Қазақстанда отбасылық зорлық-зомбылық проблемасы бұрыннан айтылып жүр. Оның көлемін статистикалық түрде бағалау өте қиын. Құрбандар полицияға сирек барады. Ал құқық қорғау органдары бұл мәселе бойынша көбіне іс қозғамайды, қозғалған істер екіжақты татуласу фактісімен жиі жабылады.

Human Rights Organization мәліметтеріне сәйкес, отбасылық зорлық-зомбылық көрген қазақстан әйелдері дұрыс қорғалмайды. Ұйымдағылардың айтуынша, полицей қызметкерлері құрбандарды арызын қайтарып алуға көндіріп, оларға қысым көрсетеді. Құық қорғау органдарының отбасылық зорлық-зомбылық көргендермен жұмыс істеу бойынша дайындығы жоқ.

НеМолчи KZ қорының қолдауымен біз Тамила Муридова, Ксения Әшіғалиева және Гульмира Балтабаевамен отбасылық зорлық-зомбылық, қорғансыздық, құқық қорғау органдарының жұмысы туралы сөйлестік.

Мәтін

ДАМИНА МУКИТАНОВА, Аида Зайнуллиева

Фотолар

ОФЕЛИЯ ЖАКАЕВА

Аударған

Назерке Берікхан

Гүлмира Балтабаева

Былтыр желтоқсанда жігіті оны сабағаны соншалық кейін Гүлмира 15 күн ауруханада жатты. Ол полиция бөлімшесінде арыз жазған кезде учаскелік полицей олардың ортақ баласы да, мүлігі де, некесі де болмағанына қарамастан оны бұрынғы әйелі ретінде тіркеген.

Былтыр шілдеде құрбыммен кафеде кездестік. Көрші отырған жігіттердің бірі бізге келіп, телефонымды сұрап қоймаған соң номерімді бердім. Сырт көзге жақсы адам боп көрінді, бірнеше күннен кейін ол маған хабарласып, сөйлесіп кеттік. Бірақ қандай жағдайға душар болатынымды білгенде сол кезде телефонымды оған бермес едім.

Менің қызым мен ұлым бар. Тоғыз жыл бұрын ажырасқанмын. Ұлым ата-әжесінде. Қызым екеуіміз жұмыстан берілген Ақсай-5-тегі отбасылық жатақханада тұрдық. Кафеде танысқан жігітім мұны жақсы білетін. Бір-екі апта сөйлесіп жүрдік. Үйге шығарып салып, қызыма жылы қарап, бізге қамқор болды.

Арамыздағы жақсы қарым-қатынас, өкінішке қарай, бір айға ғана созылды. Тамызда құрбымның туған күніне барғанмын. Сол кезде енді жүре бастаған жігітім қайтарда шығарып саламын деп келді. Мерекелік кештен шықсам, мас күйінде күтіп тұр. Таксиге отырып, жатақханаға жеткен соң, көліктен шыққаным сол еді, маған ештеңе айтпастан бас салып, есік алдында сабай бастады. Түрі өзгеріп, танымай қалдым. Жұрт әрең тоқтатып, ажыратып алды. Сол күні бірден учаскелік полицей мен жедел жәрдем шақырып, арыз жаздым.

Ертесіне ол келіп, кінәсін мойындап, тізерлеп тұрып кешірім сұрады. Не үшін ұрғанын өзі де түсінбеген, себебін мен де біле алмадым. «Енді ішімдікке жоламаймын, қол көтермеймін» деп уәде берді. Кешірдім. Неге оған сонша сеніп қалғанымды білмеймін.

Әрі-бері шашымнан сүйреп, тепкілеп, ойына келгенін істеді. Қаласа, зорлап алады, жастықпен тұншықтырды.Түстен кейін мен әлсіреп, қарсыласа алмай соққының бәрін үнсіз қабылдай бердім.

