл компания банктерге мобильді қосымша жасаумен айналысады. 1,5 жылдан соң бизнес-аналитиктің ассистенті жұмысына ауыстым. Сол компанияда қызмет атқарған кезден бастап менің ІТ әлеміне қызығушылығым оянды. Себебі ақпараттық жүйелер саласында жасалып жатқан дүниелерді өте керемет деп есептеймін.

Мехматты жек көретінмін. Сондай қиын болған. Бізге тек математиканы ғана тереңдетіп оқытты да, ал информатиканы жай үстіртін өтетінбіз. Сондықтан Prime Source компаниясында ІТ-мамандардың қалай жұмыс істейтінін, нені жасайтынын көріп, өзімді әрі қарай осы саламен байланыстыратынымды білдім. Алайда көп ұзамай декреттік демалысқа шығып, шамамен 1,5 жылдай үйде отырдым.

Кейін сүйікті ісімді іздеп, «Не істеп жүрсің? Қандай қызығушылықтарың бар?» деген сұрақтарды өзіме жиі қоятын едім. Содан ағылшын тілін меңгеремін деп шештім.


Әрбір сабақта «жету керексің», «істей аласың» деп өзіме айтып отырдым. Жасырмаймын, жалығатын кезім көп болды. Сондықтан арасында демалу үшін өзіме 1-2 күн еркіндік беріп, кейін қайтадан қалпыма келетінмін


Ағылшынды өздігінен меңгеруі туралы

Менің IT саласына, бағдарламалауға қызығушылығым зор еді. Ал бұл саланы меңгеру үшін ағылшын тілін білу қажеттілігі менің тіл үйренуіме түрткі болды. «Мен міндетті түрде ағылшынды үйренуім керек» деп өзіме мақсат қойдым. Сол үшін баламның ұйықтаған уақытында сериал көрмей, шет тілін үйренуге арналған оқулықтарды оқитынмын. Тіпті, сол кездері ұстап жүрген iPhone-ымды анама бердім де, өзім камерасы жоқ, ескі Nokia-ны қолдандым. Бұл маған жақсы көмектесті. Әйтпесе бүкіл уақытым инстаграмға кетуші еді. Әлеуметтік желілер қол астыңда болмағандықтан ішің пысады, сол кезде кітапты ашып, грамматикалық жаттығуларды жасай бастайсың.

Сонымен қатар, Duolingo сайтындағы тапсырмаларды орындадым. Әрбір сабақта «жету керексің», «істей аласың» деп өзіме айтып отырдым. Жасырмаймын, жалығатын кезім көп болды. Сондықтан арасында демалу үшін өзіме 1-2 күн еркіндік беріп, кейін қайтадан қалпыма келетінмін. Кейде сондай уақыттарда ағылшын тіліндегі кино қосып, түсінсем де, түсінбесем де көре беретінмін.

Маған курсқа қатысқанымнан гөрі өздігімнен оқығаным әлдеқайда пайдалырақ болды. Негізі университетте оқып жүрген кезімде ата-анам мені әртүрлі жақсы курсқа берді. Оған үш жылдай қатысқанымнан еш нәтиже болмады. Ал жарты жылдың ішінде pre-intermediate-тен upper intermediate деңгейіне дейін көтерілу мен үшін қызық тәжірибе болды. Дегенмен, TechWomen бағдарламасына өткеннен кейін аdvanced деңгейінің курсына қатыстым. Себебі шетелде бұл бағдарлама бойынша іс-тәжірибеден өту үшін ағылшынды жақсы білу керек.

TechWomen бағдарламасы жайлы

TechWomen — STEM саласындағы әйел адамдарға арналған АҚШ-тың бағдарламасы. STEM дегеніміз — ғылым, технология, машина жасау, математика бағыттары (science, technology, engineering, mathematics).

