2018 жылдың көктемінде этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өтті. Сайрагүл бұрын мұсылмандарға арналған лагерьлердің бірінде оқытушы болған. Кейіннен Швецияда босқын мәртебесін алған соң, ол қайта тәрбиелеу лагерьлеріндегі азаптаулар, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық туралы айтты.

Этникалық азшылық топтарға арналған идеологиялық қайта тәрбиелеу лагерьлері мәселесін халықаралық қауымдастық алғаш рет 2017 жылы көтерді. Ол кезде Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы ұсталған адамдарды қамайтын саяси тәрбиелеу орталықтары туралы мақала жариялады. 2018 жылдың қазанында BBC лагерьлердің барын растайтын зерттеу жариялады. Артынша Reuters "Мұсылмандарға арналған Қытай ГУЛАГ-ы жайлы зерттеу" атты мақала шығарды. Мақалада қамау орындарындағы жағдай мен азаптаулар, Шыңжаңдағы полиция режимі және аймақпен үзілген байланыс мәселелері көтерілді.

Халықаралық қоғамдастық Қытай билігін азшылық топтардың ұлттық бірегейлігін жойып, адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп айыптады. Ұйғыр қауымдастығы Үкіметтің іс-әрекетін мәдени геноцид деп атады.

Біз лагерь жайлы анықталған барлық ақпаратты жинап, Қытайдан келген екі этникалық қазақпен идеологиялық қайта тәрбиелеу, қорқыныш пен өсек-аян туралы әңгімелестік.

Кейіпкерлердің есімдері өзгертілді

Шыңжаң жайлы


Шыңжаң немесе Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы - Қытай Халық Республикасының ең ірі аумағын алып жатыр. Бұрын бұл жер ұйғыр халқының иелігінде болды, 1760 жылы аумақты Шыңжаң әскери-әкімшілік бірлігіне айналдырды. Ал 1955 жылы ҚХР автономды бөлігі болды. Халықтың көп бөлігі - ұйғырлар, бірақ онда қазақтар, өзбектер, тәжіктер, татарлар және басқа да ұлт өкілдері тұрады.

Ауданда Қытайдағы мұнай, газ, көмір және т.б ең ірі қазба қорлары орналасқан. Бұл — елдегі барлық энергетикалық ресурстың 20%. Кейбір Орталық Азия елдерімен және Ресеймен ортақ шекараларға байланысты Қытайдың "Белдеу және жол" экономикалық бастамасында Шыңжаң маңызды орын алады.

Әлемдегі қазақтардың ең ірі диаспорасы, яғни 1 миллион 460 мыңға жуық қазақ Қытайда тұрады. Қытайдағы қазақтар — Кеңес Одағы жылдарында ұжымдастыру кезеңінде қоныс аударғандар немесе Қазақстаннан алынып, Қытайға қосылған (Алтай, Тарбағатай аудандары, Іле, Құлжа, Еренқабырғы, Баркөл-Құмұла аудандары) аймақтарда тұратындар.

Олардың 92%-ы ана тілінде білім алды, 79,6%-ы өздерінің этникалық тиістілігін өте маңызды деп санайды. Этникалық қазақтардың көпшілігі қытай тіліне қарағанда қазақ тілінде сөйлейді.

Осыған дейін Қытай билігі қазақтарды Коммунистік партия билігін қабылдаған мұсылман тобының үлгісі ретінде қарастырды. Қытайдың жаңа саясаты жергілікті мұсылман қазақтарды қауіп деп санайды.


Шыңжаңда соңғы 10 жылда болған оқиғалардың хронологиясы

Қытайдың азаматтарды қытайластыруға талпынуына байланысты этникалық қытайлықтар мен ұйғырлар арасындағы қарым-қатынас шиеленісті. Қытайдың репрессивті саясаты 2009 жылы бейбіт шерумен басталып, соңы тәртіпсіздіктерден аяқталған Үрімшідегі наразылықтардан басталды. Гуандундағы фабриканың жұмысшыларының арасындағы этникалық қақтығыс әсерінен мыңдаған наразылық білдіруші көшеге шықты. Жүздеген адам ұсталып, 140 адам қаза тапты, 828-і жараланды.

