«Жала жабу» бабы Қылмыстық кодекстен шығарылады
Қазақстанда Қылмыстық кодекстегі 130-баб («жала жабу») декриминализацияланып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстырылады. Сенат тиісті түзетулер енгізілген заңды екі оқылымда қабылдады. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.
Бұл бабты Қылмыстық кодекстен шығару туралы құжатқа мәжілістің бір топ депутаты бастамашылық жасаған.
Мәжіліс депутаты Асылбек Смағұлов заң жобасында Қылмыстық кодекске бірқатар түзету енгізілетінін айтты. Олар ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың «жала жабу» бабын қылмыстық сипаттан ауыстыру тапсырмасын орындауға бағытталған.
«Осыған орай депутаттар «жала жабу»-ды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстыруға бастама жасады. Бұл халықаралық тәжірибеге, яғни Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ыстамбұл іс-қимыл жоспарының ұсынысына сәйкес келеді», – деді Смағұлов.
Енді заң президентке қол қоюға жіберіледі.
Сонымен қатар, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік топтық немесе діни араздықты қоздырғандарды қара жауапқа тартылатын Қылмыстық кодекстің 174-бабына да түзетулер енгізілді.
Атап айтқанда, «қоздыру» сөзі «тұтандыру» сөзімен алмастырылады. Айыппұл жазаның баламалы түрі ретінде енгізіледі.
Біздің Instagram-парақшамызға жазылыңыз
Комментарии
Подписаться