Upper-intermediate деңгейін оқып жүрген кезде құрбым маған бұл бағдарлама жайлы ақпарат жіберді. Жас жағынан шектеу жоқ екен. Оның үстіне, IELTS, TOEFL немесе диплом керек емес. Екі жылдық жұмыс тәжірибеңіз, STEM бағытындағы маман болуыңыз және жеке қасиеттеріңіз ғана маңызды. Сондай-ақ бағдарламаға тапсыру үшін көзқарастарыңыз, мақсаттарыңыз бен бағдарламадан кейін іске асыратын жобаларыңыз туралы сауалнаманы толтыру керек.

Бірінші кезеңнен өткен соң олар Қазақстандағы АҚШ елшілігіне сұхбатқа шақырады. Қойылған сұрақтар қарапайым болғанымен қатты қобалжыдым. Соның әсерінен ойым шатасып, кейбір сөздерді ұмыттым. Жолым болып, өтіп кеттім демеймін. Мені алса, демек, соған лайық болғанмын деп есептеймін. Себебі 2017 жылы Tech Women бағдарламасы бойынша Қазақстаннан бес қыз боп бардық: биотехнолог, химик, эколог және екі IT маманы (мен және құрбым). Ал былтыр 21 мемлекеттен 106 әйел, оның ішінде 6 қазақстандық барған.


АҚШ-қа жеткенде бізді әуежайдан бағдарламаның басшысы TechWomen деген жазуы бар баннермен күтіп алған. Ұйымдастырушылар бізге біртұтас елдің көшбасшы әйелі ретінде қарады


TechWomen-нің ерекшеліктері жайында

Бағдарлама қатысушының барлық қажеттіліктерін жан-жақты толық қамтамасыз етеді. Виза, билет, бес аптадағы шығының — бәрін ұйымдастырушылар өтеп, алып береді. Тіпті, АҚШ-қа жеткенде бізді әуежайдан бағдарламаның басшысы TechWomen деген жазуы бар баннермен күтіп алған. Ұйымдастырушылар бізге біртұтас елдің көшбасшы әйелі ретінде қарады. Сондай-ақ бес апта бойы бізге ыңғайлы болатындай бар жағдайды жасауға тырысты. Әр қатысушыға түрлі компаниядан 2-3 ментор тағайындалды. Ұйымдастыру жағы ең жоғары деңгейде деп айта аламын.

Мен SalesForce компаниясынан тағылымдамадан өттім. Мамандығым CRM жүйесі бойынша жұмыс процесімен таныстым. Тақырыбым жасыл технологияға байланысты болғандықтан, сол жақтағы Green Technology-дің бастығымен кездестірді. Бес аптаның ішінде барлық нәрсені үйренбейсің, бірақ басты адамдармен танысып, мотивация алып қайтасың. Кремний алқабындағы компаниялар қандай инновация жасап жатыр, нендей жобаны іске асырғанын және соңғы трендтерден хабардар боласың. Сонымен қатар, іс-тәжірибе кезінде адамның критикалық ойлау жүйесін дамытуға септігін тигізетін нешетүрлі уоркшоптар өтеді.


Қазіргі заманның «мұнайы, ақшасы — networking» дейді ғой. Сондықтан жаңа таныстар мен достарды табу үшін, елімізде ойлары ортақ, қызығушылықтары бір адамдарды табыстыру үшін Google-дың аясындағы осы іс-шараларды өткіземін


Google Developer, Women Techmakers және Technovation

Қазақта қыз балаларды қатты ұстайды ғой. «Ұяң бол», «көп шошаңдама», «көп сөйлеме» деп жиі айтады. Нәтижесінде қазақтың қыздары басылып қалған. Америкада Африканың, араб елдерінің әйелдерімен араласқанымда олардың өте ашық, қысылмайтын, ешкімнен ұялмайтын тұлға ретінде қалыптасқанын байқадым. Ал Орталық Азияның қыздары (Қырғызстан, Қазақстан — ред.) өздерін аша алмайды, еркіндікті сезінбейді. Мен осыны байқап, Tech Women бағдарламасы аяқталғаннан кейін қауымдастық құруға ниеттендім. Google компаниясының non-profit organization бөлімімен байланыстым. Осылайша Google Developer алаңы құрылды.