Қарулы адамдар тобы Қашғар округіндегі полиция учаскесіне шабуыл жасаған кезде 11-ге жуық адам қаза тапты. Пышақпен, балтамен қаруланған тоғыз адам екі жасақшыны өлтірді. Полиция қызметкерлері оқ атып, шабуыл жасағандарды ұстады. Оқиғаға байланысты мәлімет өте аз.

2014 жылы бірнеше шабуыл болды, Қытай үкіметі экстремистерді айыптады. Сәуірде бір топ адам теміржол вокзалына шабуыл жасап, нәтижесінде бір адам қаза тауып, 79 адам зардап шекті. Осы оқиғаларға байланысты мұсылман азшылық топтарды бақылауда ұстау шаралары күшейе түсті. Темір жол вокзалына шабуылдан соң, ҚХР президенті Си Цзиньпин шенеуніктерді Шыңжаңда қатаң шаралар қабылдауға шақырды. "Біз олар сияқты қатал болуымыз және аяушылық көрсетпеуіміз керек", - деді ол.

2016 жылы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында партия комитетінің жаңа басшысы болып Чэнь Цюаньго тағайындалды. Бұған дейін Чэнь Цюаньго Тибет автономиялық ауданын басқарды. Қазан айынан бастап Хан этникалық қытайлықтардың, ШУАА тұрғындарының төлқұжаты тартып алынды. Енді олар билік рұқсат еткен жағдайда ғана шетелге шыға алады. Аудан бойынша бақылау камераларымен жабдықталған полиция бекеттері пайда болды. Үкімет 30 мың тәртіп сақшысын жұмысқа алды. Бұл — 2008-2012 жылдар аралығында жұмысқа тұрған барлық полицейдің санынан көп.

Жақында жарияланған мемлекетішілік құжаттарға сәйкес, Шыңжаңдағы жаңа саясат жергілікті билік тарапынан қарсылық көрді. 2017 жылы “сепаратизммен қарсы күрескісі келмеген” мемлекеттік қызметкерлерге қарсы 12 мыңнан астам тергеу ісі басталды.

Этникалық қытай шенеуніктердің бірі Шыңжаңдағы қамау процесін баяулатуға және Ұйғыр билігін қорғауға тырысқаны үшін түрмеге отырғызылды. Ал Яркенд басшыларының бірі Уанг Юньчжи берілген бұйрықтан бас тартып, құпия түрде 7 мыңнан астам тұтқынды босатты.

Наурыз айында қатаң және кемсітушілікке толы "Де-экстремификация ережелері" қабылданды.

Google Maps-та Үрімшіге жақын Дабанченг қаласының маңында лагерьдің фотосуреті пайда болды. Орамал тағу, намаз оқу, ораза ұстау, ислам немесе ұйғыр мәдениеті жайлы кітап ұстау, сақал қою, жұмыс бабымен немесе оқуға шетелге саяхаттау, Қытай азаматынан өзге адаммен байланысқа шығу — күдік тудырды.

Қытай үкіметі лагерьлердің барын растады. Ресми мәліметке сәйкес, лагерьде адамдар экстремистік ойлардан құтылады және білім алады.

Наурыздың 15-і ҚХР Сыртқы істер вице-министрі Ли Чэнь лаңкестік идеология жойылғаннан кейін лагерьлердің жабылатынын мәлімдеді. Наурыздың 29-ы Қытай Қазақстанға тәрбие лагерьлері бойынша ұстанымдары үшін алғыс білдірді. 2019 жылдың наурызының басында Бейбіт Атамқұлов түзету лагерлеріндегі қазақтардың саны 80%-ға азайғанын хабарлады.

Шілдеде 22 елдің дипломаты Қытайдан Шыңжаңдағы жаппай қамауды тоқтатуын сұрады.

2019 жылдың тамызында Қытай билігінің лагерьлерге қатысты ұстанымдары жазылған "Ақ кітап" жарияланды.

Кітаптан үзінді:

"Заңға сәйкес, бірқатар маңызды қажеттіліктерге жауап ретінде жүйелі түрде оқыту мен дайындайтын кәсіби орталықтар тобы құрылды. Орталық жиі орын алатын террористік қақтығыстарды ауыздықтау, діни экстремизмнің негізін жою, білім алушыларға үздік білім мен кәсіби дағдыларды алуға көмектесу, жұмыс табу және табысын арттыру, ең алдымен Шыңжаңда әлеуметтік тұрақтылық пен ұзақ мерзімді бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін құрылды".

Қазанда

Қытай билігінің екі жыл бойы ұйғырлардың бейітін талқандағаны, қалдықтарды Қытайдың солтүстік-батыс аймағындағы ондаған зират бойынша шашып тастағаны анықталды.

Қазанда

Қытайдан келген екі этникалық қазақ Қазақстаннан саяси баспана сұрады. Босқындардың бірі Адам құқықтары жөніндегі Қазақстандағы Халықаралық бюросының баспасөз конференциясында төрт жыл және сегіз ай бойы Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу лагерінің тұтқыны болғанын айтты.

Қарашада

Ұйғыр белсенділері ШҰАА аумағындағы 500-ге жуық лагерьдің, еңбек лагерьлерінің және түрмелердің картасын жариялады. Олардың пікірінше, түрмелерде 1 миллионнан астам адам қамауда болуы мүмкін. Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы қауіпсіздік мәселелері бойынша Қорғаныс министрінің көмекшісі Рэндалл Шрайвер лагерьлерде этникалық азшылық топтардың 3 миллионға жуық өкілі болуы мүмкін деп болжады.

Лагерьлерді не үшін айыптайды?


Қытай қайта тәрбиелеу лагерьлеріндегі адамдарды азаптайтынын жоққа шығарып, оны “кәсіби дайындық орталықтары” деп атайды. Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының директоры Николас Бекелин лагерьлерді миды шаю, азаптау және жазалау орны деп санайды. БҰҰ-ның бағалауынша, 2018 жылы қайта тәрбиелеу лагерьлерінде екі миллион ұйғыр, қазақ мен басқа да этникалық азшылық өкілдері қамауда болды.

Жағдай

2018 жылдың желтоқсанында Пекин 12 елдің, соның ішінде Қазақстанның дипломаттарын ШҰАА-ға шақырды. Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің кеңесшісі лагерьдегі жағдай Қытай үкіметінің азаматтарына қамқорлығын көрсететінін айтты. Ауғанстан мен Малайзия дипломаттары БАҚ-та жарияланатын мақалалар мен лагерьдегі шынайылықтың арасындағы айырмашылықтарды атап өтті. Олар лагерьге "жайлы және жақсы» деген баға берді.

Human Rights Organization Шыңжаңдағы жағдай туралы көпшілік алдында айтпаған елдердің дипломаттарының Қытайға шақырылғанын айтып, наразылық білдірді. "Пекиннің дипломатиялық шоу жасаудан тәжірибесі мол. Құқық қорғау ұйымының арнайы мәлімдемесінде ШҰАА-ға дипломаттардың келуі тәуелсіз бағалауды алмастыра алмайды", - делінген құқық қорғау ұйымының арнайы мәлімдемесінде.