Бір рет қол көтергеннен кейін бұл әдетті қою қиын екен. Оның ашуына тисем, сөзім не қылықтарым ұнамай қалса, бірден таяқ жейтінмін. Жүрген жеріміз айқай мен ұрыс болғандықтан жатақханада тұра алмадым. Пәтер жалдап, қызыммен көшіп кеттім. Ол кезде жігітім көмектесіп, тұрмыстық мәселелерді шешуге қолғабыс болды. Сондықтан болар, одан жәбір көрсем де сансыз рет кешірдім. Тіпті, қаражатым жетпей үйсіз қалған кезде бірге тұра бастадық. Бірақ одан ештеңе өзгермеді. Сенімсіздік пен ұрыс-керіс, айқай-шу одан сайын көбейіп, жиілеп кетті. Қайда барсақ та, не істесек те физикалық әрі психикалық қорлық көрдім. Үсті-басым көкпеңбек болып, дұрыс киім де кие алмай, жарақаттарымды жасыра алмай қалдым.

Әскери департаментте жұмыс істейтінмін. Анықтама беріп, құжат толтыратындықтан маған көп адам хабарласатын. Әсіресе ер адамдармен жұмыс бабымен жиі сөйлесемін. Ал ол адам маған сенбейтін. Қанша түсіндірсем де, қызғанышын баса алмады.

Департаментте жұмыс істейтіндіктен телефонды жұмысқа кірерде тапсырып, шығарда ғана қайта алатынбыз. Жігітім оны білетін, бірақ маған сенбей, үйде келгенде тиісіп, тіпті, іш киімімді шешіп, мені тексеретін. «Телефонды күні бойы алмасаң, не істеп жүргеніңді қайдан білемін» деп өзін ақтап алады.

Жұмысқа талай рет көк ала қойдай боп барғанмын. Жарақаттарымды әріптестерім көрсе де, байқамағандай жүре беретін. Бірде бастығым келіп, «Гүлмира, мына түріңмен жүруге болмайды» деп үйге қайтарып жіберді. Кейін елдің бәрін шулатпайын деп үйдегілерге айтпай жұмыстан шығып кеттім.

Қарашада ол маған қайта-қайта қол көтеріп жүрді. Барлық тума-туысым, досым менен теріс айналды. Олармен байланысты жоғалтып алдым. Тіпті, әкемнің құлағына да бұл әңгіме жеткен. Сіңілілерім үйге келсе, үнемі ұрыс-керісті көретін. Құрбыларымның тойына бара алмадым, достарымнан оқшауланып қалдым. Талдықорғанға, Талғарға қашып кеткен кездерім болды. Артымнан келіп, тиіспейтініне ант етіп, алып кететін. Бірақ ол бірнеше күннен кейін өзгеріп, үнемі бұрыңғы дөрекі қылықтарын қайталайтын.

Бірде желтоқсанның басында түнгі жұмысына жақсырақ телефон қажет болып, менікін сұрап алды. Таңға жақын үйге бозарып, ызалы боп келді де, «Біттің» деді. Инстаграмда танысыма үй мен жұмыс сұрап жазған хабарламаларымды оқып, қызғанып, мені кетіп қалады деп ойлапты. Айқай, түсініспеушілік басталды. Оған жағдайды қанша түсіндірсем де өзіне ыңғайлы ойға сеніп, айтқанымды қабылдамады. Заттарымды жинап, шығып кетейінші деп ойладым. Бірақ ол таңертең сағат тоғыздан кешкі алтыға дейін мені үйде қамап, телефонымнан айырып, күні бойы ұрып-соқты.

Әрі-бері шашымнан сүйреп, тепкілеп, ойына келгенін істеді. Қаласа, зорлап алады, жастықпен тұншықтырды. Түстен кейін мен әлсіреп, қарсыласа алмай соққының бәрін үнсіз қабылдай бердім. Бетімнің аман жері қалған жоқ. Екі рет қашып шықтым, екеуінде де сүйреп әкелді. Үй трассадан өте алыс, басқа үйлерден алшақ орналасқан. Сау жерімді қалдырмай ұрып-соғады да, сәлден соң тіземнен құшақтап кешірім сұрайды. Сосын қайтадан өзінің ойларын еске түсіріп, қайтадан тұншықтырып, үстіме отырып алып сабайды.

Қыста қараңғы тез түседі ғой, сағат кешкі алтыдан кете ол ұйықтап кеткенде үйден қашып шықтым. Көшеге шыға сала, есігі ашық тұрған бір үйге кіріп кеттім. Қолымда телефоным да жоқ, үсті-басым ісік, бөтен үйде көмек сұрадым. Жасы үлкен аға мен бала теледидар қарап отыр екен, өтінішімді орындап, есікті кілттеп, телефон берді. Жедел жәрдем мен полицей қызметкерін шақырып, анама хабарластым.

