Алматы тұрғыны ретінде өзіңіздің постколониялық қала кеңістігінде өмір сүріп жатқаныңызды сезінесіз бе? Қала ғимараттарының құрылымы, түсі және оның сыртқы бетінде өрнектелген әрбір сызық белгілі бір тарихи-мәдени мәнге ие. Осы тұғыдан қарағанда Алматы ғимараттарында жиі кездесетін әрі қаланың архитектуралық ерекшелігіне айналып кеткен өрнектер мен нақыштар нені білдіреді?

2016 жылдан бері әлеуметтік желілерде Almaty Patterns атауымен белгілі болған архитектуралық зерттеу жобасы бүгінде көптеген алматылық үшін үлкен қызығушылық тудырып отыр. Себебі бұл визуалды зерттеу жобасы қаламыздың нақыштарын тарихи тұрғыдан өздерінше саралауға ұмтылған. Almaty Patterns парақшасын жүргізетін қыздар — Аида Исаханқызы және Алтынай Иманбековамен сөйлестік.

Алдымен паттерннің не екенін анықтайық

Паттерн — алғылшын тілінен аударғанда рattern «шаблон», «үлгі» деген мағынаны білдіреді. Оған адамның күнделікті өмірде автоматты түрде қайталайтын жосықтары да жатады. Белгілі бір іс-әрекет шаблоны бар саланың бәрінде паттерн кездеседі. Мысалы, күнде тіс жуу, таңертең шай ішу, қол алысу — шаблондық әрекеттер болғандықтан паттерн.

Психологиядан бөлек паттерндер физика, математика, бағдарламалау, дизайн, музыка, құрылыс пен философияда кездеседі. Табиғатта спираль, толқын, көбік, жарық сияқты сызықтардан бөлек симметриялық паттерндарды көреміз.

Ғылыми теориялар табиғатта және қоғамда кездесетін синхрон жүйелерді зерттеген не болжаған кезде паттернді анықтайды.

Өнерде, сәулет өнерінде белгілі бір декорациялар мен түрлі көрнекі элементтер біріктіріліп, қайталанып, симметриялық өрнек болып, паттернді құрайды.

Almaty Patterns жобасының идеясы 

Ғимараттардағы өрнектер мен патерндарды жинау идеясы бізге 2016 жылы келді. Ол кезде басқа бір ортақ жобада енді танысып жатқанбыз. Бір күні қала ішінде бірге серуендеп, ғимараттар мен ондағы ұқсас өрнектердің өзгешелігі жайында әңгімелестік. Танысқанға дейін де екеуіміз тарихи сәулет пен жалпы Алматы ғимараттарын зерттеуді жақсы көретінбіз. Ал дәл сол күнгі әңгімеден кейін біз Almaty patterns атты ортақ жобаны бастауды ұйғардық.

Бұл өрнектер қаланың әртүрлі бөліктерін өз деңгейінде біріктіреді

Біздің бастапқы мақсатымыз жай ғана әлеуметтік желілерге фотоларды визуалды материал ретінде шығару болған жоқ. Керісінше, негізі жоспарымыз сәулет элементтерін талдау және зерттеу еді. Біз осы ғимараттарда қолданылатын өрнектер мен паттерндардың мағынасын түсініп, олардың қала масштабындағы маңызын анықтағымыз келген.

Айналамыздағы осындай өрнектерді зерттеу мүмкіндігінің бар екенін көпшілікке көрсеткіміз келеді. Басқалардың қаладағы кішкентай әсем бөлшектерді бізбен бірге іздегенін, бақылағанын қаладық. Егер айналаңызға, қаладағы ғимараттарға мұқият назар аударсаңыз, қалаға деген бастапқы көзқарасыңыздың өзгеретіні сөзсіз. Мысалы, серуендеп жүргенде жиі кездесетін паттерн үлгілерін таба аласыз. Бұл өрнектер қаланың әртүрлі бөліктерін өз деңгейінде біріктіреді

Осы жобаны жасау идеясы сәулет өнері әрдайым адамдарға белгілі бір жолмен әсер етті және ете береді де деген ойды жалғастырады. Cол себепті де саулет өнері белгілі бір саяси ұғымдарды насихаттау немесе басқа да концепцияларды білдіретін құрал ретінде жиі пайдаланылады. Кеңестік кезеңдегі Алматы ғимараттарында Азия және Шығыс сәулет өнеріне тән өрнектердің стилизациясын пайдаланғанын байқадық. Кеңес сәулетшілері белгілі бір дәрежеде Қазақстанның ұлттық сәулет және декоратив дәстүрлерінің кодын қолданған деуге болады.

Бір жағынан қазақ ою-өрнегін интерпретациялауды кеңестік сәулет өнерін ұлттандыру саясатының әрекеті деуге де болады. Кеңес сәулетшілері мұны жасай алды ма, жоқ па  бұл бөлек мәселе. Сонымен қатар, көп ғимаратта кездесетін осы паттерн элеметтері күннен қорғаныс жүйесі ретінде қолданылады.

Өрнек — ақпарат

Өрнек элементтері ақпарат кластерлері болып табылады. Егер оны зерттесеңіз, біздің ойымызша, көптеген қызық нәрсені табасыз.

Біз паттерндерді енді жинай бастағанда, бұл өрнектерді жай ғана сәндік элементтер деп атаған едік. Бірақ қазір оған жай ғана әшекейлеу әдісі деп қарай алмаймыз. Мүмкін бұл көшпелі сәулет кодының сақталып қалған бір түрі шығар. Сондықтан айналамыздағы паттерндер әлі де зерттеуді, тексеруді қажет етеді.

Біз жобамызды үш бөлікке бөлеміз: өрнектерді жинау, олармен графикалық (визуалды) жұмыс істеу және зерттеу, яғни жиналған материалдар негізінде эссе жазу жаспарда бар. Қазір әрқайсысын біртіндеп дамыту үстіндеміз. Графикалық жұмыс барысында паттерндерді мерч ретінде қолданғымыз келеді. Жобаның соңғы кезеңі — үш бөліктен тұратын фэнзин шығару. Қазір бірінші фэнзин эсселеріне арналған материалдарды жинап жатырмыз.


Мәтін: Мерей Қосын

ФОТО кейіпкерлердің жеке архивінен