Оның есімі Ғалия Садықова, ол 22 жаста. Екі жыл бойы ол сейсмикалық кемеде еңбек етіп, Мексика шығанағынан мұнай іздеген. Уақыттағы 12 сағаттық айырмашылыққа қарамастан, онымен сұхбаттасып, осы материалды дайындадық.

Ғалия болған жерлердің картасы

Мамандық таңдау және бітіру кеші көйлегі туралы

Мен кемедегі жұмысымды енді ғана алғанда, анам ұзақ уақыт қарсы болып, жылайтын. Ал қазір жетістіктерімді айтып мақтанғанда: «Сен — менің Нобель сыйлығымсың» деп отырады.

11-сыныпта кім болсам екен деп көп ойландым. Туыстарым мен жақындарыма маза бермедім, стюардессадан бастап, астронавтқа дейін біресе анаған, біресе мынаған қызықтым. Сол кезде анам: «Былай елестетейік: Армагеддон орнап, біздің ғаламшарымыздан тек мың адамды ғана жер аударатын болды. Қалай ойлайсың, олар кімді алады? Дизайнерді немесе адвокатты алулары мүмкін бе?» деді. Мен жоқ деп жауап бердім. Ол: «Сонда кімдерді алады?» деп жалғастырды, мен: «Олар инженерлерді алады» деп жауап бердім. «Міне, болды, енді менің басымды қатырма» деп, анам әңгімені жапты. Осылайша мен ҚБТУ-ға мұнайшы-инженер мамандығына түстім. Мен үнемі бұрғылау жұмыстарын жүргізу, қара алтынды өндіру ісіне қызығушылық танытатынмын.

Бір шетелдік мұнайсервистік компанияда (ред. ескерту — компанияның ішкі тәртібіне байланысты кейіпкеріміз атауын жариялай алмайды) тағылымдамадан өтуді армандадым. Үшінші курста оның өкілдері өздері туралы айту үшін біздің университетке келді. Мен алдымен іріктемеден, артынша практикадан өттім.

Оқудың соңғы курсында мамыр айының мерекелерінде отбасымызбен Әмірліктерге демалысқа бардық. Сол уақытта маған жаңағы компаниядан хат келді. «Сіздің бізден практикадан өткеніңіз есімізде. Біз сізді жұмысқа алғымыз келеді. Келіп сұхбаттасуға қалай қарайсыз?». Мен кездесуді басқа уақытқа ауыстыруға бола ма деп сұрадым. Олар сұхбаттасуды өздерінің Абу-Дабидегі кеңселерінде өткізуге болатынын айтты. Анам бірден қарсы шықты: «Бұл жақта қорқынышты, ешқайда бармайсың. Өзің кіп-кішкентай қызсың, өзге әмірлікке жалғыз қалай барасың?». Сұрақ төтесінен қойылды: не бітіру кешіне кез келген қалаған көйлегің, не сұхбаттасу. Мен бір секунд та ойланбастан, бірден сұхбаттасуға аттандым.


Қазір жетістіктерімді айтып мақтанғанда: «Сен — менің Нобель сыйлығымсың» деп отырады


Бойымды қорқыныш пен үрей биледі. Өзім күнге күйіп кеткенмін, үстімде жаздық, іскерлік кездесуге аса жарай бермейтін көйлек. Сұхбаттасу ағылшын тілінде жүрді және шамамен екі сағатқа созылды. Мен ол жерден сұхбаттасудан өтпегеніме сенімді болып шықтым, себебі менеджерлердің түрлері үнемі салқынқанды болды, қандай да бір таңданыстың ізі байқалмады. Бірнеше аптадан кейін жұмысқа қабылданғаным жайлы хат алдым, көз жасыма ерік беріп, ата-анама қоңырау шалдым. Университетті шартқа қол қойған жағдайда аяқтадым. Туысқандарым таңданыстарын жасырмады: біреулері қатты қуанды, біреулері қал деп үгіттеді, ақыр соңында барлығы мені қолдады.