Ауруханада көзімді ашсам, жанымда анам мені уайымдап, жылап отыр. Жанашыр болған жалғыз адамым ғой. Әпке-сіңілілерім мен таныстарымның көбі «бірінші байыңнан ажырастың, енді тапқаның мынау» деп қана айтады да қояды.

15 күн ауруханада жатып, тура Жаңа жылдың қарсаңында жазылып шықтым. Барлық суретім мен сараптама нәтижесі бар. Құқық қорғау қызметкерлері сотқа дәрігердің тұжырымдамасы мен сараптама нәтижесін өзіміз тапсырамыз деді. Бірақ 15 күн ауруханада жатып шықсам да, екі айдан кейін сараптама нәтижесінде ауырлық дәрежесі жеңіл деген үкім қойылыпты. Барлық құжат пен фотодәлелді көрсетсем де үкім өзгертілген жоқ. Сотқа жеңіл жарақат алған адам ретінде қатыстым.

Наурызда сот болды. Оны кешірмейтінімді, оның есі дұрыс емес екенін, мені қаншама рет қорлағанын, маған дейін бірнеше рет сотталып, ақша төлеп құтылғанын айттым. Оның үстіне, учаселік полицей арыз толтырғанда жәбірлеушіні бұрынғы күйеуім деп жазыпты. Басында оны нақтылап айтудың маңызын білмеп ем. Кейін істі отбасылық мәселе категориясына жатқызудың оларға оңайырақ екенін түсіндім. Бірақ мені ол адаммен ештеңе байланыстырмайды. Ортақ мүлкіміз, баламыз  ештеңе жоқ. Бәрі сөздерімді, дәлелдерімді естісе де ешкім мені тыңдаған жоқ. Прокурор істі қарап, жаза ретінде оны 15 тәулікке қамауға не үш айға маған жақындауға тыйым салуға болатынын айтты. 15 күн түрмеге отырып шықса, қайтадан мазамды алатынын біліп, амалсыздан жазаның екінші түрін қабылдадым. Бірақ бұл шектеуді ол пысқырған да жоқ.

Сәуірде мені тауып келді. Қалай тапқанын білмеймін. Мекенжайым мен телефонымды талай рет ауыстырдым. Ол кезде жатақханада тұратынмын, тіпті, қай бөлмеде жатқанымды анықтап алған. Бөлмеге кірейін дегенде шығарып жібердім, ол ашуланып, өлтірем деп қорқытып, есікті ұрып, сындыра жаздады. Вахташы әйел айқай салған соң сыртқа шығып кетті. Бірақ мұнымен мені мазаламай қойған жоқ. Терезенің астында айқайлап, тас ата бастады. Ашуланғаны соншалық лақтырған үлкен тасы екі қабат әйнекті сындырып, терезенің жанында киім жинап тұрған қызымның аяғына тиді.

Учаскелік полицейді бірден шақырдым, оның еш пайдасы болмады. Есік алдында сүйеніп тұрып, мені тыңдады да, сынған есік-терезені тым болмаса суретке де түсірмей кетіп қалды. Сот шектеу қойса да, бұл жағдайдан кейін өзімді қауіпсіздікте сезінген жоқпын. Келесі күні бірден полиция бөлімшесіне бардым. Карантин болғандықтан олар мені қабылдамай қойды.

Не істерімді білмей ішімді қорқыныш билеп, әлеуметтік желілерге кіріп, қандай да бір көмек іздедім. Баян Мақсатқызының зорлық-зомбылық тақырыбындағы кейбір постының астына көп әйел көмек сұрап жазады. Мен де қиналып жүргенімді жазып едім, бейтаныс ер адам «НеМолчи, басқа да ұйымдарға хабарлас» деп жауап қатты. Содан НеМолчи ұлттық қозғалысы туралы толығырақ біліп, оларға хабарластым. Жағдайымды айттым.

Екінші күні таңертең учаскелік полицей жүгіріп келді, ал түскі үште онлайн түрде сот өтті. НеМолчидің адамы не айту керек, не істеу керек екенін түсіндірген болатын. Бұл жолы соттың да, полицейлердің да қарым-қатынасы жақсарған. Алайда сот шешімі бойынша маған дейін үш рет сотталған, мені бірнеше ай қорлаған, одан кейін аңдып, қорқытқан адам он күнге ғана түрмеге қамалды.

Қазір түрмеден шыққан шығар. Әзірге мазалаған жоқ. Бірақ бәрібір одан қорқамын. Сырттан аңдып жүргендей болды. Көшеде ұстап алса, қашып құтыла алмайтыным анық. Ашуы оянса, адамды байқамай өлтіріп қоя алады. Менің болмаса да, басқа адамның өміріне кесірі тиюі мүмкін.

Әрине, мұндай жағдай көп. Бұрын учаскелік полицей ең көп арыз осы отбасылық мәселелер бойынша келетінін, көбіне жұптар татуласқан соң арызды қайта алып кететінін айтқан. Бірақ менің жағдайым басқа ғой. Физикалық әрі психикалық алған жарақаттарымды әлі күнге дейін емдеп жүрмін. Соның бәрін құқық қорғау органдары мен сот әділ қарастырса, бір рет жақсылап тұрып істі соңына дейін жеткізсе, жәбірлеуші тиісті жазасын алса, мыңдаған бос арыз түспес еді, жүздеген әйелдің өмірі жақсарар еді деп ойлаймын.

Ксения

Ксения Әшіғалиева — алматылық әнші, Бауыржан Әшіғалиевпен жеті жыл тұрмыста болған. Ксения күйеуі және оның досын 2019 жылы шілдеде «мені ұрлап, өлтіргісі келді» деп айыптадыБауыржан Әшіғалиев әйелінің айтқанын мойындаған жоқ. Кейін оған заңсыз түрде бас бостандығынан айырды әрі өміріне қауіп төндірді деген айып тағылды. 

2017 жылы алғаш рет тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша шағымдандым. Полицейлер келді. Мен үйімде өзімді қауіпсіз сезінбегендіктен, олардың қандай да бір шара қолдануын сұрадым. Олар менімен, бұрынғы күйеуіммен сөйлесті де кетіп қалды. Бір жылдан соң осындай жағдай тағы қайталанды. Полицейлер келді, сөйлесті де қайта кетіп қалды. Түк істеген жоқ. 

Абьюзермен тұру  қорлық көру, ешкімге керек емес екеніңді тыңдау деген сөз. Егер біреуге тәуелді болсаң құрбанға айналасың. Біз ортақ музыкалық топта өнер көрсететін едік. Бірақ табысты күйеуім басқарды, мен жалақы алмайтынмын. 

Менің оған шыдап жүргенімнен балаларым жапа шегетінін түсінгенде, мамырда ажырасуға бел будым. Сол кезде ол менің қолымнан қысып, сүйреп, күшпен қайтаруға тырысты. Тәртіп сақшыларының маған күйеуімнің жолауына тыйым салатындай нұсқаулық жазуын қаладым. Бірақ олар ештеңе істемеді. Кейін Бауыржан мен оның досы мені жертөлеге сүйреп кіргізді.

Құқық қорғау органдарына хабарласқан соң учаскелік полицейдің Санат деген орынбасары келді. Бауыржан мен оның досы екеуі бірден полицейге қазақша бірдеңе айта бастады. Мен болсам оған болған жағдайды түсіндіріп, «Алдымен мені тыңдаңыз» десем, ол маған «Сен не істей аласың?» деп жауап қайтарды. Мен оған жертөлені нұсқап, онда арқанның, қолкісеннің барын айтсам полицей қызметкері маған қараған да жоқ. Негізі ол, тіпті, учаскелік полицей де емес екен. Жұмысына салғырт қараған. Кейін бұл жанжалдан соң ол ауылға жұмысқа ауысып кетіпті.

Бұл жағдайдан соң мен бір ай бойы тамақ жей алмадым. Тіпті, сұйық тамақ ішудің өзі қиынға соқты. Он келіге арықтап кеттім. Көкбауырыма зақым келгендіктен демалуым керек болған. Бірақ мен істің шаруасымен Ішкі істер министрлігіне барып, сотқа жауап беріп, әрі-бері жүрдім. Сондағы бар қалауым әділдік болатын. Әр абьюзер жазалануы тиіс деген ойды ұстандым.

