Биылғы жылы халықаралық «Болашақ» стипендиясына 25 жыл толады. Ширек ғасыр ішінде 12 898 адам оның иегері атанды. Түлектердің басым бөлігі оқуды гуманитарлық мамандықтар бойынша аяқтаған. Ары қарай инженерлік-техникалық, медициналық және шығармашылық мамандықтар кетеді. 48 %-ы Ұлыбритания мен Ирландияны таңдаған, екінші орында — Штаттар және Канада. 4 %-дан студенттер Еуропа құрлықтық елдерінде, Азия мен Океанияда және Ресейде. Біз келешек және қазіргі стипендия иегерлерімен орынға қабылдау, қобалжулар, оқу және тағылымдама туралы сөйлестік.


Әлия Тиликенова, 34 жас

сатып алулар жөніндегі менеджер, тұрғылықты орны — Ковентри

Оқуға түскенім жайлы небәрі бір-екі апта бұрын білдім. Оған дейін қатты қобалжып, емтиханға дайындалып, тілдік сертификаттар алған болатынмын. Қыркүйекте Ұлыбританияға, Уорикс университетіне оқуға барамын.

«Болашақ» — ең сәтті мемлекеттік стартаптардың бірі. Көптеген еуропалық елдерде білім алу тегін болғанымен, өмір сүру қымбатқа түседі. «Болашақ» болса үздік ЖОО-мен жұмыс жасайды, сондай-ақ бұл шетелде өмір сүруге таптырмайтын тәжірибе: тіл меңгеріп, мәдени алмасуға атсалысасыз. Мүлде басқа адам болып ораласыз. Ол жақта студенттердің дербестігіне баса мән беріледі.

Мен гранттарды, стипендияларды көп қарадым, сонда түсінгенім «Болашақ» — ең тиімді стипендиялардың бірі, өйткені ол сол жақта мекендеуіңді де, тамақтануыңды да қамтиды. Бір адамның 12 рет тапсырып көріп, ақырында түскенін білемін. Бұл жағдай алға қарай жетелей түседі. Себебі, ең жақсы инвестиция — өзіңе салынған инвестиция.

Құжаттар туралы

Стипендияға ие болу үшін құжат тапсырудың бірнеше жолдары бар. Мен электронды үкіметтің порталы арқылы тапсыруды жөн көрдім. Электронды сандық қолтаңбаның көмегімен барлық құжаттарды жүктеп, комиссияның қарауына өткіздім.

Құжаттар тізімі қарапайым ғана: мотивациялық хат, фото, мінездеме, дипломның көшірмесі. Толық тізім «Болашақ» сайтында бар. Мен «Магистратураға өздігінен түскендер» деген категорияға жаттым, сондықтан да маған алдымен университетке түсіп, шартсыз қабылдау туралы ұсыным алу керек болды, ал оны орыс тіліне аудару қажет. Мен құжатты үш рет тапсырдым, өйткені алдыңғыларында қол саны жетпеді. Алайда осы жағдайдың бәрі стипендия алсам деген құлшынысымды арттыра түсті.


Құжаттар тізімі қарапайым ғана: мотивациялық хат, фото, мінездеме, дипломның көшірмесі


Емтихандар жайлы


Сіздің көзіңіз шыршадағы гирлянда секілді от шашып тұруы тиіс


Маған Астанада емтихан тапсыру керек болды: психотест, IQ тест, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан тарихына байланысты тест. Стипендияға үміткерлерден сонымен қатар қазақ және ағылшын тілі бойынша емтиханнан өткендігі жайлы серификат талап етеді. Менің қазақ тілі бойынша емтиханнан өткенім жайлы сертификатым бар болатын, ол екі жылға жарайды.

Мемлекеттік тілді білетініңізге сенімсіз болған күннің өзінде, репетитормен қарқынды дайындалу сенімділікті арттыра түседі, оның үстіне, сұрақтар аса қиын емес, 50 % дұрыс жауап жинау жеткілікті. Қазақ тілі үшін емтихан 4 000 теңге тұрады. IELTS — шамамен 45 мың теңге. Бәрінен бұрын мен Қазақстан тарихы үшін алаңдадым, себебі оны бұрын оқыған едім. Тестілеуде тарих пен Конституция бойынша — әр пәнге 15 сұрақтан беріледі. Әрқайсысынан 7 сұраққа жауап беру жеткілікті болды. IQ тестіде логикалық тапсырмалар және Амтхауэр тестілері болды. Олар қиын емес.

