Қазақстан аумағында бір жынысты қатынастарды тіркеуге заң жүзінде тыйым салынған. Гомосексуал қарым-қатынастар заң тұрғысында жазаға тартылмайды, алайда қоғам тарапынан да қолдау таппаған. Біз алматылық гомосексуалдармен олардың құқықтары, қоғаммен қарым-қатынастары және каминг-аут туралы сөйлестік.

Автор

Далайхан Аман

Амир

Төртінші сыныпта басқаларға өзіме ұл балалардың ұнайтынын айтудың қажеті жоқ екенін түсіндім. Оның салдары да өзгеше болды: өзіңнің біреуге деген романтикалық сезімдерің жайлы тақырыпты қозғаудың орнына, гетеросексистік әлемге бағына салуға тура келді. Жеткіншек жаста қиыншылықтар көп болды — қыздар, секс туралы әңгіме жиі айтылатын. Оның үстіне мен ер балалар лицейінде оқыдым: бәрі кезек-кезек мақтанады, ал сен ондай сәтте үнсіз тұрасың.


Жеткіншек жаста қиыншылықтар көп болды — қыздар, секс туралы әңгіме жиі айтылатын

Мені мектепте бірнеше себептерге байланысты келеке қылатын. Біріншіден, бала күнімде үйдегілер теледидар қарауға көп рұқсат бермейтін, сондықтан да кітапты көп оқыдым және өзімді басқалардан ақылды санадым, төбелесті жақтыртпайтынмын, көбінесе қыздармен жүретінмін. Жетінші сыныпта өзге балалар секілді шымыр, денелі болмадым — гомик деп мазақтайтын. Оған бола дауласып та, ұрсысып та жатпайтынмын, жай ғана ортаңғы саусағымды көрсететінмін.

Каминг-аут және қауіп-қатерлер жайлы

Отбасыма қарағанда, әріптестерім мен достарыма каминг-аут тез әсер етті. Әріптестерім өте қарапайым қабылдады. Достарыммен де жолым болды. Отбасымда әрқайсымен жеке-жеке сөйлестім: әкеммен бір бөлек, анаммен телефон арқылы бір бөлек. Әкем біраз ойланып қалды, уайымдағаны ғой, дегенмен де эмоцияға қатты бой алдырмады. Ал анам біртүрлі қызық қабылдады. Оған қоңырау шалдым да: «Көп ұзамай теледидардан да көресіңдер ғой, әйтсе де саған телефон арқылы айтайын, мен геймін» дедім. Ол: «Сен оны бала кезіңнен білдің ғой, солай ма?» деп жауап берді. Соған қарағанда, өзі де бұрыннан білетін секілді, тек мойындағысы немесе қабылдағысы келмей жүрген болар. Ата-анам, әрине, біреулер мені соққыға жығуы немесе қуып жіберуі мүмкін бе деп, қауіпсіздігімді ойлап алаңдайды. Басқа жағынан бәрі дұрыс...

Гомофобия жайлы тек интернетте көрдім. Маған ешкім бетпе-бет келіп бірдеме айтып, болмаса қастандық жасамақ болып әрекет қылған емес. Тек жақында ғана бір жағдай болды: достарымызбен бірге түрлі-түсті жалауларымызды алып Spirit of Tengri фестиваліне бардық, сол жерде бір мазасыз ер адам мені көздемек болып үш рет тигізе алмады, кейін оны достары ертіп кетті. Сексуалды әлеуетіме байланысты маған қарсы жасалған жалғыз әрекет осы болса керек.

Түрлі қорқытулар тек онлайн келіп жатады, олардан тұтас кітапхана тұрғызуға болатын шығар. Адамдардың қиялы біртүрлі қызық жұмыс істейтін сияқты, мысалы, маған келіп түскен оғаш қорқытулардың бірінде «Осыдан сені ұстап алсам, зорлап тастаймын» делінген. Яғни, оның маған тағар басты кінәсі еркекпен жыныстық қатынасқа түсетінім, сондықтан да ол мені өз еркінен тыс жыныстық қатынасқа бару арқылы жазалағысы келе ме? Жарты жыл бұрын тағы бір бейтаныс ер адам маған өзінің аңшылыққа шығатын құсын айдап салатынын жазыпты. Сонда ол кісінің көздегені не екенін мен түсіне алмадым.