Лагерьдің бұрынғы тұтқындары мен құпия дереккөздер ол жердің түрмемен бірдей екенін айтады. Адамдар тұрақты бақылауда, олардың шашы тақырлап алынып, қолына кісен салынады. Оларға қытай тілін, Коммунистік партияның идеологиясын үйретіп, "қылмысын" мойындауды мәжбүрлейді. Сайрагүл Сауытбай тұтқындарға күлуге, бір-бірімен сөйлесуге және тәртіп бұзуға тыйым салынғанын айтты.

Лагерьдің бұрынғы оқытушыларының бірі ол жерде тек қытай тілі рұқсат етілгенін айтты. Тіпті, оның көз алдында қытайлық офицердің сұрағына жауап бере алмаған қарияны шоқпармен ұрған. "Олар бізге мал, шошқа, сиыр, қой ретінде қарайды", — деді ол.

Зорлық-зомбылық

Берік есімді лагерьдің бұрынғы тұтқынының бірі (оның жеке тұлғасы тәуелсіз дереккөздермен расталмаған) интернетте ашық хат жариялады.

"Офицерлер бейнебақылау бөлмесіне келіп, қыздарды таңдады. Одан кейін қол астындағыларға қыздарды сөйлесу бөлмесіне әкелуді бұйырды. Бөлме деп отырғандары — камерасы жоқ ас үй. Бөлмеде екі үстел бар: біреуі тамақ пен алкоголь үшін, екіншісі — ерекше жағдайларға арналған. Кейде офицерлер өз қарамағындағыларға қызды өздерінен кейін зорлауға рұқсат беретін. Зорлықтан кейін қыз камераға қайта оралады. Оған сөйлеуге де, жылауға да болмайды", - деп жазды ол.

Сайрагүл Haaretz басылымына берген сұхбатында топтық зорлаудың куәсі болғанын айтты. Оның айтуынша, офицерлер қызды 200 тұтқынның алдында тыржалаңаштандырып, өзінің "күнәларын" мойындауға мәжбүрлеген.

"Олар оны зорлап, біздің реакциямызды тексерді. Теріс қарап, көзін жұмған, ашуланған немесе есеңгіреп қалғандарды сыртқа алып кетті. Біз оларды қайтып көрген жоқпыз".

Лагерьдің басқа тұтқыны Ручие Перхат (Ruqiya Perhat) этникалық қытайлық офицерлердің оны бірнеше рет зорлағанын айтты. "35 жасқа дейінгі барлық ер мен әйел жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды", - деді ол.

"Олар барлығы үшін жазалайды. Ережені сақтамаған, қытай тілін білмеген немесе ән айтпаған адамдар жазаланды", — деді Сайрагүл. Оның айтуынша, тұтқындағы адамдарды қабырғаға іліп, электр шоқпармен соққыға жығып, шегеге отырғызып, тырнақтарын жұлып жазалаған.

Бұрынғы тұтқындардың бірі Мехригуль Тұрсын АҚШ Конгресінде Шыңжаң лагерьлеріндегі азаптаулар туралы мәлімдеме жасады. Ол өз отбасын жаңа туған балалармен таныстыру үшін Мысырдан Қытайға келді. Әуежайды оны тұтқындап, үш баласын тартып алды. Артынша балаларының бірі шетінеп кетті. Мехригульдың айтуынша, ол ұйқының депривациясына ұшырап, төрт тәулік бойы орындыққа байланған және денесінен электр тоғын жүргізген. "Мен бұл азаптауларды көргенімше, өлгенім артық деп ойладым. Олардан мені өлтіруді жалынып сұрадым", — деді ол. Электр орындығында азапталған кезінде оның аузынан көбік шыға бастаған.

Жаза

Лагерьдің тұтқындарының бірі Өмір Бекәлінің айтуынша, қамаудағылар тәулік бойы тік тұрғызылып, су мен тамақтан айырылып, жазалағанын айтты.

"Жазда жалаңаш ыстық бетонда тұруға мәжбүрлейді. Қыста да суық бетонда, жалаңаш, киімсіз, тек іш киіммен далада тұрдық. Жерде су толтырылған шұңқырлар бар. Кейбіреулерін сол шұңқырдың ішінде тұрғызып қояды".

