QazaqshaЗорлаймыз деп қорқытып, «біз Тоқаевты жақсы көреміз» деп айтуды талап етті
Қаңтар бойынша 2023 жылғы ең атышулы істер
Қаңтар оқиғасы 2022 жылы 2 қаңтарда Жаңаөзенде басталды. Қала тұрғындары сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы бейбіт наразылық акциясына шықты. Кейіннен оған өзге қалаларда қосылып, кейбір аймақтарда ол жаппай тәртіпсіздікке ұласып, ел бойынша төтенше жағдай жарияланды.
7 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев наразылыққа шыққандарға қарсы ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Билік наразылықты «мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс» деп бағалады. Бұған байланысты халықтың пікірі әлі күнге дейін екіұдайлы.
Былтыр біз Қаңтар оқиғасының бір жылдығына арнап материал жариялағанбыз. Онда қаза тапқандар, ұсталып, азапталғандар, әкімшілік және қылмыстық істер, белсенділердің акциялары амнистия, биліктің ұстанымы мен қызметінен кеткен Назарбаев туыстары жөнінде айтқанбыз.
Бүгін біз 2023 жылғы басты кейстер мен сот үкімдері және жараланып, азапталған кінәсіз адамдар жөнінде айтамыз.
Автор ЖАНГИР ДЖАНГИЛЬДИН
«Әуежайды басып алу ісі»
2023 жылдың шілдесінде тергеу органдары 2022 жылы 5 қаңтарда «Алматы әуежайын басып алу ісі» бойынша тергеуді аяқтады. Бес адам – Әйгерім Тілеужан, Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев және Жан-Айдар Кәрменов сотталды. Әйгерім – журналист, азаматтық белсенді, Қалас – тарих пәнінің мұғалімі, Нұрлан Ермұхамет және Жан-Айдар – такси жүргізушісі, экскурсовод және ауыл шаруашылығы қызметкері. Сот Әйгерімді төрт жылға, қалған төртеуін сегіз жылға бас бостандығынан айырды.
Тергеу нұсқасы бойынша, Тілеужан мен Нұрпейісов әуежай аумағында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, адамдарды басқарып, ҰҚШҰ әскері мінген ұшақты қондырмас үшін әуежай қызметкерлеріне жұмыстарын тоқтатуды талап еткен. Үкімде Дәлібаев, Шилібаев және Кәрменов ұшып-қону жолағының жарығын өшіріп, ұшақтарды қондырмау үшін әуежайдың диспетчер қызметіне шабуыл жасаған.
Бірақ куәгерлер мен бейне бақылау жазбаларында көптеген сәйкессіздіктер табылды. Істі бақылаған адвокаттар мен журналистердің сөзінше, куәгерлердің айтқан сөздері жиі өзгерген және бір-біріне қарама-қайшы болған. Куәлердің бірі өзіне қысым жасалғанын айтып, бейне жазбадағы адамдар маскасыз, ешқандай қарусыз болғанын мәлімдеген.
Әйгерімнің сөзінше, ол әуежайда 19 минут – 20:00-ден 20:19-ға дейін болған. Оны бейне бақылау камерасының жазбасы да растаған. Тергеу тарапы Нұрпейісов әуежайда қолын бұлғап, адамдарға бұйрық берді деп есептеді. Бірақ 47 бейне камера жазбасы оның бұл іс-әрекетін растамады.
Айкөркемнің өлімі бойынша іс
Төрт жасар Айкөркем Мелдехан Қаңтар құрбандарының ең кішісі. Оны 2022 жылы 7 қаңтарда атып тастаған. Ол аға-әпкелерімен бірге көлікке оқ жаудырған. Отбасы азық-түлік алуға бара жатқан. Айкөркемнің әпкесі Жанельге оқ тиіп, ауруханаға жеткізіліп, ота жасалған.
Атуға бұйрық берген әскери қызметкер Арман Жұманның үстінен қылмыстық іс қозғалып, кейіннен 2022 жылы 30 желтоқсанда «қылмыстық құрам жоқтығына байланысты» тоқтатылған. Екі күн бұрын 28 желтоқсанда іс «Адам өлтіру» бабынан «қызметін асыра пайдалану» бабына ауыстырылған. Сот 2023 жылы шілдеде Аман Жұманды ақтады.
