Алматының спорт кешендерінде уақытша стационар ашылады
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыровтың мәліметінше, «Алматы арена» мен «Халық арена» спорт кешенінде коронавирус жұқтырғандарға арналған уақытша аурухана ашылады. Бұл туралы Vласть хабарлады.
Надыровтың айтуынша, қалада инфекция жұқтырғандар санының артуына байланысты төсек-орын тапшылығы байқалады.
«Бүгінгі таңда инфекциялық төсек-орын 95 %-ға, провизорлық орын 90 %-ға толып тұр. Осыған байланысты біз тағы қосымша инфекциялық төсек-орын ашу мәселесін қарастырып жатырмыз. Мәселен, «Халық Арена»-да 500 орындық стационар ашу жоспарланып отыр», — деп мәлімдеді Надыров.
Оның сөзінше, ғимарат қолайлы, кафельмен қапталғандықтан қабырғаларын дезинфекциялауға да ыңғайлы. Брифинг барысында «Теміржол ауруханасы» акционаерлік қоғамының ғимаратында 150 орындық инфекциялық стационар базасын ашу да талқыланды.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысының сөзіне сенсек, қаладағы 190 инфекциялық орынға қосымша 650 орын ашылмақ. Болашақта жағдайдың нашарлауына байланысты «Халық Арена»-дағы орын санын тағы да көбейтуге әрі «Алматы Арена» спорт кешенінде де стационарлық база ашуға мүмкіндік бар.
Жалпы, қала бойынша барлығы 3700 инфекциялық орын ашуға болады. Сонымен қатар, жатақхана базаларында инфекциялық және провизорлық төсек-орындар ашу мәселесі де қарастырылады.
Біздің Facebook-парақшамызға жазылыңыз
Комментарии
Подписаться