Кешенді тестілеу барлығы екі сағатқа созылады. Нәтижесін сол күні кешке білуге болады: ары қарай сұхбаттасу күні тағайындалады. «Болашақ» сайтында сұхбаттасуды қалай өтуге болатыны жайлы нұсқаулар берілген. Сұхбатқа дейін бір-екі минут бұрын мен «күш қалыбын» пайдаландым — ол күйзелісті сәттерде өте жақсы көмектеседі, сенімділік гормоны арта түседі. Сұхбаттасуға дейін біз «Болашақ» заңгерімен кездесіп, өзімізді мазалап жүрген сұрақтарды қою мүмкіндігіне ие болдық. Мен оферта құптауын қашан жасау керектігін сұрадым. Кураторлар мұны жылдам арада жасау керектігін, әйтпесе сұхбаттасуға жіберілмейтінімді айтты. Ол уақытта сұхбаттасуға кіруге бірнеше минут қана қалған еді, сондықтан да қалайда үлгеруім керек болды.

Комиссия мүшелерімен сөйлескен кезде ең бастысы — жағымды көңіл күймен кіріп, барлық сұрақтарға барынша жайдары жауап беру. Сіздің көздеріңіз тура шыршадағы гирлянда секілді от шашып тұруы тиіс. Сұрақтар әртүрлі болады, мысалы, филология бойынша дипломымның қазір жұмыс істеп жүрген салам — логистикаға қандай қатысы бар екенін сұрады. Сұхбаттасу шамамен 7 минутқа созылды. Ал менің түскенім жайлы қорытынды нәтиже үш аптадан кейін белгілі болды.

Кепілдік туралы

Сізге стипендияны беру туралы шешім шыққаннан кейін, «Болашақтың» заң бөлімімен бірге ақшалай өтемнің мөлшерін келісу қажет: заңгерлер шетелде өмір сүруіңе, тамақтануыңа, білім алуыңа керекті соманы есептеулері тиіс. Бағдарламаның ережесіне сәйкес, осы соманы жабатын мүлікті қою керек.


Бағдарламаның ережесіне сәйкес, осы соманы жабатын мүлікті қою керек


Ол үшін жылжымайтын мүлікті бағалаушы қажет етіледі. Сондай-ақ пәтеріңіз ипотекаға жатпауы тиіс. Егер пәтердің құны шығындарды жаба алмаса, гарант-кепілгер керек болады, мемлекет өзін осылай сақтандырады.

Тағылымдамалар туралы

Мен жарты күндік жұмыс тауып алуды қалар едім, студенттік виза бұған рұқсат береді. Интернеттен менің салама қатысты — сатып алулар, логистика көп ваканция кездестірдім. Дегенмен, барлығы оқудың қарқындылығына байланысты.

Айтпақшы, Еуропада, егер жұмыс беруші шетелдік азаматты жұмысқа қабылдағысы келсе, нарықтық зерттеу жүргізіп, мемлекеттік органдарға жергілікті тұрғындар арасында мұндай маманның жоқ екенін дәлелдеуі тиіс. Алайда егер сіз еуропалық университеттің немесе бизнес-мектептің түлегі болсаңыз, жұмыс берушіге ондай зерттеудің қажеті болмайды.

Оқудан кейін 12 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан компанияма қайтып оралуды жоспарлап отырмын. Жаңа білім жұмыста өз пайдасын тигізеді деген сенімдемін. Еңбек кодексіне сәйкес, егер сіз «Болашақ» стипендиясын жеңіп алған болсаңыз, жұмыс беруші орныңызды сақтауға тиісті — бұл жайлы көбі біле бермейді. Сондықтан да жұмыстарынан шығып жатады, алайда стипендияға ие болғандар заңмен қорғалған.


Диана Нұртаева, 28 жас, қаржыгер

қаржыгер, тұрғылықты қаласы — Лондон

Мен 2011 жылы ҚБТУ-ды аяқтап, Астананы бағындыруға аттандым. Бұрын бұл жайлы ойламасам да, мемлекеттік жұмыскер атандым. Біраз уақыт өткеннен кейін жаңа білім алып, жайлы зонамнан шыққым келді.

Стипендияны бірден ала алмадым, тек екінші қадамым сәтті болды. Бірінші жолы құжатты «Өздігінен түскендер» категориясы бойынша тапсырып, ММУ-ін таңдадым. Мәскеу университетіне тапсыру батыстық университеттерге тапсырғаннан ерекшеленеді, өйткені маған ағылшын тілінен бөлек, арнайы пәндер бойынша емтихан тапсыруға тура келді. Емтихандарды тапсырдым, мені Жоғары бизнес мектепке қабылдады. Алайда ол жылы Болашақ стипендиясын берген жоқ, кейін анықталғандай, батыс университеттерге оқуға грант көбірек бөлінеді екен. Сондықтан, көбінесе Еуропа және АҚШ жақты таңдауға кеңес беремін, сонда мүмкіншілік те жоғары болады.