Адвокат күнсеркиннің сөзінше, Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдеханның үстінен сот «Қауіпті жағдайда қалдыру» бабы бойынша жеке қаулы шығарған. 2023 жылы жазда Мелдехандар отбасы қауіпсіздік үшін елден кетуге мәжбүр болған. Айдостың сөзінше, оған бірнеше рет ҰҚК қызметкерлері келіп, қоқан-лоқы көрсеткен.
Тараздағы «әруақтар соты»
2023 жылы ақпанда Таразда тоғыз адамға үкім оқылды. Оларға Қаңтар кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, қатысу, шақыру, заңсыз қару иемдену, алып жүру, тасымалдау баптары бойынша айып тағылды.
Асхат Тәшекеев пен Ғани Керімбаев рақымшылық заңын пайдаланып бостандыққа шығарылды. Нұрбол Ережепов тоғыз айға шартты жазаға кесілді. Марат Бекбау екі жылға бас бостандығынан айырылды. Қаңтар кезінде оққа ұшып, қаза тапқан – Исатай Донбаев, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев және Тоқтар Ошақбай кінәлі деп танылып, қайтыс болуларына байланысты жазадан босатылды.
Кейіннен марқұмдардың туыстары үкіммен келіспей апелляциялық сотқа шағымданды. Тоқтар Ошақбайдың әкесі Мұхтар Сыздықов ұлының тәртіпсіздікке қатысқаны туралы ешқандай фото-видео дәлел жоғын айтты. Сот тек Нұрсүлтан Қуатбаевты ғана ақтады.
2023 жылдың басында азаптау бойынша 190 шағым түскен
Қаңтар оқиғасынан кейін құқық қорғаушыларға тергеу изоляторында азаптаудан зардап шеккен 190 адам шағымданған. Олардың ішінде 13 кәмелет жасына толмаған бала мен 12 әйел бар. Бұл жөнінде Ulysmedia порталына «Балалар құқығын қорғау» бойынша Қазақстанның ҮЕҰ жұмыс тобының үлестірушісі Роза Ақылбаева хабарлады. Ол кейбір кәмелет жасына толмағандар қорыққаннан құзырлы органдарға ешқандай арыз жазбаған.
2023 жылы 31 қаңтарда Астанада «Адам құқығы үшін халықаралық әріптестік» ұйымы мен Қазақстанның Азаптауға қарсы ҮЕҰ Коалициясы және Адам құқықтарын қорғау халықаралық бюросы 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы жөнінде баяндама жасады. Онда азаптау оқиғаларына көбірек назар аударылды.
Орталық Азия бойынша «Адам құқығы үшін халықаралық әріптестік» ұйымының зерттеушісі Рэйчел Гасовски 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы бойынша халықаралық стандарттарға сай, «жан-жақты, тәуелсіз, әділ» тергеу жүргізуге шақырды. Ол азаптау бойынша жабылған немесе «дәлел жеткіліксіз» деген желеумен тоқтатылған істерді қайта қарауды талап етті. Бұдан бөлек, ол дәрігерлердің азаптауға қатысы бар, жоғын анықтап, барлық кінәлі адамдарды жауапқа тартуға шақырды.
Зардап шеккен кінәсіз адамдарға қандай өтемақы берілді
Қаңтар оқиғасы кезінде билік «терроризмге қарсы операция» өткізіп жатқанын хабарлады. «Терроризмге қарсы операция» туралы заңда антитеррористік операция кезінде зардап шеккен бейбіт тұрғындардың шығыны бюджет есебінен төленеді делінген.
Бірақ зардап шеккендердің көбісіне тиісті өтемақы төленбеді немесе істері қаралмады. Құқық қорғаушы Ерлан Қалиевтің сөзінше, өтемақы жөніндегі істердің басым көпшілігі мүлде қаралмаған. Құрбандардың мүгедек болып қалуына қарамастан, билік өз жауапкершілігін мойындамайды.
Біз «Азаттық радиосы» жариялаған кейбір кейстерді қарап шықтық.
2022 жылы 5 қаңтарда 38 жастағы Ермек Әбішев екі көзінен ауыр жарақат алған. Оның алдында жарық-шу гранатасы жарылған. Ермек ауруханаға түскен. Оны сол жерден полиция алып кетіп, азаптаған. Салдарынан оның екі көзі бірдей көрмей қалған. Әбішев үкіметтен 25 миллион теңге өтемақы талап еткен. Бірақ оған тек екі миллион ғана төлеген. Осыдан кейін ол сотқа қайтадан шағымданған. Сот 9 000 100 теңге өтемақы төлеу туралы шешім шығарған.
