Министрліктің хабарлауынша, ҰБТ-ның бірінші күні 6 512 адам тестілеуден өтуді жоспарлаған. Бірақ 144 оқушы ҰБТ-ны өткізу пунктеріне келмеген. Тестілеуге кіргізу барысында екі талапкердің дене қызуы көтерілгені анықталған. Олар тесті басқа күні тапсырады.

Бұдан бөлек, тәртіп бұзған 164 талапкер тіркелді. Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Наужан Дидарбекованың сөзінше, олардың нәтижесі жойылады әрі олар қайтадан тест тапсыра алмайды.

Жалпы, бұл күні ҰБТ-ға 6 186 талапкер қатысты. Оның 4 222-сі шекті балл жинаса, 1 964 талапкер жинай алмады. Ал 39 адам 130 балдан жоғары алды. Тестілеудің қорытындысы бойынша, ең жоғары балл – 138. Оны жинаған Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Теспе орта мектебінің түлегі – Абзал Әбдіманап.

Орталық басшысының сөзінше, ҰБТ-ның соңғы нәтижесі тамызда белгілі болады. «Жаңа нормаға сәйкес, ұлттық тестілеу орталығы 25 тамызға дейін арнайы бағдарламаның көмегімен барлық бейнежазбаға талдау жүргізеді. Егер тест тапсырушының тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, онда оның нәтижесі жойылады, сәйкесінше гранттың да нәтижесі жойылуы мүмкін», – деп хабарлады Наужан Дидарбекова.


Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз