Қоғам белсендісі Әсия Төлесова Алматыдағы уақытша тергеу изоляторына қамалды. Бұл туралы оның анасы Жанар Жандосова Facebook парақшасында жазды деп хабарлады «Азаттық Радиосы».

ІІМ тиесілі polisia.kz сайты Төлесованың қамалғанын растап, оның үстінен Қылмыстық кодекстің «Билік өкілін қорлау» және «Билік өкiлiнің қызметтік міндеттерін орындағаны үшін одан кек алу мақсатында өмiрiне не денсаулығына қауiпті емес күш қолдану» бабы (378, 380) бойынша іс қозғалғанын хабарлады.

Бұл баптар бойынша, ең ауыр жаза  3000 АЕК (8,1 млн теңге) айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тарту не 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу не болмаса, бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Төлесованың жақындары мен белсенділер дүйсенбі, 8 маусымда желіде оны полицияға куәгер ретінде шақыртқаны туралы қағазды жариялаған.

«Шақырту бойынша полицияға барғанда, алып қалған. Жанында адвокаты болса да, қамауды кейінге қалдыруға мүмкіндік болмады»,  деді Жандосова Vlast.kz сайтына.

Осыған дейін желіде Төлесованың жанында тұрған полицияның бетінен жұдырықпен ұрған сәті көрінген видео тараған еді. Бұл оқиға 6 маусым, елде билікке қарсы наразылық кезінде түсірілген.


Біздің Facebook-парақшамызға жазылыңыз