QazaqshaЕң тұнық өнер фотографиядағы бүгінгі қазақ ауылының бейнесі
«Қазақ фотоөнері дамуы үшін әлі көп істер атқарылуы қажет»
Қазіргі қазақ фотоөнерінің жас өкілі Әйгерім Бегімбеттің көркемдік әлеміне бойлап көреміз. Қазіргі қазақ ауылының қоңыр тұрмысы мен ондағы халықтың боямасыз өмірі — фотограф көзімен.
Мәтін
Күлтегін Аспанұлы
Фотоөнер — өмір
Аристотель гипотезасын негіздеп, Леонардо до Винчи құрылымын жасаған обскур камерасын 1800 жылы британдық Гэмфри Дэви мен Томас Веджвудттардың тәжірибелік жетілдіруінен соң фотография саласы жаңа сатыға көтерілген болатын. Адамзат шығармашылығының ең кенже үлгілерінің бірі әрі ең қанық, объективті туындысы фотоөнер болса керек-ті. Содан бері фотография құдіретінің арқасында адамзат тарихы жасарып, жарқырай түсті. Бізге мәлімі, камера көзімен қоғам келбетін кескіндейтін фотографтың да көкірек көзі ашық, қырағы, сезімтал әрі епті болмағы ләзім.
Бұл жолы бүгінгі хронотопты (уақыт пен кеңістікті) фото тілімен таңбалап жүрген фотограф Әйгерім Бегімбеттің әшекейлі көркемдік әлеміне еніп көреміз.
Күнгейдегі «күн астындағы Күнікей қыз» фотоөнерге әу баста хобби қисабында әуестенсе, қазір эстетикалық мазмұнға байытылған ойлы контентімен кәсіби түрде айналысады.
Әйгерім «мен үшін фотоөнер — өмір, ғажап дүние» дейді. Тарқатып айтқанда, «айналаңа сергек қарап, жан-жағыңды бақылап жүресің. Сұлулықты іздейсің. Кейде түсірілген жақсы бір суреттің өзі ұзақ уақыт шабыт сыйлап жүреді».
Америкалық мәшһүр фотограф Эдвард Мейбридж «Біз шындықты табиғаттың өзінен іздемейінше, көріністің мінсіз болуы мүмкін емес» дегені бар. Біздің кейіпкеріміз де осы ұстанымға тамыр жалғағандай. Ол «айналада болып жатқан өмірді боямасыз көрсеткісі келеді» әрі картинаның «шынайы болғанын қалайды». Сондықтан да фотосуреттерін аса қатты өңдемейді, мұнысы өз өңі жоғалмаса екен дегені.
Пленкалы фотоаппараттан сандыққа камераға дейін
Бір қызығы, Әйгерім фотография саласынан арнайы білім болмағандықтан өзін кәсіби фотограф деп санамайды. Ал біздіңше керісінше… себебі оның суреттері мектептің тілімен айтқанда «+5» деген бағалауға әбден лайық. Бұған өткен айда Шымқалада ашылған «Тіршілік» көрмесін тамашалаған көрермендердің пікірі дәлел бола алады.
Алғашқы мүшел жасында әпкесі сыйлаған пленкалы фотоаппарат Әйгерім үшін ыстық естелік. Мектеп бітіргенше ауылдың мерекелік іс-шараларынан бастап кішігірім той-томалақ, туған күн кештерін түсіре жүріп, табыс тапқан. Қалаға қатынап жүріп әр суретін 16-17 теңгеден шығарып, ауылдағы алғашқы «клиенттеріне» 60 теңгеден сататын.
«Кейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім. «Телевизиялық журналистика» деген пән болды. Оқытушымыз портрет, пейзаж, т.б. фотографияның жанрлары бойынша суретке түсіріп, әкелуімізді тапсыратын. Ешкімде фотоаппарат жоқ. Бірде үйдегілермен сөйлесіп отырып, сөз арасында «фотоаппарат керек боп жатыр» деп айта салғам, келесі сенбіде «Сайраннан» күтіп ал» деп хабарласып тұр. Қарасам «Кодак». Сандық фотоаппарат. Жап-жаңа. Сол фотоаппарат менің ғана емес, журфактың фотоаппараты болды».
Canon 60d маркалы фотоқұрылғысын жанынан тастамайтын кезін емірене еске алған Әйгерімді суретке дұрыс түсіруге баулитын ешкім болмады. Күнге қарсы шарқ етіп жарамай қалған қап-қара суреттерді айтпағанда тәжірибе жолында талай пленка күйіп, қою күреңденіп қорапқа тасталды.
Тұңғыштың «Тіршілік» аталу себебі
Сезімтал кейіпкеріміз алғашқы фотокөрмесінің атауын ұзақ ойланып, журналист аға-апаларымен ақылдасып қойған. Журналистикадағы ұстазы Жәмила Мамырәлінің айтуымен «Тіршілік» деген тоқтамға келген. Өйткені «әр фотосуретте тіршілік бар». Оның кейіпкерлері — қиындыққа мойымайтын қайсар әрі қарапайым адамдар.