Алғаш арызымды полицей бөлімшесінде, екіншісін Алмалы аудандық ішкі істер бөлімінде жаздым. Кейін маған бұл істің жоққа шыққанын хабарлады. Олар келесі күні күйеуімді босата салған. Оқиғам БАҚ-та жариялана бастаған кезде ғана құқық қорғау органдары қимылдады. 30-да олар консилиум ұйымдастырды, бірақ ол күнге дейін барлық айғақ жойылып кетті.

Іс бойынша Бауыржан үй қамауына алынды. Себебі оның екі мықты адвокаты мен әкесінің қолдауы болды. Олар бұл істі Бауыржан балалармен кездесіп тұруды қалайды деп осылайша жеңілдетіп алды. Олардың сөзінше, бұл жай ғана ұрыс болған. Кейін ұзақ сот басталды.

Алғаш сот наурызда болды. Сотмедсараптаушы тексерісте мойнымда саусақтың іздерін көргенін, біреудің тұншықтыруға тырысқанын, денемнің көгергенін айтты. Бауыржанның қорғаушылары мұның бәрін жоққа шығарып, мені асфальтта құлап, өз-өзін жарақаттады деп сотты айтқанына көндіруге тырысты. Адвокатымның «Ксенияның жарақаты қарсы тарап айтқан жағдайдың салдарынан болуы мүмкін бе?» деген сұрағына сарапшы «Бұл мүмкін емес. Оны біреу итеріп, сүйреп, азаптағаны көрініп тұр» деп жауап берді.

Кейін сол күні полицейлерді шақырған Дуганова ойламаған жерден сотта сөзін өзгертті. Ол менің ең басты куәгерім еді. Ол: «Ксения, басында мен сені қолдадым. Бірақ қазір сенікі дұрыс емес сияқты» деді.

Осыдан бір күн бұрын Дуганова Бауыржанның анасымен кафеде кездесіп, белгісіз бір пакет алған. Екеуі сонда отырып, ұзақ сөйлескен. Менің адвокатымда олардың отырған кафе камерасының түсірген видеосы бар. Дуганова шынайы жауабын жоққа шығарған кезде адвокатым видео туралы айтты. Осыдан кейін ол үндемей қалды. Прокурор оған мұның жаза екен айтқанда ол өзінің қатесін түсініп, алғаш берген жауаптарын қалатынын айтты.

Бұл жағдай — басқа абьюзерлерге істен жазасыз құтылуға болатынын көрсетті

Куәгерлердің барлық жауабы мен сотмедсараптаманың нәтижесіне қарамастан сот Бауыржанды ақтап шықты. Ол учаскелік полицейдің көмекшісінің «Біз көшеде тұрған едік. Бұл жай ғана ұрыс болды. Бәрі дұрыс болатын» деген сөзіне сенді. Бұл өте күлкілі ғой. Полицейдің ғана сөзіне қарап, үкім шығаратын болса, куәгер мен сараптаманың қажеті не?

Соттан кейін өзімді жаман сезіндім. Себебі әділеттілікті орнату үшін барымды салған едім.

Қасыма репортер келіп, сұрақ қойғанда, құлағым шыңылдап жауап бере алмадым. Есесіне Бауыржанның әкесі журналистердің алдында қуанып, масаттанды. Неге? Ол баласының өтірікпен ақталғанын түсінген де жоқ. Бауыржан мені ұрды, соқты, бүкіл елдің алдында жаман ана ретінде көрсетіп, өзі ақталып кетті. Мен мемлекеттің көмегіне жүгіндім, нәтижесінде жалған жала жаптың деп айыпталып жатырмын. Мұндай қорғаудың мәнін түсінбеймін. Бұл жағдай өзге абьюзерлерге істен жазасыз құтылуға болатынын дәлелдеді.

Бауыржанды қорғаған адамдар біздің қандай қарым-қатынаста болғанымызды білмейді. Іштегіні жұртқа көрсетпедік.

Әйелдің абьюзермен тұрып-тұрмайтынын құқық қорғау органдары шешпеуі тиіс. Ол үшін заңға өзгерту енгізу керек деп ойлаймын. Әйел — құқығы бар азамат. Еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан болған өлім статистикасы сұмдық. Мен Бауыржанды жазалау үшін ғана емес, өзге әйелдер үшін де әділдікке қол жеткізгім келеді.

