Qazaqsha«Үмітке қарағанда күмән көп». Биылғы мектеп түлектері қандай сезімде?
ҰБТ, бітіру кеші, қорқыныш пен болашақ жайында
Биыл 131 мыңнан астам түлек Ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Тестілеу барлық санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сай өтуі керек. Сондықтан биыл ҰБТ-ны өткізудің жаңа ережерлері енгізілді. Ал карантиннің кесірінен мектеп түлектері соңғы қоңыраудан, мектеп бітіру кешінен құр қалды. Қазір түлектер қандай сезімде? Біз олардан сұхбат алып, көңіл-күйін білдік.
Мамырхан Мұхаммадәмин
Шымкенттегі «Білім-инновация» лицейнің түлегі
ҰБТ алдындағы қорқынышты карантин арттырмаса, түк кемітпеді. Мектепке барып, курсқа қатысып жүргенімнің өзінде-ақ өтілмеген біраз тақырып бар болатын. Тақырыптарды соңына дейін меңгермей жатып карантинге шығып кеттік. Үйдегі дайындық мектептегідей нәтиже бермейді. Себебі жанымда бағыт-бағдар беріп, ұқпағанымды түсіндіріп отыратын мұғалім жоқ. Бір бөлмеде тек өзім қалып оқимын. Мектепте мұғалім бас-аяғы бес минутта түсіндіріп беретін тақырыпты үйде өз бетіңмен ұғу көбірек уақытты алады. Бір тақырыпты түсініп және есте сақтау үшін қайта-қайта оқуға тура келеді. Түсінбеген сұрақтарыма жауапты ютубтан іздеймін.
ҰБТ-ға онлайн тіркелу де жағдайды біраз қиындатты. Ауыл аймақтарда байланыс нашар болғандықтан, ауылда тұратын сыныптастарыма бұл шартты орындау қиындық тудырды. Онымен қоса сайттың өзінде ақау бар. Керек жерлерді толтырып кірген кезде кенеттен шығып кететін жағдайлар жиі болды. Кейін сайтқа қайта кіріп, басынан бастап толтыруға тура келеді.
Күн ұзаққа төрт қабырғаға қамалған кездер болғасын, сан алуан ой мазалады. Кейде өзіме дайындығым жеткіліксіз сияқты көрініп, «ҰБТ-ны қалай тапсырамын? Грантқа түсе аламын ба ?» деп күмәнданатын кездерім болады. Біздің қазіргі мақсатымыз — ҰБТ-да ойлағанымыздай жақсы балл жинап, грантқа оқуға түсу. Әлемдегі жағдай тұрақсыз болғанымен, аталған сынақ күні жылдағыдай өз уақытында тұрғаны қуантады.
Қазір өзімді түлек ретінде сезіне алмаймын. Біздің түлек болатын кезіміз үйде өткесін солай шығар
Дегенмен, коронавирус пандемиясы ҰБТ ережелерінің өзгеруіне әсер етті. «Тапсырушылар бір-бірінен екі метр арақашықтықта отырады,тапсырып болғаннан кейін бейнежазбадан мұқият тексереді, ұсталсаң жинаған балыңды нөл қылып тастайды» секілді жаңа ережелерді ҰБТ-ға үш-төрт апта қалғанда енгізіп жатыр. Жақындаған сайын жаңа ереже шығуы кішкене қорқыныш сезімін ұялатады. Бір жағынан бұл ережелер тесттің әділ өтуіне себеп болатынына сенімім мол.
Адамдардың арасы екі метр болғандықтан біреуден бірдеңе сұрау әлдеқайда қиынырақ болады. FACE ID көмегімен тұлғаны сәйкестендіру де оқушының орнына өзге біреудің кіруіне мүмкіндік бермейді. Себебі алдыңғы жылдары тапсырушының орнына басқа біреу кірген жағдайдар болған еді. Меніңше, биыл ҰБТ барлық түлек үшін қиын болатын сияқты. Ата-аналардың баласын күтуіне тыйым салғанын құптаймын. Қазірде олардың өз қауіпсіздігі үшін үйде отырғаны абзал.
Сыныппен осы көктемге біраз жоспар құрған едік. Мектептегі соңғы жылымыз болғандықтан, оны қызық естеліктерге барынша толтырғымыз келген. Өзім үшінші тоқсан аяқталысымен Шымкенттің шет жағындағы қызғалдақтар жайқала өсетін бір жерге баруды жоспарлап жүрдім. Амал нешік, карантин бар жоспарымызды жер жастандырды.
Қазір өзімді түлек ретінде сезіне алмаймын. Біздің түлек болу кезіміз үйде өткесін солай шығар. Тіпті, 25 мамыр күні де жүрегім елжіреп, тебірене қоймадым. Әлеуметтік желілерден бір-бірін құттықтап салынған жазбалар шынайы шараның әсерін сыйламады. Бірақ үлкен өмірге қадам басқалы жатқасын, үлкен жауапкершілік жүгін сеземін. Болашақ мамандығымды нақты таңдап қойдым. Лицейдегі мұғалімдерімдей үлгілі мұғалім болғым келеді.
Маулида Иманова
Астанадағы «Назарбаев зияткерлік мектебінің» түлегі
Назарбаев зияткерлік мектебінде әдетте наурыздың ортасынан бастап ең маңызды қорытынды емтихандарға дайындық басталады. Карантиннің дәл сол уақытта жариялануы оқу жоспарын түбегейлі өзгертіп жіберді. Нәтижесінде, мүлде емтихан болмай қалды. Бұл — Назарбаев мектебінің тарихында алғаш болған жағдай. Біз үшін соңғы оқу жылы барлық жағынан қайталанбас болды.