Аман қалу мектебі

Теңізге аттанбай тұрып, барлығы БАӘ-де үш айлық дайындық курсынан өтеді. Біздің топта жан-жақтан жиналған шамамен отыз шақты адам болды. Барлығын ала бермейді: біреулер емтиханнан сүрінеді, біреулер физикалық немесе психологиялық жағынан дайын болмай шығады. Курстарда теория да, практика да болды. Сондай-ақ аман қалу мектебі: ол жақта біздерге жабдықтармен қалай жұмыс істеуді, тікұшақ төңкеріліп кетіп, суға құлап кетсе не істеу керектігін; өртті қалай сөндіруді; қарақшылардың шабуылына қалай жауап қайтаруды үйретті.

Аман қалу мектебінде қызықты болды. Бірде өрт сөндіру сабағында бізді екі командаға бөлді: біреуі өртті сөндірсе, екіншісі — адамдарды құтқаруы тиіс болды. Бұған дейін бізге екі күн бойы скафандрды қалай киіп, баллонды қалай икемдеу керектігі түсіндіріліп, уақытқа жасатып үйретті. Мен қыздар арасында үздік нәтиже көрсеттім, сондықтан да мені сөндіру бойынша команданың капитаны етіп тағайындады. Екінші команда жетекшісінің акценті мен үшін өте қиын болды, оны әрең түсіндім. Біз арнайы киімді киіп, рацияны алып, отқа сүңгіп кеттік: бұл үшін жаттығу ғимаратының ортасындағы арнайы жабдықталған аумақты өртеді.

Менің командам ғимаратқа кіріп, өрт ошағы мен оның себебін анықтауы тиіс болатын. Өрттің себебіне қарай келесі қадамымызды қолданамыз — яғни, өрт сөндіргіштің түрін таңдаймыз. Ғимарат үш қабатты болатын, айнала қап-қараңғы, біз қабырға арқылы қозғалып барамыз, мен біріншімін, рацияма келесі команданың капитаны бірдеме деп айғайлап жатыр, оны түсіне алар емеспін, тек: «Бірінші қабат бос, денелер жоқ!» дегенін естимін. Қорқыныш, күйзеліс. Соңында біз өртті сөндірдік, мен командамды шатырға алып шықтым. Бәрі біткен соң беті-басым күйеден қап-қара болып (тіпті, скафандр болғанның өзінде), себезгі қабылдадым. Қап-қара су төмен қарай ақты, осы кезде: «Мен өз өміріммен не істеп жүрмін? Осының бәрі не үшін керек?» деп ойладым. Артынша есеңгіреу жағдайы тарқайды да: «Керемет болды! Маған ұнады» деп ойлайсың.


Рацияма келесі команданың капитаны бірдеме деп айғайлап жатыр, оны түсіне алар емеспін, тек: «Бірінші қабат бос, денелер жоқ!» дегенін естимін


Келесі қызықты тәжірибе: мұхитта алғашқы көмек көрсету. Біздерді тікұшақтың суға құлауына немесе кемені көшіру керек болатынына дайын болуға үйретті. Арнайы жабдықтар мен түрлі скафандрлар берілетін — ол жылы немесе суық суға түсетініңе байланысты. Су астында скафандрға кірген уақытта, біраз күтіп, тек соңғы ондаған сантиметрлерде ғана тыныс алуың керек. Тікұшақтың қалақтары толық тоқтап, омыртқаңды уатып жібермеуі үшін су астында тағы жеті секундтай күтесің, енді шынтағыңмен әйнекті сындырасың. Айтпақшы, ол қыздар да сындыра алатындай болып жасалған. Мұны бізге ыстық суда да, суық суда да жасауды үйретті. Жылы суда оны тыныс алу аппаратынсыз да жасауға болады, ал суық суда тек аппаратпен ғана — әйтпесе, өкпе тітіркену салдарынан жұмыс істеуін тоқтатып, тұншығып қалуың әбден мүмкін. Тыныс алу аппаратын активтеуге небәрі үш секунд беріледі, осының бәрі үлкен күйзеліс. Біздерді бассейндерде жаттықтырып, онда топ-тобымызбен жіберіп, қалай жүзетінімізді бақылайтын. Мұндай жаттығулардан кейін көбі кетіп қалып жатты.