Көбінесе Еуропа және АҚШ жақты таңдауға кеңес беремін, сонда мүмкіншілік те жоғары болады


Екінші рет, үшінші жыл қатарынан әлемнің үздік 10 университетінің бірі саналып келе жатқан University College London-ды таңдадым. Жеңілдіктер санатына жататындықтан, «Мемлекеттік қызметкер» категориясы бойынша құжат өткіздім, әрі мұнда тілдік курстар да қарастырылған. Менің мамандығымның Public Administration and Management басты талабы IELTS 7.5. болды.

Емтихандар жайлы

IELTS өте ерекше емтихан және белгілі бір дайындық техникасын қажет етеді. Сондықтан да жалқаулыққа бой алдырмай, осыған ұқсас тапсырмаларды жиі орындауға кеңес беремін. Келесі кезеңде қазақ тілі бойынша біліміңізге байланысты емтихан тапсырасыз. Мектепте орыс тілінде оқығаныма қарамастан, бұл мен үшін қиын болған жоқ. Ал психологиялық тестіге сергіп келген дұрыс екен. Емтихан қиын емес, әйтсе де жылдам шешім қабылдауды талап етеді.

Үш кезеңнен өткеннен кейін, ұлттық комиссиямен сұхбасттасу болады. Бұл шешуші сәттердің бірі. Заңнамаға және кәсіптік қызметке қатысты білімнен бөлек, сізге: «Не себепті дәл осы университетті таңдадыңыз?» деген сұрақтар қояды. Рейтингісіне байланысты деп жауап бермеңіздер. Не үшін бара жатқаныңызды неғұрлым нақты жеткізе алсаңыз, стипендияға ие болу мүмкіндігі соғұрлым жоғары. Екінші қадам сәтті шықты, қазір мен University College London-да MPA Public Administration and Management бағдарламасының магистрантымын.

Тағылымдама жайлы

Оқу барысында тағылымдамадан өтуге болады. Университет қабырғасындағы мансап бөлімі жақсы жұмыс істейді: олар үнемі ваканциялар немесе тағылымдамадан өту жайлы ұсыныстар көрсетілген хаттар жолдап отырады. Бастысы, оларға дер кезінде жауап қайтарып, әсер қалдыратындай түйіндеме беруден қорықпау керек. Дәл солай, әсер қалдырарлықтай. Мұндағы бәсекелестік өте жоғары, сондықтан да әр позиция үшін арнайы бейімделген түйіндеме дайындау қажет, ал ол оңай шаруа емес. Есесіне, еңбегіңе тұрады.

Студенттік виза аптасына 20 сағатқа дейін жарты ақыға жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл көбінесе сервистік жұмыстар. Мен Barburrito фаст-фуд желісінде жұмыс істеп көрдім, оңай болған жоқ. Кеңес: егер қосымша ақша тапқыларыңыз келсе, National Insurance Number алу керек, ол 2-3 аптада жасалады.


Кеңес: егер қосымша ақша тапқыларыңыз келсе, National Insurance Number алу керек, ол 2-3 аптада жасалады


Тұратын орын

Рre-masters курс кезінде университет жатақханасында тұрдым. Салыстырмалы түрде аса қымбат емес жатақхананы таңдадым: айына шамамен 600 фунт кететін. Ал менің стипендиям — 2 200 доллар. Ал егер бөлмеде санитарлық тораптың болғанын қаласаң, бұл қымбатырақ.


Қазір мен Лондонның Kings Cross деп аталатын ең қазақи районында пәтер жалдаймын


Қыс кезінде коммуналдық қызметті бірге алғанда тұру шығыны айына 700 фунтқа дейін жетеді. Сондықтан да жылуды аса көп шығындамаңыздар, әйтпесе жылу беру маусымының соңында қомақты сомаға тап болуларыңыз мүмкін.


Дана Саудегерова

журналист, тұрғылықты қаласы — Нью-Йорк

Мен UCLA (Лос-Анджелестегі Калифорния университеті) құрамындағы мектепте академиялық ағылшын тілі курстарын тәмамдап, Нью-Йорктегі Колумбия университетіне Strategic Communication (Стратегиялық коммуникация) мамандығы бойынша магистратураға түстім. Бағдарламаны коммуникация тақырыбына қатысты тар аясына бола таңдадым. Бағдарлама жобаны немесе ұжымды басқару бойынша белгілі бір тәжірибесі бар және басшыларды дайындайтындар үшін арнайы жасалған. Курстар келесідей: коммуникацияны стратегиялық басқару, цифрлы медиа, сендіру принциптері. Студенттердің Нью-Йорктегі компаниялардың бірінде тәжірибеден өту мүмкіндігі бар, міндетті түрде оны қолданатын боламын.

