Халықпен кездесу барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева атаулы әлеуметтік көмек алу үшін қазақстандықтар жаппай ажыраса бастағанын айтты. Бұл туралы Vласть хабарлады.

«Ажырасу көрсеткіштерінің артуы елдің үлкен проблемасы. Егер 2017 жылы 55 мың ажырасу фактісі тіркеліп, 39 % болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш шамамен 60 мың, яғни 43% болды. Статистиканың белсенді түрде артуына Атаулы әлеуметтік көмекті енгізудің әсер еткенін айтқым келеді. Әлеуметтік төлем алу үшін көп жұп заңды некелерін бұзды»,  деді Балаева.

Оның пікірінше, қоғамда болып жатқан кез келген өзгерістер «отбасына кері әсер етуі мүмкін». Сондықтан мемлекеттің маңызды әлеуметтік міндеттерінің бірі отбасын, ана мен баланы қорғау болып табылады.

«Негізгі тәсілдер 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында көрсетілген. Биыл отбасы институтын, репродуктив денсаулықты нығайтуға және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған шараларды қарастыратын осы тұжырымдаманың екінші кезеңін іске асыру жұмыстары басталды», деп түйіндеді министр.


Біздің Facebook-парақшамызға жазылыңыз