Дисклеймер: Материал 2018 жылдың 22 ақпанында шыққан сұхбат бойынша аударылды.

Бұған дейін топ мүшелерінің барлығы — режиссер Қуаныш Бейсеков, актерлер және сценаристер Илья Гуменный, Алдияр Жапарханов, Азамат Маркленов, Жасұлан Оңғаров — Көңілді тапқырлар клубында ойнаған.

Біз жас командамен кездесіп, олардың жарнама бағасы, сексуалдық астары бар әзілдері, «Газгольдер» шағымы және уақытша хайп туралы ойларын білдік.

Ирины Қайратовнаның сырт келбеті, ұятқа көзқарасы мен Газгольдер шағымы

— Сіздердің ойларыңызша Ирина Қайратовнаның бейнесі қандай?

ИЛЬЯ: Егер біздің шығарылымдармен параллель жүргізсек, онда Ирина Қайратовна біздің бейне секілді өте әдемі. Ал оның мінезі қандай екені — үлкен құпия. Ол өзгереді, өседі: басында аузына ақ ит кіріп, көк ит шығатын ақымақ адам болды, ал қазір ол боғауызды азайтып, философия мен драматургияны қосуға тырысады.

ЖАСҰЛАН: Ол тамаша әйел. Толық емес, өте сымбатты. Оның бойында пуэрто-рикалықтардың қаны бар. Қазір Иринаның тегін ешкім білмейді ғой, тек аты мен әкесінің аты белгілі. Уақыт өте келе жасырын нәрсе, әрине, жария болады.

— Алғашқы шығарылымнан кейін өмірлеріңіз қаншалықты өзгерді?

И: Шынында, аса үлкен өзгеріс байқалмады. Белгілі бір танымалдылық пайда болды, бірақ жүруге қиын дейтіндей емес. Бір-екі адам байқап, суретке түсуге келеді.

Ж: Ал маған университеттегі оқытушым Ирина Қайратовнаның бір видеосын жіберіп, сондағы испаниялық актерға ұқсайтынымды айтты. Бұл актердың расымен мен екенімді айтқанымда оқытушым маған сенбей қойған.

— Сіздерге қандай сын айтылды?

И: Ғаламторда сын үнемі бар, бірақ ол ащы. Біреу «ұятты» деп жазса болды — сен түкке тұрмайсың. Комментарийлер — мүлдем ерекше сала, адамдар кекетудің түрлі жолдарын ойлап табуға құмар

АЗАМАТ: Егер сын айтылмаса, біртүрлі болар еді. Бірақ ол сынның да алуан түрі бар. Нақты қай жерде қате барын жазатын, орынды сын айтатын адамдар болады. Шығарылымдарды өзіміз де көргенде қай жерде қате сөйлегенімізді, қай жерде басқаша істеу керек болғанын байқаймыз. Бірақ біз оны жеңіл қабылдаймыз. Біреу рольін шамалы сомдап жатса, әзілдесіп ойнаймыз.

— Әдетте блогерлер алдымен инстаграмға видео түсіреді, кейін аудитория жинаған соң ютубқа көшеді. Сіздер недіктен бірінші кезеңнен аттап кеттіңіздер?

И: Ирина Кайратовнаға дейін жарты жыл бұрын біз вайн сынды дүниелер түсіргенбіз. Бірақ олар үнемі бір минуттан ұзағырақ болып шығатын, ал егер қысқартсақ, вайнымыз сандыраққа ұқсап қалатын. Сондықтан біз өзге форматты қаладық, әзілдерімізді бір емес 15-16 минутқа созуды қаладық. Бізге бір минут тым аз көрінді.

А: Барлығымыз дерлік бір КТК (КВН аудармасы — ред.) тобында ойнағаннбыз, Сочиге фестивальға барғанбыз. Жиі жиналатынбыз, әзілдер жазып, түзетулер енгізетінбіз. Вайнерлерге тегін көмектесіп, оларға сценарийлер жаздық. Бірақ уақыт өте келе біз таза шығармашылықпен айналысуды қаладық. Ақырындап үлкенірек дүние жасауға ниет пайда болды. Жеке скетч-шоуымыздың жоспарын құра бастадық. Бұған дейін біз көп нәрсені өзіміз түсіргенбіз, бірақ кәсіби деңгейде емес. Дыбыс жазуда қиындықтар болды. Бір кездері суреттеріміз біз қалағандай шықпады. Кейін жақсы бейнемонтажерлармен таныстық, олармен жұмыс істеп, сапалы контент түсіре бастадық. Ал Куканы («Ирина Қайратовна шоуының» режиссері Қуаныш Бейсеков — ред.) біз студенттік шақтан бері танимыз, бірге КТК ойнадық. Бізге ютубқа арнап видео түсіруді ұсынған дәл өзі. Сол кезде алғашқы видео 10 мың рет қаралды, бірақ лайк пен дислайк қатынасына және пікірлерге қарағанда көрерменнің реакциясы жақсы болды. Біз видеоның халыққа өткенін сездік.