Мен жалғыз емеспін, жанымда Андрей есімді әріптесім бар. Қазір Қазақстанда сан алуан ІТ-кездесулерді ұйымдастырамыз. Қаражатты Google компаниясы бөледі, бірақ ол айтарлықтай көп ақша емес. Жалпы, Google-дің философиясы бойынша әр ел өзінің ішкі өнімдерінің дамуына көмектесуі қажет. Ол үшін адамдардың қоғамдастық құрып, пікір алмасуы маңызды. Сол себепті олар әлем бойынша developer-лерді қолдайды.

Одан бөлек, қазір мен — Google-дың жоғарғы технология саласында әйелдерді қолдайтын Women Techmakers деген жаһандық бағдарламасының Қазақстандағы амбассадорымын. Бұл да — маңызды жобалардың бірі. Берілген тақырып бойынша біз әйелдерге арнап іс-шаралар ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, мен 10-18 жас аралығындағы қыздарға арналған халықаралық Technovation байқауының аймақтық өкілі боп жұмыс істеймін. Мұның бәрін ерікті ретінде ұйымдастырамын. Ешкім маған бұл жұмысым үшін айлық төлемейді. Қазіргі заманның «мұнайы, ақшасы — networking» дейді ғой. Сондықтан жаңа таныстар мен достарды табу үшін, елімізде ойлары ортақ, қызығушылықтары бір адамдарды табыстыру үшін Google-дың аясындағы осы іс-шараларды өткіземін.

Ерікті болудың пайдасы 

Tech Women бағдарламасында Сара Сиджи есімді әйел маған ментор болды. Онымен әлі күнге дейін араласамын. Ол 20 жасында ата-анасы оқуына ғана берген ақшамен Америкаға келген. Ешқандай грантсыз-ақ оқуға тапсырып, университетке түскен. Өзінің айтуынша, алғаш келгенде құлағы естімейтін, көзі көрмейтін балаларға көмекші болып жұмыс істеген. Осылайша өзінің күнін өзі көрген. Қазір Сара Sales Force компаниясында жобаның менеджері әрі Salesforce.org-тың бас директоры.

TechWomen-де қызмет атқаратын әйелдер тегін істейді. Олар үшін бұл — волонтерлік жұмыс. Олар бес аптаның ішіндегі бүкіл жұмысын тоқтатып қойып, бар уақытын саған арнайды. Отбасы және өз жұмысы бар. Соған қарамастан сенімен уақытын бөліседі. Осындай Сара сияқты үлгі боларлық әйелдерге қарап, мен волонтерлік жұмысты ерекше бағалай бастадым. Мұның көптеген артықшылықтары бар.

Мысалы, Google жыл сайынғы жаңа өнімдерін таныстыратын конференциясына еріктілерді шақырады. Былтыр маған грант бөлген, алайда жеке себептеріме байланысты бара алмадым. Осы жылы барамын деген ниетім бар. Айтпағым — энергия бөліп істелген жұмыс ешқашан бос кетпейді. Оның қайтарымы болашақта болсын, бәрібір бір күні болады.

Стереотиптер туралы

Қазақстандық қоғамда әйелдерге көбіне бірінші кезекте «ана» деп, содан кейін үйде отыратын қуыршақ ретінде қарайды. Ол дұрыс емес. Ер азаматтар санасын өзгертуі керек деп есептеймін. Себебі әйел — ішінде жан-дүниесі, өзіндік тұлғасы бар адам. Сондықтан әйелдерге де түсіністік таныту керек. Егер үйде отырғысы келсе, отырсын, ал отырғысы келмесе, оған өзінің сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік беру қажет. Әркімнің өзінің таңдауы бар.

