Кейінгі жылдары қазақстандық фолк әлемдік музыка аренасынан лайықты орын алды. Бұл жанрдың әртістері шетелге концертпен жиі барады, әлемнің түкпір-түкпірінде тыңдарманы да, өнерін жер көкке сыйғызбай мақтайтын сыншылары да көп.

Аталған экожүйедегі маңызды рөл Steppe Sons тобына тиесілі. Олардың музыкасында заманауи мұқабадағы ұлттық үн бар. Топ бес музыканттан тұрады: Тоқтар Нұрмолдаев, Әкежан Таубалды, Нұрлыхан Рахымжан, Мұратбек Раманқұлов және Елдар Дәулеткелді. 

Музыкалық топтың алғашқы альбомы 2019 жылы шықты. Альбом әйел және ер дауысымен шырқалған ұлттық колоритке толы әндер мен классикалық рок-н-ролл туындыларының авторлық аранжировкадағы каверлерінен тұрады. Jasusha деп аталатын екінші альбом 2024 жылы 27 қаңтарда жарық көрді.

Біз топ мүшесі Тоқтармен Steppe Sons құрылуы, екінші альбом, Қазақстан мен Еуропа сахнасы, қоғамдағы зорлық және тәуелсіз музыканттардың тағдыры жайлы сөйлестік.

Мәтін Жангир Джангильдин

 

 

Тоқтар Нұрмолдаев,

музыкант, Steppe Sons тобының мүшесі

Топтың құрылуы жайлы

Бәрі 2018 жылы басталды. Ағам Серік Нұрмолдаев продюсеріміз болды. Қазір ол — Turan тобы (қазақстандық этно-фолк тобы — ред.) инструменталистерінің бірі. Серікпен этно-джаз тобында бірге болғанбыз. Ұлттық нақышты басқа жанрлармен біріктіруді бұрыннан армандайтынбыз. 2018 жылы осы жобаны қолға алдық. Балама фолк-ансамбль құрып, әртүрлі жанрларды сынап көргіміз келді. Топ мүшелерін көп іздеген жоқпыз. Жігіттердің бәрін бұрыннан танитынбыз. Бізге жай адамдар емес, этникалық бағытта ойнайтын меломандар қажет болды. Топқа үздік кандидаттар жиналды деп ойлаймын. Бәріміз Жұбанов атындағы музыкалық мектептің домбыра сыныбын бітіргенбіз. Мен домбырадан бөлек, басқа аспаптарда да ойнай аламын.

Көбіне классикалық этникалық композиторларден шабыт алдық. Өзіме Imagine Dragons, Michael Bublé мен Frank Sinatra ұнайды. Скриптонитті де тыңдаймын. Классикалық рокты жақсы көремін. Белгілі бір деңгейде музыкамыз — үлкен сынақ және жаңа бір дүниенің басы. Консервативті кісілер өнерімізді жиі сынайды, бірақ оған ренжімейміз. Біздің елде этно-рок, архаикалық этно және этно-поп көп, бірақ әншілердің бәрі бір бағытта жұмыс істейді, бір жанрды ғана таңдайды.

 

 

Топтың алғашқы альбомы және есте қалған сахналар туралы

Альбом жазғанда, тамаша туынды шығардық деп ойладық. Жылдар өте «қазір жазсақ, мүлде басқа альбом шығар еді» дей бастадық. Әртістің бәрі солай ойлайды. Мен тіпті, топтағы жігіттерге бірінші альбомымызды қайта жазып, дыбысталуын өзгертейік деп дегенмін.

Маған «АРТиШОКта» (Алматыдағы тәуелсіз театр — ред.) өткен алғашқы концертіміз қатты ұнайды. Бірнеше жыл бұрын болды. Дыбыс сапасы керемет еді, көрермендер таңғалды. 