Медициналық эксперименттер

Лагерьдің бұрыңғы тұтқындары оларға медициналық эксперименттердің жасалғанын айтты. Сайрагүл Сауытбайдың айтуынша, оларға екпе жасалды, ауруды алдын алу үшін дәрі-дәрмек берілді. Алайда біреу шынымен ауырған кезде оған ешқандай көмек көрсетілмеген.

Бір медбике Сайрагүлге бұл дәрілердің қауіпті екенін, оны ішуге болмайтынын айтқан. Оның айтуынша, дәрі-дәрмектер ақыл-ой және репродуктивті денсаулыққа кері әсерін тигізді. Еркектер стерильді бола бастады, ал әйелдердің менструациясы келмей қалған.

Мехригүл бір камерада 67 әйелмен тұрғанын айтты. Оларға тамақтың орнына, есірткі мен белгісіз сұйықтық берілген. Нәтижесінде кейбір әйелдерден қан кететін. Үш айдың ішінде оның қасындағытоғыз әйел қаза тапқан.

Тағы бір анонимді тұтқын қамалмастан бұрын оған екпе егілгенін, ал босағаннан кейін денсаулығы мен есте сақтау қабілетінің нашарлағанын айтты.

Мәжбүрлі еңбек

2018 жылы New York Times тұтқындардың жұмыс істеуге мәжбүрленгені жайында мақала жариялады. Жер серігінің көмегімен жасалған фотосуреттер мен ресми құжаттар лагерь аумағында жұмыс фабрикаларының барын растайды. Қамаудағылардың лагерьде жұмыс істеуден басқа амалы жоқ.

Шыңжаң — Қытайдағы мақта жеткізуші ірі өндіріс. Көптеген бренд мақтаны тікелей провинциядан сатып алады. Вашингтондағы адам құқықтары жөніндегі ұйғыр жобасының төрағасы Нури Туркель Шыңжаңдағы ұйғырлар мәжбүрлі еңбек жүйесіне тартылғанын хабарлады. Ол аймақтағы тауарлардың мәжбүрлі еңбектің нәтижесінде өндірілуі мүмкін екенін бұл фактіні елемеуге болмайтынын айтты.


Қытай Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына қарағанда, өз аумағында тек Шыңжаң болғанын қалайтын еді


Әліхан

Этникалық қазақтардың жағдайы ұйғырлар немесе тибеттерге қарағанда жақсы. Біздің тарихи отанымыз, паспортымыз бар. Елімізге қайтып келе аламыз. Мысалы, тибеттердің тіпті паспорты жоқ. Тибеттердің де, ұйғырлардың да барар жері, басар тауы жоқ. Олардың Отаны — сол жер. Қазақ диаспорасына қарағанда лагерьден әлдеқайда көп зардап шегеді. Қытай Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына қарағанда, өз аумағында тек Шыңжаң болғанын қалайтын еді.

Мен лагерьде отырған жоқпын, бірақ ол жерде болған таныстарымнан не болып жатқанын көп естідім. Лагерьге түскен адамдар — қылмыскер емес.

Тінту кезінде телефоныңда Whatsapp сияқты тыйым салынған қосымшаларды тапса, тұтқындауы мүмкін (Қытайдағы "алтын қалқан" бағдарламасы аясында Фейсбук, Твиттер, YouTube, Instagram және т.б. бұғатталған — ред). Жергілікті билік телефон арқылы сені аймақтық учаскеге шақыртып, сол жерден лагерьге жібереді. Ештеңе түсіндірмейді. Тек туыстарыңа қоңырау шалып, жеке заттарыңды сұратады.