Нью-Йорктен тұратын орын табу — әрі ауыр, әрі қымбатқа түсетін шаруа. «Манхэттен», атауы әдемі естілгенімен, іс жүзінде қаптаған құмырсқаның илеуіндей үйлер — бағалары шарықтап тұрған көбінесе 4-5 бөлмелі пәтерлер. Менің бағыма орай, Колумбия университетінің төңірегінен таза әрі жайлы пәтер табылды, сол жерде бір бөлмені жалға алып жатырмын.


«Манхэттен», атауы әдемі естілгенімен, іс жүзінде қаптаған құмырсқаның илеуіндей үйлер — бағалары шарықтап тұрған көбінесе 4-5 бөлмелі пәтерлер


GRE туралы

Graduate Record Examinations — магистратураға түсетіндерге арналған емтихан, ол көп жағдайда талап етіледі және тілді білу деңгейін анықтауға негізделмеген. Оны барлығы, яғни сол тілде сөйлейтіндер де тапсырады. Емтихан үш бағыт бойынша жүргізіледі: хат (екі эссе), математика және verbal (сөздік диктант және мәнерлеп оқу).

GRE-ге ДАЙЫНДАЛҒАН КЕЗДЕ НЕНІ ЕСТЕ ҰСТАҒАН ДҰРЫС:

— Бұл жердеTOEFL немесе IELTS кезіндегі секілді нақты ұпай жинау талабы жоқ. ЖОО сайтында, әдетте, алдыңғы жылдарда түскендердің ұпайлары жарияланады — бұл құжат өткізушілердің шамалап көрулері үшін керек.

— Құжаттарды тапсыру бойынша нұсқауды мұқият оқыңыздар: өйткені, кемі бір абзац осы GRE туралы. Көбінесе ЖОО қандай секциялар бойынша ұпайға мән беретіндерін, қайсысы аса маңызды еместігін жазады, бұл жағдайды едәуір жеңілдетеді. Жалпы ұпайға емес, ЖОО-ның нені талап етітініне байланысты жұмыс жасаңыз.

— Эссе. Әрқайсысына 30 минуттан беріледі, қанша сөз жазатыныңыз маңызды емес. Бастысы — ойдың жүйріктігі, өз көзқарасыңды жеткізе білу және бәсекелестерден озып шығу. Бұл бөлімге дайындалу үшін ETS-ті, тестілерді дайындағандардың өз оқулықтарын қарауға кеңес беремін.

— Математика. Мұнда синустарды, косинустарды жолықтырмайсыздар, әйтсе де ықтималдылық теориясы, проценттер, теңдеулер, негізгі геометрия болады. Manhattan кітаптарын ұсынамын. Неғұрлым соңғы басылымдарды алыңыздар, өйткені нақты тестілердегі өзгерістерге сәйкес тапсырмалар үнемі өзектендіріліп отырады. Manhattan кітаптарының тағы бір оңтайлы тұсы: бір тақырып — бір тармақ, мысалдар, шешімдері толық түсіндірілген есептер.

— Verbal. Бұл бөлімді мінсіз тапсыру үшін 4000 сөз білу керек, олардың басым бөлігі академиялық сөздер, тіпті, сол тілде сөйлейтіндердің өзі білмей жатады. Жақсы немесе орташа тапсыру үшін 1 500-2 000 сөз білу жеткілікті. Тағы да сол Manhattanді (кітаптардың соңында әліпби ретімен тізілген сөздер беріледі) және Princeton карталарын қарауға кеңес беремін. Маған соңғысы өте көп көмектесті. Жоғары ұпайдың артынан қуудың қажеті жоқ, жартысына дұрыс жауап берсеңіз, жетіп жатыр. Мен GRE-дің тәжірибелі оқытушыларынан да, түрлі ЖОО-ның (Штаттың түрлі бөліктеріндегі) қабылдау комиссияларынан да кеңес алдым — барлығының айтқаны бір нәрсе: GRE бойынша жиналған ұпай негізгі рөл атқармайды. Яғни, сізді бұл емтихан бойынша төмен ұпай жинағаныңыз үшін қабылдамаулары мүмкін емес. GRE жай ғана сіз туралы пікірді толықтыра түседі.


Жоғары ұпайдың артынан қуудың қажеті жоқ, жартысына дұрыс жауап берсеңіз, жетіп жатыр


IELTS, TOEFL туралы

— Барынша ағылшын тілді оқытушыны таңдаңыздар, бұл аса маңызды шарт. Егер санаңыздың түбінде мұғалім қазақ/орыс тілін түсінеді деген ой болса, қазақ/орыс тілінде сөйлемеңдер деген тыйымдардың бір де бірі жұмыс істемей қалады. Жақсы оқытушы егер сіз бірдемені түсінбей жатсаңыз, тілдік тосқауылға қарамастан, ағылшын тілінде де барлығын түсіндіріп бере алады;

— IELTS/TOEFL құрылымын, әр блокқа бөлінген уақытты, емтихан парақшаларын толтыру алгоритмдерін бүге-шүгесіне дейін зерттеңіздер өйткені тест кезінде әр секундыңыз қымбатқа түседі. Тек қана емтиханның техникасына сәйкес дайындалыңыздар. Грамматика бойынша сабақтарға немесе сөздік қорды толықтыруға уақыт жоғалтып алмаңыздар. Оның бәрі жекелеме блоктарды «өткен» кезде келеді. Әрине, егер сіздің оқытушыңыз жақсы болса;

— Тағы да назарларыңызды әр блок пен бөлімнің ұзақтығына аударғым келеді — мысалы, IELTS-тегі Speakıng үш бөлімнен тұрады. Екінші бөлімде берілген тақырыпта монолог құру кезінде — бір-екі минутқа сыйдыру маңызды. Бұл жерде өз ойыңды нақты жеткізе білуіңе мән береді. Уақытында аяқтамасаңыз — жай ғана тоқтатады да, ары қарай тыңдамайды, ал ең қызығы енді басталайын деген еді!

Қазақ тілі туралы

— Қазтест құрылымымен танысып, артынша сайтқа тіркеліп, диагностикалық тест тапсыру жолымен жаттығыңыз. Сынама тестіні бір дегенде бірнеше рет орындауға болады. Сондықтан да алдыңғы қателеріңізді ескере отырып, қайта-қайта өте беріңіз. Шынайы тестілеу кезінде де осыған ұқсас тапсырмалар болады;

— Қазақ тілі бойынша тест тапсырғанда IELTS немесе TOEFL кезіндегі секілді әр блок аяқталған сайын емтихан парағын жинап алмайды. Сондықтан да оңай тапсырмаларды жылдам орындап алып, қиындарына көбірек уақыт бөліңіздер.

Психологиялық тестілеу жайлы

— Ол кем дегенде 400 сұрақтан тұрады, оның ішінде 200-і — зейіннің құрылымын анықтауға, қалғандары психологиялық портрет жасауға көмектесуге негізделген. Аса маңызды: егер қазақ тілінде сөйлесеңіздер және қазақша ойласаңыздар — тестіні қазақ тілінде тапсырыңыздар; егер сізге күнделікті тұрмыста өз ойыңызды орыс тілінде жеткізген жеңілірек болса — психологиялық тестіні орыс тілінде өтіңіздер; — «Интеллектуалды» бөлім — Рудольф Амтхауэр тесті, мұнда «Мәскеуден Новосибирскіге дейінгі қашықтық қандай?» дегендер «Астанадан Алматыға дейінгі қашықтық қандай?» деген секілді өзгертілген. Оны Интернеттен тауып алып, жаттығыңыздар;

— Дайындық кезінде тестіге кірген уақытта шимай дәптер пайдалана алмайтындарыңызды түсініңіздер. Қитұрқы математикалық есептерді ойша шешуге тура келеді;

— Шимай дәптерді пайдалану мүмкіндігі жоқ болғандықтан, кей үміткерлер сұрақ-кітапшаларға жазады. Сізге де осындай пайдаланылған қағаздардың бірі тап болуы мүмкін. Әрине, ол жерде барлығы өшіргішпен өшірілген, дегенмен іздері де қалған болар. Оларға назар аудармауға тырысыңыздар. Есептің дұрыс шығарылған-шығарылмағанын білмейсіз ғой;

— Психологиялық портрет бойынша сұрақтар әртүрлі: сіздің есірткі саласындағы біліміңізден бастап, «Кім болғыңыз келеді — шаруашылық меңгерушісі әлде инженер?» деген сияқты сұрақтарды қамтиды. Тестіні алдап соғу өте қиын, себебі бірдей сұрақтар түрлі тұжырымдамада келеді, кейде олардың қиыннан қиыстырылғандары сондай, бұл сұраққа бұған дейін жауап бергеніңізді де аңғармай қаласыз. Сондықтан, шындықты жазыңыздар.

Тәуелсіз сарапшы комиссия жайлы

— Сұхбат кезінде сізге үш блок бойынша сұрақтар қойылады: кәсіптік қызметіңіз бен шетелге оқуға түсудегі мақсаттарыңыз, Қазақстан тарихы, сондай-ақ ҚР Конституциясы;

— Сізге не үшін шетелде білім алғыңыз келетінін (міндетті түрде неге нақты осы елді таңдағаныңызды) және алған біліміңізді қалай пайдаланғыңыз келетінін нақты әрі дәлелді түсіндіріп беру керек болады. Жалпылама сөйлемдер жарамайды. Барынша дәлдік қажет;

— Сұхбаттасуға сіз ЖОО-ның ұсыныстарын толық зерттеп — нақты ЖОО-ның нақты ұсыныстарын біліп келуіңіз керек. Екі-үш нұсқаны таңдап, комиссияны сізге дәл осы университеттердің біріне барып, білім алу керектігіне көндіріңіз;

— Қазақстан тарихы мен Конституция бойынша болжалды сұрақтар сайтта берілген. Солардың әрқайсысы бойынша дайындалыңыздар. Ұзақ уақыт жауап беріп жатпайсыздар, сондықтан да тарихтағы ең негізгі оқиғалардың салдарын, даталарды және маңызды кезеңдерді есте сақтаңыздар;

— Сізден міндетті түрде Қазақстандағы биліктің үш тармағы туралы, егемендік, тәуелсіздік және ҚР мемлекеттік символдары жайлы сұрайды. Сұхбаттасудың бұл бөліміне дайындалған кезде ең бастыларын ұмытпаңыздар — республикамыздың құрылған күні, тәуелсіздік алған жыл, мемлекеттік рәміздердің авторлары, сондай-ақ президенттің, үкіметтің, парламент пен соттардың қызметі;

— Комиссия мүшелерінің кей пікірлері мен сұрақтары сізді қалайда оқуға жібермеудің амалындай болып көрінуі мүмкін. Оған берілмеңіздер, керісінше, дипломатиялық жағынан келіп, өзіңіздікін дәлелдеңіз. Мүмкін, олар сіздің күйзеліске төтеп беруіңізді тексермек шығар.

Эссе туралы

Эссе — АҚШ-тың ЖОО-на түсу кезінде басты тармақ. Егер эссе, біріншіден, қойылған талаптарға жауап бермесе, екіншіден, сіздің тұлғаңызды айқындап бере алмаса, тамаша құрылған түйіндеме де, шабытты мінездеме де, сіз жинаған жоғарғы ұпай да көмектесе алмайды. Эссеге берілген нұсқаулықта (бұл Personal statement, Statement of academic purpose, Supplemental essay болуы мүмкін) үнемі нақты сұрақтар мен тапсырмалар болады — әр сөзді мұқият оқып, өзіңізден талап етіп тұрғанды ғана жазыңыз.

Жауап бір мағыналы болуы тиіс және ұқыпты әрі логикалық құрылымды абзацтарға бөлінгені дұрыс. Мысалы, сізден нақты осы бағдарламаны таңдау арқылы қандай мақсатты көздейтініңізді, бағдарлама үшін пайдалы болуы мүмкін қандай ерекше қабілет пен білімге ие екеніңізді (яғни ондайдың жоқтығы нұсқа бола алмайды), және осы бағдарламадағы қай сабақтың сізге қиынға соғатынын сұрауы мүмкін. Бұл не деген сөз? Сіз ең алдымен бағдарламаны, мектеп оқытушыларының биографиялары мен мамандықтарын басынан-аяғына дейін зерттеуіңіз керек. Ары қарай нұсқаулық бойынша: абзац (немесе егер берілген көлем рұқсат етсе одан да көбірек) — өз мақсатыңыз жайлы, абзац — теңдессіз білім жайлы, абзац — қиын соғатын пән туралы. Әрине, тәртібін өзіңіз анықтай аласыз. Соңын міндетті түрде қорытынды абзац, conclusion-мен аяқтайсыз.


Егер эссе, біріншіден, қойылған талаптарға жауап бермесе, екіншіден, сіздің тұлғаңызды айқындап бере алмаса, тамаша құрылған түйіндеме де, шабытты мінездеме де, сіз жинаған жоғарғы ұпай да көмектесе алмайды


Берілген көлем аса маңызды: мұнда беттер саны, мүмкін сөздердің мөлшері де көрсетіледі. Берілген мөлшерден асып кетпеңіздер. Рас, өзің жайлы көп нәрсе айтқың келетіні белгілі, дегенмен де бұл жерде ең бастысы аз сөзбен көп мағынаны жеткізе білу. Эссенің әсер қалдырарлық бастамасы (hook), тәжірибеңіздің бар екенін көрсететін сәттер және мықты қорытынды абзацы болуы керек. Бір эссені құжат тапсырылатын барлық ЖОО-на бірдей тарата бермеңіз, бұл жерде мәселе сіздің жалқаулыңызды аңғарып қалулары мүмкін екендігінде емес. Өйткені, әр ЖОО-ның, әр мектептің, әр бағдарламаның эссеге қоятын бірегей талаптары болады.


Эссенің әсер қалдырарлық бастамасы (hook), тәжірибеңіздің бар екенін көрсететін сәттер және мықты қорытынды абзацы болуы керек


Мінездеме туралы

Оның маңыздылығына немқұрайлы қараудың қажеті жоқ. Бізде мұндай мінездемелерге аса көп көңіл аудармайтындары белгілі, ал АҚШ ЖОО-ы үшін олар өте маңызды. Менің рейтингімде мінездеме хаттар маңыздылығы жағынан эсседен кейін екінші орында тұр. Сізге мінездемені оқытушылардың бірі немесе жұмыс беруші бере алады. Мінездеменің орташа саны — үшеу. Дұрысы, олар сізді жан-жақсы сипаттай білуі керек: ізденімпаз студент, жауапты жұмыскер және қарым-қатынасқа ашық, қызықты тұлға ретінде. Американдықтардан да мінездеме алған тамаша болады.

Менің төрт мінездемем болды: екеуі қазақстандықтардан (бұрынғы бастығым және қаржылық кеңесші), екеуі американдықтардікі (оқытушы мен журналист). Өзіңізге мінездеме бергендердің байланыс деректерін жазған уақытта сізден хаттарды көруден бас тартасыз ба деп сұрайды (Баклидің түзетуі бойынша). «Иә» дегенді басыңыз.


Менің рейтингімде мінездеме хаттар маңыздылығы жағынан эсседен кейін екінші орында тұр



Елнұр Шильдибеков, 33 жас

байланысшы, тұрғылықты қаласы — Манчестер

Ұлыбританиядағы Манчестер университетінің бизнес-мектебінде оқимын, доктор дәрежесін алуды жоспарлап жүрмін. Англияда үш жыл оқитын боламын, кейін Қазақстанға қайтып оралып, қалада қалған жағдайда бес жыл жұмыс істеп өтеймін. Облыс орталықтарында жұмыс істеу үш жылды құрайды.

Докторантураға үміткерлерді сұрыптау процедурасы магистр немесе бакалавр дәрежелеріне үміткерлерді таңдаудан түбегейлі ерекшеленеді. Егер студент магистратураға тапсырса, ол алдымен мамандықты таңдап, сәйкес келетін белгілерді қарап, құжаттарын тапсырады. Ары қарай қабылдау комиссиясы студенттің жарайтын-жарамайтынын шешеді. Егер жараса, IELTS немесе TOEFL сертификатының, сондай-ақ білім алу мерзіміне төлемқабілеттілігін растайтын анықтаманың болуы маңызды.

Докторантураға келер болсақ, құжаттарды тапсыру процедурасы супервайзерді — алдағы зерттеу тақырыбы бойынша үлкен тәжірибесі бар оқытушыны іздеуден басталады. Көп нәрсе супервайзер мен студенттің қарым-қатынасына байланысты. Болашақ зерттеу тақырыбының өзекті болғаны аса маңызды. Мұндайда супервайзер студентке мүдделі болады. Оқытушы тарапынан қолдау тапқаннан кейін, құжаттарды тапсыруға дайындықты бастауға да болады.


Докторантураға келер болсақ, құжаттарды тапсыру процедурасы супервайзерді — алдағы зерттеу тақырыбы бойынша үлкен тәжірибесі бар оқытушыны іздеуден басталады


Екі жыл қатарынан қазақстандық ЖОО-на докторантураға тапсырып көрдім, сәтсіз болды. Сол кезде Ұлыбританияның университеттерін байқап көрмек болдым. Өкінішке орай, құжаттарды өткізбей тұрып, супервайзер табу керектігін білмедім, осылайша тағы да өзім құжат тапсырған барлық британдық университеттер бас тартты.


Мен шамамен 100 шақты оқытушы-супервайзерге хат жолдадым, соның ішінде тек біреуі ғана қызығушылық танытты


Супервайзерді тапқаннан кейінгі келесі тосқауыл университеттен шартты шақырту алу болды, ондағы басты критерий IELTS бойынша кемі 7 ұпай және әр тармақ бойынша кемі 6.5 ұпай баға жинау қажет етілді. Емтиханға дайындалуға және тапсыруға бір ай уақыт кетті. Ақырында мен қажетті нәтижеге қол жеткізіп, ЖОО-нан шақырту алдым, сондай-ақ маған «Болашақ» стипендиясы берілді.