Сондай-ақ кемеден қалай секіру керектігі жайлы тренинг өтті. Біз 10-метрлік мұнарадан бассейнге секіріп, белгілі бір нүктеге дейін жүзіп барып, ол жерде құтқару антеннасын іске қосып, егер болып жатса жарақаттанғандарды жинауға тиіс болдық. Жарық сөніп, өте қатты дабыл қосылды — тура нағыз эвакуация кезіндегі секілді — бізге бастаңдар деген бұйрық берілді. Бірінші болып бір қыз тұрған, ол қобалжып қалды, бірақ жаттықтырушы оған қатты айғайлап, жігерлендіріп, қыз секіріп кетті. Екінші жігіт еш қиындықсыз секіре салды. Үшінші мен тұрғанмын. Төмен қарағанымда, ұшып бара жатып жүрегім жарылып, суға жетпей өлетіндей болып көріндім. Маған: «Дайынсың ба?» деп айғайлады. Басымды идім. Мен интернационал әріптестеріміздің алдында абыройымды шашып жатпай, жігіттің артынан бірден секірдім. Ұшып бара жатқанда құтқару көкірекшесін қолмен ұстау керектігі, әйтпесе мойныңды сындырып алуың мүмкін екені есіме түсті. Оны аяғым суға тиіп үлгергенде ғана шап бердім. Қараңғыда қайда жүзіп, не істеу керектігі түсініксіз. Дегенмен, менің қолымнан келді және бұл аман қалу мектебіндегі ең ауыр тәжірибелердің бірі болды.

Теңізге!

Кемеде кез келген сәтте Африкаға немесе Солтүстік Кореяға аттанатыныңды айтуы мүмкін, соған дайын болуың керек. Сондықтан да жол жүрер алдында мені Ресейге жіберіп, ол жақта көптеген вакциналар салды. Сонымен қатар барлық құжаттарды тексеріп, университетпен байланысқа шықты. Қысқасы, компания сенің таза екеніңе және алдағы уақытта ешқандай жағымсыз тосын сыйлардың болмайтынына көз жеткізуі керек.

Бірінші вахтаға мен БАӘ-дегі мектепті аяқтағаннан кейін, бір айдан соң аттандым. «Құттықтаймыз, сіз осындай кемеге бекітілдіңіз, алғашқы вахтаңыз АҚШ, Жаңа Орлеанада болады» деген шақырту қағазы келді. Маған арнайы С1 визасы керек болды. Маған оны америкалық консулдықта табыстады және «Өзіңіздің осындай визаға ие болған Қазақстандағы екінші адам екеніңізді білесіз бе?» деді. Сөйтсем, біріншісі де дәл осы компанияда жұмыс істеген, бірақ кейіннен кетіп қалған қыз екен.

Визадан бөлек, теңізші төлқұжаты талап етілді, өйткені біз елден тыс халықаралық теңіздерге шығып, ешқандай елге тиесілі болмаймыз. Маған екеуін берді: панамдық және кипрлік. Осы төлқұжаттармен мен әлемнің кез келген еліне бара аламын, әрі әуежайда бақылаудан өтпесем де болады. Тек — АҚШ-тан басқа.

Сондай-ақ багаж бойынша нұсқама болды: ол 15 килограмнан аспауы тиіс және тым ашық киімдер болмағаны дұрыс — кемеде түрлі дінге бағынатын адамдар жұмыс істейді, сондықтан да ашық киінудің қажеті жоқ.

Мен Жаңа Орлеанаға ұшақпен бардым, ары қарай бірінші, екінші және үшінші тікұшақпен кемеге жеттім. Хелипортты көргенімде таңданысымда шек болған жоқ. Барлығы тура голливудтік фильмдердегі секілді еді.

Алғашқы вахтам Мексика түбегінде, екіншісі — Норвегия теңізінде, кейін Солтүстік Баренц теңізінде өтті. Ол жақта өте суық және қауіпті болды: мені, қыз бала ретінде, алғашқылардың бірі болып үйге қайтарды, кейін қайтадан Мексика түбегіне аттандым.


