Семейдегі 8-ші маусымда басталған өрт әлі күнге толық сөндірілген жоқ. Қайтыс болғандар саны 15 адамға жетті. Абай облысындағы өрттің жетінші күнге созылғанына және желдің салдарынан өрт жаулаған аумақтың ұлғайып бара жатқанына қарамастан, үкімет халықаралық қауымдастықтан көмек сұрауға асығар емес, әрі «жағдай толықтай бақылауда» дегенді алға тартады.

Біз саясаттанушы Досым Сатпаев және Ұлттық құрылтай мүшесі Қазыбек Майгелдиновпен Қазақстанның не себепті өзге мемлекеттен көмек сұрамайтыны туралы сөйлестік. Сондай-ақ еліміздегі ең ірі өрттерді және оларға қатысты биліктің қандай шара қолданғанын еске алдық.

Автор Александра Аканаева

Абай облысындағы өрттің ауқымы туралы

ТЖМ сөзіне қарасақ, қазіргі таңда өрт шалған жердің ауданы 43 мың гектарды құрайды. 9-шы маусым 100 мың гектар болатын, 10-шы маусымда — 60 мың гектар.

Өртті сөндіруге Қазақстанның түрлі қалаларынан келген өрт сөндірушілер атсалысып жатыр. Оларға азық-түлік, дәрі-дермек, бірінші кезекте керек болатын құралдарды жеткізіп, волонтерлер мен қоғамдық ұйымдар көмектесіп жатыр. Өрт сөндіру барысында 15 адам қаза тапты.

Бүгін, 12-ші маусым Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Қазақстан өзге елдерге ТЖ кезінде қалай көмектесті?

Қазақстан бұрыннан-ақ көрші достастықтағы елдерге түрлі сипаттағы және көлемдегі төтенше жағдайлар кезінде гуманитарлық және қаржылық көмек көрсетудің не екенін жақсы біледі. Өткен жылдың бірінші тоқсанында ҚР үкіметі өзге елдерге 9,4 миллион доллар көлемінде көмек жолдады. Мысалы, Украинада соғыс басталғалы бері бірнеше рет гуманитарлық көмек аттандырылды. Ал Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен кейін ҚР үкіметі аталған елдерге 55 тонна гуманитарлық көмек, сондай-ақ жергілікті құтқарушылар мен дәрігерлерді жіберді. Қазақстан көршілес Қырғызстанға ұн мен арпа түрінде гуманитарлық қолдау көрсетіп, көмегін берді. ҚР үкіметі дәл солай Ауғаныстанға да тұрақты көмек көрсетіп тұрады: 2022 жылы ол жаққа 5,7 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек жолданды.

Біздер өзге елдерден көмек сұрай аламыз ба?

Досым Сатпаев, саясаттанушы:

«Кез келген мемлекет халықаралық қауымдастыққа көмек сұрап жүгіне алады, әдетте географиялық жағынан жақын орналасқан мемлекеттер көмекті бірінші болып береді. Түркиядағы жер сілкінісі кезінде солай болды — барлығы жылдам қосылды. Егер біз көмек сұрасақ, ол жылдам келер еді деп ойлаймын. Әрі сол көмекті екінші күні-ақ сұрау керек еді. Өрттің көлеміне қарап, өз күшімізбен басу қиынға соғатынын бірден түсінуге болатын.

Алайда, құрылымның көмек сұрауға байланысты белгілі бір алгоритмі болуы тиіс. Мұнда, спорттағы секілді, үнемі жаттығып, әр әрекетті автоматты деңгейге жеткізіп, құрылым осы қағида бойынша дайын тұруы қажет. Мемлекет халықаралық тәжірибені, әсіресе, өз дағдарысын мұқият зерттесе, елдің, нақтырақ айтқанда, қауіпсіздік үшін жауап беретіндердің осындай жағдайдағы іс-әрекеттер алгоритмі болуы қажет. Жергілікті билік не істейді, волонтерлерді қалай қосады, бизнес қалай көмектеседі, халықаралық көмек қашан сұралады?

Меніңше, жағдай келесідей: халықаралық көмекке жүгінбегеніміздің себебі, әркім өзінен жоғары басшылыққа жағдайдың бақылаудан шығып бара жатқанын хабарлауға қорыққаны. Үнемі: «Міне, қазір бәрін сөндіреміз, шешеміз» делінді. Олар көпшілікке жағдайдың бақылаудан шығып бара жатқанын мойындаудан қорқады, сәйкесінше халықаралық көмек сұрауға да жасқанады. Себебі, көмек сұрау деген сөз жергілікті құрылым проблеманы шеше алмады деген сөз. Бірақ бұл тұста адам өмірі жайлы сөз қозғалып отыр, ал шенеуніктер болса, адамдарды емес, өз арттарын жауып қалуға тырысады. Сондықтан да әрдайым болып жатқан жағдай: министрлік деңгейінде, президент деңгейінде бұрмаланып беріліп отырды. Ал уақыт жоғалтқан себебіміз, дағдарысты сәтте көбі небәрі бірнеше сағат ішінде қандай шешім қабылдайтыныңа байланысты болады. Ал бұл шешімнің дұрыс болғаны маңызды, себебі келесі қадамдар тікелей соған тәуелді».

Дегенмен, бұған қатысты өзге де пікірлер бар. Ұлттық құрылтай мүшесі Қазыбек Майгелдинов тәжірибемізде төтенше жағдайға байланысты көмек сұрау жағдайы жоқ екенін, егер өрт бұдан да үлкен аумаққа таралса, Орталық Азия елдерінен көмек күте алатынымызды айтты:

«Өрт қаупі төнетін маусымдар басталғалы Қазақстанның территориясында 120 маңызды табиғи өрт жағдайы болған, бұл туралы оны бақылауда ұстайтын министрлік хабарлады. Солардың ең ірілерінің бірі Абай облысындағы өрт. Алайда іргелес елдерден немесе ҰҚШҰ секілді ұйымдардан көмек сұрау тәрізді мәселе көтерудің қажеті жоқ. Неге?

Егер өрттің көлемі артса, көрші елдердің министрлігі немесе сәйкесінше органдары құтқарушылар және арнайы техника түрінде көмек ұсынуы мүмкін. Әлемдік практикада бұл бар.

Меніңше, дәл қазіргі сәтте Қазақстан үшін қолда бар күшті жұмылдыра түскен маңызды. Өз елімізде осындай жағдай орын алып жатқанда, мысалы, дәл қазір өрт өршіп тұрған Ресейге арнайы техника немесе құтқарушыларды аттандырған ақымақтық болар еді деп ойлаймын. Егер ауа райына байланысты, мысалы, желдің көтерілуінен және тағы басқа табиғи құбылыстардан өрт асқындай түсетін болса, бізге Орталық Азия тарапынан көмек келуі мүмкін. Бұл тәжірибе жалпы кеңінен тараған, себебі табиғи апаттар билік тарапынан көмек сұрап өтініш қылу секілді қандай да бір арнайы әрекетті күтпейді, бұл тұста екіжақты ынтымақтыстық пен келісім көбірек жұмыс жасайды, яғни қандай да бір техногенді апат кезінде көрші тату елдер өздері көмек ұсынады».

Қазақстандағы ең ауқымды өрттер

Жыл сайын елімізде мыңнан астам орман және дала өрті, сондай-ақ 4 мың табиғи өрт тіркеледі. Олардың бәрі тұрғындарға, мүліктер мен табиғатқа қауіп төндіреді. Тәжірибе көрсеткендей, мұндайда билік алдын ала ештеңе істей алмайды.

Ірі орман өртінің бірі 2022 жылы Қостанай облысында болды. Өрт тек сегіз күннен кейін ғана ауыздықталды. 43 мың гектар орман, екі елді мекендегі 90-нан аса тұрғын үй зардап шегіп, жойылды.

12 адам өрттен жарақат алып, күйік шалды, бір адам өз үйінің үйіндісінің астынан өлі табылды.

2010 жылдың қыркүйегіндегі Павлодар облысындағы өрттен жеті адам қаза тапты. Қатты желдің салдарынан өрт ресей-қазақстандық шекарадан өтіп, Алтай өңірі мен Новосибирск облысына таралды. Орман өртінің себебі адам факторынан орын алғаны анықталды.

2012 жылдың тамызында Алматыда қатарынан екі ірі өрт боды. Әуежайға және Айнабұлақ ықшам ауданына жақын маңдағы қу ағаштар өртенді. Ең ірі өртті Ботаникалық бақта өшіруге тура келді. Өртті арнайы қойғаны анықталды, себебі бір уақытта алты жерден от лап берген. Шығын мардымсыз деп танылды: ағаштар өртенген, бірнеше жануарлар көз жұмған, ақыры іс жабылды.

2018 жылы Шығыс Қазақстанда шамамен 300 гектар жер өртеніп кетті. Өрт соңғы 15 жылдағы ең ірі апат ретінде тіркелді — 20 адам қайтыс болып, 2300 бас мал өлді. Оттың күшті болғаны соншалық, бірнеше күн бойы 300 орманшы мен өрт сөндіруші онымен күресті. Лаулап жатқан орманға 25 тонна су құйылды.

2020 жылдың сәуірінде тағы да ШҚО-да өрт 25 адамның өмірін алып кете жаздады. Өрт табиғи апатпен қарқынды күрес басталғанына үш күн толғанда толықтай өшірілді. Жанып кеткен орынның жалпы ауданы 4 мың гектарды құрады.

2021 жылдың мамырында Риддерде ірі орман өрті бас көтерді. Өрт орман алқабынан жылдам қалаға қарай созылды. Өрттің жалпы ауданы 276,4 гектар, материалдық шығын — 252 миллион теңгені құрады. Риддерде төтенше жағдай жарияланып, бір қала тұрғыны қайтыс болды.

Осы жылы өртке қауіпті маусым басталғалы 120-дан астам елеулі табиғи өрт орын алды. Әрі олардың көбі адамдардың кінәсінен болған. Бір ай бұрын Іле Алатау ұлттық паркінде ірі өртті сөндіру барысында сержант Арслан Құрманбеков қайтыс болды.

Жоғарыдағы қайғылы жағдайлардан шығар қорытынды, мемлекет әлі күнге дейін орман қорындағы өрттің алдын алуды және ТЖ-ға жылдам жауап қайтаруды үйренген жоқ. 14 адамы қайтыс болған «Семей орман» резерватындағы жемқорлық мәселесі өз алдына бір тақырып. Адамдар өрт сөндіруге жеке автокөліктерімен, оттегі маскасымен және арнайы киімсіз жүгірген. ҚР ТЖМ мен Экология министрлігі жыл сайын алатын бюджет неге жұмсалады? Абай облысындағы өрт — Қазақстан шенеуніктерінің қылмысты немқұрайлылықтарына тағы бір мәрте дәлел болып отыр.


Обложка: fabian jones / Unsplash