Гастрольдік сапарларға келсек, ең тамаша концертіміз Австрияда, Венада өтті. Ол жақтағы тыңдармандар бізді жақсы қарсы алды. Біз үшін этникалық музыка — құлақ үйренбеген нәрсе болса, оларға «уау» дейтін жаңалық. Бүкіл зал орнынан тік тұрып, қол соғып шығарып салды. Бір қызығы, ұйымдастырушылар бізді өздері тауып, шақырды. Сүйікті ісіңмен айналысып жүргенде, осындай ұсыныстар түссе, қуанасың.

 

 

Заманауи қазақстандық музыкадағы этникалық құралдар 

Қазір ұлттық аспаптарға қызығушылық артып келеді. Совет Одағында ұлттық аспаптарды классикалық музыкада ғана қолданатын. Жұрт қызықпайды деп қорқатын. Жаңа толқынның ұлттық дүниелерге қызығушылығы қайта оянғаны қуантады. Әзірге этникалық музыканың бір тамшысын ғана көріп отырмыз, шын мәнінде бұл әлдеқайда терең, сан қырлы әлем. 

Қазір біз — жастар арсыздау болып кеткенбіз. Бұрын бізге этникалық музыканы заманауи туындылармен араластырып, бүлдіруге болмайды дейтін. Бірақ әлем бізді тыңдасын десек, өзіндік болмысымызды, ерекшелігімізді табуымыз керек. Әлемде сахнаға гитара немесе фортепианомен шығып, ешкімді таңғалдыра алмайсың. Еуропаға гастрольмен барғанда осыны түсіндік. Қазақстанда домбыра — жай ғана домбыра. Ал оларға жаңа, ерекше аспап.

 

 

Трек жазу процесі

Кейде бір туындыны бір аптада жазамыз, кейде жылдап уақыт жұмсаймыз. Өзіміз шығарған туындылардың бәрі импровизациялық формада туады. Біреу репетицияда ойында жүрген әуенді ойнайды, қалғандары соны іліп әкетуге тырысады. Көп адам мәтіндерімізден ұйқас, әуен, үндестік іздейді. Ал негізі мағына іздеу керек. Басыма бір ой келсе, соны қағазға түсіремін. Соңында көркемдік үшін ұйқас табамын.

 

 

Басқа өнер адамдарымен әріптестік 

Бізге The Buhars (ұлттық аспаптарға негізделген көпжанрлы коллаборациялық музыкалық жоба — ред.) танысу үлкен серпін берді, өйткені мақсатымыз ұқсас. Арманшыл, өз күшімен мақсатына адымдап бара жатқан адамдармен жұмыс істеген күшті. Біз — шығармашыл адамдармыз, музыканы жұмыс көрмейміз. Бұл — ақша әкелетін сүйікті ісіміз. Ақша үшін құрылған жобалар алысқа бармайды. Бізге dudeontheguitar және jeltoksan-мен (қазақстандық инди-әртістер — ред.) бірлескен жұмысымыз ұнады. Алда әлі талай әріптес боламыз деп үміттенемін, өйткені шығармашылығымыз ұқсайды. 

Yeski taspa, Ün music week, Üi küiı, Zamandas, Oyu live, Spirit of Tengri, Ethnotronika сияқты қызық жобаларға да қатысып үлгердік. Аталған жобалардың әрқайсысы шығармашылығымызға жаңа қолтаңба қосып, музыка мен медиа саласында дамуға көмектесті.

Болашақта Yenlik-пен (қазақстандық R&B және Hip-Hop орындаушы — ред.) жұмыс істеп көргіміз келеді. Еңлікке жаңа үн қоса алатын сияқтымыз. Скриптонитпен ортақ туынды жазсақ деген ойымыз бар. Неге болмасын? Мүлде жат көрінеді, бірақ қызық. Сынап көруге болады. Үлкен арманымыз — Imagine Dragons немесе Coldplay сияқты Батыстағы танымал тұлғалармен бірге жұмыс істеу.

