Қырғызстанның экс-президенті 11 жыл және 2 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Sputnik Қырғызстан хабарлады.

Алмазбек Атамбаев криминал авторитет Азиз Батукаевты заңсыз босатуға қатысы бар деп айыпталған болатын. Мемлекеттік айыптаушы Алмазбек Атамбаевты 15 жылға соттауды сұраған.

Естеріңізге сала кетейік, Батукаев 2006 жылы 16 жыл және 8 айға бас бостандығынан айырылған еді. 2013 жылы «ауыр дертке» байланысты шартты түрде мерзімінен бұрын босап, Қырғызстаннан кетті.

Ішкі істер министрлігі Батукаевтың жалған диагноз қою арқылы Атамбаевтың тікелей нұсқауымен босатылғанын мәлімдеді. Атамбаев оны босату шараларын ұйымдастыруды сол кездегі ішкі істер министріне тапсырған.

Қырғызстанның ішкі істер министрлігі Алмазбек Атамбаевты куәгер ретінде үш рет жауап алуға шақырды. Бірақ ол бірде біреуіне барған жоқ. Осыдан кейін күш құрылымдары экс-президентті күшпен әкелуге бел буған.

2019 жылдың 7 тамызында кешке Атамбаевтың Кой-Таш ауылындағы үйіне шабуыл жасалды. Экс-президенттің резиденциясы орналасқан ауыл Бішкек қаласынан 20 шақырым қашықтықта. Атамбаевты ұстау операциясын елдің мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы жүргізген.


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз