Белсенділер Әсия Төлесованы қолдау мақсатында виртуал жоба ашты. Бұл туралы RUKH Instagram-парақшасы хабарлады.

Жоба қазақтың құрақ көрпесі негізінде жасалған. Идеясы — әр адамның азаматтық қоғам қалыптастыруға бағытталған жазбасынан онлайн құрақ көрпе жасау. Авторлары — Айша, Қуат, Ирина, Джеф атты қоғам белсенділері.

Виртуал құрақ көрпе еліміздегі әділетсіздікке әрі Әсияның мәселесіне бей-жай қарамайтын азаматтардың онлайн жазбасынан құрастырылады. Төмендегі хэштегтерді инстаграмда басқанда қандай көрпе шыққанын көресіз әрі азаматтардың пікірін біле аласыз.

Онлайн жобаның талаптары:

  • Әсия Төлесова үшін әділ үкім;
  • зорлық-зомбылықсыз полиция;
  • бейбіт жиын туралы әділ заң;

Жоба авторларының пікірінше, көрпе құрақтан жиналса, азаматтық қоғам әр адамның дауысы арқылы қалыптасады.

«Азаматтық белсенділік пен құқығымыздың қорғалуы құрақ көрпенің әрбір қиындысындай әр адамның үлесі мен дауысына байланысты. Құрақ көрпе тіккен секілді біз Қазақстанның жаңа болмысын бірге құрып жатырмыз», — дейді жоба авторлары.

Виртуал жобаға қатысу үшін:

1. Protestkor.pe сайтына кіріңіз.

2. Өзіңіздің наразылық көрпеңізді құрастырып, Istagram-парақшаңызға мына хэштегтермен жариялаңыз:

#СправедливостьДляАси #JusticeForAsya #ПолицияБезНасилия #МитингЭтоПолезно #ProtestKorpe


Біздің Facebook-парақшамызға жазылыңыз