Қысқасы, жарты жыл ішінде 64 рет ұшып, 195 мың километрді қиып өттім


Вахта кезінде мен жеті апта теңізде жұмыс істеп, үш апта демалатынмын. Бір жылда үш кемеде жұмыс істедім. Демалыс кезінде Қазақстанға, Алматыға оралатынмын, кейде өзге елдерге де баратынмын. Мысалы, Мальдив аралдарына, Нью-Йоркке, Богота мен Картахьенге бардым. Соңғы рет Мексикаға тоқтап, артынан Колумбияға жол тарттым. Сондай-ақ құрлықта да түрлі бағыттар болды. Қысқасы, жарты жыл ішінде 64 рет ұшып, 195 мың километрді қиып өттім.

Кемедегі жұмыс күндері

Күні бойы не істейміз? Мұнай іздейміз. Біз теңіздің түбіне қысыммен қысылған ауаны атамыз. Мен деректерді жазып тұратын құрылғыға жауап бердім: яғни, оператор ретінде оны түсіру, тиеу және жөндеу менің міндетіме кіретін. Палубадағы жұмыстан бөлек, кеме кеңсесіндегі жұмыстар бар. Онда мониторларда түрлі ақпараттар бейнеленген: навигация, блок, графика. Кез келген уақытта ақау шығып қалуы мүмкін: оған акулалар, иірімдер немесе сынықтар кінәлі. Мен жылдам жауап қайтарып, мәселені шешуім керек. Бір минут, бір секунд босқа кетпеуі тиіс, өйткені бұл біздің клиентіміздің ақшасы. Осылайша мен тәулігіне 12 сағат бойы отырып, мониторды бақылаймын. Артынша деректерді өңдеп, талқылап, құрлықтағыларға жіберемін.

Басында түсініксіздеу болды: бір уақытта бәріне қызығатынмын және қызықпайтынмын. Көп ұзамай жұмысымнан тәртіп пен бірізділік таптым. Әдетте ауысымыма үш сағат қалғанда оянатынмын. Әлі қап-қараңғы, бірақ осы сәт керемет, себебі мен йогаға арналған кілемшемді алып, жап-жарық тікұшақ алаңына барамын да, жаттығамын. Ары қарай әріптестерім 12 сағат ішінде не болғанын жеткізеді, мен вахтаны қабылдап алып, жұмысымды бастаймын. Әр алты сағат сайын таңғы ас, түскі ас және кешкі ас беріледі, сондай-ақ әр үш сағат сайын жарты сағаттық үзіліс жариялауға болады.

Практика кезінде не басқаша болып шықты? Мен кемеде құсқым келетін шығар деп ойладым. Ата-анам да соған дайындалып: кемеге түрлі дәрілер мен арнайы браслеттерге, жапсырғыштарға оранып келдім. Сөйтсем, менде теңіз ауруы жоқ екен. Тек бір рет қана ол қатты ұйқышылдық түрінде байқалды.

Тағы да тамақ дәмсіз болады, сондықтан да арып кетемін деп күттім. Менің таңданысыма қарай, тамақ Алматының үздік асханаларынан кем болған жоқ. Швед үстелі, алуан түрлі асхана, әрі барлығы дәмді және жаңадан дайындалған. Дегенмен, мен үшін ең жақсы күн қарақұмықты бергенде болатын, себебі мен онсыз өмір сүре алмаймын. Украиналық аспаздармен бір ауысымда жұмыс істегенде ұйқылы-ояу асханаға келетінмін, сонда маған: «Галя, бүгін қарақұмық дайындаймыз» десе, қуанатынмын. Ал шетелдіктер неге екенін қарақұмықты ұнатпайды, оларға бұл таңсық, көбіне кеңестік тағам көрінеді.

Көңілім қалғаны: мен төрт жыл ҚБТУ-да оқыдым, сонда практика жүзінде, оқыған пәндерімнің ішінен тек біреуі ғана жарады — гидравлика, оның үстіне мен оны жақтыртпайтынмын. Біздегі жабдықтардың бәрі гидравликаның негізінде жұмыс істейді. Жабдықтарды алғаш көрсеткен кезде бірінші сұрақ: «Гидравликаны білесің бе?» болды. Мен оның керегі қанша деп ойладым. Әрине, кейін бәрін түсініп алдым.