5 қаңтарда 49 жастағы Рашид Игісінов Республика алаңы маңында иығынан жараланған. Ол да тергеу изоляторында азапталған. Оның бауыры мен бүйрегі зақымдалған. Сот Рашидке екі миллион теңге өтемақы төлеуге қаулы еткен. Ол апелляциялық шағым түсірген, бірақ шешім өзгеріссіз қалдырылған.
5 қаңтарда 31 жастағы Саят Әділбекұлы кішкентай қызына дәрі алуға шыққанда жараланған. Оның сөзінше, 8 қаңтарда полиция ауруханадан күштеп алып кетіп, тергеу изоляторында азаптаған. Ол үкіметтен моральдық және денсаулығына келген шығынды өтеу үшін 50 миллион теңге өтемақы талап еткен. «Біздің ойымызда көбірек ақша талап ету жоқ. Саят жарақатын ғана алған жоқ, оқ оның омыртқасына тиіп, бауырын бөлшектеп, қабырғасын сындырған. Қазақстан медицинасы бұндай жарақатты емдеуге қауқарсыз. Сондықтан біз Израиль клиникасына жүгініп, олардан емдеу құны 100 мың доллар болатыны жөнінде құжат алдық. Оны сотқа ұсындық. Бірақ сот өтінішімізді қысқартып, қамауда отырғаны үшін моральдық шығын ретінде 700 мың теңге өтемақы беруге қаулы етті. Бұл итке сүйек лақтырғанмен бірдей», – деді құқық қорғаушы Ерлан Қалиев.
5 қаңтарда Сүндет Түркменбайдың оң жақ жамбасына оқ тиген. 8 қаңтарда оны ауруханадан алып кетіп, СИ-18 мекемесінде 31 қаңтарға дейін азаптаған. Сүндет үкіметтен 50 миллион теңге талап еткен. Сот 700 мың теңге өтемақы беруге қаулы шығарған.
5 қаңтарда Жәмиля Бурабаеваға президент резиденциясы жанында аяғына оқ тиген. Ол үш апта ауруханада жатып, екі рет ота жасалған. Бурабаеваны үшінші топ мүгедектікке шығарған. Жәмиля үкіметтен 20 миллион өтемақы талап еткен. Бірақ тек үш миллион теңге төлеген.
6 қаңтарда 36 жастағы Айдар Ақан сол жақ жамбасынан жарақат алған. Ота жасалған. Бірақ 8 қаңтарда өзге жараланғандармен бірге оны да ауруханадан алып кетіп, тергеу изоляторына алып барған. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері «зорлаймыз» деп қорқытып, «біз Тоқаевты жақсы көреміз» деп талап еткен.Тергеу органдары істі тоғыз айға созып, кейіннен тоқтатқан. Оған емделуге үлкен көлемде қаржы керек болған. Бірақ сот Ақанға 2,5 миллион теңге өтемақы беруге қаулы еткен.
Өтемақы ала алмаған құрбандар
Бибигүл Дүйсенова таксимен кетіп бара жатқан жерінде омыртқасына оқ тиген. Оны үшінші топтағы мүгедектікке шығарған. Жеке қаржысы Израиль мен Украинада ота жасауға жетпеген. Дүйсенованың жаралануына байланысты қозғалған іс бір жылға жуық созылған. Бірақ «қылмыстық құрам мен күдіктілердің табылмауына байланысты» жабылған.
5 қаңтарда Берік Қартбайға тауға бара жатқанда екі оқ тиген. Бірінші оқ сол аяғын бөлшектеп тастаған. Екінші оқ тыныс жолдарын тесіп өтіп, екінші және үшінші омыртқаларына барып қадалған. Ол сал болып қалған. Бір айға жуық ауруханада жатқан. 2022 жылдың күзінде Түркісіб аудандық полиция басқармасына шағымданған. Бірақ іс сол күйі орнынан жылжымаған.
58 жастағы Дәулет Мұқажанов омыртқасынан алған жарақаттан мүгедектікке шығарылған. Израиль клиникасында емделу 60 мың доллар болған. Сот оның өтемақы беру туралы талабын қанағаттандырмай, кінәлілерді табу бойынша талабына ешқандай жауап бермеген. Жарты жылдан астам уақыт өтсе де іс қаралмаған.