Ж: Инсайдерлік ақпарат: бір кездері біз мүлдем басқа алаңға шығуды ойладық. Бізде автобустардағы телевизияға арналған скетчтер түсіру жайлы ой болған. Мен LRT-ға хабарласып, тіпті, барып көрдім, бірақ сол күйі қабылдауға кіре алмадым. Негізінде идея өте қызық болған.


Сол кезде алғашқы видео 10 мың рет қаралды, бірақ лайк пен дислайк қатынасына және пікірлерге қарағанда көрерменнің реакциясы жақсы болды. Біз видеоның халыққа өткенін сездік


«Ирина Кайратовнаның шоуы» шығарылымының жасалу процесін сипаттап беріңіздерші

И: Бәрі де сценарийдің құрылымын жазудан басталады. Кейін әзілдерді қосамыз.

А: Сценарий дайын болған кезде біз оны өзіміз бекітеміз. Содан кейін түсірілім басталады. Бірақ үнемі бұлай болмаған. Бұрын біз әзілді ойлап тауып, ертесіне бірден түсірілімді бастап кете алатынбыз. Ол кезде скетчтерді ештеңе байланыстырмайтын. Енді барлығы біртұтас көрінуі үшін біз барлық скетчтің арасында байланысты сақтауға тырысамыз.

— Неге үшінші шығарылымды қайта жүктеуге мәжбүр болдыңыздар?

И: Бізге Газгольдер шағымданды.

А: Біз шығарылымда Скриптониттің әндері мен бейнебаяндарының үзінділерін қолданғанбыз. Оның бәрін өшіріп, видеоны қайта жүктедік. Ал оның әнінің сөздерін оқыған шығарылымысызға шағым болмады, бұл — қалыпты нәрсе.

Ирина Қайратовнаның аудиториясы, вайндар мәселесі мен жарнама

— Астаналықтарды «қызықсыз», «қатал» деп жатады. Сіздер Астанада түсірілетін жоба болғандықтан бұл факт сіздерге деген қарым-қатынасқа әсер ете ме?

А: Меніңше, Астанада адамдар шынымен салқын сияқты әрі бұл стереотип емес.

И: Айтпақшы, біздің көптеген көрерменіміз бізді Алматыдан деп ойлайды.

Ж: Қазір шығармашылық әлдеқайда дамыған. Көптеген адаммен кездесіп, бізге деген қарым-қатынастың оң екенін байқаймыз. Себебі қандай да бір өнегесіз не жаман құндылықтарды дәріптемейміз, біз жай ғана әзілдейміз.

— Ал адамдар сіздердің әзілдерді түсіне ме?

И: Біз кәсіби маман емеспіз, бір жерде тәжірибе жасап көреміз және үнемі ойдағыдай шыға бермейді. Біреулер түсінбей жатады. Айтпақшы, сол себепті бізде +21 жас шектеуі тұр.

— «Ирина Қайратовна шоуы» — қазір сіздердің негізгі жұмысыңыз ба?

А: Иә, бұл таза хастл.

— Егер бұл негізгі қызмет түрі болса, видео жасау неге ұзақ уақыт алады? Сіздердің арналарыңыздағы жетінші мен сегінші эпизодтың арасында үш ай бойы түк шықпады.

А: Мұнда адами фактор ықпал етті. Біз демалдық, Алматыда қыдырып қалдық. Кішігірім рокерлік өмір болды.

И: Бәрі жан-жаққа кетіп, Қуаныш ауырып қалды. Оның үстіне қажет құрылғылар да болмады.

Ж: Жаңа шығарылымдарымызды көретін үлкен аудиторияның барын елестеткен жоқпыз. Біз «Шерлок» емеспіз ғой. Сөйтсек, Ирина Қайратовнаны күтетін көрермендеріміз бар екен.

— Күнделікті қысқа әрі күлкілі видеоларды көруге бейімделіп қалған жазылушыларды жоғалтып аламыз деп қорықпайсыздар ма?

И: Біз бәрін аудиториямыз үшін істейміз, сондықтан «оны жоғалтқымыз келмейді» деу дұрыс шығар.

Ж: Ирина Қайратовнаны шынымен ұнататын аудитория, жаңа шығарылымды күте алады деп ойлаймын. Әдетте инстаграмдағы адамдарда жүздеген жазылым бар. Ютубтағы сондай бір жазылым ештеңеге тұрмайды.

— Ал сіздің аудитория кімдер?