Соңғы 50 адамнан тұратын кемеде мен жалғыз қыз болдым және ең кішкентайлары едім


Камбузда өте татумыз, зерігуге уақыт жоқ. Дартс, үстел футболы, баскетбол алаңы. Әрине, бізде допты борттан тыс лақтырып жіберген кезіміз де болды… Камбузда үнемі барлығының туған күндері ілініп тұрады, оларға арнап торт пісіріп, сыйлықтар жасалып, құттықтап жатады. Кітапхана да бар. Ондағы кітаптардан кеменің кішігірім тарихын білуге болады — адамдар қай жақтардан келген, талғамдары қандай болған деген секілді.

Соңғы 50 адамнан тұратын кемеде мен жалғыз қыз болдым және ең кішкентайлары едім. Барлығы маған жақсы қарады, көп мазалай бермейтін. Жалпы, онда қыздарға құрметпен қарайды, қандай да бір ырымдар жоқ: тіпті, кемедегі әйел бәле шақырады деп қалжыңдағанның өзінде, тұтас кемені үш рет айналып шығуға мәжбүрлейді. Маған бәрі бала сияқты қарайтын және Қытайда өмір сүрген қиын ба деп сұрайтын.

Сөйтсем, бәрі қытай деп ойлап қалады екен. Йогурт беріп еркелететін, өйткені кемеде йогурт аз, оны тек мерекелерде береді. Кемедегі ер адамдар үшін оффшорлық қыздарындай болып кеттім. Жұмыста ең қиыны — одан айырылып қалам ба деген қорқыныш. Әр жолы мүмкін бұл менің соңғы вахтам шығар деп ойлайсың. Кемеде барлығы өз жұмысын өте қатты жақсы көреді. Басшылардың біреуіне ұнамай қалмадым ба деп қатты алаңдайды. Артынша тағы да шақырту қағазын алып — қайтадан теңізге аттанады! Көбінесе, шақырту құпия түрде жүреді — сондықтан да алдын ала ештеме жоспарлай алмайсың. Мен де жұмысымды жоғалтудан қорықтым, бірақ дәл олар сияқты емес. Олардың басым бөлігінің кредиттері, бала-шағалары, әйелдері, үлкен салықтары бар. Ал мен әлі күнге ата-анасымен бірге тұратын, ешқандай қаржылық мұқтаждықты сезінбейтін баламын.

Норвегиядағы оқиға

Бірде камбузда кофе таусылып қалды да, мен капитандардың орнында бар екен деген сыбысты естіп қалдым. Сөйтіп, сол жаққа жүгіріп бардым, кішкентай қыз болғандықтан, бетімді қайтармады, кофе ішіп алдым. Жиырма минуттан кейін бүйірім бүріп ауырып, отырып қалдым. Қатты қорықтым.

Медицина қызметкеріне жетіп, толық тексеруден өтіп болғанша, сол жақта 7-8 сағаттай жаттым. Дәрігер бұл тас деді. Ауру денеме дейін тарады, дәрігер бұл соқыр ішек екенін, жылдам құрлыққа жеткізілуім керектігін айтты. Ол менен қан, несеп талдамасын ала бастады — оны кемеде де жасай береді екен — ақыры мені жылдам арада ауруханаға жеткізу керек болып шықты.

Бұл уақытта кеме Норвегияда жүзіп бара жатқан, қатты дауыл тұрып, үш қабатты ғимаратқа жететін алты метрлік толқындар толқыды. Мен төсек үстінде әрең жаттым, кез келген қозғалысым ауру тудырады, ол аздай мені көшіргелі жатыр. Мен мүмкін бір тәуліктей жата тұрармын, сосын тағы көреміз деп ұсыныс тастадым. Капитан болса: «Жоқ, Галия, егер сенің жағдайың ауырлап кетсе, бұл бізге одан да қымбатқа түседі» деп жауап берді, әрине бұл қалжың болатын. Арнайы тікұшақ шақыртылды, кеме теңселіп тұрған себепті, ол әрең қонды. Ол жақын келіп, қонып, кемеге соғылмауы үшін бірден көтерілуі тиіс болды, ал біз осы аралықта оған мініп үлгеруіміз керек. Құтқарушылар мені зембілге жатқызбақ болды, ал мен бәріне әлсіз емес екенімді, өзім жүріп бара алатынымды көрсеткім келді. Кеме тербеліп тұр, жаңбыр құйып тұр, мен тікұшаққа жақындап, өзіме қарай созылған қолдан ұстамақ болып тартыламын. Дәл осы кезде аяғым тайып кетіп, тура ауырып тұрған бүйіріме қарай құлаймын. Жаңбыр астында жерде жатып «Өлген жерім осы шығар» деген ой келді. Дегенмен, мені қалайда көтеріп алып, тікұшаққа кіргізіп, сол жерде морфи салып берді.