Осындай қиын шақта мені құрбым Диляра, анам, НеМолчи Kz қоры, адвокат Нұрлан Рахманов пен БАҚ қолдады. Интернеттегі бейтаныс әйелдердің «әділдік орнайды» деп жазғандары да маған үлкен сенім мен үміт берді.

Тамила

Тамила Муридова — қазақстандық семсерші, әлем чемпионатының қола жүлдегері. 24 ақпанда оның бұрынғы жігіті әрі әріптесі Дмитрий Адайкин Тамиланы пәтерге зорлап әкеліп, ұрып-соғып, мұрнын сындырып, зорлаған. 

Мен Дмитриймен 13 жасымда спортқа енді келген кезде таныстым. Ол 20-да болған. Бірнеше жылдан кейін мен 16-ға толғанда ол маған көңіл бөле бастады. Оның залдағы қанша қызбен жүргенін білдім, сондықтан сол қыздардың қатарынан болғым келген жоқ. Дмитрийге соны айттым. Бірақ бұл сөзім керісінше оны қызықтырып жіберді. «Болды кішкентайым, енді артыңнан қалмаймын», — деді ол маған. Бұрын бұл сөздерді романтика деп ойлайтынмын, қазір мұның романтикадан әлдеқайда алыс екенін түсіндім.

Қарашаның басында көрісе бастадық. Оғаш қылығын байқамадым, тек мен туралы бәрін білгісі келетін. Балалық шағымның жарасында оған айттым. Менің барлық әлсіз тұстарымды біліп алды. Ғашық болдым. Әрдайым жанымда болған.

Бәрі жақсы болған, бірақ ішімдікке тойып алса, маған нешетүрлі жайсыз сөздер айта бастайтын. Кейін кәдімгідей кешірім сұрап, “Өзіңді басқаша ұстасаң мен де өзімді ұстар едім. Сен кінәлісің” деп түсіндіретін. Өзімді жақсы ұстасам, бәрі түзеледі деп ойлайтын едім. Бірақ үнемі психологиялық қысым сезінетіндіктен қарым-қатынасымда өзімді жайсыз сезінетін едім. Сондықтан бірнеше рет бұл қарым-қатынасты тоқтатудың амалын жасадым. Дмитрий бұл келеңсіздіктер кезеңі, кейін бәрі дұрысталып кетеді деп айтатын.

17-ге толуға бір ай қалғанда ол мені күшпен зорлап алды. Бірінші рет жыныстық қатынаста болдым. Бірақ оны осылай істейді деп ойламадым. Оған дайын емес екенімді айтып, жылап, ойынан қайтуын сұрадым, тыңдамады. 

Мені пәтерде қамап, соғып, қорлаған кезде көршіден көмек сұрадым. Адайкин бәрі жақсы дегесін ол араласқан жоқ

Кейін оған бірінші секстің қаншалықты маңызды екенін, оның мені осылай зорлағаны ауыр тигенін айттым. Дмитрий мұның ол үшін де маңызды болғанын айтып, «Мұндай дөрекі әрекетте тұрған не бар? Артық ішіппін» деп түсіндірді. Не үшін қашпағанымды түсінбеймін. Алғаш төсек қатынасым онымен болғандықтан өзімді оған тәуілді сезіндім.

Одан кейін ол маған қол көтере бастады. Мұрнымды сындырды, баспалдақтан итеріп жіберді. Кейін қайтадан кешірім сұрап, келесіде олай істемейтінін айтып, бұл жағдайға оны мен жеткіздім деп мені кінәлайды.

Ол мені үйінде қамап, сабап, қорлады. Бірінші рет шу шыққанда көршісі келіп, не болғанын сұрады. Менің үсті-басым қан, мұрным сынған, шашымның алба-жұлбасы шыққан. Ал Адайкин «бізде бәрі дұрыс, жай ғана өзін қалай ұстау керегін түсіндіріп жатырмын» деді. Осыны естіген көрші бізді жайымызға қалдырды. Одан көмек сұрағаныма қарамастан қол ұшын созуға тырыспады. Бәлкім, ол мені таяқ жегенді жақсы көреді деп ойлаған шығар. Одан босқа қайтып орала бермес еді ғой деп пайымдаған болуы керек.