А: Біздің аудитория — негізінен 18-24 және 25-34 жастағы адамдар. Көрермендер арасындағы ер адамдар саны — 60%, ал әйелдер — 40%.

И: Ерлер бізді жиірек көреді. Бұрын олар 80% болған. Ал қазір қыздардың саны көбейді.

Ж: Біздің аудиторияны жақсы көремін. Ол өте әрқилы. Олардың арасынан 30 жастан асқан, үйленген, балалары бар ерлерді де кездестіруге болады. Мүмкін ол әйелімен ұрсыспайтын шығар немесе шектен тыс ішпейтін болар. Көрерменнің мұндай типіне де арнап скетчтерді жасағымыз келеді.

— Сіздер жобаға қанша қаражат жұмсадыңыздар және қанша тауып үлгердіңіздер?

И: Жоба нөлден басталған.

Ж: Қазір де, бұрын да массовкадағы адамдардың басым көпшілігі — біздің достарымыз, ал олар тегін түседі. Түсірілім алаңдарын әкімшілікпен келісіп жүріп табатын едік. Басында қиын болатын, қазір жақсы қонақүйлердің өздері бізге тартылады.

А: Бүгінгі күнге дейін бес миллион теңгеге жуық ақша таптық. Бірақ оның бәрін қайтадан жобаға құямыз. Гафер, фокус-пуллер жалдаймыз, реквизиттер мен камераларды сатып аламыз. Өмір сүруге әркім сырттай жұмыс істеп, табысын табады. Жоба көп, бірақ бәрібір басымдылық Ирина Қайратовнада.


Осы уақытқа дейін Ирина Кайратовна 5 миллион теңгеге жуық ақша тапты


— Топта қанша адам бар?

А: Қазір шоуды алты адам жасайды: топта төрт актер, режиссер мен менеджер бар.

— Басты суретте сіздер бесеу емессіздер ме?

И: Солай болып қалды. Бірінші шығарылымды түсірген кезде бір скетч үшін қыз қажет болды. Алдик («Ирина Кайратовна шоуының» қатысушысы Алдияр Жапарханов — ред.) өзінің қызынан бір рольді сомдауын өтінді. Ол келіскен соң, бесінші не алтыншы шығарылымға дейін тұрақты актриса болды, кейін оның жоспарлары өзгергендіктен төртеуіміз қалдық.

— Шоудың әрбір шығарылымында дерлік вайнерлер жайлы әзілдер бар. Оларға деген жақтырмаушылық қайдан пайда болған?

А: Біздің вайнерлерге деген қарым-қатынас түзу. Бұл — тек әзіл. Олар ренжімейді деп үміттенемін.

И: Біздің әзілдердің мәні адамдар вайндарға тойды дегенді білдіреді. Олар мезі қылды, көшірменің көшірмесі боп барады.

Ж: Сосын көрермен конфликтіні ұнатады. Оған Тиматидің Киркоровқа, Гуфтың Птахаға қарсы пікірлері мысал бола алады. Сондықтан біз де конфликт тақырыбын өрбітіп жібердік.

— Кейбір қазақстандық блогерлер өз брендінің атымен бизнесін ашып жатады. Ал «Ирина Кайратовна» деген донер орталығын ашу сіздің жоспарда бар ма?

БАРЛЫҒЫ: Жоқ.

А: Киім бренді сияқты шынымен мықты маркалы бірдеңе ашумыз мүмкін. Бірақ қандай жағдай болмасын, дөнерка не кафе сынды бизнеске шоудың атын бергіміз келмейді. Әрине, 600 мың жазылушың болса, бұл — жақсы бизнес. Бірақ біз дөнеркамен өмір сүру үшін бәрін тастағымыз келмейді. Ол жаман емес, бірақ біздің таңдаған жолымыз басқа. Бізге уақытша хайп қажет емес, сол себепті жаңа видеоны апта сайын шығармаймыз. Өнермен айналысқымыз келеді. Болашақта кино түсіруді жоспарлап жүрміз. Бұл мақсаттарымызды орындау үшін бар тапқан табысымызды осы жолда жұмсап жүрміз.

И: Ең біріншіден, Ирина Қайратовна — біз үшін кино түсіруді үйрететін платформа. Бұл платформада біз түсірілімнің қыр-сырын үйреніп жатырмыз. Сондықтан онда стилистика мен жанры жағынан түрлі скетчтерді кірістіруге тырысамыз.

Ж: Ал вайнерлер — жарнама алаңы.

— Жарнама демекші. Бір сұхбаттарыңызда сіздердің жарнама 500 000 теңге тұрады дегенсіздер. Бағаны неге байланысты қоясыздар және ол өзгере ме?

Ж: Баға ютубтағы көрсетілім саны бойынша анықталады. Егер 10 мың көрсетілім төңірегінде болса, онда баға да соған байланысты есептеледі.