Жоғарғы сыныпта бір бұзық бала болатын, оның қасында үнемі айтқанынан шықпайтын атқосшысы жүретін. Бірде олар мені зорламақ болды. Ана сотқар баланың түріне қарағанда қозып алғанға ұқсайды, дәлелінің түрі белгілі: «Сен бәрібір қызтекесің ғой, сора салшы». Мен оған қасыңдағы сөзіңді екі етпейтін адамға айтсаңшы дедім. Олардікі құр сөз еді, сондықтан да мен аса мән бермедім. Тек біраз уақыт өткеннен кейін ғана бұл жағдайдың зорлық әрекеті екенін түсіндім.


Адамдардың қиялы біртүрлі қызық жұмыс істейтін сияқты, мысалы, маған келіп түскен оғаш қорқытулардың бірінде «Осыдан сені ұстап алсам, зорлап тастаймын» делінген


Психологияда «азшылықтың күйзелісі» деген термин бар. Бұл өзіңнің басқалар секілді еместігіңе байланысты тұрақты түрде жасалатын қысым. Оған көбіне мүгедектер, ЛГБТ өкілдері, қысқасы, стандартқа сай келмейтін адамдар шалдығады. Бұл күйзеліс уақыт өткен сайын жинала береді де, ақыры адам өзін бір бұрышқа тығылғандай сезінеді. Нәтижесінде ішімдікке немесе нашаға тәуелділік секілді келеңсіздіктер орын алады.

Адамдарға қысым көрсететін әлеуметтік гомофобия — ең үлкен түйткіл, өйткені заң тұрғысынан бізде ЛГБТ-пен байланысты тармақтар өте аз. Біржынысты некеге жол жоқ — бұл жайлы заңда екі рет жазылған. Біржынысты жұптарға бала асырап алуға болмайды. ЛГБТ-дағы ең осал топтардың бірі – трансгендерлі адамдар: оларға төлқұжаттарын олар жыныстарын міндетті хирургиялық түзетуден өткізген жағдайға ғана ауыстырады. Алайда, бірнеше себептерге байланысты трансгендерлі адамдардың көбі олай жасағысы келмейді — бұл қымбат, қауіпті, адамды балалы болу қабілетінен толықтай айырады, әрі елдің бәріне бірдей жарай бермейді. Айталық, сізге 16 жасыңызда төлқұжат алу үшін, мысалы, саусағыңызды кесу қажет болса. Бұл адамдыққа жатпайды ғой.

Қоғам адамдардың әртүрлі екенін түсінуі тиіс, солай болуы да керек, тура адамның органдары секілді, олар бір-бірінен ерекшеленеді, алайда біріге келе тұтас организмді құрайды. Егер бәріміз бір-бірімізді бірдей болуға мәжбүрлесек, біз ешқайда жылжымаймыз.

Сұлтан

Адамзаттың болмысы алуан түрлі, сондықтан да оны қандай да бір Л, Г, Б, және Т деген секілді тағы басқа әріптерге бөліп-жарудың қажеті жоқ. Бұдан басқа да термин бар, мен өзімді соған жатқызамын — квир. Мен нонконформистпін, әлеует, гендер және тағы басқа бірдейлік тұрғысынан конформды емеспін. Өзіңді қандай да бір шартты әріптер мен сөздерге телудің қажеті қанша? Біз бәріміз де әртүрлі бола аламыз.

Шарттылықтан бас тарту арқылы болмысыңды тану жеңілірек. Таптаурындардың соңына еріп, басқа біреуге немесе өзіңе теліген әріптерге айналудың қажеті жоқ. Мен ғашық болдым ба, болдым, болмадым ба, болған жоқпын. Тіпті, «дәстүрлі» және «дәстүрден тыс» деген стандарттар бойынша өмір сүруге тырысудың да қажеті шамалы.


