QazaqshaКөршілер шуласа, не істеу керек?
Ескерту мен полиция көмектеспеген жағдайда қайда хабарласқан жөн екенін білдік
СЕРГЕЙ ЗЛОТНИКОВ
заңгер, «Қазақстандағы құқықтық реформа» журналының бас редакторы
Заң бойынша түнгі уақытта шулауға болмайды. Көп пәтерлі үйде тұратын қазақстандықтар үшін бұл уақыт түнгі сағат 23:00-де басталып, таңғы 06:00-ге дейін жалғасады. Осы кезеңде жөндеу жұмыстарына және басқа да шулы шараларға тыйым салынады.
Шулы көршілерден зардап шегетін тұрғындардың құқығын ҚР Әкімшілік Кодексінің 437-бабы қорғайды. Түнде шулағандарға (құрылыс жасау, айқайлау, музыка тыңдау) заңға сәйкес айыппұл салынады.
Жеке тұлғаларға – 5 АЕК , шағын кәсіпкерлік субъектілерге немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілерге – 30 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілерге 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде құқықбұзушылық қайталанса, айыппұл екі еселенеді. Ал ірі кәсіпкерлік субъектілерге 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Полиция
Әрине, үйіңізді, кеңсені дыбыс өткізбейтін құралмен жабдықтай аласыз. Бірақ бұл көмектеспесе, қалалық телефоннан 102, ұялы телефоннан 112 нөміріне қоңырау шалып, учаскелік инспекторды шақыру құқығыңыз бар. Инспектор ӘҚБтК-нің 685-бабының 2-тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және ҚР Ішкі істер органдарының атынан әкімшілік жаза қолдануға құқылы.
Егер көрші пәтердің тұрғындары үнемі айқайлап, балалар жылап, қоқан-лоқы көрсетсе, 102-ге қоңырау шалып, полицияны шақыру керек.
Бүгінде пәтерлер жалға жиі беріледі. Егер жалға алушылар қоғамдық тәртіпті бұзып, ескертуіңізді елемесе, полицияға өтініш жазыңыз. Ол пәтердің қаншалықты заңды түрде жалға беріліп жатқанын тексереді.
Егер полиция көмектеспесе, өзіңіз немесе басқа көршілермен бірлесіп сотқа жүгіне аласыз. Ұжымдық талап процесті тездетеді.
Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары
Пәтердегі шудың деңгейі децибелмен өлшенеді. Смартфоныңыздағы Play Market немесе App Store дүкенінде «Шумометр» мобайл қосымшасын жүктеп, көрші пәтердегі шудың деңгейін өлшей аласыз.
Үйдегі шу күндіз 55 децибелден, ал түнде 45 децибелден аспауы тиіс. Жұмыс істеп тұрған шаңсорғыштың дыбысы — 75 дБ; баланың жылауы — 78 дБ; көшеде өтіп бара жатқан автокөліктің дыбысы — 55 дБ; іске қосулы перфоратор мен шой балғаның дыбысы — 95 және 120 дБ; сөйлесу/сыбырлап сөйлеу — 45/30 дБ.
Шуға рұқсат етілген шекті деңгейлер Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 169 бұйрығымен бекітілген адамға әсер ететін физикалық факторлардың гигиеналық нормативтерінде көрсетілген.
Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарына хабарласыңыз. Олар хаттама толтырып, тәртіп бұзушыларды әкімшілік жауапқа тарта алады.
Ол үшін тұратын қалаңыздағы денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің бөлімшесіне жазбаша өтініш беріңіз. Өтініште көршіңіз қалай шулайтынын, қандай уақытта кедергі келтіретінін, шудың сіздің денсаулығыңызға елеулі зиян келтіретінін (қандай екенін нақты жазыңыз) көрсетіңіз.
Аударған: Ақерке Ораз
Комментарии
Подписаться