А: Аудиториядан бөлек, біздің еңбегіміз бен уақытымыз бар. Біз продакшн ретінде жұмыс істейміз: маркетологтарға сценарийдің бірнеше нұсқасын ұсынамыз, видеоны сапалы түсіреміз. Сондықтан сол уақытта осындай баға қойдық, қазір ол баға 600 мыңға дейін сәл өсті. Ал жалпы, шығарылымда тек бір жарнаманы қымбатырақ бағаға алу — әлдеқайда күшті болар еді.


Ұятмендер дәуірінде сіздердің адам өлтіру мен сексуалды астары бар жарнамаларыңыз қалай пайда болды?


И: Біз жарнама берушінің қалауын ескере отырып, мәтінді жазамыз. Кейде біздің контентті көріп, кейбір маркетолог мамандардың өздері тұрпайы сөздер мен боғауызды, сексуалды бірдеңе түсіруімізді сұрайды.

— Әзілқой ұжымдар неліктен негізінен ер адамдардан тұрады? Мысалы, КТК ойындарында көбіне ерлер ойнайды. Әйелдер нашар әзілдей ме, әлде өзіне күле алмай ма?

И: Солай қалыптасқан. Мысалға, әйелдер тамақты жақсы пісіреді… Бірақ жоқ, ерлер бәрібір жақсырақ пісіреді. Бұл — нашар мысал.

А: Адамдарды күлдіру қиын. Әйелдер әдетте аудиторияға ұнауға тырысады, ал егер аудитория оларды қабылдай алмаса, әйелдер жиі ренжиді, тіпті, боқтап тастауы мүмкін. Бәлкім, әсер етуші факторлар одан да көп шығар.

Ж: Ерлер уайымға көп беріле бермейді. Олар басын жумай да халық алдына шыға алады. Олардың өмірге және өзіне деген қарым-қатынасы иронияға толы. Олар өзін де мазақтаудан қорықпайды. Ал қыздар керісінше, өзі жайлы тым көп ойлайды, келбетін үнемі уайымдап отырады.

— Ал сіздер ютубта қандай каналдарды жиі көресіздер?

А: «Ки энд Пил» — менің сүйікті америкалық скетч-комым.

И: Оларда жай ғана скетч скетчке ұласа береді және олар мұны қызық формада, кәсіби тұрғыда ұсынады. Қазір олар өзге жанрда «Прочь» деген фильм түсірді, мүлдем күлкілі емес. Фильм Оскарға ұсынылды. Одан бөлек, ғаламторда сапалы контенті бар видеоларды қараймын. Мысалы, Дудьтің маған қызық қонағы болса, оны көремін.

Ж: Ал маған Сережа Мезенцев ұнайды. Тамаша юморист, ішегің қатқанша күлдіреді.

— Сіздер ютуб-каналда музыкалық бейнебаяндар жариялайсыздар, түрлі ойын-сауық мекемелерінде рэп-орындаушы ретінде өнер көрсетесіздер. Ал болашақтарыңызды қалай елестетесіздер?

А: Рэп — хобби дегенге саяды. Біз видео түсіргенді, әзіл жазғанды, фильмдер көргенді қаншалықты жақсы көрсек, рэпке деген сүйіспеншілігіміз де сондай. Осы бағытта дағдыларымызды барынша дамытамыз. Кім біледі, бәлкім, Барыс Аренаны да жинауға қауқарымыз жетіп қалар.

И: Аяқ астынан біз рэпер болып кеттік. Әндер жазып, клиптерді түсіре бастадық. Егер тыңдарманымыз көбейсе, бұл салада мүмкіндігімізді жіберіп алмаймыз.

А: Мен сахнаны жандырып, көпшілікпен бірге ән айтудың қаншалықты күш беретінін білмеппін. Концерттерде табиғи дауыспен айту — үлкен ләззат.

— Соңғы шығарылым «Ирина Қайратовна сырғанап кетті… төбешіктен» деп аталады. Сонымен төменге сырғанап кетпеу үшін не істеу керек?

Ж: өзіңді сатпау керек, көпшіліктің жетегінде кетпеу қажет. Қыздар-жігіттер мықты, алданбайды. Адамдар жарнаманың кесірінен долданып жатады, комментарийлер жазады. Ал ол жұмысқа әсер етеді. Басында әрқайсысына жауап бересің, кейін ескертулерді саралайсың, келесі шығарылымда қатемен жұмыс істейсің. Самғау бар жерде құлау да бар. Бұл — қалыпты цикл және кез келген әртіс бұған дайын болуы керек. Рокки айтпақшы: «Қалай ұратының емес, соққыны қалай қабылдайтының маңызды». Сондықтан әр соққыға шыдап, өзіңнің ісіңді жалғасытыра алу керек.