Сабақ бізде ресми түрде оқу жоспарына сәйкес 29 сәуір күні аяқталды (мамыр бойы қорытынды емтихандарды тапсыруымыз керек болған). Бірақ ноутбугымның экранында өткен соңғы қоңыраудан кейін ғана арқамнан ауыр жүк түскендей болды. Соңғы қоңырауға орай параллель сыныптағы бірнеше бала бірігіп, арнайы ән жазды. Мен барлығының мектепте түскен фотосы мен видеосын біріктіріп, әнге клипті монтаждадым. Ыстық естелікке толы видео жасағанамызға қуаныштымын. Онлайн, онлайн емес болса да, мектептегі кездер туралы естелік қалуы керек.
Жыл сайын біздің мектепте түлектер экзамендерден кейін «Tulek Week» деп аталатын апталық шара ұйымдастыратын еді. Түлектер өз ойын, тәжірбиесін бөлісетін жылы да маңызды шара. Біз өзіміздің «Tulek Week»-ты қыркүйектен бері асыға күттік. Бірақ енді оны да онлайн өткізуге тура келеді. Ұйымдастыру жағынан қиын әрі қалағанымыздай жанды әсер бермейді.
Мектепте ұстаздарыммен және достарыммен өткізілуі тиіс уақыттың екі айға қысқарғаны бәрінен де өкінішті
Түлек ретінде соңғы екі ай бойы түсініксіз күйдемін. Бастауыш сыныптарда мектеп бітіруіме қанша жыл қалғандығын ойша санайтынмын. Ал 11-сынып басталғалы осы жолдың сәтті аяқталуын армандадым. Емтихандарды тапсырып жатырған сәтімізді және финишке жеткенде, еңбегінің тәтті жемісін жеген жандай қуанатынымызды талай рет елестеттім. Алайда барлығы мен күткендей болмады. Жағдайлардың тез әрі кенеттен дамығаны соншалық: экзамендердің болмайтынын естігенде, не қуанарымды, не мұңаярамды білмедім. Уақыт өте келе жағдайдың менің қолымда емес екенін түсініп, мектеп бітіріумнің дәл осындай болғандығына мойынсұндым. Соңғы қоңырауға арналған мерекелік шараның болмағанына немесе мектеп ауласынды әсем әуенге вальс билей алмағанымыма ренжімеймін. Бірақ мектепте ұстаздарымызбен және достарымызбен өткізілуі тиіс уақыттың екі айға қысқарғаны бәрінен де өкінішті.
Енді мектеп оқушысы болмағасын, қызық сезімдемін. Бойымда сенімсіздік пайда болды. Тұрақсыз хал-ахуалға байланысты оқу жайының қалай болары алаңдатады. Келесі оқу жылының әдеттегідей 1 қыркүйектен басталатынына еш кепілдік жоқ.
Осыған дейін қазақстандық университеттерге тапсыру жоспарымда болмады. Ал қазір бұл нұсқаны да қарастырамын. Ары карай не болатыны беймәлім. Сондықтан жергілікті университетке тапсырудың да жөні бар. Түсінгенім: өзіңе шамадан тыс сенімді болуға болмайды екен. Әрдайым қосымша мүмкіндіктерді қарастырып жүру керек. Егер осы жағдай болмаса, өз-өзіме деген сенімнің кесірінен бұл маңызды сабақты жіберіп алуым да мүмкін еді.
Аида Ясинова
Оралдағы № 40 орта мектеп түлегі
Жылдың басында менің мақсатым шетелге оқуға түсу болды. Осыған орай ҰБТ-ны ысырып қойып, тек шетелде оқу үшін қажет емтихандарға дайындалып жүрдім. Коронавирустың кесірінен орын алған жағдайлар шешімімді өзгерткізді. Жергілікті оқу орнында оқимын деп ұйғардым. Ол үшін ҰБТ тапсыруым керек. Қазір бар күш-жігерімді ҰБТ-ға дайындыққа арнап жатырмын. Электрон оқулықтарды оқып, ҰБТ орталығының сайтындағы сынама тесттерді тапсыру арқылы дайындалып жатырмын.
Мектепке бармай, үйде дайындалудың бір тиімді жағы: барлық назарымды тек дайындыққа бөле аламын. Оған қоса, қорытынды емтиханның бәрінен босатылғасын ҰБТ-дан басқа уайымдайтын ешнәрсе жоқ. «Таяқтың екі ұші бар» демекші, жаман жағы да бар: үйде жүріп көп нәрсеге алаңдап кетемін де, кейде сабақ оқуға құлшынысым болмай қалады. Десе де бұл жағдай біз үшін үлкен мүмкіндік деп ойлаймын.
Кеше ғана мүлдем басқа жоспар, басқа ой болып еді. Болашағымыз біз жоспарлағандай болатынына күмәнданбадық. Енді бәрі өзгеріп кетті. Алдағы күнге сенімсіздік бар. Үмітке қарағанда күмән көп. Шынымды айтсам, жағдайдың кез келген сәтте өзгеріп кету қаупі ҰБТ-дан да көбірек алаңдатады.
Әлі күнге дейін мектепті бітіргеніме толық сене алмаймын. Өмірімнің ажырамас бөлшегіндей болған мектепті аяқтағаным шын еместей көрінеді. Соңғы жағдайларға байланысты бәрі тым тез болып кеткен секілді. Соған қарамастан балалық шағымның соңғы бөлімі жақсы аяқталғанына қуаныштымын.
Комментарии
Подписаться