6 қаңтарда Шолпан Бекайдароваға үш бірдей оқ тиген. Ол балаларына дәрі алуға шыққан жолда машинасына оқ жаудырған. Салдарынан ішіне, жамбасына және арқасына оқ тиген. Шолпан бірнеше рет Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевпен кездескісі келген. Бірақ оның қабылдауына кіре алмаған. Кейіннен ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескісі келген.
Біз ақпаратқа жиі шыққан бірнеше оқиғаны мысалға келтірдік. Бірақ ел бойынша бұндай оқиғалар өте көп. Кейбір оқиғалар БАҚ назарынан тыс қалды.
Күштік құрылым және ҰҚК қызметкерлерінің үкімі
2023 жылдың маусымында бас прокуратура жарты жылда азаптау бойынша сотқа 35 күштік құрылым қызметкерінің ісі жіберілгенін хабарлады. 17 қызметкер сотталды. Бұдан бөлек, бас прокуратура жарты жылда түрлі жауапкершілікке 11 мың әкімдік, мемлекеттік орган қызметкерлері тартылғанын мәлімдеді.
2023 жылы желтоқсанның басында Алматы қаласының Түркісіб аудандық соты 11 ҰҚК қызметкеріне үкім шығарды. Оларға 54 адамды азаптады, қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деген айып тағылды. Бір сотталушы ақталып, үшеуі шартты жазаға кесіліп, қалғандары үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
«Ең аз мерзімді берді. Басты ұйымдастырушы, Жұмановты сот ақтады. Ұрып-соққан үшеуіне шартты жаза берді. Өте әділетсіз үкім. Олар жәбірленушілерден кешірім де сұраған жоқ», – деді бірнеше жәбірленушінің адвокаты Гүлнар Жуаспаева.
Жоғары лауазымдыларға шығарылған үкім
2023 жылы наурызда бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 12 жылға сотталды. Оған ұрыс жағдайында қызметін асыра пайдалану бабы бойынша айып тағылды.
2023 жылы сәуірде Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы, генерал Серік Күдебаев 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол «азаптауды ұйымдастырды және полиция департаменті ғимаратын тастап кетті» деп айыпталды.
2023 жылы 10 тамызда Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Нұрлан Мәсімов 10 жылға сотталып, дүние-мүлік тәркіленіп, өмір бойына мемлекеттік қызмет істеу құқығынан айырылды. Бұған қоса, оның бұрынғы орынбасары Дамир Сиразидимов пен кәсіпкер Евенгий Евкович сегіз және жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Нұрлан Мәсімов ҰҚК экс-төрағасы, мемлекетке сатқындық жасады деп сотталған Кәрім Мәсімовтің інісі.
Акциялар және белсенділердің ұсталуы
2023 жылы 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні журналист және белсенді Әсем Жәпішева Алматыдағы Республика алаңына Қаңтарда қаза тапқан Айкөркем Мелдехан бейнеленген плакатпен келді. Пикеткен Oyan, Qazaqstan қазғалысының белсенділері Бота Шәріпжан, Равкат Мұхтаров және Жанель Шахан қосылды.
«Желтоқсан қазақстандықтар үшін өте ауыр ай. 1986 және 2011 жылғы оқиғалар барлығымыздың есімізде. Қаңтар да 30 жылдық әділетсіздіктің салдары. Менің акциям Қаңтарда өлтірілген жеті бүлдіршінге арналады. Бұл балалардың өліміне әлі күнге дейін ешкім жауап берген жоқ. Мені ұстап алып кеткенге дейін осында тұрамын», – деді Әсем Жәпішева.
25 желтоқсанда Бота Шәріпжан, Жанель Шахан және Равкат Мұхтаровқа Бостандық аудандық полициясына келу туралы шақырту берілді. Құжатта әкімшілік құқық бұзушылық туралы айтылған. Онлайн сот сол күні кешке болды. Екі белсендіні 15 тәулікке қамады.
Белсенділер Қаңтар құрбандарын еске алғаны үшін жаңа жыл мерекесі мен Қаңтардың екі жылдығын абақтыда өткізді.
Обложка: Офелия Жакаева
Комментарии
Подписаться