Дисклеймер: Аударма 2019 жылдың 17 шілдесіндегі материал бойынша жасалды

The Village еліміздегі түрлі мамандық иелерінің жеке бюджетінің қалай құрылатынын анықтауды жалғастырып келеді. Бүгінгі мақаланың бас кейіпкері — кірпік өсіру шебері. Онымен сұхбаттасып, клиенттері, қиындықтары мен күнделікті шығындары жайлы білдік.

МАМАНДЫҒЫ

Кірпік өсіру шебері


АЙ САЙЫНҒЫ КІРІС

500 000 теңге


Шығындар

80 000 ТЕҢГЕ

кеңсені жалға алу

71 000 ТЕҢГЕ

құрал-жабдықтар

20 000 ТЕҢГЕ

коммуналдық қызмет

20 000 ТЕҢГЕ

жанармай

40 000 ТЕҢГЕ

балабақша

30 000 ТЕҢГЕ

жеке қажеттіліктер

50 000 ТЕҢГЕ

азық-түлік

Кірпік өсірудің шебері болу үшін не істеу керек?

2011 жылы қолым бос болғандықтан университетке сырттай оқуға түсіп, парфюмерия және косметика дүкеніне жұмысқа кірдім. Бір жыл ішінде бұл атмосфераға үйреніп қалдым, бірақ қатаң жұмыс кестесінің кесірінен, оқуым ақсаңдап қалды. 2013 жылы құрбым жаңа іспен айналысуды ұсынды. Құрбым маған: "Қазір қыздар кірпігін жасанды жолмен өсіретінін білесің бе? Мүмкін үйреніп көресің? Жұмыс кестеңді де өзің құратын боласың", — деп қызықтырды. Мен бұл жайлы ақпарат жинай бастадым. Санкт-Петербургтен жақсы шебер тауып, кірпік өсірудің қыр-сырын үйрендім. Содан бері біліктілігімді арттырып, бүгінге дейін осы іспен айналысып келемін.

Көз — беттің өте нәзік бөлігі, бұл жерде қозғалыс барынша жұмсақ, ал өзің байсалды болуың керек. Пинцеттен кірпік түсіп қалмауы үшін қолыңның да, зейінінің де жұмыста болғаны маңызды. Көз аймағында жұмыс істегендіктен қыздардың көпшілігінің сезімталдығы жоғары екенін ескерген жөн. Әсіресе көздің шырышты қабығын абайлау керек, әйтпесе күйік шалуы мүмкін.

Бірінші және өте маңызды қадам — үлгілеу. Көздің әртүрлі формаларымен, асимметриямен жұмыс істеуді үйрену қажет. Кірпік жабыстыру бәрінің қолынан келеді, ал қайталанбас бейне жасау қиын. Кірпік арқылы қыздардың сыртқы кемшіліктерін жасырып, қайта керісінше, артықшылықтарын көрсетуге болады. Тіпті, күнде макияж жасаудың қажеті болмай қалады. Екіншіден, желіммен жұмыс істей алу, оның қасиеттерін білу маңызды. Кірпік кем дегенде төрт аптадан артық тұруы керек.

Оқудың негізгі курсын үш күнде бітіресің. Кез келген іс қарқынды тәжірибені қажет етеді. Сондықтан шебердікті шыңдау үшін құрбыларыңа, туыстарыңа кірпік өсіріп үйренесің. Қарқынды тәжірибенің арқасында кәсіпті бір айдың ішінде меңгеруге болады. Сондықтан негізгі курс өте маңызды, қаржы үнемдеудің қажеті жоқ. Көптеген адам арзан курсқа құмар. Нәтижесінде олардың 90%-ы бізге қайта оқуға келеді. Олардың айтуынша, арзан курстар біздің алғашқы екі сағатта берген ақпараттың 20%-ын да қамтымайды.

Мамандықтың ерекшеліктері жайлы

Мен өз жұмысымды жақсы көремін және адамдармен тез тіл табысамын. Әрбір клиенттің көзі де, өзі де бірегей әрі еш қайталанбайды. Егер ол сөйлескісі келсе, әңгімелесуге әрдайым дайынмын. Бізге әртүрлі мамандық иесі келеді. Сондықтан айтар әңгіме табылады. Клиенттердің хикаяларын тыңдаймыз, кеңес береміз, кейде оның өмірлік сериалында не болғанын білу үшін салонға келесі келгенін күтіп отырамыз.

Егер клиент шаршап, күйбең тіршіліктен демалғысы келсе, үндемеймін. Босаңсытатын музыканың дауысын көтеріп қоямын. Әдетте, олар ұйықтайды, ал мен жұмысымды істеймін. Айтпақшы, клиент ұйықтаған кезде немесе үндемегенде, жұмыс тез жүреді.

Бір оқиға есімнен кетпейді. Бірде клиент ең қымбат, 10 мың теңгелік қызметті таңдады. Кірпік өсіру кезінде әңгімеміз жарасып кетті. Ол өмірі туралы айтып, сенімге кірді, тіпті, жұмысыма көңілі толып, алғыс білдірді. Есеп айырысатын кезде, сөмкесін алып: "Ой, әмиянымды жоғалтқан сияқтымын" деп айтты. Сөмкенің ішін ақтарып: "Қараңыз, әмиян жоқ, не істесем болады?! Сізге ақшаны картаға аударайық" деді. Мен келістім, кейін ол телефонының қуаты біткенін айтты. Кеш батып кетті, клиент үйіне жеткен соң ақшаны жіберетінін айтып, жинала бастады. Неге екенін білмеймін, бірақ оған сендім. Шамасы, алаяқтардың сендіре алатын қасиеті бар. Әрине, содан бері оны көрген жоқпын және телефонына бірнеше нөмірден хабарлассақ та, ол бәрін бұғаттайды.