Тағылымдамалар туралы

Егер сенің икемің, яғни қандай да бір стартап болса, университет әрдайым студенттерге қолдау білдіруге дайын. Мұнда стартап-идеяларды қаржыландыруға байланысты байқаулар тұрақты түрде өтіп тұрады. Студенттік виза аптасына 20 сағатқа дейін жұмыс істеуге мүмкіндік береді, әр ай сайын ЖОО виза орталығының өкілдерімен кездесу ұйымдастырады, ол жерде жұмыс визасына қатысты сұрақтарыңа жауап алуға болады. Сондай-ақ мұнда ваканциялар жәрмеңкесі де жиі өтеді: жақсы резюме жасап, сұхбаттасу кезінде өзіңді қалай ұстау керектігіне үйретеді. Ашық ваканциялар кездесетін арнайы сайттар да бар.

Шетелдегі тіршілік жайлы

Докторанттар өздерімен-өздері жұмыс істейді, олар оқытушылардың ассистенттері секілді. Біздің жеке кеңсеміз және әр студентке оқу жылы барысына бөлініп берілген өз жұмыс орны бар, мұнда әдебиеттерді оқып, презентациялар мен конференцияларға дайындалып, мақалалар жазамыз. Біздің сабақ кестеміз және сабақтарымыз жоқ, біз бір корпустан екіншісіне жүгіріп жүрмейміз, әр докторант өзіне ыңғайлы уақытта оқиды. Бастысы оның зерттеуінде нәтиже және прогресс болуы керек.

Бос уақыт жоқтың қасы, дегенмен ондай уақыт болып қалса, жұбайым екеуіміз көрші қалаларға туристік саяхат жасап, өзге қалаларда тұратын қазақтардың мерекелеріне қонаққа барамыз. Мен оқытушылар арасындағы футбол клубына жазылып қойғанмын, әр апта сайын сонда ойнаймыз. Студенттер қозғалысына да белсенді түрде атсалысуға тырысамын. Өткен айда вебинарда және университеттегі ашық есік күнінде баяндама жасадым. Сондай-ақ Манчестердегі «КазАльянстың» президентімін, біздер Қазақстанның бір бөлігі ретінде бас қосып, ұлттық мерекелерімізді атап өтіп, бір-бірімізге сабақ барысында және одан тыс уақытта көмектесеміз. Шетелде жүрген уақытта барлығы бір-біріне жақын болады және уақыттарын бірге өткізуге тырысады.


Шетелде жүрген уақытта барлығы бір-біріне жақын болады және уақыттарын бірге өткізуге тырысады


Тұрмыс жайлы

Мұндағы студенттер көбінесе пәтер жалдағанды дұрыс көреді, себебі кампус қажетті жағдайды толық жасай алмай жатады. Бір жағынан кампуста тұрған да қызықты, өйткені айналаңда өзің секілді жан-жақтан жиналған студенттер. Маған пәтерде тұрған ыңғайлы, тұру құны районға байланысты, дегенмен де бір бөлмелі студияның құны комуналдық қызметті қоса есептегенде 700-800 фунтқа шығады. Ал менің стипендиям — 1 900 доллар.

Осы жақта қалғысы келетіндер жайлы


Өз басым бұл жақта қалған стипендия иегерлерін кездестірген жоқпын, әйтсе де баспасөзден ондай жағдайлардың болғанын оқығанмын


Менің білуімше көпшілік шетелде болып, тәжірибе алмасып, кейін отанына қайтып оралып, сүйікті ісімен шұғылданғысы келеді. Мен шетелде білім алып келген жақсы маманның жұмыс таба алмай үйде отырып қалыпты дегенді естіген емеспін. Бір кездегі студенттік шағымда Work & Travel бағдарламасы бойынша Америкаға келгенімде «american Dream» деген тіркес мәңгі жадымда қалып қойды. Ол, тіпті, кедей адамның өзі алға ұмтылып, тырысатын болса миллионер атана алады, тек талмай еңбек етуі керек дегенді білдіреді.

Шетелде өз қаражатына білім алған студенттер үшін сол жақта қалу оңай, әрі білім алуға жұмсалған қаржының орнын өз еліне қарағанда сол жақта тез толтырады деген пікірмен келісемін. Өз басым бұл жақта қалған стипендия иегерлерін кездестірген жоқпын, әйтсе де баспасөзден ондай жағдайлардың болғанын оқығанмын.

Қазір мен мансап жолымды ары қарай дамытудың екі жолын көріп отырмын. Бұл не академиялық сала — оқытушылық және зерттеу қызметі, немесе индустралды — компания үшін кеңестер, шағын және орта бизнес үшін нұсқаулар. Соңында қайдан шығатынымды уақыт көрсетер. Қалай болғанда да академиялық әлемге өз үлесімді қосуды қалар едім.