Тез жағалауға ұшып жетіп, тез ауруханаға жеткізілдім. Ол жақта ұйықтауға да, су ішуге де мұрша бермей, тексеруден өткізді. Сол кофені ішкенімнен бері қарай 18 сағат өтті. Көп ұзамай дәрігер соқыр ішектің де, тастың да жоқ екенін, бәрі дұрыс екенін айтты. Мен бірден ұйқыға кеттім. Кемеден ұшып бара жатқанымда «Мама, мен ауырып қалдым, мүмкін, ауруханаға апаратын шығар» деп анама хат жолдаған едім. Ары қарай киімдерімді жинап, сөмкеме салып, өзіммен бірге аттандырып жіберген болатын. Таңертең медбикенің дауысынан ояндым, ол анама хабарласуымды өтінді, өйткені анам ауруханаға дейін қоңырау шалып үлгерген екен.


Кеме тербеліп тұр, жаңбыр құйып тұр, мен тікұшаққа жақындап, өзіме қарай созылған қолдан ұстамақ болып тартыламын. Дәл осы кезде аяғым тайып кетіп, тура ауырып тұрған бүйіріме қарай құлаймын. Жаңбыр астында жерде жатып «Өлген жерім осы шығар» деген ой келді.


Мамам маған қаншама хабарлама жолдаған, жауап алмаған соң қазақстандық кеңсеге хабарласқан. Олар Америкаға, Америкадан — Англияға, Англиядан — Норвегияға, Норвегиядан — біздің капитанға шығып, капитан ауруханаға қосып, ауруханада — барлық қабаттардан өтіп, мен тып-тыныш ұйықтап жатқан жетінші қабатқа жеткен. Барлығы жақсы аяқталды, тек бүйрегімнен құм ғана анықталды. Бұлшық етімді қысып қалса керек. Тексеруден өткен үш күн ішінде қалпыма келіп алдым. Капитан хабарласып қайтып ораласың ба, әлде үйге қайтасың ба деп сұрады. Мен теңізге оралатынымды айттым.

Акулалар мен дельфиндер

Құрылғыны жөндеу керек болғанда, төрт кісілік қайыққа отырып, теңізге түсетінбіз. Мен сондай сәттерді жақсы көретінмін, себебі сол уақытта еркіндікке шыққандай болатынсың. Мұхит — онсыз да еркіндік, бірақ ол жақта еркіндік көбірек. Сен қатты жүзесің, шаштарың желбіреп, толқын соғып, керемет көрініс болады. Біздер музыка қосып қойып, шын көңілмен шапшаң жұмыс істейтінбіз.

Бірде сондай қайықтардың бірінде жүзіп бара жатыр едік, қозғалтқыштардың бірі өшіп қалды. Барлығы не істеу керектігін талқылап жатты, бұл менің алғашқы вахтам болғандықтан, тыныш қана отырдым. Осы кезде қайығымыз шайқалып кетті де, екі метр жерде үлкен акула жүзіп бара жатты. Ешкім қорыққан жоқ: жалғыз айғайға басқан мен ғана, оның өзінде таңданысымды жасыра алмай қалдым. Қалғандары менің реакцияма күлді: олар 10-15 жыл жұмыс істеп келеді, мен жаңадан келгенмін. Олар акуланың өзіне тиіспесең, өзі де шабуыл жасамайтынын біледі.