Апталап сөйлеспей, кетіп қалатын кездерім болды. Ал Адайкин мұның махаббат екенін айтып, келеңсіздіктің бәріне мені кінәлап, оны осындай дәрежеге жеткізетінін өзім екенін дәлелдеп бақты. Айтқанына сеніп, қайта оралатын едім. Осындай қарым-қатынасты кешіргенім үшін қазір өз-өзімнен жиіркенемін. Менің орнымда басқа біреу болса мұндай әрекетке бармас еді. Құрбыларым «Сенің есің дұрыс па? Бірінші қол көтергеннен кейін кету керек еді» деді. Ал жай ғана тастап кете салу мүмкін болмады. Ол менің ізімнен қалмай, хабарласып, аяғыма жығылып жалынды. «Сенен артық жан жоқ. Соңғы үмітім сен, кетсең нашақор боламын, өлемін» деп жылап-сықтап кетпеуімді өтінді.

2019 жылдың ақпанында ол мені есімнен танғанша тұншықтырып, өлтіре жаздады. Сол сәтте мен өміріме қауіп төніп тұрғанын сезініп, қашу керегін түсіндім. Онымен қарым-қатынасты үзіп, қоңырауын алмадым. Соған қарамастан Дмитрий қайтадан артымнан қалмай, «Сені сүйемін, ешкімге бермеймін. Кетсең, өз-өзіме қол жұмсаймын» деп мені қалуға көндіргісі келді.

Бір айдан соң ол шашымнан ұстап алып, басымды қабырғаға ұрды. Соның кесірінен басым ісіп, бетім көгеріп, тістерімнің ұшы сынды. Кейін есімнен танып қалдым. Оның қалай ұрып-соққанын білмеймін. Өз-өзімді қорғауға тырыстым. Қорғану мақсатында, күйеуінен таяқ жеген миллион әйелдің тағдыры секілді мен де «оны өлтіріп қойсам ше?» деп қорықтым.

Әйелдер осындай жағдайда өзін қорғауға тырысады, алайда біздің заң бұны қастандыққа не қасақана кісі өлтіруге жатқызады. Біз ерлі-зайыпты не азаматтық некеде болмасақ та, құқық қорғау органдарының пікірінше, жігітімнің бұл іс-әрекеті тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жатады.

Өзімді әлсіз жан санамаймын, бірақ суицид туралы ойладым. Өте қиын болды, басқа амалым қалмағандай көрінді. Адайкин бәрібір жанымда, оның үстіне біртүрлі сезім бар. Махаббат па, басқа бірдеңе ме әлдеқандай сезім болды.

Бірде көшеде арамызда кикілжің туды. Мен жанымызда тұрған полиция қызметкеріне жүгіріп барып, көмек сұрадым. Адайкин оларға «Бәрі дұрыс. Бұл менің қызым. Оның жай ғана көңіл-күйі жоқ» деді. Мен болсам, Дмитрийдің барлық заттарымды тартып алғанын, үйге қайта алмайтынымды айттым. «Маған көмек керек» дегеніме, полицейлер «Қыз-ау, махабат мәселесін өзің шеш» деп жауап берді.

Дмитрий жаттығулардан соң университеттің маныңда мені аңдып, ізімнен қалмады. Есімнен адасамын ба деп қорықтым. Мен одан шынымен кететінімді түсінгенде, ол «үйіңді, көлігіңді өртеймін, қайда кетсең де сені тауып аламын» деп сескендіре бастады. Анамды да қорқытты. Осы мәселені жаттықтырушыларыма айтқанда, олар «Біз онымен сөйлесіп көреміз. Бірақ оның саған есі кетіп жүрсе, ештеңе істей алмаймыз» деді.

Полицейлерден көмек сұрағанымда олар «Қыз-ау, махабат мәселесін өзің шеш» деді

Жарыс күні Адайкин залға келді. Сөйлеспекші болып, шашымнан сүйреп сыртқа шығарды. Жаттықтырушылар тұрған қалпы қарап тұра берді. Тек өзге қыздардың аналары көмектесті. Дмитрийді сыртқа шығарып, полицияға шағымданамыз деп қорқытты.