Facebook-тің операциялық директоры Шэрил Сэндберг «Әйелдер бір позицияны көздегенде өзінің оған сәйкес екеніне 90%-ға сенімді болуы керек. Ал еркектер 10-20%-дық сәйкестікті сезінсе, „қалғанын үйреніп аламын“ деп жүре береді», — дейді. Сондықтан әйелдерге өзінің қалағанын жасау өте қиын.

Қазір біз өзгерістер кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Қоғамның санасы да өзгеріп келеді. Қалыптасқан стреотиптерді біртіндеп жою үстіндеміз. Әйелдер отбасыны да, жұмысты да алып жүр. Иә, қиын. Бірақ біз бұл стреотиптерді, гендерлік кемсітушілікті жойсақ, бізден кейінгі буынға салауатты қоғам құру әлдеқайда жеңіл болары сөзсіз.


Расымен, бізде көптеген ана (жұмысбасты болғаны үшін — ред.) өзін кінәлі сезінеді. Сол кінәні алып тастау керек. Сен кінәлі емессің. Ол сенің өмірің, саған жұмыс істеу керек


Отбасы мен жұмыс 

Қиын. Жеңіл деп айта алмаймын. Себебі балаға да көңіл бөлу керексің. Көптеген досым, туысқандарым бала мен жұмысқа қалай үлгеретінімді жиі сұрайды. Ал мен ештеңеге үлгермеймін және ешкімге бұлай өмір сүрсін деп ақыл айтпаймын. Бірақ Америкадағы Synopsys компаниясының вице-президентінің берген кеңесін бөлісе аламын.

Одан «жұмыс пен отбасыны қалай алып жүру керек?» деп сұрағанымда, «жұмыста отырғанда ойың балада емес, 100% сол істе болуы керек, ал баламен отырғанда жұмысты ойлама» деген жауап алдым.

Расымен, бізде көптеген ана (жұмысбасты болғаны үшін — ред.) өзін кінәлі сезінеді. Сол кінәні алып тастау керек. Сен кінәлі емессің. Ол сенің өмірің, саған жұмыс істеу керек. Бірақ жұмыс істеген кезде ойының бәрі жұмыста болуы керек. Сонда сен жұмысыңды сапалы орындайсың. Ойың екіге бөлінбейді. Жұмыстан тыс уақытта балаңа, отбасыңа толыққанды берілу керексің. Сол кезде сен орта жолды ұстап тұра аласың.

ІТ саласы туралы

Қазір Америкада егде жастағы адамдардың өздері ІT-саласының маңызын түсініп, осы бағытта түрлі курстан өтеді. Тіпті Google-дің қарияларға арналған жобалары бар. Сондықтан жаңа нәрсені үйрену ешқашан кеш емес. Өзім бағдарламалауды жоғарғы деңгейде білемін деп айта алмаймын. Бірақ Tech Women-де кездестірген адамдардан мотивация алып, өзімді дамытып жүрмін. Ешқашан кеш емес қой. Жыл сайын 10 бағдарламаға тапсыр, біреуінен болмаса, біреуінен өтесің. Ешкім сенің қолыңды кесіп алмайды, ақша сұрамайды. Отырып application толтырсаң ғана болды. TechWomen — менің өмірімдегі ең алғаш халықаралық бағдарлама. Келгеннен кейін тағы бес бағдарламаға тапсырып, оның бірін — Google-дың Travel грантын ұтып алдым. Биыл тағы да түрлі мүмкіндікті сынап көрмекпін. Айтқым келгені, ешқашан қолымнан келмейді деп қорықпаңыз, байқап көріңіз, біліңіз, үйреніңіз, ізденіңіз.


Мәтін: Қания Табыс

Фото: Кейіпкердің жеке архивінен