Айналамдағылар мен отбасым толықтай қолдау білдіріп отыр


Өшпенділікті тәрбиелейтін мемлекет, өйткені мемлекетке бізді бөліп-жарған тиімді

Әлеуметтік желіде және ата-анама каминг-аут жасадым, сондай-ақ басқалардың тәртібі бойынша өмір сүре алмайтынымды айттым. Бұл менің наразылығым. Отбасыма өзім жайлы шындықты жиі айтып отырамын, өйткені олар да сағымға толы дәстүрдің аясында өмір сүруге міндетті емес екендерін білсе деймін. Жалпы, барлығы дұрыс қабылдады. Айналамдағылар мен отбасым толықтай қолдау білдіріп отыр.

Жақында мен туралы жалған ақпарат таратқан видео-әшкерелеу болды, онда менің гей-парадтарда тентіреп жүретін, қызыққұмар буржуй екендігім туралы айтылған. Гей-парад туралысы — шындық, алайда бір қызығы, видео шыққаннан кейін жекеме айыптаушы пікірлер аз жазылатын болды. Ал, әдетте, жеккөрініштер мен сынға толы хаттардың астында қалатынмын. Мүмкін, бұл менің жүзімнің мейірімді екендігімен байланысты шығар, «жүзі жылыдан түңілме» деп жатады ғой.

Мен қазақтар өте шыдамды халық деп есептеймін. Өшпенділікті тәрбиелейтін мемлекет, өйткені мемлекетке бізді бөліп-жарған тиімді. Мысалы, қазақпен қазақша сөйлесу арқылы мен ешқандай өшпенділікті байқамадым, тек мейірім мен махаббат. Кез келген уақытта өз пікіріңді қарапайым әрі әділ түрде жеткізуге болады. Адамдар оны түсінеді — сол үшін де мен өз халқымды жақсы көремін. Бір-екі рет формадағы адамдар болмаса, ешкім маған қол көтеріп немесе жұдырық жұмсап көрген емес.

Өткен жылы бір түннің үшінде қатарынан үш досымнан және таныстарымнан айырылдым: біреуін соққыға жыққан, біреуі аурудан көз жұмды, үшіншісі өз-өзіне қол жұмсаған. Соңғысы туралы айтқым келеді. Егер оның жазбаларын оқысаңыз, оған қоғам тарапынан қысым жасалғанын түсіну қиын емес, әрі ол анасына барлық шындықты жайып салуға қорқып жүрген. Мұндай ортада көбі күйзеліс пен үрейге тап болады, ақырында адамдар көбінесе суицид жайлы ойға бой алдырады. Меніңше, ең қорқыныштысы — құпиялылық, яғни бір жағынан, бәрімен бірге бір қоғамда өмір сүретін секілдісің, екінші жағынан, сенің бар-жоғың белгісіз. Әрине, қоғамның бізді қабылдағысы келмейтініне бола күндер өткен сайын адамдармен қоштасу оңай емес. Нақты өзім жайлы айтар болсам, мені де күйзеліс пен үрей мазалайды.

Азшылықтың қатарында болсаң, не дүбәра күй кешіп — өз-өзіңмен кетесің де, ешкімге көрінбеуге тырысасың, не батыл қадам жасауға көшесің. Қазіргі таңда ЛГБТ батыл қадамға көшті. Менің барлық достарым қандай да бір қозғалысқа қатысып, еркіндік, жасқы көру, өз ойыңды білдіру секілді тағы басқа құқықтарды алға тартып, қарапайым адамгершілік қасиеттерді насихаттаумен айналысады.Үндемей қалу қиын. Біздің халқымыз баяу солып бара жатыр, жағдайды өзгертіп, құтылу қажет. Барыңнан айырылу және дәрменсіздік сезімі тым болмаса қайтыс болған жолдастарымыздың көзі ретінде ары қарай күресуге және өмір сүруге жетелей түседі.

Шах

14 жасымда мен өзімнің нақты кім екенімді түсіне алмай беймаза күй кештім: бисексуал, әлде гомосексуал. Басында ер адамдардың денелері тек эстетикалық жағынан ұнайтын, яғни көңілім аумайды, жай ғана ерлердің денесіне деген қызығушылық. 17 жасымда ержетіп, өзімнің гомосексуал екенімді ұқтым.

Әу баста тұйықталып қалдым, қоғамға көп араласпауға тырысып, үйде отыратынмын. Кейін ақырындап басқалармен таныса бастадым, менің жайымды түсінетін адамдарды іздедім. Ондайлар да табылды.