Бұдан кейін акулаларды көрген емеспін, есесіне дельфиндер көп болды. Біздер техникамен айналыспаған кезде олар кемеміздің қасына жақындап келетін. Біз су ішін жиі атамыз, бірақ алдын ала жануарлардың болмауын қадағалаймыз. Біз күтіп тұрғанда немесе транзитте болғанда олар қызығушылық танытады. Олар кеменің бортына жүзіп келіп, тура кинодағы секілді бірінің үстінен бірі секірмек болады. Әдетте, капитан сол жақ алқабымызда дельфиндер деген секілді хабарлайтын, бәріміз жүгіріп барып тамашалаймыз. Дегенмен, бәріміз дегенім көбінесе — жалғыз мен. Мұнда ұзақ жыл жұмыс істейтіндер үшін дельфиндер ит не мысық секілді болып кеткен.

Ары қарай не?

Теңіздегі жұмыс қаншалықты қызықты әрі күрделі болғанымен ол қысқа бейінді. Мен қазірдің өзінде бұл менің өмірлік қателігім екенін түсінемін және сағынатын да болармын, бірақ ары қарай жылжу керек. Мен енді мұнайшы үшін маңызды, физикалық әрі күрделі сала — бұрғышылыққа өткім келеді. Ол жайлы университетте армандағанмын. Саяхаттау, сондай-ақ оффшормен айналысу керемет, дегенмен де ұңғымаларды бұрғылап, мұнайды алып шығу — сөзбен жеткізу мүмкін емес сезім. Осылайша өзіміздің HR-лардан сұрастыра бастадым, олар қолдау білдіріп, ауысуға болатынын айтты. Алдымен күкіртті сутек және тағы басқа өндірістік талаптар бойынша білім алуға үш апталық қабылдау курстарына барамын, ары қарай Абу-Дабиде — бұрғышының мамандығын игеремін. Оқу үш айға созылады, кейін аздап демалып, тағы да вахтаға аттанамын.


Саяхаттау, сондай-ақ оффшормен айналысу керемет, дегенмен де ұңғымаларды бұрғылап, мұнайды алып шығу — сөзбен жеткізу мүмкін емес сезім


Жалпы, мен теңізде қалып қоюды жоспарлаған емеспін: ол қаншалықты қызықты болғанымен, әйелдерге арналған жұмыс емес. Оның үстіне барлық қазақ қыздары секілді, маған да үйдегілер тұрмысқа шығуым керектігін ескертіп отырады. Кейін батыс Қазақстанда жұмыс істейтін шығармын: Теңіз, Ақсай, Қашаған. Сондай-ақ Колумбияға да ұсыныс бар. Сонымен қатар магистратураға да түскім келеді. Алдағы уақытта мүмкіншіліктерім көп болуы үшін мұнайшылықтан да басқа саланы меңгеруім керек сияқты: мысалы, бизнес немесе қаржы. Осының бәрі үздіксіз жүре береді: тоқтаусыз дөңгелеп, сүйегіңді сырқырататын үлкен бір сансара шеңбері секілді.

Сәлем салу

Кемеде барлығы маған бұл сенің соңғы вахтаң деп қалжыңдайтын, мен оған жабырқап қалатынмын, теңізшілер болса одан сайын мазақ қыла түсетін. Өйткені оларға кішкентай қыздың теңізге қарап мұңайып отырған көрінісін тамашалау ұнайтын. Соңғы күні олар маған бәрібір кетеді екенсің, әдемі кет деп ұсыныс жасады. Сөйтіп, аяқ астынан ұшып кеттім, бір тікұшақта өзім ғана болдым, бұндай жағдай сирек кездеседі. Сонымен, теңізшілердің ұсынысы қоштасу видеосын түсіру еді: тікұшаққа бара жатып, қасына жеткенде тоқтап, қолымды бұлғап, әдемілеп сәлем салуым керек болды. Сонда өмір бойына тек жақсы естеліктер ғана қалатынын айтты. Мен соңғы сәтке дейін екі ойлы болдым, олар видеоға түсіре ме, жоқ па, қалжыңдап тұр ма, әлде шындықтары ма? Ақыры артыма қарадым да, иіліп сәлем салдым да, тікұшаққа отырып кеттім. Ал мұнда пилот маған таңдана көз тастайды, қызым-ау бұл жерде маңызды операция жүріп жатыр дегендей. Жағалауға ұшып келгенімде вотсабыма хабарлама келіп түсті, қарасам капитан видео жолдапты.