Соңғы жылдары Қазақстанның музыкалық сахнасында жастардың жаңа жұлдызы — 6ELLUCCI хип-хоп тобы пайда болды. Олардың әндері 2023 жылы танымал продюсерлердің Jamal & Ganja лейблі арқылы шыға бастады. Қазір топтың музыкасы әлеуметтік желіде кең тарап, балаклава киген орындаушылар алаңдар мен фестивальдерде мыңдаған тыңдарман жинап жүр.

Соған қарамастан топтағы екі әртістің түр-тұлғасын ешкім танымайды: олар сұхбат бергенді ұнатпайды, анонимді қалуға тырысады. Сырттай қарағанда, жігіттер аяқасты  танымал болып, ойда-жоқта көтеріліп кеткендей көрінуі мүмкін. Шын мәнінде топтың жетістікке жету жолы қиындық пен қуаныштан, күмән мен жүрек жылытар сәттерден, сүйікті ісіңе қайта-қайта оралудан тұрады.

Бүгінгі сұхбатта топ мүшелерімен сөйлесіп, жақынырақ тануға тырыстық. Олар қалай танысқаны, топтың қалай құрылғаны, құрылыс пен базарда жұмыс істеген жылдары, Jamal & Ganja-мен әріптестігі және болашаққа жоспарлары жайлы айтып берді.

Дисклеймер: топ мүшелерінің шын аты-жөні «А» және «Б» деп өзгертілді.

Мәтін Жангир Джангильдин

 

Таныстық және достықтың басталуы

А: 15 жыл бұрын жігіттер арасындағы мәселені шешуге барғанда таныстық: екеуіміз қарама-қарсы тарапта болдық. 

Б:  Сыныптасым бар еді, жасөспірімдер музыкалық тобында бірге жүретінбіз. Сол біраз нәрсе бүлдірген соң, шақырып, сөйлескіміз келді.

А: Ол кезде сыныптасы бізбен араласатын. Бір күні жігіттер сөйлесуге шақырып жатыр, «мені жабылып ұрмақшы» деді. Бірнеше баланы жинап, бірге бардым. 

Б: Бір топ баламен келді, ішінде А мүшесі да болды. Осыған дейін айтқанымдай, жай сөйлестік, төбелес болмады. Екеуіміз солай таныстық.

А: Б мүшесі тобы Қызылордада өте танымал болатын. Қызылордадағы хип-хопты үш толқынға бөліп қарастырамын. Өзім үшінші толқынның өкілімін — ол кезде ең жас буын едім. [Б мүшесі] екінші толқынға жататын — ол кезде G3Pro тобы өнер көрсетіп жүретін. Бірінші толқын өкілдерінің арасында ауыр атлетикадан әлем чемпионы Илья Ильин бар. Ол — Қызылордада хип-хоп бағытын алғаш дамытқан адамдардың бірі. Онымен бірге Da Gudda Jazz, Tanir, Rebo, 4XV, «Лига наций» болды. Маған музыка бұрыннан ұнайтын, бірақ әлі онымен айналыса қоймаған едім. Кейін аулада кездесіп қалып, сөйлесіп кеттік. Содан бері біргеміз. Б мүшесі Қызылордада сырттай оқып, жұмыс істеді. Мен Алматыда оқыдым: мұнда мүмкіндік көп еді. Ол кезде бірге музыкамен айналысатынбыз. «Бауырым, Алматыға кел. Өзім күтіп аламын. Тұратын жерің дайын. Музыкамен айналысайық» деп құлақ етін жеп қойдым. 2016 жылдың 11 қыркүйегі еді.

Б: Ұзақ ойландым. Кейін ақша жинап, жұмыстан шығып, автобусқа отырып, Алматыға келдім. Бірнәрсе жасай бастадық, нәтижелі болғандай көрінді, кейін бәрін тастап кеттік. Яғни, 6ELLUCCI болып, бірден көтеріліп кеткен жоқпыз. 10 жыл бойы көп талпыныс болды.

 

 

Ауыр, арманшыл кезең 

Б: 2020 жылға дейін ән сатып, ақша табатынбыз. Карантин кезінде тапсырыс болмады. Ол кезде параллельді әлемде өмір сүріп жатқандай болдық. Бір-бірімізден бір жарым сағаттық жерде тұрамыз, аптасына бір рет ғана көрісеміз. Досыма барып, музыка жазу үшін демалыс күндерін асыға күтетінмін. 

А: Сол кез есіңде ме? Музыкадан қанша қашсақ та, бізді үнемі өзі тауып алатын. Ақша болмаған соң, бір кездері музыканы қойып, жиһаз фабрикасында, құрылыста жұмыс істедік. Б мүшесі малдың жеміне қосатын қоспалар сатты. Музыкаға қайтып келеміз деп ойлаған да жоқпыз. 

Б: Соқыр үміт болды. Бірақ орындалу ықтималдығы тым төмен еді.

А: Есімде: 21 немесе 22 жыл болатын. Сенбі, күн суық, жұмыстан шаршап келгенбіз. Б үшесі үйіме келіп, диванда отырып, «Музыкамен айналыссақ, бізге сол үшін ақша төлесе ғой» деді. Ол кезде бұл бізге утопия сияқты көрінді. Мен: «Еее-еее, бауырым! Осы жерден тоқта!» дедім. Қол жетпес армандай сезілді. 

Бір күні інім хабарласып, «Не істеп жүрсіңдер?» деп сұрады. Жұмыс істеп жүргенімізді айттым. «Музыкамен айналыссаңдаршы» деді. — «Жоқ, болмайды» деп қарсы болдым. — «Басымды қатырма, қайда тұрасың?» деп, үйіме келіп, студия орнатып берді. — «Міне, осы, болмайтын тірлікпен айналыспа» деді. Музыкадан қанша қашсақ та, бізді өзі тауып келетін.

 

 

Jamal & Ganja 

А: Біз мектепте оқитын кездің өзінде олар өте танымал болатын: сүйіп тыңдайтын музыканттарымыздың бәрі солармен жұмыс істеді. Олардың өзін де пір тұтатынбыз. Екі-үш жыл бұрын біреу келіп, Jamal & Ganja-мен жұмыс істейсіңдер десе, сенбес едік. Бұл арман болатын. Олар —  музыка индустриясының алпауыттары. Ән жазуда көп нәрсені солардан үйрендік. Басында «Өзім 14 жылдан бері, Б мүшесі 16 жылдан бері музыка саласында жүр. Олар бізге не үйретер дейсің?» деп ойладық. Бірақ солардың арқасында өлгенше білім алу керегін түсіндік. Олар біздің бейсаналы, автоматты түрде істеп жүрген дүниелерімізді ашып, қалай жұмыс істейтінін көрсетті. Әннің құрылымын талдап берді.

Б: Бізді 2022 жылы ИК-дағы Марка деген досымыз таныстырды. Ол кезде бірнеше әніміз бар еді. Jamal & Ganja деген үсті-басына түгел тату салынған, шылым шегіп отырып, музыка жазатын денелі жігіттер деп ойлайтынбыз. Өмірде екеуі де өте қарапайым, мейірімді, сүйкімді продюсерлер екен. Таңғалдым. 

А: Олардың көңілін қалдырғың келмейді. Саған сенетінін сезесің. Оларға барғанымызда, халыққа тарап, елдің көңілінен шықты-ау деген бірнеше әнімізден басқа қолымызда ештеңе жоқ еді. Не концерт беріп, не ақша таппайтынбыз. Jamal пәтер жалдап, студия жасақтап, ән жазсын деп, қолымызға ақша берді. Ол кезде бізді танымайды да.Ақшасын алып, қашып кетсек, ізімізді де таба алмас еді. Оның бізге сенімінің үлкен болғаны соншалық, оның үмітін ақтамау деген нұсқа болған жоқ.

 

 

Идеология және маска 

А: Ән шығарғанда, қалай орындаймыз немесе қандай сөз жазамыз дегенге көп бас қатырмаймыз, идеяға, мағынасына мән береміз. Әлемде бізге дейін қанша музыка мен орындаушы болды. Айтылатын дүниенің бәрі әлдеқашан айтылып қойған. Екінің бірі өлең жазып, рэп оқитын мына заманда әнге көзқарас пен тақырыпты қалай ашқаныңа қарап ғана ерекшеленесің. Шынайылық маңызды. Өзіміз куә болған, басымыздан өткен дүниелерді ғана жазамыз. 

Бізге «Неге маска киіп жүресіңдер?» деген сұрақты жиі қояды. Масканың астында әрқайсымызәрбірорташа статистикалық қазақстандық жігіт болуымыз мүмкін еді. Біреудің басында дәл осындай мәселе бар. 