Артықшылықтары мен кемшіліктері жайлы

Әрине мамандығымның артықшылығы жетерлік. Бір күнде Қазақстандағы орташа жалақының жартысын, яғни 40 мың теңгеге жуық табыс табу мүмкіндігім бар. Екіншіден, әртүрлі адаммен қарым-қатынас құру. Әрқашан бәрінен хабардар боласың. Үшіншіден, әрдайым дамып, кәсіби тұрғыда өсесің. Индустрия бір орында тұрмайды, кірпіктің жаңа түрлері, жаңа техникалар пайда болып, чемпионаттар, вебинарлар өткізіледі. Онымен қоса, өз кәсібіңді ашуға және пассив табыс табуға мүмкіндік бар.

Кемшіліктерінен, ең алдымен, аллергияны айтар едім. Желімнің буы өте улы. Мен желімге пайда болған аллергиядан үш жылдан бері заржап шегіп жүрмін. Сондықтан жаңа бастаған шеберлерге респираторлық маска кию немесе желімнің тамшысын сумен басу керегін ескертемін. Сонымен қатар күніне бес-алты сағат, кейде сегіз сағат отыру арқаға зиян. Бірақ егер аяқтары мен биіктігі реттелетін, ыңғайлы орындық тапсаң, бәрі жақсы болады.

Артықшылығына жұмыс кестеңнің еркін болуын қосар едім. Егер дәрігерге бару немесе үй шаруасымен айналысуың керек болса, бастығыңнан сұранбай немесе өз есебіңнен демалыс алмай жеке шаруаларыңмен айналыссаң болады. Бар болғаны процедураны өзіңе ыңғайлы уақытқа қоясың. Қаласаң жұмысқа мүлдем шықпасаң да болады. Кейде клиенттер түнгі 12 немесе таңғы 7-8-де қабылдауыңды өтінеді. Кейбірі шұғыл түрде басқа қалаға ұшып кетеді, кейбірі түсірілімге асығады. Барлығы демалғанда, біз жұмыс істейміз, себебі адамдардың көбі мереке және демалыс күндеріне жазылады.

Таптаурындар жайлы

Қызмет көрсету саласындағы қыздар жоғары білім алуға ерініп қалған деген жалған түсінік бар. Бұл олай емес. Мен педагог-психолог мамандығында оқыдым, арамызда бухгалтерлер, аудиторлар, экономистер бар. Бізде жұмыс істейтін қыздардың көбі күні бойы кеңседе отырып, аптаның әр жұмасын күтіп өмір сүргісі келмейді.

Сондай-ақ, кірпігіңнің бәрі түсіп, енді қайта өспейді, кірпік өсіру зиян деген аңыз бар. Маған жаңа клиенттер қоңырау шалып: "Кірпігім түсіп қалмай ма?" деп сұрағанында, “Міндетті түрде түседі” деп жауап беремін. Бірнеше секундтық үнсіздіктен соң, кірпік те шаш сияқты жаңаратынын айтамын. Яғни 90 күн сайын жаңа кірпік ескісін итеріп шығады, ал шебердің міндеті — кірпіктің түбін зақымдамау. Сондықтан мен техниканы сақтаймын.

Табыс

Табыс әрқашан маусымға байланысты. Желтоқсан және наурыз — ең табысты айлар. Егер күніне бес клиент қабылдасаң, онда 40 мыңға дейін табыс табуға болады. 2016 жылдың желтоқсанында демалыссыз жұмыс істедім. Жалға алу және материалға бөлінетін ақшаны есептемегенде 28 жұмыс күні ішінде 1 миллион 120 000 теңге табыс таптым. Бұл — ең көп тапқаным. Алайда, мұндай жұмыс қарқынынан соң ауруханаға түсіп қалуың ғажап емес. Сондықтан енді демалыссыз жұмыс істемеймін. Отбасым да уақытымның көбін салонда өткізгенімді қаламайды. Қазір мен түске дейін екі-үш адамды қабылдаймын, сосын өз ісіммен айналысамын, бұл өте ыңғайлы.

Шығындар

Егер жұмыстағы шығындар туралы айтатын болсақ, ең алдымен, қаражат салонды жалға алуға жұмсалады. Содан кейін материалға ақша жинаймын. Әр екі апта сайын студиядағы желімді жаңартамын, оған 24 мың теңге кетеді. Жылына бір рет Кореядан кірпікті қолмен жинайтын зауыттан сатып аламын. Зауыттың шарттарына сай 1 000 долларға кірпік аламын. Мың долларды 12 айға бөлгенде кірпікке айына 31 000-нан жұмсалады. Аппликаторлар-11 мың теңге тұрады, ремуверді (кірпікті тез кетіруге арналған құрал) ай сайын жаңартамын. Оның бағасы 5 000 теңге.

Сондай-ақ, қызыма киім немесе ойыншық алып беремін. Өзім туралы да ұмытпаймын. Ай сайынғы шығындарыма тырнақ, қас жасату кіреді. Жұмыста күнделікті тіскебасар тәтті тоқаштар, кофеге де ақша жұмсалады.


Иллюстрация: Арина Леонтьева 

МәтінМалика Муханова        

Мәтінді аударған: Ақерке Ораз