Мен жайлы туған ағам мен бір досым ғана білетін. Мәселенің бәрі жеткіншек жаста, жасырынудан жалыққан уақытта басталды. Ақырындап достарыма каминг-аут жасадым, қазір айналамдағылардың 90 %-ы шындықты біледі.

Бұл жаңалық достарымды біраз есеңгіретіп тастады, дегенмен оған да үйренді. Әріптестеріме келер болсақ, менің ЛГБТ-жалаулы алқам бар. Бірде оны ұмытып кетіп, жұмысқа келдім. Мұны барлығы, соның ішінде жұмысқа алған адам да байқап қалыпты. Ол менен : «Сен ЛГБТ-қоғамдастығынансың ба?» деп сұрады. Мен иә деп жауап бердім, бұл тақырып осымен жабылды. Әлі күнге дейін бірге жұмыс істейміз, қарым-қатынастарымыз да жақсы. Іс-әрекеттері әйелдердікі секілді гомосексуалдар болады, мүмкін гомофобно соларға тән шығар. Менің ондай қылықтарым жоқ.


Басында ер адамдардың денелері тек эстетикалық жағынан ұнайтын, яғни көңілім аумайды, жай ғана ерлердің денесіне деген қызығушылық. 17 жасымда ержетіп, өзімнің гомосексуал екенімді ұқтым

Каминг-аут жасау қиын. Оған деген қандай да бір сұраныс болуы тиіс. Менде ондай сұраныс болды, мен ата-анаммен бірге тұрамын, сондықтан да үнемі қадағалаудамын. Бірде достарымның үйіне қонып қалдым, мамам қоңырау шалып, айғайға басты, мен де эмоцияға беріліп тұрып каминг-аут жасадым. Мамам бірнеше рет қайталап сұрап: «Мүмкін, бұл уақытша жағдай шығар, әлі өз махаббатыңды жолықтырарсың» деумен болды. Осыдан кейін ол бір күн бойы менімен сөйлеспей қойды. Әкем әлі білмейді, мен оған шындықты айтуға енді дайындалып жүрмін.


Мамам бірнеше рет қайталап сұрап: «Мүмкін, бұл уақытша жағдай шығар, әлі өз махаббатыңды жолықтырарсың» деумен болды


Мен өзімді Қазақстанда қауіпсіз сезіне алмаймын. Мен, тіпті, натурал болған күннің өзінде, бейбіт митингіге шыққандарды ұстап алып, соққыға жығатын әлемде өзімді еркін сезіне алмас едім. Біржынысты неке рұқсат етілген елге кетуді жоспарлап жүрмін. Дегенмен, қалғым да келеді, өйткені туған қаламды және ондағы достарымды жасқы көремін.

Айдана


Жыныстық ерекшелігімді орта мектепте жүріп-ақ, 13-14 жасымда сезіндім. Бірге оқитын сыныптас қызды ұнатып қалдым. Бұл өзі қызық жағдай болды, өйткені бұған дейін поп-мәдениетте үнемі ер кейіпкерлер ұнайтын.

Мектепте мен өз құрбыларыммен бірге үйірмеге қатыстым. Бірде жеке күнделігім салынған сөмкемгі сыныпта ұмытып кетіппін. Осыдан кейін бұрын бірге жүретін қыздар менен бойларын аулақ ұстайтын болды. Сөйтсем, күнделігімді оқып қойған екен. Олардың бұл деген сұмдық қой, ондай қызбен қалай дос болуға болады, мүмкін, ол біздің біреуімізді ұнатып жүрген шығар дегендерін өз құлағыммен естідім. Алайда мен өз жынысыма жататындарды ұнатсам да, оның барлық өкілдеріне бірдей тартыла бермейтінімді жақсы түсіндім. Мен адамның жыныс мүшесін емес, жеке басын жақсы көремін.


Үнемі туған-туыстарыма бәрі өз қолымнан келетінін, мені асырап-бағатын, кейін құрсағыма бала бітіретін адамның керек еместігін айтумен келемін


Алғаш рет қызбен 17 жасымнан бастап кездестім. Шифрлы түрде таныстық, үркітіп алудан қорықтым, алайда ол да қарсы емес болып шықты. Қарым-қатынасымызды, тіпті, достарымнан да жасырдым. Азшылықтың құқын қорғайтын құрбыма төрт жыл бойы айтпай келдім. Шындықты жайып салғанымда — жылап жіберді, неге екенін білмеймін, бірақ қатты қорықтым. Құрбым оң қабылдады, сол үшін де оған алғысым шексіз. Отбасыма ешқашан айтпайтын шығармын деп ойлайтынмын, әйтсе де анам ақылды адам — қазірдің өзінде іші сезіп жүрген сияқты.

Қазақ қоғамында жасы жеткен қыздарға қысым жасап, тұрмысқа шығып, балалы болу керек дегенді алға тарта бастайды. Үнемі туған-туыстарыма бәрі өз қолымнан келетінін, мені асырап-бағатын, кейін құрсағыма бала бітіретін адамның керек еместігін айтумен келемін. Сөзімді іспен дәлелдеп, мақсатыма қол жеткізу үшін көп оқимын. Әзірге қолымнан келіп жатыр, туысқандарым көп мазалай бермейді.

Туыстарым шындықты ешқашан білмейді деп үміттенемін: себебі, олардың кейбіреулері өз балаларымен араласуға тыйым сала ма деп қорқамын. Бірде мен тәтеме гей досым туралы айтқан болатынмын. Ол маған мұның ауру екенін және ондай адамдарды отқа өртеу керектігін айтты. Төбеме жай түскендей күй кештім: мен үшін ең жақын адамдардың бірі біздің көзімізді жою керек деп отыр.

Бірде түнге қарай қол ұстасып Абай көшесінің бойымен кетіп бара жаттық, қасымдағы қыз мені сүйді. Кенет бір ер адам атып шығып, сендер тозаққа барасыңдар деп айғайлап, тас лақтыруға көшті. Біз қатты қорқып кеттік, бірдеме істеу керек болды. Оған өзіміздің кәмелет жасқа толмағанымызды және жақын маңдағы полиция бөліміне барып шағымданатынымызды айттық. Ол кетіп қалды. Осы жағдайдан кейін ол қыз екеуіміз ешқашан адамдардың көзінше қол ұстаспайтын болдық.

Мен қандай да бір таза лесбийлік ортада болған емеспін — ол жайлы ақпарат таба алмадым. Гомосексуал мәдениет көбінесе ер адамдарға бейімделген, ал лесбийлік тақырыпқа қатысты ақпарат өте аз, сондықтан да алғашқылардың бірі ретінде өзбетімше әрекет жасауға тура келеді. Қазір біраз болсын жеңіл, тіл үйреніп алдым да, ағылшын тілді сегменттен ресурстар таптым.

Мен өз қаламды және елімді жақсы көремін. Бір адамды ашық түрде жақсы көре алмайтыныма бола елден кеткім келмейді, алайда солай істеуге тура келетін сияқты. Қазақстанда біздің елемізді ЛГБТ-қа қатысты толерантты қылатын бір де бір қозғалысты білмеймін. Егер осындай қозғалыстардың адамдарға бағыт-бағдар беретін жетекшілері болғанда, мен соған кірер едім.

Павел


Менің тұлғалық ерекшелігім жайлы тек жақын достарым ғана біледі. Мұны баршаға жариялаудың қажеті жоқ деп білемін, әйтсе де егер адамдар сұраса, иә мен геймін деп жауап беремін.

Гомофобияға күн сайын ұшыраймын, бірақ өз тарапыма қатысты емес, сондықтан да қалайда адамдардың түсініктерін өзгерте аламын. Ашу да маған жанама түрде әсер етеді, сол себепті мен де жанама түрде ашумен жауап қайтарамын, тек дәлелді түрде әрекет етемін.

Мүмкіндік бола салысымен бұл елден кетемін. Қазақстанның теріс жақтары оң жақтарынан асып түседі. Айналада болып жатқанға көз жұмып қарап отыра алмаймын, алайда жалғыз өзім түк те істей алмаймын, әйтпесе бұл еркіндігім мен өміріме қауіп төндіреді. Біздің елімізде тек бір ғана кеңес бере аламын: сақ болыңыздар, бірақ өздеріңіздің кім екендеріңізді де ұмытпаңыздар.