QazaqshaҮнсіздік мерекесі: Айсана Ашим 16 желтоқсан туралы
Тәуелсіздік?
Бәріңе сәлем, менің атым Айсана Ашим. The Village Казахстанның бас директорымын. Жасым 27-де, тәуелсіздіктің құрдасы ретінде өз ойымды айтқым келеді.
Менің анам 1986 жылғы тәуелсіздік оқиғасына қатысқан. Сол кезде мыңдаған студенттер Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевты қызметінен босатып, орнына Геннадий Колбинді тағайындау туралы шешімді жоюды талап етіп, көшеге шықты. Наразылық ұлтшылдық сипатта болмады – бұл Конституциялық құқықтар үшін болған КСРО-дағы бірінші ереуіл.
Студенттерді таяқтап, саперлік күректермен соқты, өрт сөндіру көліктерімен суық су шашып, қала сыртына апарып тастады, тұтқындады. Комиссияның бағалауы бойынша 1 700-ге жуық адам дене жарақатын алған. 8 500-дей адам ұсталып, олардың 99-ы әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айрылды. Осылайша Қайрат Рысқұлбековті түрмеге 20 жылға қамады.
32 жыл бұрын бар өмірі алда, жас, тәжірибесіз студенттер әділеттілік үшін билікке қарсы шықты.
Бүгін ше? Менің көптеген құрдастарым (олар ғана емес) Тәуелсіздік күнін мереке деп мойындамайды. Олар үшін бұл үнсіздік күні. Олар бәрінен хабардар, бәрін біледі, бірақ үнсіз қалады. Себебі қорқады, себебі бұның бәрі текке тырысу, себебі «сен тимесең, мен тиме». Оларға университте-ақ «бұл күні көшеге шықпаңдар, жалпы артық қимылдамаңдар» деп айтып тастаған. Олар жаңалықтардан қазақстандық соттардың ақылға сыймайтын шешімдерін көреді. Олар тіпті Конституцияның алғашқы нұсқасын ұмытып қалды, оған сенбейді де. Жаңаөзен мен жер сатуға қарсы шыққандар да олардың естерінде. Олар дәрігерге тек жақындарының ұсынысымен ғана барады — таныс еместерден құдай сақтасын. Олар балабақшалар мен мектептерге де өз балаларын тек жеке кеңес алғанан кейін береді. Олар жолпол қызметкерлерін қорқыныш пен жиіркеніш сезінген күйде айналып өтеді. Олар «Қазақстандық Google-ға жұмысқа тұрды/ Қазақстандық дәрі ойлап тапты» деген жазбаларды лүпілдетеді — оларға қанша негізсіз, аңғал болса да үміт керек. Олар бірнеше рет теңгенің құндыздануын бастан кешірді. Олар түтінтұманға шағымданудан шаршады. Олар айдың-күннің аманында пышақталған олимпиада чемпионын жоқтады — ауыр қазаға ұшырады, өз қауқарсыздықтарын сезінді. Олар саясатқа араласпайды, немқұрайлық танытады, ал арманы — бай болу және/немесе шетелге кету.
Тәуелсіздік бар, бірақ жұмыс жасайтын институттар жоқ. Осы 27 жылдың ішінде көршілеріміз мұнайсыз, алтынсыз, қазба байлықтарсыз да бізді көптеген нәрселер бойынша басып озды: Грузия түбегейлі полиция реформасын жүргізіп, туризмді дамытты; Қырғызстан баспасөз еркіндігі индексі бойынша 98-орында (ал біз 158-орындамыз); Армения мен Белорусия IT саласында жетістікке жетіп үлгерді.
Әрине, біз де мақтана аламыз, қуана да аламыз, бірақ барлық жерде осы «бірақ» бар. Иә, біз астана тұрғыздық, бірақ қандай бағамен? Иә, бізде керемет «Болашақ» бағдарламасы бар, бірақ мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, Қазақстаннан кетіп жатқан түлектердің үлесі қанша? Иә, бізде бизнес ашу оңай, бірақ оны сақтап қалу ше?
Қанша жерден барлығымыз өзіміздің мінсіз балабақшасы, ауруханасы бар «тәуелсіз» әлемімізді жасап алсақ та, бұл олай жұмыс істемейді. Ертең көшеде сізді біреу пышақтап кетпейтініне; шенеуніктің баласы көлікпен қағып кетпейтініне; балаңызды біреу зорлап кетпейтініне; хирургтың үстелінде өліп кетпейтініңізге кепілдік жоқ.
Мен өз елімді сүйемін. Тауларын, даласын, орманын, көлін сүйемін. Көпұлттылығы мен жылулығын, дәстүрі мен мәдениетін сүйемін. «Жаралған намыстан» мен «Алтын күн аспанын», Астанасы мен Алматысын сүйемін. Тарихы мен сәулетін сүйемін. Мылжың таксистерді де, ессіз тойларды да, тіпті өзіне көп сенетін жігіттер мен кірпік жабыстырып алған, беті томпиған қыздарды да, таныс іздеп, бар мәселені «қазақпыз ғой» деп шешуге тырысатын қасиетімізді де сүйемін.
Шетелде Қазақстан туралы айтуды сүйемін. Біздің елде адам алғаш рет ғарышқа ұшқан; жер қойнауымызда Менделеев кестесіндегі 105 элементтің 99-ы табылады; еліміздің аумағына бес Франция сыйып кетеді; тамсандырар алуан түрлі табиғатымыз бар. Қандай да бір канадалық немесе норвег қамқорлық танытып, дамыған елге көшкің келетін шығар деп сұрағанда «Never» деп жауап беремін.
Менің арманым — өмір бойы медиа саласында еңбек ету, бар өмірімді Қазақстанда өткізу. Бір күні барлық қазақстандықтар, тіпті шенеуніктер де бұл күнді қорқынышпен емес, мақтанышпен қарсы алатын кез туатынына сенемін.
Тойлайтын ештеңе жоқ. Сондықтан біз бұл күндері демалмаймыз, кеше де жұмыс жасадық — сайттың қазақша нұсқасын іске қостық (қош келдіңіз!) және барлық отандық өнімдер туралы жинақтар жарияладық.
Мерекелеріңізбен, қадірлі оқырмандар! Оқығандарыңызға рахмет. Біз сіздерге сенеміз. Біз сіздерге үміт артамыз.
Комментарии
Подписаться