 

 

Jasusha

Екінші альбом ұзақ жазылды. Екі жылдай уақытымыз кетті, өйткені мағынасы терең дүние шыққанын қаладық. 

Qusni-Qorlan әніне жеке тоқталғым келеді. Бұл ән Қорлан мен Естайдың махаббаты туралы. Халық әнін көп кісі орындады, бірақ бәрі оны махаббат жайлы лирикалық, мажор ән ретінде шырқайды. Аңыз бойынша, бұл — өте қайғылы хикая. Қорлан мен Естай бір-біріне ессіз ғашық болған, бірақ бойжеткенді бай кісіге еркінен тыс ұзатып жібереді. Одан бері қанша ғасыр өтсе де, бұл үрдіс әлі бар. Қоғамда психологиялық және физикалық зорлық көп. Осы мәселені көтеріп, бұл композицияны мүлде басқа стильде орындағымыз келді. 

Халық «ол кезде заман сондай еді» дейді, бірақ мәселе — заманда емес, адамда. Адам өзгермеген.Осындай хикаяларды дәстүр етіп көрсетеді, бірақ бұл — зорлық, оны тоқтату керек. Осы әнге түсірген клипімізді қарасаңыз, назар аударуды қажет ететін көп дүниені байқайсыз. 

Бірінші альбомда акустикалық, этникалық үн басым болып еді. Екінші альбомда көбірек эксперимент жасадық. Этникалық музыканы әртүрлі электронды жанрлармен біріктірдік.

Jasusha альбомы шыққаннан кейін жарты жылдан соң тыңдармандардан сонша жылы лебіз естиміз деп ойлаған жоқпыз. Альбомдағы әндер балеттер мен фильмдерде жүр. Еңбегіміздің жемісін көріп, шығармашылығымызға қызығушылық барын сезіп, «бәрі бекер емес екен» деген ойға келдік. Әрі қарай еңбектеніп, жаңа белестерді бағындыруға құлшыныс оянды.

 

 

Қазақстандағы тәуелсіз әртістің тағдыры 

Шығармашылыққа табыс көзі деп қарамаймыз. Топтағы әр кісінің бір басында үш жұмысы бар, бәрімізге отбасымызды асырау керек. Музыкаға арасында табыс әкелетін сүйікті ісіміз деп қараймыз. Қазір сабақ беріп жүрмін, бұрын мұғалім болған ұнамайтын. Музыканттар шығармашылықтан басқа жұмыс істейді деп ойламаппын. Бірақ шығармашылықты да ұмытпаймыз. 

Продюсері бар әртістерге жеңілірек. Бірақ продюсер музыкант болмаса, коммерциямен айналысып кетеді. Музыкантты музыкант ғана түсінеді. 40-50 жасқа келгенде, жас әртістерге көмектесіп, продюсер боламыз деп ойлаймын. Олармен бір тілде сөйлесе аламыз, өйткені музыкант болудың қызығы мен қиындығын бір кісідей білеміз.

 

 

Қазақстандық музыканың әлем сахнасындағы әлеуеті және топтың алдағы жоспары 

Батыста танылсаң ғана, өз еліңде сый-құрметке бөленесің деген тенденция бар. Turan тобы да үлкен нәтижеге қол жеткізді. Осы топтан үлгі алуымыз керек. Қазақстанда ашылмаған талант көп. Солардың жұлдызын сөндірмей, әлемге шығару керек.

Квартирникте өнер көрсететін топ болып бастадық, кейін ірі фестивальдерге жол ашылды. Қазір үлкен стадион жинауға тырысып жатырмыз. Атақ қумаймыз, бірақ музыкамыз қалың тыңдарманның құлағына жеткенін қалаймыз. Биыл Сеулде концерт беру жоспарда бар. 2025 жылы Париж, Берлин, Мумбаиға барамыз. 

Сондай-ақ үшінші альбомымызды дайындап жатырмыз.