Лагерьде партиялық идеологияны үйретеді. Адамдар жақсы жұмысқа орналасуы үшін кәсіптік білім алады деген болжам бар. Бірақ көп жағдайда лагерьден кейін олар жұмыс таба алмайды, ал оған дейінгі жұмыс орнынан айрылады. Адамдар жарты жыл лагерьде тұтқындалған соң, агрессивті бола бастайды.

Әкесін қайта тәрбиелеу лагеріне отырғызған қыз жайлы естідім. Ол лагерьде әкесімен кездескенде жылап қоя берді. Қыздың бөлмесіндегі белгісіз біреулер оған “жылама, әйтпесе әкеңе зияның тиеді” деп айтты. Қорыққан қыз көз жасын сүртіп, әкесімен ашық сөйлесе алмайтынын түсінді. Артық сұрақ қою қауіпті еді. Сондықтан ол:

— World Cup көрдің бе? деп сұрады.

Ол кезде World Cup 2017 өтіп жатқан еді. Әкесін лагерьде ұрып-соғатынын, оның қашан шығатынын біле алмады. Онымен тек өтіп жатқан жарыс жайлы сөйлесе алды.


Билік Шыңжаң тұрғындарын қауіптілігі бойынша бөлді. Әдетте, этникалық қытайларға қарағанда басқа ұлт өкілдері қауіптірек саналады


Нұралы

Жақында мен Қазақстан азаматтығын алдым, ал отбасымның бір бөлігі әлі де Қытайда тұрады. Олар да осында көшіп келгісі келеді, бірақ келе алмайды. Неге екенін білмеймін, тек болжай аламын. Олармен телефон арқылы сөйлесе алмаймын, тек WeChat арқылы байланысамыз (Қытай әлеуметтік желісі — ред). Себебі Үкімет телефон байланысын бақылауға алған, ал мобильді қосымша арқылы келетін ақпаратты өңдей алмайды. Қытайда басқа әлеуметтік желілерге тыйым салынған. Шыңжаңда тұратын туған-туыстарыңа тікелей қоңырау шалу мүмкін емес.

Билік мемлекеттің егемендігін бұзатын экстремизмнен қорқады. Бұл қорқыныш — Тибеттегі, Шыңжаңда болған және Гонконгта болып жатқан оқиғалардың нәтижесі (тұрғындар қамаудағыларды Қытайға экстрадициялау заңын қабылдауға қарсы наразылық білдірді). Сондықтан Қазақстандағы туысқандарыңмен сөйлесу қауіпті. Себебі ҚХР Қазақстанды азаматтары террористік белсенділік танытанын мемлекеттер тізіміне енгізді. Еуропаға қоңырау шалу қауіпті емес.

Билік Шыңжаң тұрғындарын қауіптілігі бойынша бөлді. Әдетте, этникалық қытайларға қарағанда басқа ұлт өкілдері қауіптірек саналады. Оларды да лагерьлерге отырғызады, бірақ қазақтар, ұйғырлар және басқа ұлт өкілдеріне қарағанда бұл сирек болатын жағдай. Телефонда Whatsapp сияқты тыйым салынған қосымшалардың болуы, құлшылық ету, үйде Құран кітаптың болуы, Қазақстанға жиі қоңырау шалу, партияға қарсы идеялар тарату, қайта тәрбиелеу лагерінде туысыңның болуы — билік алдында сенің қауіптілік деңгейіңді арттырады.

Мұның бәрі 2016 жылы басталды. Билік өкілдері Шыңжаң азаматтарынан басқа елде, оның ішінде Қазақстанда, тұратын туыстары мен отбасы мүшелері туралы ақпарат жинай бастады. Менің отбасымды жергілікті саяси қауымдастыққа (полиция учаскесіне) шақыртты. Олармен қаншалықты жақын туыс екенімізді, немен айналысатынымды, менің ID-нөмірім, телефон нөмірім, мекен-жайым, тіпті қазақстандық ЖСН-ім туралы сұрай бастады. Мен азаматтығымды жақында ауыстырдым, алайда билік үшін Қытайда тұрмайтын адам шетелдік болып саналады.


Әрбір отбасыға үйдегі тәртіпті бақылайтын этникалық қытай бекітілген


Лауазымы төмендеу қоғам қызметкерлері үйлерді тұрақты бақылайды. Айына бір-екі рет келіп, жағдайды тексеріп кетеді. Отбасы мүшелерінің немен айналысып жатқанын сұрайды. Әрине бәрі бақылау жүргізіліп жатқан ауданға, тексерушіге байланысты. Тексерушілер кейде үйге кіріп, бәрін мұқият қарап шығады. Оның үстіне, әрбір үйге этникалық қытайлар отбасы бақылау жүргізеді. Этникалық қытай отбасы үйдегі тәртіпті қадағалайды.

Естуімше, оқуды аяқтағаннан соң Қытайға қайта оралуың керек. Астанада оқыған студенттер бір-екі жылдан кейін Қытайға оралуға мәжбүр болған.

Мен лагерьде болған жоқпын, бірақ сенімді адамдардан тұтқындау процесі жайлы көп естідім. Алдымен сені саяси орталыққа шақырып, түрлі сұрақтар қойып, содан кейін қайда жіберетінін шешеді. Сені не үшін тұтқындағанын түсіндірмейді. Ешқандай сот болмайды, тіпті өзіңді қорғай алмайсың. Қауіптілік деңгейіңе байланысты лагерьде үш айдан бір жылға дейін отырасың. Қайта тәрбиелеу қанша уақытқа созылатынын ешкім білмейді, босатар кезде кетуіңе рұқсат береді.

Достарым мен таныстарымның кейбірі лагерьде бірнеше айдан екі жылға дейін болған. Бірі саясат немесе дін сияқты сезімтал тақырыптарға пікір білдірді, екіншісі басқа елде тұратын туыстарымен жиі байланысқан.

Олар экстремистер де, қылмыскерлер де емес. Билік оларды миын экстремистік идеялардан тазарту үшін лагерьде болуы тиіс басқарылатын және бақыланатын топтар деп атайды.

Лагерьдің ішінде не болып жатқанынан нақты хабарым жоқ. Бірақ репортерлерге көрсеткен лагерьдегі жағдайдың өтірік екеніне нық сенімдімін. Шыңжаң ауданының экономикалық жағдайы Қытайдың басқа өңірлеріне қарағанда нашар. Ол жердің тұрғындарының жалақысы әлдеқайда төмен. Менің ойымша, кейбіреулерін қосымша оқыту қажет (ҚХР билігі лагерьлерде адамдарды кәсіби дағдыларға үйретеді деп мәлімдеген), бірақ адамдарды бас бостандығынан айыруға болмайды.

Қазір Шыңжаңда шекарадан өту өте қиын. Әсіресе қазақтар тұратын Құлджа, Алтай аймағы үшін шекарадан өту мүмкіндігі шектелген. Оларға сол аймақта тұратынын растайтын құжат алу, қылмыстық істерге қатысы жоғын дәлелдеу қиын. Азаматтығыңды өзгерткің келетінін айта алмайсын, билік рұқсат етпейді. Үкімет этникалық қытайлықтармен некелесуді қолдайды. Себебі екі түрлі ұлт өкілінің некесінде туған балалардың оқу жеңілдіктерін алу ықтималдылығы қалғандарына қарағанда жоғары.

Мен ол жақта қалған ата-анам мен достарым үшін алаңдаймын. Олар Қытайдың басқа аймағына қоныс аударғысы келеді, бірақ бұл өте қиын. Оның қасында шекарадан өту әлдеқайда оңай. Өзім Қазақстанда қаламын деп шештім.