2021 жылы «Жібек жолы» базарында далада тұратын темір контейнерлерде жұмыс істедік. Қыста іші тастай суық болады. Алматының аязын білесің ғой: дымқыл келеді, оған қоса, контейнер суық тартады. Сүйегімізден өтіп кететін. Содан бет теріміз жарылып кетті. Сондай күндердің бірінде клиптің түсірілімі болды. «Кешіріңдер, бұлай шыққым келмейді» дедім. Сондықтан маска киіп, клипке солай түстік. 

Б: Басында жағдайға байланысты солай шықтық, кейін образға айналып кетті. Қазір масканы шешудің мәні жоқтай көрінеді. Бізге солай ыңғайлы. Маска кисек, басқа адамға айналып шыға келеміз.

А: Альтер-эго сияқты. Бірақ психологиялық ауытқу емес. 

Б: Иә, комикстердегідей, өрмекші адамның маска кигені сияқты. Қаһарманға айналып кеткендей боласың. Қолыңнан бәрі келетіндей көрінеді. Бұл өзіңді сендіру шығар, осының бәрін маскасыз да істей аламыз, бірақ маскамен қолайлырақ. Бір жағынан, рақат: ән жазасың, бірақ сені көшеде, дүкенде ешкім танымайды. 

А: Самса жеп тұрғаныңда, мысалы. 

 

 

Музыкалық карьераға жұмыс сияқты қарау керек

А: Музыкаға кейінгі 2 жылда ғана салмақты қарай бастадық. Ендігі жас емеспіз: әлі үйленбесек те, отбасымыз, міндеттеріміз бар. Студияға жұмысқа барғандай барамыз. Сүйікті жұмысымызға. Ішімдік немесе есірткіге әуестеніп кете алмаймыз. Ақыл кіре бастады.

Б: Көлге шомылуға бардың делік, ол кезде ауаны бағаламайсың. Ауаның қадірін суға батып бара жатқанда түсінесің. Қазір шығармашылыққа солай қараймыз. Көп мүмкіндігіміз болғанда, бағалай қоймадық. Өмірдің ауыртпалығын сезінгенде ғана, шығармашылықтың қадіріне жеттік. Бәрін бәске тігіп, осыған дейін қалай жұмыс істеу керек болғанын түсіндік. 

Қазір салыстырмалы түрде, бәрі жақсы. Бірақ ұсақ-түйек мәселелер де болып тұрады. Ондайда бұрынғы сәттерімізді еске аламыз. Екі жыл бұрын ештеңеміз жоқ еді. Қазір студиямыз, мүмкіндіктеріміз, үздік саунд-продюсерлер мен мықты командамыз бар. 

А: Команданың арқасында жүрміз. Қолдауымыз бен тәртібіміз мықты. Көп дөңгелекті көлік сияқтымыз. Бір дөңгелек жүрмесе, бәріміз тоқтап қалар едік.

 

 

Болашаққа жоспар

А: Бізге 2 жыл енді толды: жаңа бастадық десек болады. Әзірге альбом жазу ойда жоқ, өйткені альбом — тым жеке, интимді дүние. Кей әртістер үшін альбом деген — әртүрлі тректі бір жерге жинап, мұқаба жасау ғана. Бізге бұл жарамайды. Альбомға концептуалды тұрғыдан қарағымыз келеді. Батыста, мәселен, Kendrick Lamar, бізде — Скриптонит бар. Олар жоғары деңгей көрсетті. Одан төмен түскіміз келмейді. Тым болмаса, солардың деңгейінде немесе одан артық дүние жасағымыз келеді.  

Б: Ал былай көп трек пен қызықты фиттер жоспарлап отырмыз. Атын атап, айтуға болатын фиттердің бірі — «Кисло-сладкий»-мен болмақ. Музыканың дыбысталуын өзгертіп, эксперимент жасап көргіміз келеді. Кей адамдар бізді өзгеріп кетті деп ойлауы мүмкін. Бірақ біздің әлі шығармаған ескі туындыларымыз да бар. Әлі күнге дейін ескі әндеріміз шығып жатыр. Тек жаңа қаптамада. Kobelek әнін де баяғыда жазғанбыз. 

Тыңдарманымызды бір жанрға үйретіп алудан қорқамыз. Бізге бір ғана жанр тарлық етеді. Бұрын күйзеліс, андерграунд, шайқайтын әндер көп жазатынбыз. Енді жарқын жаққа қарай ұмтылуға тырысамыз.