Жазда тағы да өміріммен қоштаса жаздадым. Ол университеттің маңайында торуылдап, таксиге отырғызып алып кетті. Қарсылық білдіре бастағанымда, «қояншықсың» деді. Мені үйге кіргізіп, зорлай басталды. Мен айғайлап, онымен төсектес болғым келмейтінін айттым. Барлығы аяқталған соң, ол мені көтеріп балконға шығарып: «Егер сабырға келмесең, лақтыра саламын», — деді. Өте қорқынышты болды. Бір жағынан, ол мені ұстай алмауы мүмкін. Екінші жағынан, менің қорыққаннан оған жабысқаным сонша, екеуміз бірге құлауымыз мүмкін еді.

Полицейлер «Сіз онымен кездестіңіз, бір ыдыстан тамақ іштіңіз. Он жылға сотталады, аямайсыз ба?» деп мені райымнан қайтаруға тырысты

Осыдан кейін мен үйге келдім. «Мені кім тындайды» деп полицияға арызданбадым. Олар жігітпен кездессең, бұл зорлық емес дер еді. Бұл мәселені өзің шеш деп кеңес берген полиция қызметкерлері есіме түсті.

Барлығын құрбыларыма айтқанда, олар полицияға бірге баруды ұсынды. Бірінші арызды тамызда жаздық. Мені өзім тіркелген Әуезов полиция басқармасынан, Адайкиннің Алмалы полиция басқармасына жіберді. Кейін аудандық ішкі істер бөліміне, одан кейін қайтадан Әуезов ауданының кезекші бөліміне бар деді.

Арызды учаскелік полицейге беру керек еді. Бір айдан соң ол маған хабарласып, арыздың дұрыс жазылмағанын айтты. Бөлімшеге келіп, оқиғаны көзбе-көз айтуымды өтінді. Мен араға біраз уақыт салып, бірнеше сапардан соң барсам, арызым жоқ болып шықты. Сонымен бөлімшеде қайтадан арыз жаздым. Учаскелік полицей Адайкинмен өзі сөйлесетінін айтты. Бірақ кейін «жұмысым көп, бара алмаймын, бөлімшеге өзі келсе ғана сөйлесе аламын» деді.

Барлық болған жағдайдан соң 24 ақпан күні полицияға хабарластым. Олар «Сіз онымен кездестіңіз, бір ыдыстан тамақ іштіңіз. Он жылға сотталады, аямайсыз ба?» деп мені райымнан қайтаруға тырысты. Адайкин мені ұрып, қорлағанда аяған жоқ. Сол себепті әр адам өз ісіңе жауап беруі тиіс.

Бірнеше тергеушнің қысымына қарамастан, түнде арыз жаздым. Не болып жатқанын түсіне алмай, аң-таң болдым. Сараптама нәтижесінен кейін үйге келіп, аздап мызғып алдым. Кейін таңертеңнен кешке дейін аудандық ішкі істер бөлімінде куәлік бердім. Адайкин де келді, ол бар болған жағдайды мойындады. Осыдан кейін полицей мені бөлімшеге қайтадан шақырған жоқ.

Наурыздың ортасында тергеудің еш нәтижесін байқамадым. Адайкин әрдайым маған қысым көрсетіп, хабарласып жазатын. Мен өзімді қауіпсіздікте сезінбедім. Өзінің жазасыз құтылатынын сезгенде ол қайтадан бірдеңені бүлдіруі мүмкін еді. Полициядағылар оның қоңырауларын алмауға кеңес берді. Бірақ ол түрлі номерден хабарласқан соң барлығын бұғаттай алмадым.

Мен Дина Тансариге көмекке жүгінгенде бұл жағдай туралы БАҚ жаза бастады. Келесі күні маған тергеуші хабарласты, жүзбе-жүз кездестік. Кейін карантин басталды. Тергеу қылмыстық кодекстің 120-бабы — «Зорлау» бойынша жүргізіліп жатыр. Әзірге нәтижесін күтіп жүрмін. 

Мұндай жағдай кез келген мықты не әлсіз жанның басынан өтуі мүмкін. Сондықтан жаныңда қолғабыс болатын біреу болуы керек. Өкінішке қарай, біздің полиция ешқандай көмек көрсете алмайды. Егер мұның алдын алып, бұл жағдайдың өзгеруіне үлес қоспасақ, қорлаудың жалғаса беретіні сөзсіз.