Оның галереясында 30 жылдан бері қыстың аяз-боранына мен жаздың аптап ыстығына да қарамай тандырға нан жабатын Камила апай, 23 жыл бойы қамыс орып, оны сатып күнелтіп жүрген Перизат апай, трактор тізгінін ұстағанына 42 жылдан асқан Гүлшат апай, бел жазбай терген мақтаның келісін 25 теңгеден өткізіп жүрген немесе судың әр литрін бір теңгеге көрші ауылдан сатып алатын… замандас кейіпкерлер сомдалған. «Тіршілік» — тек Әйгерімнің ғана емес, әріптестері Қанат Дархан мен Шыңғыс Әбдіразақтың да тұңғыш көрмесі.
Арыс оқиғасы — объектив арқауы
Фотографтың ең таңдаулы туындысының бірі — биылғы Арыс жарылысынан зардап шеккен халықтың үрейге толы бейнесі. Бейбіт күнде табанасты босып кеткен елдің қиранды үйіндісіне айналған қара шаңырағы неткен ауыр десеңші. Қазақ өткерген күйзеліс тарих қойнауына көміліп кетпей, көрмекке таспаланғаны табысты еңбек. Апаттан кейінгі алғашқы он күні еріктілер қатарында жүрген кейіпкеріміз «көмейіне өксік тығылатын өте ауыр көріністерге» куә болған. Оның сөзінше, басында арыстықтарға қолдан келгенше көмек беріп, тек 5-6 күн өткеннен соң ғана фотоаппаратты қолға алған.
Әйгерім тақырып талғамайды. Көңілі түсіп, көзіне іліккен әм әсерленген әрқандай көріністі тартып алуға әзір.
«Мен нақты бір тақырыпта түсіремін деп айта алмаймын. Өзіме пейзаж және балалар портретін, қарапайым ауылдың қоңыр тіршілігі мен проблемаларын түсірген ұнайды. Бір фотограф аға „өзіңе нақты бір бағытты айқындап ал, сол бойынша ізденіп, бір жанрдың соңына түссең дұрыс болар еді“ деп ақыл-кеңесін бөліскен. Оған әлі нақтылап, келе алмай жатырмын».
«Тіршілік»-тің бастау көзі
Фотограф кейіпкеріміз Internews-тің Қазақстандағы өкілдігі жариялаған байқаудың грантын жеңіп алады. Әйгерім әріптесі марқұм Қанат Дархан екеуі дайындаған «Түркістан облысы ауылдарының тыныс-тіршілігі» жобасы 268 медиажобаның ішінен топжарып, қара үзіп шыққан. Шымқалада өткен көрмеге ешбір шақыртусыз, айрықша хабарландырусыз, әлеуметтік желінің күшімен 3 мыңдай көрермен келіп, ыстық ықыластарын білдірді. Сабақты ине сәтімен, енді ақын-сазгер Мақпал Жұмабай бастаған алматылық фотосүйер қауымның сұратуымен оңтүстік астанаға келгелі жатыр.
«Тіршілік»-тің ішкі катарсис күйі сезілетін портреттік кадларлары көрерменін ойландырмай қоймайды. Суреткерге «пейзаж және балалар образын түсірген ұнайды». «Шынайылыққа қатты мән берем. Мейірімге, жылылыққа үндесе екен. Әр фотосуреттен адамның жан-дүниесі, мінезі көрініп тұруы керек» дейді кейіпкеріміз.
Фотографтың уайымы мен тілегі
Ой-ділі объективке берілген Әйгерімді бүгінгі фотография саласындағы екі мәселе мазалайды. Еңбекке лайықты қаламақы төленбейді, «әлеуметтік желідегі фотосуреттер бір ауыз сөзсіз жарияланады, тіпті аты-жөніңді көрсетпейді». Демек әлеуметтің мәдени өнімге, авторлық құқыққа құрметсіздігі. Ендігі бір жанға бататыны, камера құлағын бұрай білетін «мықты көп жастардың той-томалақ айналасынан шыға алмауы».
«Қымбат, сапалы техникалық мүмкіндіктері бола тұра тек той түсірумен ғана щектеліп жүр. Қынжыласың. Әр сәт — тарих. Қазір түсіріліп жатқан фотосуреттер мен олардың авторлары тарихты таспалап, сапалы фотосурет қалдырғаны үшін түптің түбінде өз бағасын алуы мүмкін. Қазақ фотоөнері дамуы үшін әлі көп істер атқарылуы қажет».
Әлемді объективіне сыйдырып, айналасын жанарымен ғана емес, жүрегімен де көре білетін шығармашыл жан «Әлемде ана жыламасын, бала жыламаса екен» дейді. Фотограф тілегі «өмірдің әр сәтінен ләззат алуды үйрену». «Сұлулыққа құштар болайық. Бір-бірімізге мейірім, жылулық сыйлайық».
Комментарии
Подписаться