Қазақстандық биліктің реакциясы

2017 жылдың жазында өткен Дүниежүзілік қазақ құрылтайы кезінде этникалық қазақ Өмірхан Алтын Шыңжаңдағы қазақтардың жағдайы мәселесін көтерді. Өз сөзінде Өмірхан "олар (Қытай билігі) заңды Ішкі Қытайдағы қазақтарға және (Қазақстанмен) шекаралас аудандарда тұратындарға бірдей қолдансын. Бар сұрайтынымыз осы", - деді ол.2017 жылдың жазында өткен Дүниежүзілік қазақ құрылтайы кезінде этникалық қазақ Өмірхан Алтын Шыңжаңдағы қазақтардың жағдайы мәселесін көтерді. Өз сөзінде Өмірхан "олар (Қытай билігі) заңды Ішкі Қытайдағы қазақтарға және (Қазақстанмен) шекаралас аудандарда тұратындарға бірдей қолдансын. Бар сұрайтынымыз осы", - деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев:

«Қазақтарға қиянат жасалып жатыр деген әңгіме менің құлағыма жеткен жоқ. Бар болса, елшілік арқылы білейік. Сыртқы істер министрлігі арқылы біз оған тиісті көңіл аударатын боламыз» деп жауап берді. Сонымен қатар, екі ел арасындағы тығыз байланысты туралы айтты.

Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэй өңірде қысым жасалғанын мойындады. "Бұл мемлекеттің саясаты емес, тек кейбір мемлекеттік қызметкерлердің өз қызметін асыра пайдалануы. Бірақ мұндай ақпаратты өз мақсатыңда пайдалануға болмайды. Бұл екі ел арасындағы түсініспеушілікке әкеледі", - деді ол.

Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэй өңірде қысым жасалғанын мойындады. "Бұл мемлекеттің саясаты емес, тек кейбір мемлекеттік қызметкерлердің өз қызметін асыра пайдалануы. Бірақ мұндай ақпаратты өз мақсатыңда пайдалануға болмайды. Бұл екі ел арасындағы түсініспеушілікке әкеледі", - деді ол.

2018 жылы ҚХР билігі бұрын Қытайдың азаматы болған Қазақстанның 11 азаматын тұтқындады. Сол жылдың көктемінде Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхтар Тілеуберді қазақстандықтардан 96 арыз түскенін хабарлады. Тұрғындар Қытайда тұратын туысқандарының қамалғанына шағым білдірген. "Бізге еліміздің азаматтарынан өтініш түскен кезде, оны Қытайға жібереміз. Бірақ Вена конвенциясына сәйкес, біз олардың ішкі ісіне араласа алмаймыз ", - деді ол.

2018 жылдың күзінде ата-анасынан айырылған балалардың видео үндеуінен кейін Қазақстан Қытайға дипломатиялық нота жіберді. Этникалық қазақтардың балаларының айтуынша, олардың ата-аналарын Қытай билігі ұстап тұр.

2019 жылдың қаңтарында Қытайдың батысында қамалған жүздеген этникалық қазақ тұтқыннан босатылып, үй қамауына алынды. Financial Times пікірінше, бұл — БҰҰ-ның тексерісі алдында биліктің жасап отырған әрекеті.

Сол айда Қытай билігі бірнеше шетелдік БАҚ-қа, соның ішінде Reuters және BBC-ге саяси қайта тәрбиелеу лагерьлеріне экскурсия ұйымдастырды. Reuters репортерлері лагерьлердегі бақылау деңгейінің төмен болғанын және ондағы адамдардың зорлық-зомбылыққа ұшырағанға ұқсамайтынын жазды. Лагерь тұтқындары журналистердің алдында би билеп, арнайы дайындалған әнді шырқады. Репортерлер жергілікті биліктің қатысуымен лагерьдегі кейбір адамдармен сұхбаттасты. Олардың айтуынша, бұл адамдар ойын трансформациялау үшін лагерьге өз еркімен келген.


Мәтінді аударған: Ақерке Ораз

Фотосуреттер: 1, — unsplash.com, 2 —  unsplash.com