Шахматтан бірнеше мәрте әлем чемпионы атанған гроссмейстер Динара Сәдуақасова онлайн шахмат академиясын ашты. Ителлектуал ойынды үйренгісі келген кез келген адам курстан өте алады. Бұл туралы «Информбюро» хабарлады.

Онлайн-академияда Динара Сәдуақасованың видео-сабақтары, тапсырмалары мен тесттері бар. Пандемия кезінде курсқа кіру тегін. Мүмкіндігі шектеулі жандарға оқу әрдайым ақысыз. 

«Бәріне арналған шахмат» – Жилстройсбербанкпен бірлесіп құрылған жоба. Біздің мақсат – шахмат ойынына деген қызығушылықты арттыру әрі еліміздің шет-шетінде шахматты үйренгісі келетін жанның бәріне мүмкіндік беру. Әлем қарқынды түрде дамып жатыр, қазір интеллектуал қасиеттер мен ойлау жылдамдығы маңызды. Шахмат – бұл дағдыларды дамытатын тамаша құрал. Платформада менің қатысуыммен видео-сабақтар бар», – деді Динара.

Курстан балалар да, ересектер де өте алады. Бағдарлама деңгейге бөлінген. Әр деңгейде видео-сабақ пен 200 тапсырманы қамтитын 20-25 блок бар. Оқуды аяқтағандарға сертификат беріледі. 

Тегін курсқа мына жерде тіркелуге болады. 

«Біз командамызбен барлық деңгейге арнап 10-нан астам сағат сабақ жаздық. Платформада танымал шахматистердің дәрістері мен семинарлары жарияланады. Барлық адамның шахматқа деген қызығушылығы артып, үйрену мүмкіндігі болғанын қалаймыз», – деді Шахмат академиясының директоры Айнұр Өтешева.


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз